• USD 328
  • EUR 404
  • RUB 5.5

Қоғам

«Astana Bike» маусымы 25 сәуірде басталады 

16 сәуiр, 17:10161

Биылғы маусымда «Astana Bike» не өзгеретіні туралы Velocity.kz қоғамдық қорының жетекшісі Алмагүл Қасымова айтып берді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.  

Биыл Астанадағы велостансалар саны 180-ге, ал велосипедтер 1280-ге  дейін жеткізіледі.

«25 сәуір «Astana Bike» маусымын бастау жоспарланған. Біздің жұмысымыз ауа-райына байланысты екенін ескеру керек. Егер күн жылыса велосипедтерді шығара аламыз. Оған дейін стансаларды жуып, орнатып және тексерген соң маусымды бастаймыз», - деді Алмагүл Қасымова.

Оның айтуынша, биыл велосипедті жалға алу бағасы өзгеріссіз қалады. Абономент бұрынғыша 10 000 теңге, жаңа пайдаланушы үшін карточка депозиті 1000 теңге, ал шоттағы ең төменгі баланс 500 теңге болуы керек.  Яғни, жаңа абонементті рәсімдеу 11 500 теңгені құрайды. Пайдаланушы картаны жоғалтқан жағдайда маусымдық активация үшін 10 000 теңге төлеуі тиіс. Сондай-ақ уақытша жалға беру тарифі де өзгеріссіз қалады: жарты сағаты – тегін, бір сағаты – 100 теңге, ал екі сағаты – 250 теңге. Ескеретіні, бұл жүйе қысқа уақытқа арналған сапар үшін арналған, себебі, стансалардың қашықтығы 500 метрден аспайды.

 16 сәуірден бастап «Keruen City» ОСО-да сату бөлімі жұмысын бастады. Пайдаланушылар картаға активация жасап, балансын толықтыра алады. Екінші сату бөлімі таяуда «7 Континент» БО ашылады. 

«ЭКСПО» шеңберінде қосымша 30 станса орнату жоспарланған болатын. Оның 15 көрме ауданына орнатылды, ал қалған 15 биыл халық тығыз орналасқан ауданға орнатамыз. Мысалы, тұрғын үйлері көп «Жағалау» ауданы мен Ұлы дала көшесіндегі жаңа үйлердің маңайына», - деді ол.

Оның айтуынша, пайдаланушылар велостанса орнатылса деп жиі өтініш білдіреді және ең танымал стансаларды анықтау үшін жүйеде мониторинг жүргізіледі.

«Ондай стансаларды біз мүмкіндігінше кеңейтуге тырысамыз. Сондай-ақ белсенділігі аз стансаларды азайтып, жүктемесі көптерін кеңейтеміз», - деп түсіндірді Қасымова.

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар


Наверх