• USD 372.9
  • EUR 424
  • RUR 5.61

Астана резиденттері

Алпыс жыл хоккейге жанкүйер болған астаналық: Мені «Барыстың» әжесі деп айтады

26 қазан, 09:20183

Астанада «Барыс» хоккей клубының бірде-бір ойынын жібермейтін жанкүйер тұрады. 77 жастағы кейуананы хоккейшілер «Барыстың әжесі» атап кеткен, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Барыс» хоккей клубының ең егде жанкүйері Людмила Куфунинаның жасы 77-де. Алғаш рет хоккейді мектепте оқып жүргенде тамашалаған.

«Өзім Омбы қаласында туып-өскенмін. Сегізінші сыныпта оқып жүргенде құрбым екеуіміз хоккейге бардық, жергілікті командаға қолдау көрсеттік. Бір көргеннен ұнағаны сонша, өзіме «енді үнемі баратын боламын» дедім. Содан бері хоккей матчтарын жібермеуге тырыстым. Хоккей мен бірге футбол матчтарын да қарайтын болдым Спорттың бұл түріне жанкүйер болып жүргеніме 60 жылдан асты», - деді ол.

Оқу бітірген соң тұрмыс құрып, 1963 жылы Целиноград қаласына көшіп келген.

«Бастапқыда не хоккей, не футбол жоқ. Біткен жерім осы шығар деп ойладым. Бір жылдан соң «Динамо» футбол командасы пайда болды. Күйеуім екеуіміз футбол матчтарына баратынбыз. Кейін хоккей клубы құрылды. Мүмкіндігімізше оны да жібермеуге тырыстық. Кейін балалы болып, жұмыс істегеннен кейін барлық ойынды тамашалауға мүмкіндік бола бермеді. Оның үстіне хоккей ойындарының кестесі көп шыға бермейтін. 2005 жылдан бастап күйеуім екеуіміз астаналық клубтың ойындарына тұрақты барып тұрдық. Күйеуім қайтыс болғаннан соң жалғыз өзім баратын болдым», - деді қария.

Бүгінгі күні Людмила Куфунина «Барыс» хоккей клубының фан клубындағы ең ересек жанкүйер.

«Команда жеңілгенде бірге мұңаясың. Жеңіске жеткенде бірге қуанасың. Қанша жеңіліп жатса да ренжімеймін. Спорттың аты – спорт. Үнемі жеңе бермейсің. Өзім спортпен айналыспадым. Себебі, мен алғашқы қадамды тек 5 жасымда жасадым. Дәрігерлер мені жүре алмайды деп ойлаған екен. Соғыстан оралған әкем мені күтіп, емдеп ақыры жүрдім. Тіпті, осы жасыма қарамастан матчтарға барамын, сағаттап аяғымнан тік тұрып тамашалаймын», - дейді жанкүйер.

Астаналық клубтың ойыншылары оны сыйлайды, мерекелерде құттықтап отырады. Тіпті «Барыстың әжесі» деген атап кеткен.

«Мені олай Брэндон Боченски атады. Әлеуметтік желіде де жазған болатын. «Барыс» менің екінші отбасым сияқты. Әрбір ойыншы үшін алаңдап отырамын. Біреулері кетіп жатса көңілім құлазып қалады. Біраз уақытқа дейін ұмыта алмай жүремін. Виталий Еремеевті ұмытқан емеспін, Максим Худяковпен дос болдық. Ол хабарласып, ойынға кел деп шақырып тұрады. Ол өте қарапайым. Өткен жылы туған күнімде Виталий Еремеев ерекше сый жасады. Күтпеген жерден келіп, құттықтап кетті. Хоккейдің белсенді жанкүйері ретінде маған клубтық абономент сыйлады. Ол карта бір жыл бойы «Барыстың» матчтарына тегін баруға мүмкіндік береді», - деді қария.

Кейіпкеріміз хоккеймен бірге футболдың да белсенді жанкүйері. Он жылдан бері елордада өтіп жатқан футбол матчтарын қалт жібермей келеді.

«Барыс» хоккей клубы мен «Астана» футбол командасын менің отбасым деп айтамын. Әр футболшы мен хоккейшінің туған күндерінде құттықтап өлең жазамын. Өзімнің екі ұлым мен төрт немерем бар. Олар менің хоббиімді құптайды. Ешқашан аулада шал-кемпірлермен қосылып өсек айтып отырмаймын. Ондайға қызықпаймын. Маған спорт сарайындағы орындықта отырған ұнайды. Алғашқыда стадионда немесе сарайда мені көрген адамдар «мәссаған» деп таңғалатын. Қазір үйренді. Жалпы, спорттың кез келген түрін дамыту керек. Өйткені, ол мемлекеттің беделі. Әрі біз сияқты жанкүйерлер үшін қуаныш», - деді Людмила Куфунина.

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар

БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх