• USD 385
  • EUR 434

Спорт

ӘЧ: Әлемнің 100-ден аса елінде елордада өтетін айтулы додадан хабар таратылады

12 қыркүйек, 17:3571
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Нұр-Сұлтан қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өтетін әлем чемпионаты 100-ден аса елдерге көрсетіледі. Елорда кілемінде 1300-ге жуық балуан бақ сынайтын болып отыр. Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

 «Бұл чемпионаттың басты ерекшеліктері, біріншіден 2020 жылы Жапония астанасы Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына лицензия берілетін болады. Екіншіден қатысушы елдер де, спортшылары да ең көп чемпионат болады. Үшіншіден,  дәстүрлі біріншіліктің бағдарламасына алғаш рет күрестің жаңа түрі грэпплинг енгізіліп отыр. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы әлем чемпионаты әлемнің 100-ге тарта елінде көрсетілетін болады», деді Әлем чемпионатын ұйымдастыру комитетінің жетекшісі, ҚР еркін күрес федерациясының вице-президенті Ерлан Қожасбай.

Әлем чемпионатында көптеген Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері, сонымен қатар әлем, құрлық чемпиондары қатысады деп күтілуде.

 «Бұл чемпионаттың маңызы өте жоғары болып тұр. Өйткені Олимпиадаға жолдамалар үлестіріледі. Күрестің 3 түрінен 10 салмақ дәрежесінде чемпиондар анықталатын болса, олимпиадалық лицензия 6 салмақ бойынша ғана берілетін болады. Байрақты жарысты өткізуге дайындық жақсы жүргізілді деуге негіз бар. Ал қанша жүлде, қанша лицензия аламыз, ол жағына енді балуандарымыз бен бапкерлерімізге сенім артамыз. Өз елімізде өтіп жатқандықтан жанкүйерлерімізден де қызу қолдау күтеміз», деді грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері, әлем чемпионы, Азия біріншілігінің жеңімпазы Дәулет Тұрлыханов.

Әлем чемпионаты 14-22 қыркүйек аралағында «Барыс Арена» спорт кешенінде өтеді.  



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх