• USD 362.5
  • EUR 412.9
  • RUB 5.45

Қоғам

Адамдар неге ала-құла?

18 қаңтар, 12:13146
Автор: Elorda Aqparat
Көрнекі сурет Көрнекі сурет

Адам аласы ішінде деп қазақ бекер айтпайды. Ал психология ғылымы соны түстеп-танып, анықтаған екен. Төменде адамның мінез-құлығының бірқатар ерекшеліктері жайында айтып береміз. 

Ғылым тілімен айтқанда, бір адамдарды «конформды» деп жіктейді. Бұл туралы алғаш рет француз психологы Рибо зерттеулерінде айтылған. Ағыммен бірге жү­ретін, «жұрт сияқты» ойлап, жеке басына тән сипаты жоқ, айналасындағылардың мінез-құлқын өзіне сіңіріп, өзіндік пікірі жоқтарды айтады. Бір қызығы, мұндай адамдар өмірінде тосын өзгерістерді қаламайды. Егер жақсы ортаға тап болса, ол да солай қарай икемделіп, еңбексүйгіш, бел­сенді, жоғары моральды азамат болып қалыптасады. Жаман ортаның да жағымсыз жақ­тарына тез иекемделеді. Содан да айналасындағы жайттарға қарсылық білдірмей, тез көндігіп кетеді.
«Сенситивті» деген топқа жататындар, әсіре қызылға үйір, ұяң, аңғарымпаз өзіне деген сенімі аз, қиялилау болып келеді. Бұлар жасөспірім кезінен жасқаншақтау болып қалыптасуымен ерекшеленеді. Сол қалпымен де адамдарды тартып, түсіністік пен өзара көмекке келгенде тартынбайды. Тағдырдың талқысына түскенде аяғын аңдап басып, біртоға болып қалады.
Өмірде «астено-невротикалық» типке жататындар да аз кез­дес­пейді. Олар айналасына көңілі толмай, күйіп-пісіп, үнемі шар­шаңқы күйде жүреді.
Болмашы нәрсеге шәт-шәле­кейі шығып, ойлаған нәрсесі орындалмай қалса, көңіл-күйі күрт өзгеріп, күйзеліске түседі. Десе де, ұқыптылық мен тәртіпке үйренген мінезін айтпасқа болмас.
«Истероидный» деп аталатын топтағылар өзін елдің аузына қаратып, жұрттың мақтап жүргенінен марқаяды. Олар атына айтылған сынды көтере алмайды, тіпті елді өзіне қарату үшін өзіне-өзі қол жұмсауға дейін барады. Тек өзіне ғана айтылған мақтан сөздер мен жылы лебізді жаратып, көштің басында болуға талпынады. Алайда олардың ойы келте, ерік-күші аз, беделі күмәнді. Одан басқа өзі ойдан шығарып алған жоқ нәрселерге өзі сеніп ашық күнде адасып жүреді.
Айқабақтай мың құбылып жүретіндері психологтар «циклоидты» деп анықтайды. Біресе екі езуі құлағына жетіп, бақыттан басы айналып жүрсе, кейде жаңбырсыз күнде су болып, көңілі құлазып, қалың ойға кеткенін білмей қаласыз. Ондай кезінде қасына жоламаңыз, атына айтылған сөзді көтере алмай шарт сынады, сондай сәттерде бәрін жоққа шығарып, өмірін ойран етеді. Ал жайдары сәтінде одан жақсы адам жоқ.
Көңілі қаласа көл дейтіндердің бірі – «гипертимді» адамдар. Өмірінде қабағын шытпай, риза қалпынан бір айнымай­ды. Бойына сыймай бара жат­қан күшті қайда жіберерін біл­мей, тұмсығын тықпайтын жері қалмайды. Тиянақсыз. Бір істің басын бастап, соңына жеткізбейтіндер де осылар. Олар бірсарынды өмірді көтере алмайды. Жалғыздықтан шошиды және қарекетсіз отыру – бұлар үшін жат нәрсе. Олар өздерінің пікірін тез өзгертіп, тәуекел етуге бейім.

Айгүл УАЙСОВА

Наверх