• USD 372.9
  • EUR 424
  • RUR 5.61

Тарих, Таным

Қашқария қазақтарының тарихы неге зерттелмей жатыр?

19 қазан, 12:07587

Бұл екі тариxи суреттің бірі – Қашқар қаласында орналасқан Совет консулы. Жалпы, Шыңжаң өлкесінде қызыл қытай билігі орныққанға дейін, тіпті 1955 жылға дейін Советтің бес үлкен консулы болған. Оның төртеуі қазақтар жиі қоныс тепкен Алтай, Шәуешек, Құлжа мен Үрімжіде орналасты.

Бірінші суреттегі – Қашқар қаласындағы консул. Гоминдан билігі Шыңжаңға орнаған соң жеті аймақта саяси құрылтайлар ашып, үш аймақтағы төңкерістің қалған жеті аймаққа (Үрімжі, Құмыл, Ақсу, Хотан, Қашқар, т.б.) қанат жаюына тосқауыл болған еді. Екінші суретте – Гоминдан үкіметінің Алтышар елді мекендегі белгісіз бір жиналысы. Осындай жиын, құрылтай кезінде жаңадан аудан құру жұмыстары қолға алынды. Шыңжаң өлкесінің әкімшілік картасындағы көп аудандар дәл осы кезеңде қалыптаса бастады. Сонымен бірге Ұйғыр ұлты атауының қытай иероглифінше жазу нұсқасы бірізділендірілді. Осы екі тариxи суретке қарап ұзақ ойланамын да ауыр күрсінем... Неге дейсіз ғой?

Сөздің бісмілләсін Қашқардағы совет консулынан бастайын. Мұндағы консул мұрағаттарында Қашқария қазақтары туралы мәлімдемелер толып жатыр. Өкініштісі, әлі көмулі күйінде жатыр... Ешкім ашпаған. Біз 1916 жылғы қазақтар көтерілісінде жүз мыңдаған қазақтың Қытайға (Іле өңіріне) өткені туралы жиі айтамыз, бірақ неше он мыңдап Қашқарияға (Алтышарға) өтіп кеткені туралы айта бермейміз?! Негізі, сол жылдары (1916, 1931-1932 ж.ж) Қашқария асқан қазақтардың ұзын-саны неше он мыңнан асып жығылады. Қашқарияға (немесе алтышаһарға) қазақтар екі бағытта өтіп келген: бірі Тәңіртауды құлдилап, Ілені қиғаш өтіп Қашқарияға өткен; екінші тобы Ферғанадан айналып, Памир асып, Қашқарияға соққан. Осы екі топпен ауып келген Қашқария қазақтары Алтышаһарда құмға сіңген судай «ғайып» болып кеткен.

Бізге Қашқария қазақтары десе, Қатаған Хан Тұрсынның кезінде Қашқария асқан құрамалар елестеуі мүмкін немесе «ел ауған, қайың сауған» Бөке батырдың елі мен 1930 жылдардағы Алтай қазақтары көз алдыңа келуі мүмкін. Бұл туралы мағлұмат жетерлік. Ал, 1916,1931-32 жылдары Алтышаһар асқан қазақтар туралы дерек аз. Осы бастаманы көтеру арқылы Қазақ тариxшыларының назарын Қашқарияда көміліп жатқан қазақ тарихына аударғым келеді. Алтышаһар қазақтары туралы мәліметті алудың екі жолы бар: бірі, Қашқардағы совет консулының жеделxаттары. Қашқар өңіріне сырттан босып келуші көшпелілердің әлеуметтік мәселелері (орналастыру) туралы Диxуа (Үрімжі) мен Мәскеуге талай жеделxат жолдап нұсқау сұраған, көшіп келушілер туралы әртүрлі мағлұмат берген. Сонда қазақтар туралы дерек жетерлік. Екіншісі, Қашқария­дағы (Алтышаһардағы) жергілікті орынның мұрағаты. Жергілікті орынның тариxи дерекнамаларында сырттан көшіп келушілер туралы мәлімет жетерлік. Сондай мәліметтердің ішінде қазақтар туралы, оларға ұйғырлардың көрсеткен көмегі туралы ақпараттар мен қазақтарды жер беріп орналас­тыру мәселелері туралы тариxи мағлұматтар өте мол. Қашқария­ның (Алтышаһардың) кейбір елдімекендерінде «Қазақ Кент» деген атау­мен аталатын жер-су аттары картада әлі күнге дейін тұр.

Сосын тағы бір қызық жәйт бар. Қашқарияда (Алтышаһарда) Меркіт дейтін аудан бар. Оны Шыңғыс жорығы кезінде ауып кеткен Меркіттермен байланыстыратын тариxи болжам бар. Одан, Ұйғыр xалқында Долан деген бөгенайы бөлек, өзге ұйғырға ұқсамайтын, ән-күйі мен биі, киім-кешегіне дейін өзге xалықтар тұрады. Оларды Дулаттар деп айтады. Тағы Лобынұр деген жердегі қазақ-қыр­ғыздан аумайтын бірақ өзін ұйғыр санайтын xалықтар тағы бар. Қашқарияның «құмға жасырынған» құпиясы осында!

Сосын жеке мұрағатымда Қашқарияға (Алтышаһарға) ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр­дың басында ауған қазақтардың киіз үй мен сырмақтарының бұшпақтары түсірілген суреттер бар. Әбден шіруге айналса да, киізден басқан бөгенайы мен ою-бедері жақсы сақталыпты. Өң-түсі қазақтан аумайтын бірақ тілі мен ділі ұйғыр бауырымызға сіңіп кеткен көне қазақтар мұны бертінге дейін қолданып сақтап келген екен. Бір қызығы, Қашқарияның (Алтышаһардың) кейбір елдімекендеріндегі жергілікті этномұражайда «қолына бүркіт ұстап саят қылғандар мен ат жалын тартып мініп шауып бара жатқандар және ою-өрнекпен нақышталған малақай, бөрік кигендердің портреті» бар дейді. (жеке қорымда бір-екі дана суреті де бар.)

Соңында мына бір қасіретті қосқым келеді. Қашқарияға ауған қазақтардың дені осы өлкеде қалған, біразы Алатау асып, Қазақ даласына қайтқан, кейбірі Қырғыз тауында сіңіп қалып қойған. Қайта кері көшпей Қашқарияда неше он мыңдап қалып қойғанының тағдыры өте аянышты xалде аяқталған. 1930-40 жылдары Шың Дубан мен Гоминдан үкіметі ұлт анықтау кезінде оларды (яғни қазақтарды) тұтастай ұйғыр деп жаздырып жіберген. Пекинде оқып жүргенде өңі мен бет пішіні қазақтан аумайтын ұйғыр студенттерді көріп таң қалушы едім. Оларды ұйғыр деп жазып жіберген соң көп бөлігі сіңіп қабылдап кеткен, кейбірі мойынсал болмай заман түзелген 1980-жылдары автономия төрағалары Сәйпиден мен Темір Дауаматқа арнайы арыз жазып, қазақ атауын қалпына келтірмек болған. Бірақ Сәйпиден мен Темір екеуі мақұлдамай қойған деседі. Осы орайда қоса кетейін, 1930-40 жылдардағы ұлт анықтау, бекіту кезеңінде Шыңжаңға ауған ноғай бауырларымызды да тұтастай татар деп атауын өзгертіп біріктіріп жіберген. Шынтуайтында, Шыңжаңға ауған татардың көбі ноғай еді. Керек десеңіз, Құлжа қаласында «Ноғайгород» деген шағын аудан болған. Мұндай жаңсақ деректер өте көп.

Қашқария қазақтары туралы зерттеу тыңнан басталса екен, жас қазақ ғалымдары ғылыми экспедиция жұмысын ұйымдас­тырып, Алтышаһар аумағын аралап, байырғы қазақтан құмға сіңіп бара жатқан сарқыншақ деректерді өңдеп, жинап қайтса екен деп үміттенеміз.

Елдес ОРДА

Наверх