• USD 364.5
  • EUR 415.2
  • RUB 5.55

Саясат, Әкімдік, Қала тіршілігі

Елбасы Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу туралы өкімін жариялады

03 қазан, 10:152931

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу туралы өкімін жариялады. Елбасы Отанымыздың жүрегіне, тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған бас қаламыздың мерейлі мерекесін дайындау және өткізу мақсатында «Ел жүрегі – Астана» тұжырымдамасын жасауды тапсырды. Арнайы комиссия құрылды, енді іске кіріседі.

Иә, бүгінде сәулеті мен дәулеті жарасқан елордамызды төрткүл дүние танып отыр. Астана жаңа ғасырдың, жаңа дәуірдің жасампаз шаһары атанды. Астана бар қазақтың бас қаласына айналды.

Ал бұл қала осыдан жиырма жыл бұрын қандай еді? «Қазақ елінің жаңа астанасы бой көтерді» деп жер-жаһанға жар салып, жас елорданың тұсаукесерін өткізген күн кеше ғана сияқты еді. Ерке Есілдің оң жағалауында орналасқан сол кездегі Ақмоланың 200 мыңдай ғана тұрғыны болатын. Көзге түсетін мәдени-әкімшілік ғимараттары, оқу орындары саусақпен саналатын.

Ал енді сол өткен шаққа қарайлап, бүгінгі Астанаға көз салсақ, Есілдің оң жағалауынан сәні мен сәулеті келіскен таңғажайып қаланы көреміз. Жас қаламен, бас қаламен қатар, оң жағалаудағы ескі қала да жаңа тұрғыда құлпырды. Қала тұрғындары миллионнан асты.

Астана еліміздің саяси және мәдени орталығына айналып қана қоймай, мемлекет экономикасының локомотивіне айналып отыр. Еліміздің жалпы ішкі өніміндегі Астана қаласының үлесі жылдан-жылға артып келеді. Елордамыз шетелдік инвесторлар мен турис­тер үшін де тартымды қала ретінде танылып отыр.

Астана өткен 20 жылда төрткүл дүние көз тіккен көптеген әлемдік және халықаралық форумдардың алаңына айналды. Жер-жаһанға Астанадан ақжолтай ақпарат таратылып, бас қаламыздың мәртебесі мен мерейі асқақтады.

Сонымен, алдағы жылы елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтеміз. Елорда тойы – елдің тойы, елдіктің мерекесі, ұлттың қуанышы, мемлекеттің мерейі бола бермек.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Наверх