• USD 329.5
  • EUR 401
  • RUB 5.4

Спорт

Баршаның таңдауы – бұқаралық спорт

15 тамыз, 11:499818

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа арнаған Жолдауында «Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады» деген болатын.

Осы орайда тамыз айының үшінші жексенбісінде елімізде Спорт күнін тойлау дәстүрге айналған. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мен бұқаралық спортты дамытуды көздеген бұл шара Астана қаласында да кеңінен аталып өтпек. Бұл күні қала тұрғындары үшін түрлі шаралар ұйымдастырылады.

Астана – әуелден спортқа қара жаяу болмаған шаһар. Ақмола жәрмеңкесінде ұлттық ойындарымыздың басты түрлерінен делебені қоздырар бәйгелер мен түрлі сайыстар өткізіліп келген. Сол дәстүр бүгінге дейін сақталып, Астана қазіргі заманғы Қазақ елінің үлкен спортын дамытуға сүбелі үлес қосып келеді.

Бұл тұрғыда Астана қаласында қазіргі заманғы стандартқа сай бірнеше спорттық ғимараттар бой көтергенін айта кету керек. Сонымен қатар, қалада түрлі спорттық ақылы секциялар, спорт федерациялары мен клубтарды біріктіретін жеке және коммерциялық емес 383 спорт ұйымы жұмыс істейді. Онда 159 318 астаналық жүйелі түрде денешынықтырумен айналысады.

Бұл қала халқының 20,6 пайызын құрайды екен. Жыл ішінде спорт ғимараттарының саны 508-ден 525-ке дейін өсті. Қала тұрғындарының жыл сайын арта түсуіне байланысты әлі де спорт нысандары салына береді. Спорт кешендерінің бұқараға қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп оқушылары мен студент жастарға 35-50 пайыз аралығында жеңілдіктер бар. Оның бір мысалы, жаттығу орталықтарының кейбір бағдарламаларының құны 30 мыңнан 15 мыңға дейін төмендетілді. Яғни, елорда­дағы кешендер қарапайым халыққа есіктерін айқара ашып, қызмет көрсету бағаларын арзандатты. Соның бірі - «Сарыарқа» республикалық велотрегі. Делебені қоздыратын додаларға арналған бұл бірегей спорт кешені қала тұрғындарының игілігіне жарап жатыр. Бір мезгілде 100-ге жуық адамды қабылдайтын фитнес орталығы, бойды жазатын бассейні бар.

Сондай-ақ, жігіттерді боксқа баулитын, қыздарды көркем гимнастикаға үйрететін кәсіби мамандар қызмет атқарады. Шағын футбол мен баскетболға үйір жандарға да жағдай жасалған. Бұл да жастарға күш-жігер беріп, жоғары жетістіктерге жетелейтіні хақ. Жалпы, спорттағы жетістіктің көп болуы қарапайым ғана бұқаралық спорттан бастау алатыны белгілі. Бұл жағынан бас қала тұрғындарының мүмкіндігі мол.

Еркежан Сәтімбек e.satimbek@astana-akshamy.kz

 


Наверх