• USD 328.5
  • EUR 402
  • RUB 5.85

Құқық

ҚАРУЛЫ КҮШТЕР ҚАТАРЫНА ҚОСЫЛАДЫ

19 сәуiр, 18:2253

Астанадағы «Отан қорғаушылар» монументi алдында әскерге шақырылған азаматтарды салтанатты түрде шығарып салу рәсiмi болып өттi. Iшкi iстер министрлiгiнiң iшкi әскерi оркестрiнiң сүйемелдеуiмен елiмiздiң Әнұраны шырқалды. Бұл iс-шара ҚР Президентiнiң жастар арасындағы ұлттық пат­риоттық сезiмдi қалыптастыру мақ­сатында тапсырылған «Қазақ­стан азаматын патриоттық тәр­бие­леу бағдарламасы» аясында нақты көрiнiс тауып отыр. Оның үстiне Қазақстан Республика­сының Қарулы күштерiнiң 20 жыл­дығы мен «Болашақ бүгiннен басталады!» атты республикалық акциясы шеңберiнде өтуi де ерек­ше маңызды. Астаналық 130 бозбала Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттануға әзiрлiгiн бiлдi­рiп­тi. Олар бiр жыл бойы ел аумағын­дағы әскери бөлiмдерде қарулы күштердiң қыр-сырын меңгерiп, үйiне бiлiктi әскери болып орал­мақ. Отан алдындағы абыройлы мiндетiн атқаруға құлшыныс бiл­дiрген осы жастардың қанатының талмай, қажырының мұқалмай, тек төзiмдерiн шыңдап, ел қор­ғай­тын аптал азамат болып оралуына жиналған қауым тiлектестiк бiл­дiрдi. 1500 қатысушының басын құрап, «Отан қорғаушылар» мону­ментi алдындағы алаңда сап түзеген жасөспiрiмдер мен әскер­ге шақырылушы азаматтар, олар­дың ата-аналары және көптеген қызығушылық танытқан өзге де астаналықтар салтанатты шыға­рып салу кезiнде игi-жақсылардың сөзiн тыңдап, ақсақал аталары­мыздың ақ батасына қол жайды. Тiлек бiлдiрушiлер қатарында «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық фи­лиалы төрағасының орынбасары Мейрамбай Оралов, ҚР Қарулы күштерi Ардагерлер кеңесi төраға­сының  орынбасары, генерал-майор Марат Нағұманов, Астана қаласы Қорғаныс iстерi жөнiндегi департаменттiң бастығы, полков­ник Бақытжан Мұхаметжанов, Ал­маты ауданы әкiмiнiң орынбасары Түсiп Рысбеков, «Жас Отан» жас­тар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешев бастаған бiрқатар билiк өкiлдерi жиналды. Ал, Ұлы Отан соғысы ардагерi Петр Комис­саров пен ардагер-ақын Жамалбек Ақылбай жастарға жүрекжарды лебiздерiн айтып, аман-есен оралу­ларына сенiм артты. Салтанатты шарада «Мәңгiлiк алау» ескерткiшiне гүл шоқтары қойылды. Содан кейiн әскерге аттанып бара жатқан жiгiттерге рух беру үшiн Қазақстан Респуб­лика­сының әскери Аэромобильдiк «Қал­қан» арнайы жасағының жаттығуларынан шағын көрiнiс көрсетiлдi.

Шынар ӘБIЛДА

Наверх