• USD 344.5
  • EUR 403.4
  • RUB 5.6

Руханият

«...Құмырсқаға тимеңдершi, алысқаны өмiр ғой»

27 наурыз, 11:586433

Шәкәрiм Құдайбердiұлының «Үш сауал» (Л.Толстойдан аударған) әңгiмесiнде: Бiр патша тақуа кiсiден сұрапты: бiрiншi – «Қай iстi қандай уақытта iстеген жақсы?» Екiншi – «Ең керектi кiсi кiм?» Үшiншiсi – «Ең керектi iс не?»

Оқиға желiсi бойынша, бiр кiсi әкесiн өлтiргенi үшiн патшадан кек қайтармақ болғанда, патшаның жендеттерi жаралайды. Ал, патша жаралының жарасын таңады. Сонда тақуа былай деп жауап берiптi: ең керектi уақыт – осы уақыт. Қазiр ең керек кiсi – осы дұшпаның болды. Неге десең, мұның жазылар, жазылмасы әзiр неғайбыл. Егер жазылса, бұл-дағы бiреуге жақсылық қылғанды жанындай жақсы көрер едi. Ең керек iс – қазiр осыған қылған жақсылығың, неге десең, адамның мойнындағы шын мiндетi – бiреуге жәрдем ету едi... Не түйдiңiз? Әлде жай ғана уақытты ысырап еттiңiз бе? «Ең керектi уақыт – осы уақыт» делiндi.

Иә, УАҚЫТ! Тық-тық еткен сағат тiлi тоқтаса да, уақыт тiлi тоқтамайды. Әттең, патша секiлдi «Қай iстi қандай уақытта iстеген жақсы?» деп сұрап жүрмесек еттi. Өзегiмiздi өртейтiн өкiнiштiң бiрi сонда болар. Қазiргi таңда «тайм-менеджмент» деген термин пайда болды. Мағынасы – уақытты тиiмдi пайдалану. Осы ұғым аясында 2011 жылы түсiрiлген «Время» фантастикалық триллерiн көпшiлiгiмiз телмiре қарадық. Сценарий авторы Эндрю Никколдың шеберлiгiне тамсанған жандар да аз болмады. Жалт-жұлт етiп алдайтын мына жалған дүниеден жаратылған әлемге қайтқанда, «қайтты», «уақыты бiттi» дейдi. Жаратушының берген сынағынан сүрiнбей өтудi бiрi санасына тоқыса, бiрi тұрмыс санасымен өмiр сүрiп жатыр. Мынаған назар аударыңызшы! Орыс ұлтының көрнектi жазушысы Лев Толстой жолға шыққанда жолаушылар вагонындағы жеке бөлменiң барлық билеттерiн сатып алып, шығармашылықпен айналысады екен.

Ой қорытуға арна тартар бiр мысал ғана. Даниель Дефоның Робинзоны да жабайы аралда өткен әрбiр күнiн тас пышақпен ағашқа кертiп, белгiлеп қойып отырмады ма? Өткен шақты бағамдай алмағанның өзiнде, осы шақты бағалай алмауымызға жалқаулық, ұйқы, дүниеқұмарлық түрткi болады деп топшылаймыз.

Қазақта «Ерiншек түске дейiн ұйықтайды, кешке дейiн есiнейдi» деген мақал бар. Бұл тәмсiл сөздiң бiр ұшы сiзге тисе, бiр ұшы «сарт етiп» өзiме тиедi. Қ.Аманжолов «Өтедi күндер» өлеңiнде:

...Ұйықтап өтсең өмiрiңде,

Ұйқың ешбiр қанбаса,

Тiрлiгiң не, өлгенiң не,

Ешбiр iзiң қалмаса», - деп бар ойдың июiн бiр арнаға тоғыстырған.

Санасы тұнық жанға ұлағатты сөздiң өзi ұстаз. Себебi, ұстаз да сөз арқылы тәрбиелейдi, сөз де ұстазды тәрбиелейдi. Мұның өзi – бөлек тақырып. Қол қусырып қарап отыра берсек, уақыт бiзден озып кетедi.

Ал, уақыттан озғандарды түсiнбей жататынымыз Абайдың «Масғұт» поэмасындағыдай жайт. Австрияның әйгiлi композиторы В.Моцарт сегiз жасында тырнақ алды соната симфонияларын жазып, он бiр жасында «Сиқырлы сыбызғы» операсын жазған.

Ал, әлемге әйгiлi Билл Гейтс қалалық көлiктер мен тасымал мәселелерiн үйлестiрiп отыратын компьютерлiк бағдарламаны он бес жасында ойлап тапты. Алаш арысы М.Дулатов «Оян, қазақты» 19 жасында жазса, С.Торайғыров «Қараңғылық көгiне күн болам» деп 17 жасында айтты. Ендi шамалай берiңiз. Қанша жасадыңыз, не атқардыңыз? Болар елдiң баласы он жасында баспын деушi едi, ал бәзбiреулер отызды омыраулап қалса да «жаспын» деп жүрген жайы бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмбетiн екi нәрсенiң қадiрiн бiлуге шақырды. Оның бiрi – денсаулық, екiншiсi – уақыт. Уақыт – өмiр, өмiр – қамшының сабы. Фирдоуси айтқандай: «Дән көтерген құмырсқаға тимеңдершi, алысқаны өмiр ғой, өмiр сондай абзал ғой».

Салтанат СҮГIР,

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика факультетiнiң студентi

Наверх