• USD 374
  • EUR 425.8
  • RUR 5.63

Экономика

ЕКІ СЕГМЕНТТІ ЭКОНОМИКА

22 қараша, 13:459708

Астананың экономикалық өсiмі өте серпiндi дамуда.  Елорда көшiрiлген кезден бастап қала экономикасына салынған инвестиция көлемi 3,5 миллиард доллардан асқан. Статистикалық дерекке сүйенсек, соңғы он жыл iшiнде елiмiздiң жалпы  ішкі өнiмiнде Астананың үлесi 8 пайызға артып, 1 трлн. 900 млрд теңгеге жетті.  

Қаланың экономикалық базасын екi негiзгi сегмент анықтайды.

Бұл – құрылыс пен шағын және орта кәсiпкерлiк. Соңғы үш жылда тұрғын үй құрылысы саласындағы жыл са­йын­ғы өсiм 50 мың шаршы метрді құрады. Биылдың өзі елордада жалпы ауқымы 1 млн шаршы метрден астам 11049 пәтер пайдалануға берілді.

Бас қаланың шағын бизнесі Астанадағы өңiрлiк жалпы өнiмнiң 60 пайызын құрайды. Тек шағын кәсiпкерлiк саласында өндiрiлген өнiм көлемi 2010 жылы 2 млрд АҚШ долларынан асып түстi. Астанада жайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін 2001 жылы Елбасының Жарлығымен «Астана – жаңа қала» арнайы эко­но­микалық аймағы құрылды. Содан бері Астанаға 1,8 трил­лион теңге қаржы тартылыпты. Бұл қаржының 35 пайызы шетелдік инвесторларға тиесілі. Арнайы экономикалық аймақ аумағында ауданы 600 гектар болатын индустриялық парк бар. Шетелдік инвестиция тарту үшін 2010 жылы сол индустриялдық парктің аумағы тағы да 400 гек­тарға кеңейді. Мұнда салынған нысандардың ауданы жалпы қаладағы құры­лыстың шамамен 55 пайызын құ­райды.

Аймақ аумағында жалпы кө­лемі 200 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған 50 жоба жүзеге асырылуда. Инновация – бұл бүгiнгi қоғам мен заманның жоғары талабына адам идеясының лайықты жауа­бы. Инновациялық даму үрдiсiнде ең басты тұғыр – ғылым мен тәжiрибенiң тұтастығы. 2009 жылы бас қалада 8 жаңа инно­вациялық өндiрiс iске қо­сылған. Ал, өткен жылы нақ осындай тағы да 6 iрi өндiрiс оша­ғы пай­далануға берiлді. Iске қо­сыл­ған жобалар елорда индустрия­сына үлкен үлес қосуда. 2010 жылы пайдалануға берілген құны 375 млн теңгелiк сэндвич панель шығару зауыты жобасы елорданың индустриялдық парк аумағында жұмыс iстеп жатыр. Тағы бiр жоба – көкөнiс сақтау қоймасы. Сақтау қоймасынан бөлек, жобада көкөнiстi қайта өң­деу цехын салу жоспарда бар.

Тағы бiр жүзеге асырылған жоба – «АБК-Мақсат» ЖШС темiр бетонды бұйымдар дайындау зауыты. 97 адамға жұмыс берген бұл зауытта бетон, темiр-бетонды бұйымдар мен конструкция да­йын­далады. Соңғы жоба – «Talgo» жолау­шылар вагонын шығару зауыты. Зауыт – ТМД елдерi бойынша баламасыз, халықаралық сапалық көрсеткiштерге сай жобаланып, қабырғасы қаланған кәсiпорын. Құрылыстың жобасы испандық серiктестермен бiрлесiп iске асты. Жобалық қуаты жылына 150 жо­лаушы вагонын шығарады. Құны – 8,8 млрд теңге. Вагондар Қазақстанның климаттық жағдайына бейiмделiп жасалады. Олардың конструкциялық жыл­дамдығы сағатына 350 шақырымды құрайды.

Аталған жобаны iске асыру жолаушылар вагондарына тапшылық мәселесiн шешуге, пойыздар қозғалысындағы қауiпсiздiк деңгейi мен қазақстан­дық Темiржол көлiгiнiң бәсеке­ге қабiлеттiлiгiн ұлғайтуға мүмкiн­дiктер туғызбақ.




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх