• USD 372
  • EUR 422
  • RUR 5.68

Астанаға 20 жыл

Камал ӘЛПЕЙІСОВА: Астана – менің тағдырымда

19 маусым, 11:52540
Камал ӘЛПЕЙІСОВА, ф.ғ.к, еліміздегі ілеспе аударманың негізін қалаушылардың бірі, жазушы Камал ӘЛПЕЙІСОВА, ф.ғ.к, еліміздегі ілеспе аударманың негізін қалаушылардың бірі, жазушы

Астана – астана болған кездегі қиындықтарды көрмеген: екпіндей соққан желден дедектеп жүгірмеген, көшеде ми батпақты кешіп жүрмеген, талай отбасының бірнеше жыл екіге жарылып өмір сүргенін білмейтін бүгінгі  ұрпақ қандай бақытты еді!

Әрине, бүгінгі Астана – әлем  таңданған көрікті қала!

Ал кеше қандай еді? Неліктен астана болу бағы еліміздегі көп облыс орталықтарының ішінен осы қалаға бұйырды? Еліміздің оңтүстігінен Арқа төріне ұлы көш қалай басталып еді?

Бірте-бірте алыстап, тарихқа айналып бара жатқан оқиғаның, сол күндердегі қарбалас тірліктің куәгерлері болған адамдар да қазір 20 жасқа есейді. Солардың бірі ретінде тағдырыма айналған Астана туралы айтудың жөні бар сияқты, - деген филология ғылымдарының кандидаты, жазушы Камал Әлпейісова елорданың 20 жылдығы мерейтойы қарсаңында Елорда инфо тілшісіне  бас қаланың тарихы туралы 6 үзік сырды айтып берді.

Ұлы көш қалай басталды?

Ел аузында да, саяси жиындарда да Астананы Президенттің төл жобасы деген сөз жиі айтылады. Яғни, белгілі бір идеяның авторына, оны іске асырушыға қатысты айтылатын сөз.

Мемлекет басшысының ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіруді тоқсаныншы жылдардың басында қозғай бастағаны  тарихи құжаттарда айқын көрініс тапқан. Бастапқыда Президенттің мұндай ұсынысын мақұлдағандар сирек-тін.  Себебі, ол бір «сананы тұрмыс билеп» тұрған қиын заман еді.

Мен ол кезде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінде қызмет ететінмін. Ел астанасын көшіру туралы әңгімені естіп жүрсек те, оны таяу арада жүзеге асырылатын іс деп ойламағанымыз рас. Халық арасында да «Айтылар да – қояр» деп жүргендер басым болды. Бауыр басқан Алматыдан кеткіміз келмейтіні – бөлек әңгіме.

Бірақ, әңгіме көпшілік ойлағандай, «айтылып, басыла» қоймады. Бірнеше рет түрлі деңгейде талқыланған мәселе бір күні депутаттардың талқысына ұсынылды. Ілеспе аудармашы кабинасынан көріп отырдым: зал гу-гу етіп кетті. Депутаттардың бұл мәселені  қалай қабылдағаны көз алдымда: түрлі пікір айтып, басқа қалаларды ұсынып, көшіру мерзімін кейін ысыру туралы ойларын ортаға салып, жиын ұзаққа созылған болатын. Бір пікірге келу  оңайға соққан жоқ.

Елбасы таңдаудың неге Ақмолаға түскеніне байланысты толып жатқан өлшем-пайымдарын алға тартқаны есімде. Тоғыз жолдың торабы екендігі, құрылыс жүргізуге ыңғайлы, жері жазық екендігі, жазы – жаз, қысы – қыс болып өтетін климаты, сейсмологиялық жағдайы... бәрі-бәрі қамтылды.

Шын мәнінде, астананы көшірудегі ең басты мақсаттардың бірі – Қазақстанды геосаяси жағынан нығайту екендігі айтылғанда жұрттың шулағаны бәсеңсігендей болды. Қанша дегенмен залда халық мүддесін көздеу үшін сайланған өкілдер отырды ғой.

Ол жылдары Жоғарғы Кеңес отырыстарының стенографиялық есептері шығарылатын. Іздеген жан таба алады: жалпы отырысты жүргізіп отырған төраға Әбіш аға Кекілбаев Қазақстан Республикасының астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы мәселені дауысқа қоярда бұл шешімнің ел тарихы үшін қаншалықты маңызды екендігі туралы толғана сөйлеген болатын.

Көпшілік дауыспен шешім қабылданғанда зал тағы да у-ду болып, депутаттар бір-бірін құшақтап, құттықтап, біразға дейін басыла алмады. Тарихи шешімнің қабылдануы кезінде қызмет еткенімізді сол сәтте терең түсіне қойған жоқпыз. Уақыт өте келе, сол кездегі Жоғарғы Кеңес залындағы атмосфераны, жұртшылықтың көтеріңкі көңіл-күйін көз алдыма елестетіп, еліміздің дамуында ұлы бетбұрыс болған сәттің куәсі болуды бұйыртқаны үшін  тағдырыма тәубе деймін.   

Жоғарғы Кеңестің Қазақстан Республикасының астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы №106 қаулысы 1994 жылғы 6 шілде күні шығып, елорданы Арқа төсіне көшіру туралы шешім қабылданды. 

Неге Ақмола?

Елбасымыздың «Сындарлы он жыл» атты кітабында:

«1992 жылы бүкілхалықтық сайлауда Қазақстан Президенті болып сайланған соң, Ақмолаға келдім. Есілдің үстіндегі көпірде тұрып, өзенге көз салдым. Маған қалаларда өзеннің болуы әрқашан да ұнайтын...» деген жолдар бар.

 Бұл, астана болатын қаланы таңдау шешім шыққаннан әлдеқашан бұрын басталғанын білдіреді.

Дегенмен, Елбасы ең алдымен Қазақстанды геосаяси жағынан нығайту мәселесін басшылыққа алғаны анық. Өйткені, сол жылдары Солженицынның «Как нам обустроить Росиию?» деп, ұлт пен ұлттың арасына жік салған сыңаржақ еңбегі ел ішіне тарап, Жириновский секілділердің «Қазақстанның солтүстігін Ресейге қосу керек» дегендей кертартпа пікірлерді қайта-қайта көтеріп, жұртты  дүрліктіріп жүргенін бәріміз де көріп-біліп отырдық. Оның үстіне тың жерлерді игеру үшін  Қазақстанның солтүстік облыстарына, оның ішінде Целиноградқа да, жан-жақтан басқа ұлт өкілдері ағылып келгенін білеміз.

Бұл қазақ тілі, қазақ мәдениеті үшін зардабы мол жылдар болғаны тарихтан белгілі. Солақай саясаттың салдарынан бұл облыстарда қазақы орта жойылып, қазақ мектептері жабылып, ұлттық салт-дәстүрлеріміздің аяқасты бола бастағаны да жасырын емес. Мысалы, 90-шы жылдары Ақмола қаласында қазақ ұлты бар-жоғы 10 пайыздың айналасында болған екен. Бұл – депутаттарға да белгілі фактілер болғандықтан, геосаяси мақсаттың көзделуіне білек сыбанып, қарсы пікір айтушылар болмады.

Елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдауға түрткі болған бір жай туралы  Президент өзінің «Еуразия жүрегінде» кітабында былай деп жазады:

«Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы кезімде менің қолыма академик Қаныш Сәтбаевтың баянхатының түскені бар. Ол... Қазақ КСР-нің астанасын Қазақстанның географиялық орталығы Қарағандыға, не Целиноградқа көшіруді ұсыныпты. Ардақты ғалым, ардагер қайраткер өз дәлелдерінің бірі ретінде осындай байтақ республиканың астанасы елдің әлдебір түкпірінде болмауы тиістігін келтірген...»  

Міне, алдыңғы толқындағы арда ағалардың арманы осылай орындалды.

«Ел көшкен жаққа ырыс ауады»

Уақыт бұл сөздердің шындығын  көрсетіп отыр. 

Қазір Астана ұлтымыздың өркендеуінің көрсеткішіне айналды.  Қала халқы үш еседен артық өсіп, бір миллионнан асты. Қазақ мектептерінің саны артты, сапасы жақсарды. Білімге құштар жастар шоғырланған, әлемдік деңгейде білім беретін жоғары оқу орындары бар қала тұрғындарының орташа жасы да 35 жастың айналасында екен. Яғни, Астана – болашақтың қаласы.

Бүкіл әлемде Астананы «бейбітшілік қаласы», «татулық пен бірлік қаласы», «барша дінді біріктірген қала» деп атайды. ТМД елдерінде баламасы жоқ, біздің мемлекетте ғана бар құрылым – Қазақстан халқы Ассамблеясы – соның бір дәлелі. Діни  ғұламалардың өздері бас қосып,   Әлемдік және дәстүрлі діндер съезін өткізуі үшін  Астананы таңдауы – тағы бір дәлелі.

Ұлттар мен ұлыстарды ұйытып, олардың салт-дәстүрлері мен мәдениетін сақтап, ынтымағын нығайтуға ұйтқы болып отырған Ассамблеяның негізін қалаған да, барша дін өкілдерін бейбітшілікті сақтауға үндеген де - Елбасы. Бұл туралы:

«Астананы құрамы жағынан көп ұлтты өңiрге көшiре отырып, бiз тұрақты саяси-этностық мемлекет құру, Қазақстанды мекендеген этностар арасындағы достықты сақтау мен байыту, дiндер мен конфессиялардың қақтығыссыз тату өмiр сүруiн қамтамасыз ету жөнiндегi бағытымызға адал екенiмiздi тағы бiр дәлелдедiк», - деп жазылған жоғарыда аталған кітапта.

1997 жылғы 14 желтоқсан күні Іскерлік және мәдени ынтымақтастық орталығында (қазіргі «Жастар» сарайы) Тәуелсіздік күніне арналған үлкен жиын өтіп, оған көршілес Өзбекстан мен Қырғызстанның сол кездегі президенттері қатысты. Жиында Кеңес Юсупов аға екеуміз ілеспе аударма жасадық. Президентіміз:

«...Тұңғыш рет Тәуелсіздік күнін мерекелеу жаңа астана – Ақмолада өткізіліп отыр. Бүгін астананың көшуі мен мемлекеттігіміздің қа­лыптасуындағы, еліміздің тәуелсіздігінің нығаюын­да­ғы аса маңызды кезең аяқталды деп айтуымызға толық негізіміз бар», - деді өз сөзінде.

Астананың алғашқы таныстырылымы

Бүгінде Астана күні – бүкіл еліміз атап өтетін шуақты мереке. Бұл мерекенің іс-шарасына бүкіл әлемнің аты жер жарған тұлғалары келуге ынталы. Жыл өткен сайын бұл күнді мерекелеу ауқымы да ұлғая түсуде.

Дегенмен,  «Тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім – бір төбе» демекші, мен үшін жаңа астананы алғаш ұлықтаған күн қымбат.

Маусым айы – Парламент цейтноттық жағдайда жұмыс істейтін ай. Халықаралық тұсаукесер өткен 10 маусым күні алаңдағы концерт кешкі 9-дан, таңғы 5-ке дейін созылды. Түнгі 2-де түсірілген сурет «Новое поколение» газетінде жарияланды. Сол кездегі Парламент үйінің 16-қабатындағы біздің кабинеттердің шамы жанып тұрды – біз концертті тыңдай отырып, жұмыс істегеніміз есімде.

«На-на» ансамблінің концертіне қарақұрым халық жиналды. Көріп қалуға ұмтылып, София Ротару, Роза Рымбаева, Қайрат Байбосынов қатысатын концерттерге бардық. Қазір өмірден өтіп кеткен өнер тарландары М.Магомаев, Е.Серкебаев, Е.Құрманғалиевтің дауыстары әлі де құлағымызда жаңғырады.

Ал биыл, Астананың 20 жылдығын атап өту – мазмұны жағынан бұған дейінгі мерекелердің барлығынан қызықтырақ, әсерлірек болып, қаламен бірге өсіп келе жатқан ұрпақтың есінде қалатынына күмән жоқ. 

Астана – әлем көз тіккен қала

Ұлан-ғайыр далада бой көтерген қаланың аты бірден алысқа  кетті. Мұнда атқарылған жақсы істерге алыс-жақын елдерде таңдана, тамсана қарап, елдікке, бірлікке, ынтымаққа үндеген іс-шараларды тану  1999 жылы өткен «Әлем қалалары – бейбітшілікті жақтайды»  халықаралық конкурста Астананың жеңімпаз болып, ЮНЕСКО-ның Бас хатшысы Ф.Майордың  Астанаға «Бейбітшілік қаласы» сертификаты мен тиісті медальды табыс еткенінен басталған болар.  

Әлемнің әр нүктесіндегі елдердің астаналары Елордамыздың бауырлас қалалары болуға ұмтылғандары бұл сөзімізді растай түседі. Қазір олардың саны 40-тан асады. 

Астананың жыл сайын жаңа биіктерге көтеріліп, сала-сала бойынша көшбасшылыққа ие бола бастағаны көз алдымызда өтті. Астана экономикалық форумы Давос форумы сияқты дүние жүзінің  экономика саласындағы сарапшыларын жинаса, саяси салада он жылдан астам тоң-торыс қатынаста болған ұйым тірлігін жандандырған ЕҚЫҰ саммиті Еуразия құрлығындағы бүкіл мемлекет басшыларының басын қосты. Жыл аралатып Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өткізілетін тұрақты мекенге айналуы да тегін емес. Осы жиындардың барлығында ілеспе аударма жасай жүріп, мен Астанамен бірге тыныстадым, бірге толыстым.

Түркі халықтарының баға жетпес мәдени байлығы Күлтегін ескерткішінің көшірмесі Астанаға әкелінуі  рухани өмірімізге тың серпін берген-тін. Қоғамда қазақ халқының ежелгі ұлт екендігін танытатын іс-шаралар, әсіресе, жастар арасында, өткізіле бастады. Содан бері  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетiнде «Күлтегін күні» тұрақты түрде өткізіліп, бүкіл студенттердің жабық дауыс беруімен үздік студенттер анықталатын дәстүр қалыптасты. Алғашқы үш жеңімпаздың біреуі – қызым Меруерт болғаны мен үшін зор қуаныш.

 Сан адамның тағдырына айналған Астана  

Маған әрбір қала тұрғыны  «астаналық» деген  мәртебеге лайық болуға тырысатындай көрінеді. Тіпті, қалада бір жақсы жаңалық болса, адамдар өз істерімен соған лайық игі қадам жасайтын сияқты.  Осындай ізгі ниеттен болар қала абаттана түсуде.

Алматыдан шыққан көштің Арқа төріне табан тіреген сәті. Ақмола вокзалы - 09.12.1997ж. Алматыдан шыққан көштің Арқа төріне табан тіреген сәті. Ақмола вокзалы - 09.12.1997ж.

Уақыт қалай жылдам десеңізші! Саяхатшылар сәулетін біресе Дубайға, біресе Шығыс Азия қалаларына, біресе жаңа Бакуге теңейтін Астана – біз үшін әлемде еш қала тең келмейтін бірегей қала, құт мекен. Оның осындай ертегі-қалаға айналуына әр жылдарда қала тізгінін ұстаған әкімдердің бәрі де зор еңбек сіңірді. Олардың білімі мен біліктілігі, шығармашылық қиялының ұшқырлығы мен іскерлігі, ең бастысы, қалаға деген сүйіспеншілігі өздері басшылық жасаған кезде салынған нысандарда көрініс тапқан: бізде  халық ол нысандар туралы айтқанда, сол кездегі әкімнің тегін қоса атайтыны бар...  

Жаңа астанадағы алғашқы қыс. Ақмола қаласы, мұз қалашығы - 1997-1998 ж.Жаңа астанадағы алғашқы қыс. Ақмола қаласы, мұз қалашығы - 1997-1998 ж.

Біз, қазақ елінің жаңа астанасын салып, көркейтуге келгендердің  алғашқы қарлығаштары, сол игі істердің куәгерлеріміз. Тағдыр бізге еліміздің тарихи сәттеріне куә болуды жазғанына шексіз ризамыз. Бәріміздің еңсеміз тік, жүзіміз жарқын. Өмірдің сан тарау жолында, елді өркендету, Астанамызды көркейту үшін қабілет-қарымымызға қарай еңбек етудеміз.

Гүлдене бер, ару қала Астана! 

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,

жазушы

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар

БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх