• USD 326
  • EUR 399
  • RUB 5.8

Басты ақпарат, Оқырманнан он сұрақ

Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА, ҚР еңбек сіңірген қайраткері: ДӘСТҮРЛІ ӨНЕР – ҒАСЫРЛАР ЕЛЕГІНЕН ӨТКЕН МҰРА

14 маусым, 11:5582

– Сәлеметсіз бе? Менің білгім келетіні, сізге әншілік өнер кімнен дарыған? Жұлдыз ӘЛІБАВА, медбике – Өнердің өзі текке байланысты екені анық. Қазақта қызды тегіне қарап алатыны содан болса керек. Маған өнер нағашыларымнан да­рыған сияқты. Әкем де өнерден құралақан емес. Мектепте 40 жыл әдебиет пәнінен са­бақ берді. Сөзге шешен, ойы ұшқыр. Мен әкем­мен мақтанамын. Анам өмірден ерте озды. – Қазақтың дәстүрлі музыка өнерін өз халқымыздан гөрі, батыс әлемі, еуропалық тың­дармандар жоғары бағалайтын сияқты. Сіздіңше қалай? Әспет ЖҰМАШКЕ, мұғалім – Мен бұл туралы бұрын да газет бетінде айтканмын. Қазақтың өнерін қазақтан артық ешкім түсінбейді. Шетелдіктер  оның ішінде европалықтар қазақ музыкасына үлкен қызығушылықпен қарайды, себебі, қазақ музыкасы мен европа музыкасының айырмасы үлкен. Қазақ музыкасының өзіне ғана тән метро-ритмикасы бар, орындаушылықта да басқа халықтарға ұқсамайтын өзіндік мәнері қалыптасқан. Халық музыкасының мұнша мол репертуары қазақта ғана сақталған. Сол себепті, европалықтар бізге қызыға да, қызғана да қарайды. Сол музыканың қадіріне өзіміз әлі жете алмай жүрміз ғой.   – Бұрын айтылған, қазір ешкім орындамай жүрген, жоғалып бара жатқан әндерді іздеу табиғатыңызда бар ма? Гүлнар ЖЕТПІСОВА, журналист – Әрине, репертуарын толық­тырып отырмайтын әнші – әнші емес. Менің репертуарымда 500-ден аса ән бар, алғашқы 2 жыл­­дық эстрада-цирк өнері студиясын бі­тір­генде 150-дей ғана ән үйреніп шық­қан­мын. Жақында Таразға Елбасы келді, мен «Хәләулім» дей­тін әнді орындадым. Ол кісі «Бұл ән сенің репертуарыңда бұ­рын жоқ еді ғой»,– деді. Мен бұл әнді ре­пер­­туа­рыма Нұрағаң ке­лер­­ден екі күн бұрын ғана қосқан бо­латынмын. Президент тап­сыр­ма­сымен «Мәдени мұра» бағдар­ламасы аясында «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясын дайындау­шылардың бірімін. Ол үлкен бастама болатын, осы анто­логия­ның өзінде айтылмай кеткен қаншама әндер бар. Жыраулар шығармашылығы телегей-теңіз десек те болады, бұл салада да жасалатын шаруа шаш етектен.   – Шәкірттеріңіз жайлы айтсаңыз. Гүлзат МҰРАТХАНҚЫЗЫ, магистрант – Өмірімнің 25 жылы ұстаз­дықпен өтті, шәкірттерім де баршылық. Халыққа танылғаны бар, елде жүргендері бар, соңғы уақытта өсіп келе жатқан жастар бар, Құдайға шүкір, еңбегім еш кеткен жоқ. Бұрынырақта оқытқан кейбір шәкірттерімді өзім ұмытып қалғандарым да бар, ел ішінде кездесіп қалғанда айтып жатады, «сіздің шәкіртіңізбін» деп, керісінше менен оқығанын ұмытып кеткендер де кездесіп қалады, ара-тұра. Жақында Тараз қаласына қызмет бабымен ауыстым, Мен кетерде шәкірттерім қимай, кейбіреулері жылап қалды. Қонсерваторияда оқып жүрген шәкірттерімнің бәрін жинап алып: «Өнер – түбі жоқ терең теңіз, теңізде тек жүзе алатындар ғана жүре алады. Қолынан ұстап, қолтығынан демеп жүрген адам ешуақытта өздігінен жүзуді үйрене алмайды. Мен сендерді теңіздің айдынына алып шықтым, ары қарай өздерің жүзіңдер», – деп айттым. Мүмкін мұным тым қаттылау айтылған шығар, бірақ сахнада таланттардың маңдайынан сипайтындар сирек болады. Сол себепті, өнерде табанының бүрі барлар ғана қалады дейтінім содан. Мен шәкірттеріме ең бірінші «Адам болыңдар, содан кейін маман болыңдар»,– деп жиі ескертемін. – Дәстүрлі әндерді орындаушы ретінде сіздерді той-томалақта ән шырқауға жиі шақыра ма? Ернар ҚАЖЫХАНҰЛЫ, кәсіпкер – «Той – халықтың қазынасы» дейді. Сондықтан, шақырған жерден қалмауға тырысам, эстрада әншілеріндей күнде тойда жүрмесек те, өнерімді бағалайтын көпшілік қуаныштарынан қалдырмайды. – Әншілерден кімдерді тыңдайсыз? Шәрбат  ЖҮНІСОВА,  оқырман – Құдайға шүкір, қазір әнші көп, жастар да қаулап өсіп келеді.  Уақыт елегінен өткенше оларды көп­шілік талғамай тыңдай береді. Дәс­түрлі өнерде жүрген әншілерді, жасы бар, жасамысы бар, бәрін тыңдап жүремін. Бибігүл, Роза, Мақ­пал сияқты қазақтың біртуар қызда­рының өнерін жоғары баға­лай­мын. Шетел әншілерін де тыңдаймын, орыс әншілерінің өзінен үйренеріміз көп деп ойлаймын. – Бүгінде әнге талғамсыз қарайтын әншілер көп. Осыған тоқтау салу үшін не істеу керек? Жансая ОМАРБЕКОВА, журналист – Мұнымен Композиторлар Одағы айналысу керек деп ойлаймын. Телеарналар мен радиоларда көркемдік кеңес болу керек. Ән сұрыптаудан өту керек. Бұл, әрине, оңай жұмыс емес, кезінде кеңес дәуірінде әндерді әбден сұрыптаудан өткізіп барып беретін эфирге. Қазір екінің бірі – композитор, екінің бірі – ақын. «Әннің де естісі бар, есері бар» деп Абай атамыз айтқандай, бүгінде есті ән қайсы, ессіз ән қайсы екенін халық ажырата алмай қалды. Себебі, әндерін әр жерге тықпалап жүретін пысықайлар көп, керісінше ел ішінде елеусіз ғана қоңыр тірлік кешіп жүрген таланттар қаншама! – Дәстүрлі әнді өңдеп, эстрада жанрында орындап жүргендер де көбейді. Бұған сіз қалай қарайсыз?             Айнұр ҒАБДОЛЛА, әдіскер – Дәстүрлі өнер ғасырлар елегінен өткен халқымыздың асыл мұрасы. Оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек, бірақ ол бір орында тұрмауы керек. Өнер дамымаса, ел өспейді. Кешегі кеңес дәуірінде халық музыкасын дамыту үшін қаншама күш-жігер жұмсалды, оркестрлер құрылды, хорлар, ансамбльдер, тіпті, қазақ опера өнері осы дәстүрлі  музыка аясында қалыптасып, дамыды. Бірақ ол өнерді дамытуға қазақтың ғана емес, шетелдің оқыған зиялылары атсалысты. Қазір эстрада жанрында жүргендердің көбісі не оқымаған, не қазақ музыкасының исі мұрындарына бармайтын музыканттар. Олар қазақтың дәстүрлі музыкасының керемет құдіретін сезеді, бірақ оны жаңаша бағытта дамытуға келгенде ізденістері жетпей жатқан сияқты. Қазақтың дәстүрлі өнерінің әркімге бір жалынан ұстатпай асаулық танытып жүргені де содан болар. – Халық әндеріне клип түсіру ойыңызда бар ма? Жайдарлым СӘРСЕНБЕКОВА, журналист – Бұл бір тамаша идея. Бір кездері «Хабар»  арнасында Сағатбек Қалиев түсірген «Ама­нат» дейтін бағдарлама болды, сондай дүние­лер қазір де қажет-ақ. Негізі ойымда бар, бірақ қашан іске асатынын айта алмаймын.   – Қазір немен айналысып жатырсыз? Ел­ордасы Астанаға көшіп келгіңіз келмей ме? Толғанай ӘЛІМБАЕВА, магистрант – Жоғарыда айтып кеттім, бүгінде Тараз қаласында тұрып жатырмын, 3 айдан асты, Жамбыл облыстық филармониясының директоры қызметіндемін. Облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың шақыруымен туған жеріме қызмет етуге келдім. 2000-2004 жылдар аралы­ғында Атырауда қызмет еттім, сол кезде Елбасы шақырған еді Астанаға, бірақ қателік жасағанымды кеш түсіндім. Ол кезде қазақтың батыс аймағындағы өнерді көтеру үшін, сол кездегі облыс әкімі Иманғали Тасмағанбетовтің арнайы шақыртуымен бірнеше өнер адамдары барған едік. Атыраудан халықтық музыка академиясын ашу жоспары болды, сол жоспарды аяқтамай тас­тап кетуді жөн санамадым. Жамбыл жерінде де өнерде қордаланып қалған проблемалар жеткілікті екен, қазір соған білек сыбанып кірісіп жатырмын. – Отбасылық өміріңіз туралы айтсаңыз. Жанна ИБРАЕВА, студент – Отбасында сегіз ағайындымыз, мен үшінші қызбын. Барлығы үйлі-баранды. Өзімнің бір қызым бар, аты – Қуаныш. Республикалық К.Байсейітова атындағы дарынды балалар мектебінде скрипка аспабы бойынша оқиды, биыл 9-сыныпты бітірді.

Әзірлеген Еркежан КӨПТІЛЕУҚЫЗЫ

Наверх