• USD 328.5
  • EUR 387.2
  • RUB 5.4


Мәдениет

ҚазАТУ-да «Армысың, жыл басы – Наурыз!» шарасы тойланды

20 сәуiр, 17:37263

Астанада әз Наурыз мерекесін тойлау жалғасуда. Бүгін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Наурыз мейрамын мерекелеу аясында «Армысың, жыл басы – Наурыз!» шарасы тойланды. Тойлау барысында «Асық ату», «Қазақ күресі», «Арқан тарту», «Алтыбақан» ұлттық ойындары  мен мерекелік концерт және «Қыз сыны» мен «Жігіт сұлтаны» сынды байқаулар өткізілді. Сонымен қатар, факультеттер арасында ұйымдастырылған «Армысың, әз Наурыз!» байқауының жеңімпаздары да марапатталды, - деп хабарлайды Елорда инфо.

Шараға ҚР-дағы Федеративті Германия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Рольф Мафаэль, ҚР-дағы ҚХР  Елшілігінің Ғылым және техника Атташесі Мяо Сюетин, ҚР-дағы Ауғанстан Ислам Республикасының Кеңесші-хабаршысы Хумаюн Хайри, оқу ордамыздың профессор-оқытушылар құрамы, университет ардагерлері мен білім алушылар қатысты.

Университет ректоры Ақылбек Қажығұлұлы алғысөзінде университет жетістіктері мен халықаралық ынтымақтастығы туралы қысқаша баяндап, университет ұжымы мен студенттерін Наурыз мейрамымен құттықтап, зор денсаулық, игі бастамаларға сәттілік тіледі.

ҚР-дағы Федеративті Германия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Рольф Мафаэль мерекемен құттықтап,  КазАТУ мен ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ ол неміс халқында ақпан айында дістүрлі өтетін «Карнавал түні» мерекесін өткізу туралы ұсыныс жасады.

Сондай-ақ А.Қ.Күрішбаев жыл сайын факультеттер арасында өткізілетін «Армысың, әз Наурыз!» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Байқау қорытындысы бойынша гран-при жүлдесін  Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультеті еншіледі. І орын экономикалық факультетке бұйырса, ІІ орынды жер ресурстарын басқару, сәулет және дизайн факультеті иеленді. ІІІ орынға техникалық факультет лайық деп танылды.

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да жыл сайын Ұлыстың ұлы күнін мерекелеу барысында «Асық ату», «Қазақ күресі», «Арқан тарту», «Алтыбақан» ұлттық ойындары  мен мерекелік концерт ұйымдастыру дәстүрге айналған. Сонымен қатар университет қабырғасында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Қыз сыны» мен «Жігіт сұлтаны» сынды байқаулар өткізілді.

Көрермендер назарына «Қыз ұзату» ұлттық салт-дәстүрінен сыр шертетін қойылым  ұсынылды. Мерекелік концертте қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Майра Ілиясова, Мемлекеттік күзет қызметі Президент оркестрінің би солисті Әсел Алибекова, Өнер және шығармашылық факультетінің «Шабыт» ұлттық аспаптар оркестрі, «Шаттық» би ансамблі және факультет солистері мен оқу орданың ұстаздары өнер көрсетті.

Алаңдағы мереке «Астаналық цирк» салт аттыларының шеруімен ерекшеленді.  Тұяғымен жер тарпыған тұлпарлардың сыны мен ат құлағында ойнаған жігіттердің шеберлігі елді тәнті болды.

Арнайы шақырылған ардагер ұстаздарымыз да назардан тыс қалмады. 2000-нан астам шара қатысушыларына Ұлыстың ұлы күні жасалатын сыйлы ас – Наурыз көже, бауырсақ пен ыстық тағам ұсынылды.

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар


Наверх