• USD 367
  • EUR 431
  • RUB 5.55

Қоғам

Енді көлікке сұранысы жоғары нөмір алғанда иесі өзі қалаған үш бірдей әріпті таңдай алады

27 қараша, 21:10196

Бүгіннен бастап елімізде көлік құралдарын тіркеу ережесі өзгерді. 2014 жылғы 2 желтоқсандағы ІІМ бұйрығымен бекітілген №862 мемлекеттік тіркеу жөніндегі ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ол 2017 жылғы 27 қарашадан бастап күшіне енді, деп хабарлайды Елорда инфо.

Осыған байланысты Қазақстан аумағында көлігіңізді алғаш рет ресми дилерден (өкілден) сатып алған жағдайда апарып тіркету міндетті емес. Сондай-ақ, автокөлік иесінің тегі, аты-жөні өзгерген жағдайда (мәселен, некеге тұрып немесе неке бұзылып, не болмаса ұлттық ерекшелікке байланысты тегіңізді әкеңіздің атына өзгертсеңіз), көлік құралдарына тіркеу туралы куәліктің көшірмесі берілген және көлік құралдарын қайта жабдықтап, бөлшектерін ауыстырған кезде де көлігіңізді тексертпей-ақ тіркете беруге болады.

Сонымен қатар, көлік иесі сұранысы жоғары мемлекеттік тіркеу нөмірлерін (мәселен, 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444, 500, 555, 600, 666, 700, 777, 800, 888, 900, 999) алған кезде үш бірдей әріпті өзінің қалауы бойынша таңдай алады. Бірақ оған 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап көтеріңкі мемлекеттік баж салығы салынады.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Наверх