• USD 321
  • EUR 397.2
  • RUB 5.72

Қоғам

Астанада ақылы көлік тұрақтары жұмысын бастады

19 қаңтар, 17:1860

Ағымдағы жылдың 15 қаңтарынан бастап «Нұржол» желекжолында ақылы көлік тұрақтары жобасы іске қосылды. Аталмыш желекжолда 472 көлікке орын әзірленіп, жол белгілері сызылған. Сол сияқты ақпарат алу тақталары орнатылып, 12 паркомат қойылған, деп хабарлайды Елорда инфо.

 

Тұрақ ақысын паркомат арқылы қолма-қол ақша немесе банк картасымен, SMS жолдау немесе жеке кабинет арқылы, сондай-ақ, «Касса 24» терминалдары және «Астана көлік тұрақтары» мобильдік қосымшасы көмегімен төлеуге болады. Төлемді бақылау мобильдік сертификаттандырылған  фототіркеу кешендері көмегімен ресімделген деректер арқылы жүзеге асады.

Әрбір 15 минут сайын арнайы тіркеу құралы орнатылған машина тұрақты аралап, ондағы көліктердің нөмірлерін суретке түсіріп алады. Бұл деректер автоматты түрде тұрақтарды басқару орталығына беріледі. Ол жерде көлік тұрған орын, оның нөмірі, уақыты және төлемнің қандай жолмен жасалғаны көрсетіледі екен.

Мамандардың айтуынша, тұрақ құны таңғы сағат 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін сағатына 100 теңге. Төлем көлікті тұраққа қойған сәттен бастап алғашқы 30 минут ішінде жүргізілуі тиіс. Ал демалыс және мереке күндері тұрақты пайдалану тегін. Айта кету керек, паркомат артық ақшаны қайтармайды. Сондықтан төлемді 50 және 100 теңгелік монеталармен жасаған жөн.

Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, арнайы орындар белгіленген І және ІІ топ мүгедектерінің, «Алтын қыран» және «Халық қаһарманы» ордендері иелері мен «Алтын алқа», «Күміс алқа» медальдарымен марапатталған көп балалы аналардың, Семей ядролық полигонындағы жарылыстардан зардап шеккендердің, сондай-ақ Ауған соғысының ардагерлерінің тұрақтарға көліктерін тегін қоюға құқықтары бар көрінеді.

Тұрақты пайдалану тәртібі мен төлем тәсілдері және паркоматтар орналасқан орындар туралы www.2888.kz. сайтынан да толығырақ ақпарат ала аласыз. Сондай-ақ, 8-800-080-28-88 тегін нөміріне немесе қалалық 109 біріңғай байланыс орталығына да хабарласуыңызға болады. Ал арнайы тіркеуден өту үшін  көлік жүргізушілері Ақбұлақ шағын ауданындағы Шарль де Голль көшесі, 1 үй мекенжайынан орын тепкен «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС кеңсесіне баруы қажет.

Наверх