Фоторепортаж

ҚАЗАҚТЫҢ КӨНЕ ҚАР ШАҢҒЫСЫ ТАБЫЛДЫ

15-ақпан күні Қазақстан ұлттық музей мұрағатына қазақтың көне қар шаңғысы тапсырылды деген хабарды ести салысымен, экспонатты көруге асықтық. Арнайы түсіру тобымызға музейдің жұртшылықпен байланыс бөлімі қызметкері Досхан Жылқыбай шағын ақпарат ұсынған еді. Оның айтуынша, Қар шаңғыны музейге «Қазақстан-Zaman» газетінің бас редактор орынбасары Сәуле Мешітбайқызы алып келген. «Ол кісіге 2013 жылы Қытай қазағы Мұрат Ақатай Қазақстанға арнайы сапарында музей ашылғаннан кейін тапсыруын өтінген», – дейді.

Қытайдың Шыңжан өлкесі Алтай аймағының Алтай қалалық №3 орта мектебі дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Мұрат Ақатаймен де байланыстық. Ол кісі 2013 жылдың қыркүйек айында Қытайдан арнайы жылқы терісімен қапталған қос қар шаңғы әкелгенін айтты. Оның біреуін Алматыдағы Қазақ спорт туризм академиясының президенті Қайрат Закерьяновқа, екіншісін Ұлттық музейге аманаттағанын айтады .

«Бүгінде Алтайда қар шаңғы жасайтын шеберлер бар. Мен де солардың бірімін. Төрт түліктің ішінде жылқының терісі оңайлықпен жыртылмайды. Әсіресе, пұшпағы (аяқ терісі) мықты келеді. Сол үшін қаршаңғыға бұғы не жылқы терісін ғана қаптайды. Сондай-ақ жылқы малының сусылдақ жүні қар бетінде өте жылдам сырғанайды. Ал күнделікті қолданатын шаңғыны ұзақ пайдалану үшін қарағаш қолданылса, жарысқа арналғанын жеңіл болуы үшін самырсыннан жонады. Алтайда алты ай қыс болатындықтан тауға жауатын қар да өте қалың. Сол себепті, оның ені мен қалыңдығы да кәдуілгі шаңғыдан едәуір артық. Кезінде тіпті аң аулауға пайдаланған осы Алтай тауының маңында. Оны белгілі журналист Ризабек Қасенұлы да зерттеген», – дейді Мұрат Ақатай.

Белгілі журналист, Алтай аймақтық телеарнасы бас директорының орынбасары Ризабек Қасенұлы : «2005 жылы Алтай қаласына қарасты «Дұндырбұлақ» деген жерде жартастың астындағы үңгірден көне заман суреті табылды. Онда бір қатарда кетіп бара жатқан жеті адам бейнеленген. Бастарында шошақ бас киімдері бар. Алдыңғы төрт адамның артында жылқы, сиыр секілді малдың бейнесі салынған. Ал, қалған үш адам белдерін сәл бүгіп, сыңар таяққа сүйене шаңғы теуіп барады. Аң аулау сәті сызылған көрініс. Алайда бұл сурет тасқа қашалмаған, біртүрлі бояумен сызылған сурет болып шықты» .

Содан тарихшы-археологтардың зерттеу нәтижесінде 2007 жылы Халықаралық Гиннес бас штабы адамзаттың ең байырғы қар шаңғысының мекені – Алтай тауының маңы деген тұжырым жасаған. «Гиннесс» рекордтар кітабына енгізілгені жөніндегі куәлік Алтай қаласына табысталып, «Қар шаңғының бүгінгі мұрагерлері – қазақ пен моңғол» деп бекітілген.  

Жыл сайын қаңтардың 16-күні ҚХР-дың Алтай қаласында мемлекеттік байырғы қаршаңғы жарысы өтіп тұрады. Сондай-ақ Шыңжан өлкесі аймағындағы мектептерде оқушылар шаңғы тебу техникасын денешынықтыру сабағында арнайы пән ретінде оқиды.

Close