Фоторепортаж

АСТАНАНЫҢ МИЛЛИОНЫНШЫ ТҰРҒЫНЫ ТӘЙ-ТӘЙ ҚАДАМ БАСА БАСТАДЫ

Астананың миллионыншы тұрғыны Саида Мұхамедияр он айлық. Дүниеге келген күннен бастап көпшілік назарына іліккен бүлдіршіннің отбасына Elorda.info тілшісі арнайы қонақтап қайтты.

Саида қазірдің өзінде түрлі қылықтар шығарып жүр.

«Тіпті өзі киініп, өзі тамақтанғысы келеді. Бәрін білгісі кеп, әр нәрсеге құмартады. Қызым — зерек», — деп қуанышымен бөліскен сәбидің анасы өздерінің бақытты отбасы екендерін айтып мақтанды.

Арайлым Мұхамедиярқызы қазір тек бала күтімімен айналысады. Әкесі Олжас жұмыста болған шағында олар теледидарды бір уақ жандарына серік қылады. «Әсіресе, «Балапан» арнасын қосқанда Саида үнсіз ұйып тыңдай қалады. Мультфильм тамашалағанды жақсы көреміз. Бұл – біздің де сүйікті арнамызға айналды», — дейді сәбидің анасы.

Ал зеріккенде қызы мен анасы ауладағы саябақта қыдырыстайды. Демалыс уақытында әкесі Олжас та олардың жанынан табылады. «Мұнда балалардың емін-еркін, асыр салып ойнауына мүмкіндік көп. Көршілер де өте жақсы. Бұл жерден қөптеген дос таптық», — дейді Арайлым Мұхамедияр.

«Саиданың өмірге келуі біздің бақытымызды еселей түсті. Үйлі болдық. Қазір көптеген отбасыдан қарағанда әлде қайда жағдайымыз жақсы» деген Олжас Мұхамедияр, «әкімдікке алғысым шексіз. Қызым үлкейгенде мемлекетке қызмет етсе, еліне шарапаты тисе» деп әкелік арман-тілегін де жеткізіп қалды.

 


comments powered by HyperComments
Close