• USD 366.5
  • EUR 422.9
  • RUR 5.63

Түркістанның гүлдену дәуірі басталды

09 қазан, 09:35139
Автор: Elorda Aqparat

Әлімжан Құртаев Түркістан мен Отырар аймағының кешегісі мен бүгіні, болашағы жөнінде өзінің орамды ойларымен бөлісіп, арнайы сұхбат берді. Сол сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Әлімжан ҚұртаевСенат депутаты

– Әлімжан Сейітжанұлы, қазір күллі елдің назары Түркістанға ауып отыр. 2018 жылдың 19 маусымы – Түркістанның тарихына алтын әріптермен жазылды. Тура сол күні Елбасының Түркістан облысы деген жаңа әлеуметтік-­экономикалық аймақтың құрылатыны жөнінде Жарлығы шықты. Түркістан – туризмнің бірнеше түрін дамытуға әлеуеті зор өңір. Алайда біз осы Түркістанды елдік бренд етіп көрсете алмай отырған сияқтымыз. Мұның себебі неде?
– Ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы жетпейтін Алтай мен Атырауға дейін созылып жатқан қазақтың кең даласының қай аймағын алсақ та киелі, қасиетті десек артық айтқандық емес. Сондай тарихының тамыры тереңге кеткен өлкенің бірі бұл – Сыр бойы, Түркістан – Отырар аймағы. Елбасы Н.Назарбаев күні кеше ғана өз Жолдауында «Бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалану үшін сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет» деп атап айтты. Отырарды да, Түркістанды да бүкіл дүние жүзі біледі. Түркістан бір заманда Түркі қағанатының, Қазақ хандығының, Дешті Қыпшақтың орталығы болған. Қазақтың тарихы, Қазақстанның тарихы Түркістаннан басталады десек те қателеспейміз. Кешегі кеңестік империяның қарамағында болған 70 жылдан аса уақытта Түркістанның рөлін, орнын төмендету үшін, ол туралы еш жерде айтқызбады. Құдайға шүкір, еліміз егемендік алып, еркіндігіміз қолымызға тигеннен кейін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сарабдал саясатының арқасында қазір барымызды мақтан етуге қолымыз жетті. Биыл егемендігіміздің 27 жылдығында Түркістанның өрлеу, өркендеу дәуірі басталып отыр деуге болады.
– Бір кездері Түркістанның жасына қатысты қызу дау-дамайдың болғаны рас. Біреулер қаланың жасы 1500 жыл десе, екінші біреулер 2500 жыл дегенді айтты. Шын мәнісінде Түркістанның жасы қаншада?
– Бүгінде археологтар: «Түркістанның 1500 емес, 2500 жылдық тарихы бар» дегенді айтып жүр. Өз басым кейінгі мәліметпен толық келісемін. Сайып келгенде, бұл даулы мәселенің тоқетерін тарихшы, археолог мамандардың еншісіне қалдырайық. Түркістанда аты елге мәлім 21 хан, қаншама билер, асыл азаматтар жерленген. Арқаның қариялары: «Шіркін, Түркістанның топырағында жамбасым жерге тисе ғой!» деп армандайды екен. Осы сөздің астарында Түркістанның қадір-қасиеті жатыр деуге болады. Түркістанды облыс орталығы ету туралы шешімімен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тағы да асқан көрегендігін көрсетті. Осы шешімнің шығуына Алла-Тағала бізді қалай куәгер етсе, алдағы күндері Түркістанның күллі Түркі дүние­сінің астанасына айналғанын көруді Жаратқан бәрімізге нәсіп етсін!

– Түркістанды түлетудің оның маңайындағы қасиетті жерлерге де жағымды әсері болары сөзсіз. Мәселен, киелі Отырар жері. Отырар – ең көне қалалардың бірі. Ол жердің қойнауы рухани қазынаға, тарихқа тұнып тұр. Отырарды дамытуға мемлекеттен қаражат бөлінді ме, оған қанша көлемде қаржы қажет?
– Түркістан мен Отырардың тарихы да, тағдыры да бір, тамыр­лас жерлер. Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи бабамыз, ал Отырарда оның ұстазы Арыстанбаб әулие жерленген. Отырардың тарихы да тереңге тамыр тартқан. Мен 2005-2009 жылдары Отырар ауданының әкімі болып қызмет еттім. 2005 жылы Үкіметтің «Көне Отырарды қалпына келтіру» атты арнайы қаулысы шықты. Сол қаулының негізінде Отырарды дамыту тұжырымдамасын жасап, Елбасының өзіне баяндаған едік. 2009 жылы осы жоба түрлі себептермен тоқтап қалды. Қуанарлығы сол, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қолдауымен жоба қайта қолға алынды. 1 млрд 200 млн теңге қаражат бөлініп, туристерді қабылдау бекетінің құрылысы басталуы тиіс. Аталған нысан Отырартөбе мен Арыстанбабтың ортасында орналасады. Құрылыс жүргізуге 2,5 шақырым, 200 гектар жер бөлінді. Сол жерге музей, қолөнер шеберлерін дайындайтын мектеп, турис­терді қабылдайтын орталықтар салынады. Сөзімнің басында Түркістан мен Отырар тарихының тамырлас екенін айттым. Түркістанның облысқа айналуы Отырардың дамуына да септігін тигізетіні сөзсіз.
Реті келіп тұрғанда айта кетейін, осы шежірелі, тарих тұнған Отырар өлкесін туризм орталығына айналдыру идеясын сонау 2005-2008 жылдары қолға алған едік. Ол кезде сол ауданның әкімі болатынмын. Төл мұраларымыздың ізімен Сирияда, Дамаскіде болып қайт­қанбыз. Басты мақсатымыз – «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ұлы ғалымымыз һәм жерлесіміз Әбунасыр әл-Фараби мен батырлардың батыры әз-Зәкір Бейбарыс сұлтан жатқан қасиетті топырақты туған жеріне жеткізу, олардың рухтарын оралту, болашақта әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристерге жол ашу болатын. Делегация құрамында сол кездегі еліміздің Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі, «Білім» баспасының директоры Жарылқасын Нұсқабайұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Төлеген Қожамқұлов, Шәуілдірдегі әл-Фараби музейінің директоры Абдулла Жұмашов сынды елге танымал жандар болды. Елге оралғанымызда күллі халықтың зор қуанышпен қарсы алғанын көріп еңбегіміздің еш болмағанына, бабалар рухының шын мәнінде отанына оралғанына бір марқайып қалған едік. Міне, Отырар жерінде, Түркістан өңірінде туризмді дамытатын уақыт енді жетті деп білемін. Әрине, сол киелі жердің тумасы ретінде өзімнің де аз-маз еңбегімнің сіңгеніне қуаныштымын.
– Бір кездері Отырарды әлемдегі Турфан, Помпей сияқты қазып алып, туристер тамашалайтын мәдени туризм орталығына айналдырайық деген бастама болған. Бірақ бұл бастама қолдау таппады. Өзіңіз Помпейде не Турфанда болдыңыз ба? Жылдың қай мезгілінде болсын, Турфанда шетелдік туристерден аяқ алып жүре алмайсың дейді. Ежелгі дүниенің қаһарман қаласы туристерді магнитше тартады. Отырардың әлеуеті де музей-қала жасауға жетеді ғой. Бұған не нәрсе кедергі болуда?
– Оқығаным, теледидардан көргенім болмаса, Помпейде болған жоқпын. Қытайдың ШҰАА-ындағы Турфан қаласына арнайы бардым. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген соң, ежелгі қала 10-12 ғасырлардағы кейпіне қайта оралған. Тамашалауға келген туристерді ат арбамен, есек арбамен тасиды. Турфанға сол кездері күн сайын шамамен 100 мыңнан аса адам келетін көрінеді. Турфан мен Отырардың тағдыры ұқсас. Отырарды да Турфан сияқты әлемге танымал туризм орталығына айналдыруға мүмкіндіктер бар. Ол үшін қаланы толық қазып алуы керек. Отандық археологтардың ақсақалы Карл Байпақовтың айтуынша, Отырартөбені қазып алу қиын емес. 2-3 жылда қазып, топырақтан аршып алуға болады. Ал сол аршып алған жердегі, топырақтың астындағы құнды дүниелерді сақтау мәселесін қалай шешеміз? Қазір археологтарымыз осы мәселені шешудің алуан түрлі жолдарын қарастыруда. Жазда жаңбырдың суынан, қыста қардан қалай қорғаймыз? Климаттың әсерінен жердің астынан қазып алынған нәрселер тез бұзылады. Мысалға, Отырартөбенің жанында ескі монша болған. Археолог-мамандар моншаның орнын қазып, үстіне үлкен шатыр орнатты. Бірақ ол жерге барған адам шатырға қарайды, ал қазылған монша көрінбей қалады. Тура сондай алып шатырды Отырартөбенің үстіне түгел жабу мүмкін емес. Қазіргі кезде Отырартөбеге кіреберістегі қақпаны аршып, жұртқа көрсетіп қойды. Алдағы уақытта бұл мәселелер рет-ретімен шешімін табады деген үмітіміз бар.
– Қазір біз де туризм саласын дамытуға көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Шетелдерде зиярат ету туризмі деген бар. Бір ғана Түркістанның өзінде 21 ханымыздың мүрдесі жатқанын айттыңыз. Осы Отырардың зиярат ету туризмін дамытуға деген әлеуеті қандай?
– Зиярат ету дегеніміз – құлшылық ету, сәлем беру деген мағынаны білдіреді. Отырарда қызмет етіп жүргенімде Арыс­танбабқа қазақтармен қатар орыс, татар, өзбек, қырғыз ұлтының өкілдері келіп, құлшылық еткеніне талай рет куә болдым. Арыстанбабқа әсіресе, Өзбекстан мен Қырғызстаннан туристер көптеп келеді. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіне де зиярат етушілер көп барады. Мысалы, 2017 жылдың дерегі бойынша, Түркістанды жылына 1 млн турист тамашаласа, соның ішінде 90 пайызы Арыстанбаб арқылы өтеді. Бұл көрсеткіш екі есе өсіп, ағылатын туристердің саны 2 млн-ға жеткенде жергілікті жердің экономикасын көтеруге үлкен септігін тигізеді. Ашығын айтсам, зиярат ету туризмін дамытуда Отырардың да, Түркістанның да мүмкіндіктері мол. Біріншіден, өте сапалы тас жол төселді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі жоғары деңгейде салынды. Тек халықаралық дәлізден Отырартөбеге қарай жүретін шамамен 50 шақырымға созылатын жол және Отырартөбеден Түркістанға дейінгі аралықтағы 60 шақырымдық жер бар. Осынау 110 шақырым жолды қос жолақты етіп салған абзал. Болашақта зиярат етуге келетін туристер осы жолмен жүреді.

– Туристер ағылып келуі үшін жол мәселесі шешілуі қажет. Жол дегенге әуе жолы, темір жол, автокөлік жолы жатады. Бізде әуе жолдарының мәселесі өте күрделі. Себебі ұшақ билеттерінің удай қымбаттығы туристерді тартуға кедергі келтіріп отыр. Осы мәселені Парламент, Үкімет деңгейінде қарап, оң шешуге бола ма?
– Біріншіден, жаңа облыс орталығы болған Түркістанға, онымен көршілес жатқан Отырарға міндетті түрде әуежай салуымыз керек. Ол әуежайдың қай жерде орналасатыны бас жоспар бекітілгеннен кейін белгілі болады. Біз, депутаттар, Түркістан облысының басшылығына әуежай Түркістан мен Отырардың ортасынан бой көтерсе деген ұсынысымызды айттық. Бұл жаңа әуежайға келіп қонған туристердің Отырарға да, Түркістанға да барып-келуіне мүмкіндік туғызады. Екінші бір нұсқасы, Кентау жағынан да салуға болады. Екіншіден, ұшақ билеттерінің қымбаттығы – күрделі мәселе. Бізде ұшаққа мінетін билет құны удай қымбат дегенді дұрыс айтып отырсыз. Біздің ұшақтардың билетінің құны басқа елдердегі билет құнымен сай болуы тиіс. Мысалы, Иранға барғанымызда Мешхедтен Тегеранға ұштық. Екі қаланың ара қашықтығы – 1,5 сағат, билеттің құны – 11 АҚШ доллары тұрады. Ал бізде ше? Тура сондай ара қашықтық Астана мен Шымкенттің екі ортасына ұшақтың билетін 150 АҚШ долларына сатып аласың. Еліміздегі әуе көлігі енді-енді дамып келеді. Халық­аралық деңгейде қызмет көрсететін 4-5 («Эйр Астана», «Скат», «БекЭйр, «ҚазақЭйр») әуе компаниямыз бар. Бұлар – күш-қуа­ты мығым компаниялар. Ұшақ билеттерінің қымбаттығына құзырлы мемлекеттік органдар талдау жүргізгені жөн. Жуырда ғана Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы елімізге келетін шетелдік туристердің санын көбейту үшін ұшақ билеттерінің бағасына жәрдемақша төлеу туралы ұсыныс жасады. Бәлкім, бұл қадам да тығырықтан шығудың бір жолы шығар.

– Мемлекет басшысының таяуда Түркістан облысына, Шымкентке жасаған жұмыс сапарынан қандай түйін түйдіңіз? Дүйім елді алаңдатқан ең түйткілді мәселелер осы сапардан кейін шешімін таба ма?
– Оңтүстік өңірден сайланған депутат ретінде, елдің азаматы ретінде Елбасымыздың бұл сапарынан үлкен үміт күттім. Ол ақталды да. Елбасының батасымен Түркістанның гүлдену дәуірі басталды деп сеніммен айта аламын. Президент өзімен бірге Қазақстандағы танымал беделді құрылыс компанияларының жетекшілерін, үлкен кәсіпкерлерді ертіп барды. Елбасы тапсырмасымен солардың әрқайсысы Түркістанға шашу ретінде бір-бір мекеме, ғимарат салып беретін болды, елді дамытуға олардың қосқан үлкен үлесі болады ғой. Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 160-170 мыңдай халық тұрады. Алдағы 10 жылда тұрғындар саны 500 мыңға жетуі керек деп санаймын. Түркістан тез дамиды деп ойлаймын. Оған барлық мүмкіндіктер бар. Биылғы жыл Елбасының шешімімен тарихи жыл болып жылнамаға жазылды. Түркістанның екінші өмірі, өркендеу дәуірі басталды деуге әбден болады. Түркістан жалғыз еліміздің рухани астанасы ғана емес, Орталық Азияның астанасы ғана емес, күллі түркі әлемінің астанасы болуға қадам жасады. Түркияның бұрынғы Мәдениет министрі, үлкен қайраткер Намық Кемал Зейбек мырза жуырда баспасөзге бір жақсы сұхбат беріп, Түркі елдерінің Парламенттік Ассамблеясы, ТҮРКСОЙ-дың штаб-пәтері, жалпы алғанда, барлық түркі мемлекеттерінің бас қосатын жері Түркістан болуы тиіс деген ой-пікірін білдіріпті. Өте орынды пікір! Шолпанатадағы басқосуда да Түркі әлемінің бірігуіне қатыс­ты Елбасымыздың айтқан ұсыныстарын Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан ел басшылары бірауыздан мақұлдады. Түркістан – түркі әлемінің астанасы болуға бет алған қала.

Сұхбаттасқан 
Төлен ТІЛЕУБАЙ

www.astana-akshamy.kz 


БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх