• USD 372.9
  • EUR 424
  • RUR 5.61

Сақ дәуірінде қазақ даласы өркениеттің бесігі болды

01 қараша, 08:48152

Ақиық ақын Мұқағалидың: «Алтын адам, Алтын адам… Адам жоқ! Алтын қалған жарқыраған» деген өлең жолдары бар еді ғой. Биылғы жазда Шығыс Қазақстан облысындағы Елеке саз қорымынан «Алтын адам» табылды. Бұл қорым – ертедегі сақ кезеңінен келе жатқан орын. Белгілі археолог Зейнолла ағамыз жетекшілік жасаған осы қазба жұмыстары тарихымызды терең тануға тың жаңалық қосып отыр. Бүгінгі сұхбатта осы төңіректе сөз қозғадық.

Зейнолла Самашевтарих ғылымдарының докторы, профессор

ҚАНЖАРДЫҢ ҚЫНАБЫНА ДЕЙІН АЛТЫНДАЛҒАН

– Зейнолла Самашұлы, әңгі­менің әлқиссасын Елеке саз қорымынан бастасақ. Осы жерді бұрыннан білесіз бе?
– Иә, білемін. Бұл – Тарбағатай тауының етегін бойлай жатқан шөбі шүйгін, суы бал татыған шұрайлы алқап. Осы таудан Қарғыба деген өзен бастау алып, бірнеше тармаққа бөлінеді. Сол тармақтардың аралдарында түрлі қорғандар бар. Шамамен алғанда, олардың ұзындығы – 10 шақырым, ені 5 шақырымды алады. Бұл қорғандардың саны 300-ге жуықтайды. Кейбіреуін «ғұрыптық кешен» деп айтуға болады.
Маған бұл қорғандардың тарихы жақсы таныс. 2011 жылдан бері Елеке саз қорымынан табылған заттар туралы түрлі әңгімелер айтыла бастады. Осы алқапта отырған малшылар көне бұйымдар тауып алған. Қорғандарды әдейі тонағандар да кездесті. Олар оны музейге немесе жәдігерлерді сатып алатын орындарға өткізген. Өзім де Алматының қалалық му­зейінен Елеке саздан табылған бұ­йымдарды көрдім.
2014 жылы осы өңірге әдейі­леп ат басын бұрдым. Қорымды асық­­­пай араладым. Кейбір қор­ғандардың құрылымы Орхон өзе­нінің бойындағы көне түрік ес­керткіштеріне ұқсайды. Сақтар дәуірінің патшалық қорғандар­дың бар екені де байқалды. Ме­нің ойым­ша, бұл жер ерте сақ дә­­уі­­ріндегі атақты адамдар жер­ле­нетін қасиетті орын болған.
– Қазба жұмыстары қашан ­бас­талды?
– Алғаш 2016 жылы басталды. Сол жылы өз арамыздан осы өңірдің тумасы Ерден Оралбай деген жас археологты алғашқы зерттеулерді бастауға жібердік. Ол бір обаны қазуды бастап, одан алтыннан жасалған әшекей бұйымдар мен 6-7 жебенің ұш­тарын тауып алды. Бірақ бұл қорымдағы зерттеулер әлі аяқ­талған жоқ. Енді биылғы жазда осы қорымның іргесіндегі кі­­шігірім обаны қаздық. Бұл жұмыс екі айға созылды. Обаның биіктігі – 2 метр шамасында. Бұл қорым ерте сақтар дәуіріне жатады. Мұның Берел және тағы басқа қорғандарға ұқсамайтын ерекшелігі бар. Тарбағатайды мекендеген сақтар қабірді терең қазбай, жердің үстіңгі бетін тазалап, адамның мүрдесін соған қойып, басын батысқа немесе солтүстікке қаратып жерлеген. Сүйектің айналасын биіктігі 1-2 метр таспен қоршап, арнайы бөлме секілді орын жасаған. Оған шығыстан кіретін есік бар. Содан соң бұл бөлмені сыртынан кепе секілді шыммен жауып, арасын тас­пен өрген. Оның үстіне топырақ үйген. Одан кейін обаның айналасын қой тастармен қоршаған.
Осы қорымда екі адамның сү­йегі жатыр. Біріншісі – әйел, екін­шісі – ер адам. Әйелдің жас мөлшері 13-15-дерде екен. Бірақ әйелдің заттары сол заманда түк қалдырмай тоналған. Оң жағында жатқан ер адамның заттары сол қалпында сақталған. Бұл – 17-18 жастағы жігіт, бойы – 160-170 сантиметр шамасында. Ер адам мүрдесінің үстіне тастар құлап, тонаушылар оны көрмей қалған болса керек.
– Екеуі қорымға бір мезгілде жерленген бе?
– Енді оны нақты айта алмаймын. Болжам бойынша екеуі бір заманда қатар жерленген секілді. Арасында он шақты жылдар болуы да мүмкін. 13-15-тегі қыз бала ол жігіттің қарындасы ма, әлде әйелі ме – ол жағы белгісіз. Қазір генетиктер мен антропологтар зерттеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Кейін бәрі анықталады. Осы қазба жұмыстары кезінде осы обаның сыртындағы бекіту үшін қоршалған тастардың арасынан көп алтын бұйымдар шық­ты. Сөйтсек, ер адам мен әйел­дің сыртқы киімдерінің алтын әшекейлерін сол жерге тығып қойған. Менің ойымша, бұл ұрлық емес. Қазақта өмірден өткен қасиетті адамдардың киімінен жыртып, ырым ретінде тәбәрік алатын салт бар. Мұны мен сондай дәстүр болар деп ойладым. Өйткені ер адамның мүрдесіндегі киімінің біраз бөлігі жоқ.
Ер адамның өне бойы алтынмен апталған деуге болады. Бас киімі, үстіндегі киімінің өңірлері, сол жақ беліндегі қорамсақ пен садақтың қабы, оң жақ беліндегі қанжардың қынабы түгелдей барыс, бұғы секілді түрлі аңдардың бейнесіндегі алтын әшекейлермен безендірілген. Мойнындағы ал­қасы сом алтыннан құйылып жа­салған.
Аяғындағы қонышы жоқ кебісі мен бұтындағы шалбарына де­йін көзге көрінбейтін, өте ұсақ, диаметрі 1 мм алтын моншақтар өткізген деп болжап отырмыз. Ертеде оны зергерлер «сірке технологиясы» деп атайды. Сонымен бірге, қырық жебенің ұшы шықты.
– Бұл адамдар қай ғасырда ғұ­мыр кешкен?
– Болжам бойынша VIII-VII ғасыр деп отырмыз. Яғни біздің заманымызға дейінгі 2700-2800 жылдары өмір сүрген деуге болады.

САҚ ДӘУІРІНДЕ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ ӨРКЕНИЕТТІҢ БЕСІГІ БОЛДЫ

– Сол кездің өзінде осындай таңғаларлық технология болған ба?
– Әрине. Сақ дәуірінің өзінде алтыннан бұйымдар жасауда озық әдіс қолданылған. Бұдан көптеген ғылыми мәселелерді көресіз. Осындай керемет әдісті меңгеріп, алтынмен неше түрлі аңдардың стилін жасаған адамдар жай халық емес. Сақ қоғамында алтын өндірудің технологиясы жоғары деңгейге жеткен. Тұрғындар ау­қатты тұрмыс кешкен. Осы «Ал­тын адамды» патша әулетінен шыққан деп отырмыз. Қарапайым адамды етігі мен шалбарына дейін алтындамайды. Патша болғаннан кейін ол бір елдің басшысы атанады. Демек, бұл жерде үлкен мемлекет болған деуге негіз бар. Оның өндірісі де жақсы дамыған. Соған қарап сақ дәуірінде қазақ даласы өркениеттің бесігі болды деп айтуға болады.
– Бұл Есік қорғанынан табыл­ған «Алтын адамнан» да көне болып тұр ғой…
– Иә. Есік пен Берел қорғанынан табылған «Алтын адамнан» төрт ғасыр бұрын туған.
– Ендеше, мұны ғылыми сенсация деп айтуға бола ма?
– Ғалымдар үшін соншалықты сенсация емес. Елеке саз жайлауына жақын Шілікті қорымынан қазылған «Алтын адам» да VII-VIII ғасырға жатады. Орталық Қазақстандағы Талды деген жерден, Жетісу бойындағы Жалаулы деген көмбеден осыған ұқсас жәдігер табылды.
– Ғылыми жаңалығы бар емес пе?
– Жаңалығы жоқ дей алмай­мын. Бі­ріншіден, «Алтын адамның» барлық заттары сол қалпында та­былды. Сондықтан оларға жаң­ғырту жұмыстарын жүргізуге болады. Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» бас сүйегі мү­жіліп қалғандықтан оны қалпына келтіруге мүмкіндік болмады. Бұл «Алтын адамның» бет әлпетін бас сүйегі бойынша қалпына келтіру­ге кірісіп жатырмыз.
– Қазір ғылыми зерттеу жұ­мыстары басталды ма?
– Басталды. Бұл процесс бірнеше жылға созылады. Біз ешқандай ақпарат жоғалмау үшін адам мүр­­десі жатқан орынның жан-жа­ғын моноблокпен кесіп алып, сыр­тынан тақтаймен жәшік жасап, оны сол қалпында кранмен көлікке тиеп, жергілікті по­лицияның жол бастауымен Өс­кемендегі облыстық тарихи-өлкетану музейіне әкеп қойдық. Қазір сонда зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Зерттеуді бір маман жүргізбейді. Алыс-жақын шетелден ғалымдар шақыртып жатырмыз. Жалпы генетика және цитология институтының директоры Ләйла Жансүгірова мен Чехиядан келген генетик ғалымдар ер адамның генетикалық құры­лымын зерттеуді қолға алды. Мәскеудегі М.Герасимов атындағы зертхананың ғалымдары антро­пологиялық ерекшелігін зерттеу­де. Технолог мамандар алтын­дардың құрамын, оның қайда өндірілгенін анықтайды. Бұл – маңызды нәрсе. Сол дәуірде тау-кен қазбалары қалай игерілді, ал­тын қайда қорытылды деген ғылыми мәселелер мұқият зер­деленеді. Өнертанушылар алтын бұйымдардағы аңдардың стильдерін саралайды. Бізде кәсіби реставратор мамандар аз. Оларды Ресейден шақыртып отырмыз. Табылған заттарды орнынан қозғау да үлкен өнер. Оның өз маманы жұмыс істейді. Қысқасы, әрбір деталь назардан тыс қалмайды.
– Археологтар қандай зерттеу жүргізеді?
– Осы зерттеу жұмыстары аяқ­талғаннан кейін оған бастан-аяқ қорытынды жасалады. Бұл ғылыми зерттеуді жұртшылыққа толық түсіндіре алатын – археологтар ғана. Оны басқалар түсіндіре алмайды. Түрлі салыс­тырмалы зерттеу жүргіземіз. Мы­салы, б.з.д. X-VIII ғасырда қола дәуірінен сақ қоғамына өту кезеңі осы шығыстан басталды ма, әлде басқа аймақтан ба – cоның бәрі ғылыми дәлелденеді. Алтын өндіру технологиясы қалай дамығанын сараптаймыз. Сол қоғамдағы тарихи-этникалық ерекшеліктерін анықтаймыз. Алтын әшекейлердегі түрлі аңдардың бейнелерінен сол уақыттағы адамдардың діни ұстанымдары мен мифологиясын талдаймыз. Зерттеуге қатысқан ғалымдар өз саласы бойынша айтады. Одан әрі тереңдеп бармайды. Қорытып айтқанда, бұл маған тарихи про­цестерді зерделі және кешенді зерттеу міндетін жүктейді.
– Біздің қазақ жерінен бірне­ше «Алтын адам» табылды. Бұл нешінші деп ойлайсыз?
– Азамат, солардың санынан өзім жаңылдым. Шындығын айт­қанда, бізден табылған «Алтын адамдардың» көбі тоналған. Тек 1969 жылы белгілі археологтар – Кемел Ақышев пен Бекмұханбет Нұрмұханбетов Есік қорғаны мен осы Елеке саз қорымынан та­былған екі «Алтын адамның» зат­тары тоналмай, бүгінге бүтін кү­йінде жетіп отыр. Мәселен, 1999 жылы Атырау облысында Аралтөбе мекенінен «Алтын адам» таптық. Ол да тоналған. Оның реконструкциясын мен жасадым. Елеке саздан табылған ер адамның бір аяқ киімінде жүздеген бірлікті құраған алтын бар.
Сосын «Алтын адам» деген сөз көңіліме онша қона қоймайды. Мұны ғылыми тілде «киімдері алтынмен әшекейленген адам» деп жазады. Немесе «алтын киінген адам» дей салайық. Болмысы бекзат, текті, мінезі жайсаң, көзі тірі азаматтарды «алтынға» теңесек жарасады. «Алтын адам» деген сөзді әуелде журналистер кең қолданды да, кейін ол ел арасына тез тарады.

БІЛІКТІ АРХЕОЛОГТАР АЗАЙЫП БАРАДЫ

– Егер осындай «Алтын адам» Еуропада табылса, жер жүзі құлағдар болып, таңдай қағар еді. Бізде түк болмағандай тым-тырыс. Бұған не айтасыз?
– Өзім оған таза академиялық ғылыми тұрғыдан қараймын. Артық дабыраны жаным қа­ла­майды. Бұл жәдігерге зерттеу жұ­мыстары енді басталды. Көп нәрсені өзім де нақты білмеймін. Болжам ретінде ғана айтып отырмыз. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі белгілі болғаннан кейін ғана көпшілікке жариялауға болады. Жалпы, осы қазба жұмыстары – Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен атқарылған жоба.
– Қазір «қара археологиямен» айналысатындар көбейді. Оған қандай да бір тосқауыл бар ма?
– Бұл да қылмыстың бір түріне жатады. Бүгінде кең етек алып барады. Осы келеңсіз жағдайды тоқтату үшін 1992 жылы жазылған заңға өзгерістер енгізілмек. Мысалы, Елеке саз жайлауынан малшылар қыс­тауға көшкеннен кейін тонаушылар ешкім жоғын пайдаланып, жер қазатын техника әкеліп, бір қорғанды қопарып, алтын бұйымдарын алып кеткен. Осындай жағдайлар көп кездеседі. Қазір «қара археологиямен» айналысатындар қатты дамыған. Ғаламторда желілері бар. Көне зат­тарды шетелдіктерге сатады.
Сосын республиканың әр өл­кесінен байырғы қорымдарды қазу үрдіске айналып барады. Бұл киелі орындар ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарайды. Археологтарға лицензияны министрлік береді. Сондықтан лицензия беруді ретке келтіріп, сараптамадан өткізіп берсе болады. Мәселен, тарихымызда қай дәуір толық зерттелмей жатыр? Соған назар аударылып, грант бөлінсе жөн. Лицензияны бір жылға берсе жетеді. Өмір бойы қазуға рұқсат берілмеу керек. Археологтардың қазба жұмыстары туралы құжаттары тексеріліп отырған жөн. Жалпы, археология саласындағы ғылыми еңбектерді саралап отыратын ұлттық ғылыми кеңес құрылса артық болмайды.
– Археология саласында қор­даланып қалған мәселелер бар ма?
– Өте көп. Қазір білікті архео­логтар азайып барады. Салаға келіп жатқан мамандардың білім деңгейі соншалықты жоғары емес сияқты. Тоқсаныншы жыл­­дардағы қиыншылық сала­ны күйретіп кетті. Қазір археология ғылымына талантты жас­тар келмейді. Айлығы аз бол­ғандықтан, олар сырт айналады. Әрбір музейде археолог жұмыс іс­теуі керек. Бірақ осы тәртіпті ешкім ескермейді.
Бүгінде археология ғылымы көп өзгеріске ұшырады. Қазір ол пәнаралық ғылымға айналып барады. Марғұлан мен Ақышевтің заманындағыдай бұл саланы бір тұлға зерттеп, жетістікке жете алмайды. Ұжымдық еңбекпен нәтижелі боласыз.
Бізде мағынасы терең ғы­лы­ми жобалар басталады да, ке­йін көбі аяқсыз қалады. 1997 жылы марқұм Әбіш Ке­кіл­баев Мемлекеттік хатшы болып тұрғанда «Жан-жақты этномәдениетті зерттеу» деген керемет жобаны қолға ал­ды. Осы жоба аясында бір жыл ішінде этнографтар мен тарихшылар республиканың бар­лық ауылдарына экспедиция ұйымдастырып, өте құнды материалдар жиналды. Әбіш аға басқа жұмысқа ауысқаннан кейін жоба жұмысы тоқтады. Қазір ел ішінде өңірдің шежіресін білетін қариялар азайып барады. Олар өздерімен бірге қаншама сабақты дүниені алып кетіп жатыр. Біз сол ақсақалдардың көзі тірісінде тарихи мәліметтерді жазып алып қалуымыз қажет. Кейін бәрі кеш болады. Қазірдің өзінде ел ішіндегі этнографиялық деректердің 90 пайызы жойылды. Сондықтан кө­кірегі қазына адамдардың айтқандары археологтарға өте қа­жет.
Жаңа ғасырдың басындағы іс­ке асқан «Мәдени мұра» бағ­дар­ламасы да ел рухын бір кө­терді. Көптеген жұмыстар ат­қарылды. Қазір бұл бағдарлама да көп айтылмайды. Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласы аясындағы «Қа­сиетті Қазақстан» жобасы еліміздегі киелі орындарды анықтап, түгендеуге ықпалы болды.
– Еліміздегі беделді ға­лым­­­­дардың бірісіз. Отандық ғы­лымның дамуына көңіліңіз тола ма?
– Бір сөзбен айтсам, толмайды. Қоғамдық ұйымға айналған Ұлттық ғылым академиясының беделі жоқ. Ешқандай ғы­лы­ми жобаларға сараптама жұ­мыстарын жүргізбейді. Бұрын академияны «геронтологический заповедник» деп айтушы еді. Сол сөз расқа айналған секілді. Бүгінде ғылымға қатысы жоқ адамдар академияның мү­шелігіне өтіп жатыр.
Дегенмен ғылымсыз қоғам ал­ға дамымайды. Әр істің ғылы­ми негізі болғанда ғана жұмыс жүреді. Ғылымның қадірін бі­летін, оны түсінетін уақыт келеді деп ойлаймын.
– Рақмет, аға. Еңбегіңізге ­табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан 
Азамат ЕСЕНЖОЛ


БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх