• USD 385
  • EUR 434

Оқулықтағы олқылықтар: Оқушылар қате кітаппен оқымаудың амалын қарастырдық

22 тамыз, 09:39135

Мектеп оқулықтарындағы қателер қоғам талқысына жиі түсетін тақырыптардың бірі. Жақында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбет арнайы жиын өткізіп, онда оқулықтардың сапасы, жіберіліп жатқан қателер туралы мәселе қозғаған болатын. Осыған орай біз оқу бағдарламасының дайындалуына жауапты аталған министрлікке қарасты «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Әділхан Дүйсебекпен сұхбат ұйымдастырдық. 

Әділхан Дүйсебек «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары

Мектеп оқулықтарын баспалар өзі дайындайды

– Әділхан Төлегенұлы, әңгімеміздің басын мектеп оқулықтарын дайындайтын мекеменің жұмысынан бастасақ.

– Негізі бұл өте өзекті мәселе. Оқулық әзірлеу де оңай жұмыс емес. Қанша дегенмен бір кітаптың орташа көлемі 200 бетті алады. Оның ішіне кіретін тапсырмалар ғылыми негізде әрі оқушыға тәрбиелік әсері болуы керек. Сол себепті оған қойылатын талап та өте жоғары. Ал өзім қызмет ететін «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы осы жұмыспен айналысады.

Осы орайда бір айтарым, кітаптарды шығаруға кететін қаржыны баспалар өз мойнына алады. Тіпті, сол оқулықты баспалардың өзі дайындап шығарады. Яғни, өздері білікті ұстаздардан, ғалымдардан авторларды жинақтап, әркімге тиесілі саланы бөліп береді. Соның негізінде оқулықтарды әзірлеп, соның бір данасын біздің «Оқулық» орталығына әкеліп тексертеді. Ал орталықтың басты міндеті – баспалар әзірлеп әкелген кітаптарға ғылыми-педагогикалық сараптама жасау, яғни қойылған талаптарға қаншалықты сай келетінін анықтау.

– Ол баспаханалар қайда орналасқан? Кітаптар еліміздің әр өңіріне қалай жеткізіледі? Жалпы оқулық дайындауда баспаханаларға қандай пайда түседі?

– Баспалардың 99 пайызы Алматы қаласында орналасқан. Ал басып шығару типографияның жұмысы. Бізде ондай типографиялар көп емес. Оқулықты дайындаған баспаханалар оларды көбейту үшін шетелдегі типографияларға тапсырыс береді. Көбісі іргеміздегі Қытай мен Ресейдің, арысы Түркияның көмегіне жүгінеді.

Кітаптар мамандандырылған көлік компаниялары арқылы ұшақ немесе пойызбен тиісті жерлерге жеткізіледі. Ал ары қарай оны жергілікті әкімдіктер келісімшарт бойынша сатып алуы тиіс.  

– Сонда оқулықтарды қанша баспа әзірлейді? Оларға қандай талаптар қойылады?

– Оқулықтарды 20 баспа әзірлейді. Олардың арасында «Атамұра», «Мектеп», «Көкжиек», «Келешек», денсаулығында ақауы бар балаларға кітап шығаратын «САТР» секілді ірі-ірі баспалар бар.

Ең бірінші талап – мемлекеттік стандартқа, типтік оқу бағдарламаларына сәйкестігін анықтау. Сол сияқты оқу бағдарламасының ішіндегі тапсырмалар оқушының жас ерекшелігіне сәйкес келе ме? Тәрбиелік мағынасы ашылған ба? Баланың функционалды сауаттылығын қаншалықты дамытады? Тапсырмаларда қате жоқ па? Олар ғылыми негізделген бе? Тапсырмалардың бір-бірімен сабақтастығы бар ма? Міне осыған ұқсас толып жатқан критерийлер бар. Соның бәрін «Оқулық» орталығының құрамында ғалымдары бар сарапшы тобы толығымен тексеріп шығады. Талапқа сай келмесе баспаларға кері қайтарылады.

– Демек, кітаптарды баспаханалар ұйымдастырған ғалымдар тобы әзірлеп, «Оқулық» орталығы сарапшылармен өзінше бөлек тексереді ғой. Сонда екі жақтың ғалымдары бір-біріне иек артып немесе бірінің көңілін екіншісі қалдырмас үшін қателіктерге көз жұма қарамай ма? Бәлкім қазір қоғам талқысында жүрген мәселе осыдан өрбіп жатқан болар!?

– Өз басым жұртшылық талқылап жатқан мәселеге бұл себепші деп айта алмаймын. «Оқулық» орталығы тексерудің де түр-түрін ұйымдастырып жатыр. Мәселен, баспадан келген кітапты орталықтың тәжірибесі мол қызметкерлері бір қарап шығады. Бұл алдын ала тексеру ғана. Ал негізгі тексеру ісіне шақырылған білікті мамандарды өзімізден басқа ешкім білмейді. Өзіңіз қозғап өткендей, баспаханалар ұйымдастырған ғалымдар тобының көңілін қалдырмас үшін біз тексеру жұмысын жасырын жүргіземіз. Яғни, біздің сарапшы топ пен оқулық әзірлеген топ бір-бірімен байланыста болмайды. Оқулық авторлары кітапты кім тексеріп жатқанынан мүлдем бейхабар. Бұл өз кезегінде адами факторлардың алдын алады.

– Жақында министр оқулық авторларының жұмысын ерекше сынға алғаны белгілі. Сарапшылар тобына мамандар қалай іріктеледі? Олардың құрамы жыл сайын өзгеріп отыра ма?

– Ең алдымен кәсіби біліктілігіне мән береміз. Одан бөлек көптеген жетістігі болуы шарт. Конкурстардағы жетістігі немесе озат оқытушы секілді атақтарына мән беріледі. Ал ең бастысы, жаңартылған білім мазмұнына сәйкес оқу курстарынан өткен болуы шарт. Осындай талаптарға сай келген мамандар таңдалынып, өзіне тиісті пәндік оқулықты тапсырамыз.

Ал комиссия мүшелері міндетті түрде ауысып отырады. Оларды еліміздің түрлі өңірлерінен шақырамыз. Шақырылған мамандарға алдымен жаңа бағдарламаны, бағалау әдісін, критерийлерді үйретеміз. Себебі, ол мықты ғалым немесе тәжірибелі педагог болғанмен, нашар сарапшы болуы мүмкін.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов сарапшылардың дайын еместігі туралы қозғап өткені өте орынды. Оның да түрлі себебі бар. Бүгінге дейін оған арнайы қаржы бөлінбеген, «Оқулық» орталығы оны өз күшімен жүргізіп, семинарлар ұйымдастырып келді. Ал алдағы уақытта бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, бұл мәселе шешілмек. Сөз орайы келгенде айтайын, қазір әлемдік банктердің бірімен жоба дайындалып, соның аясында екі жыл көлемінде 1000-ға тарта сарапшыны оқудан өткіземіз.

Жаңа кітап арнайы мектептерде сынақтан өтеді

– Сарапшы топ берілген оқулықты қанша уақытта тексеріп бітуі тиіс? Бұл топ өз міндетін атқарғаннан кейін ары қарай қандай қадамдар жасалады?

– Сарапшы топқа оқулықты бастан аяқ тексеру үшін 47 күн беріледі. Содан кейін барып оқулыққа сараптамалық қорытынды жасалады. Міне осы қорытындының нәтижесінде кітапты министрлікке ұсынуға жарайтындығы жөнінде шешім қабылдаймыз.

Жалпы тексеру жұмысы екі деңгейде өткізіледі: Бірінші сараптама және апробациядан кейінгі сараптама. Алғашқысы біздің орталықтың комиссиясынан өтеді. Ал апробациялық сараптама – оқулықтар алғаш рет әзірленіп, жаңартылған мазмұнда болғандықтан арнайы сынақтан өткізіледі. Республика бойынша 30 мектепке тапсырма берілген. Міне осы мектептерде жаңа мазмұндағы кітаптар бойынша дәріс өткізіледі. Соның барысында кітаптағы қателер, оқушыға ыңғайлылығы, сабақ процесін өткізуге жарамдылығы анықталады.

Міне осылайша ұстаздар да өз критерийлері бойынша практика жүзінде баға беріп, оны Білім және ғылым министрлігіне жібереді. Содан министрліктің арнайы мамандары арқылы құрылған пәндік комиссиясы өз бағасын береді. Оқулықтар осындай бірнеше сатыдан өтіп барып, жарамдылығы анықталады. Мысалға 9-сыныптың физика пәнінен бес баспа дайындаған оқулықтарын алып келсе, оның үшеуін жаратпай тастауымыз мүмкін. Ал екеуі министрліктің тізіміне еніп, жарамды деп танылады.

– Оқулықтағы қателіктер туралы жұрт жиі қозғайды. Қай тілдегі кітаптарда қате көп кездеседі?

– Шынын айтсам, оны салыстырып көрмеппіз. Себебі, екеуі бір бағдарламамен әзірленгендіктен қазақшасында кеткен қате, орысшасында да кетуі мүмкін.

– Екі тілдегі оқулық бір бағдарламамен әзірленер болса, міндетті түрде бір тілде жазылуы керек қой. Сонда қай тілде бірінші жазылып, екінші тілге аударылады?

– Тек аударма деуге келмес. Мектеп оқулықтарының көбісі алдымен қазақ тілінде жазылады. Бірақ жаралыстану бағытындағы математика, физика, химия секілді пәндердің кейбірі бірінші орысша жазылатын кездер болады.

– Сонда алдымен орыс тілінде дайындалған оқулықтарды қазақшаға аударатын кезде ғалымдардың қандай көмегі тиеді?

– Баспаханалар оқулық шығаратын кезде қазақ және орыс тіліндегі ғалымдардың басын қосып, бірге жаздырады. Яғни олар өзара кеңесе отырып, оқулықты әзірлеп шығады. Ал бізге келгенде кітаптар салыстырылып, өзара сәйкестігі тексеріледі. Сондықтан оны аударма деп айта алмаймын.

Қате кеткен кітаптар қайта шығарылмайды!

– Тапсырмаларында қате кеткен кітаптардың жайы не болмақ? Олар жойыла ма, әлде оқушылар сол қате күйінде оқи бере ме?

– Ол қателердің көбі грамматикалық, механикалық тұрғыда, басып шығару кезінде жіберілген. Өрескел қателер де кездесіп жатады. Бірақ оның бәрін қайтадан басып шығару мүмкін емес. Ақпарат беттерінде мектептерге жіберілген кітаптар қайтадан шығарылуы тиіс деген мәліметтер таратылып жатыр. Бірақ мұндай ақпаратпен келісу мүмкін емес. Себебі, тапсырмалардың бәрі министрлік тарапынан келісілген, лингвист, тіл білімінің ғалымдарымен, тәжірибелі аудармашылармен отырып дайындалған.

Оқушылар да қате күйінде оқымас үшін біз оның да амалын қарастырдық. Мәселен, жақында физика пәнінде бір тапсырманың жауабы 0,0057 болуы керек екен, ал ол 0,0055 болып жазылып кетіпті. Міне осыған бола оқулықты қайта басып шығару ақылға қонымсыз. Ал қателерді түзеу үшін кітаптың қате кеткен бетіне кішкентай қағазға жауабы мынадай болуы мүмкін деп қысқаша жазып жапсырып қоямыз. Министрлік тарапынан баспаларға қате кеткен кітаптар бойынша хат жіберілді. Енді солар түзету жұмыстарын жүргізеді. Ал сайттарға кітаптың түзетілген нұсқасы ғана жарияланады. Міне, кеткен қателерді осылай жөндеп жатырмыз.

– Қате табылған кітаптардың авторына, оны тексеріп қабылдап алған мамандарға, сол сияқты оқулықты басып шығарған баспаханаларға ескерту жасала ма?

– Бізде бақылап отыратын арнайы жүйе бар. Егер сарапшы оқулықта өрескел қате жіберетін болса, оған ескерту жасалып, келесі жылғы жұмысқа қатыстырылмайды. Бірден сарапшылар тізімінен алынып, қара тізімге енгізіледі. Ал баспаханалар басып шығару кезінде қате шығарса, суреттері анық көрінбей қалған жағдайда оқулықтарды өз қаржысының есебінен қайтадан шығарады.

Оқулықтың көлемі, салмағы, оның денсаулыққа әсері...

– Соңғы жылдары ата-аналар кітаптардың, оқу бағдарламасының жиі ауысатынына наразы...

– Мемлекеттік жалпыға білім беру стандарты өзгерсе оқулықтар да өзгеруге міндетті. Рас, бірнеше рет өзгерді. Соңғысы 2016 жылы болды. Ол жаңартылған білім мазмұнына көшу үшін жасалды. Бұл оқулықтар Назарбаев зияткерлік мектептерінің бағдарламасы негізінде әзірленді. Қазір 1-10-сыныптардың оқулықтары шығарылды. Келесі жылы 11-сынып қана қалды. Осы бір цикл біткеннен кейін министрлік жіберілген кемшіліктерге талдау жасайды.

– Осыдан 10 жыл бұрынғы оқулықтардың көлемі де, салмағы да белгілі бір деңгейден аспайтын. Ал қазіргі жағдай қандай? Ата-аналар осы мәселеге де жиі шағымданып жататынын көреміз. Кейбірі тіпті кітаптың сыртын қаптайтын зат таппай қиналады.

– Жаңа бағдарламадағы кітаптарды басып шығару кезінде осыған ұқсас проблемалар болғаны анық. Біз бұл тұрғыда шетелдік тәжірибеге жүгінгенбіз. Өзге елдердегі кітаптың көлемі үлкендеу болып шығады. Себебі, онда баланы қызықтыратын суреттер, диаграммалар, таблицалар көп болады. Бұл баланың қабылдау психикасына жағымды әсер етеді. Ал оқулық шағын болса оның ішіне бәрі толықтай сыймай әрі тартымсыз болады. Міне осыны мақсат етіп алғашында оқулықтарды әдеттегіден көлемділеу етіп шығарылған.

Бастапқыда кездескен проблемалар қазір жоқ деп есептеуге болады. Себебі оқушының денсаулығына кітаптың салмағы, көз жанарына шрифтің үлкен немесе кішілігі қаншалықты әсер ететінін Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы комиссиясы тиісті ережелері бойынша анықтайды. Сол ережеде әр сыныпқа арналған кітаптың салмағы көрсетілген. Біз сол министрліктің мамандарымен бірлесе отырып, арнайы зерттеу негізінде оқулықтың ыңғайлы форматын дайындап, соған көштік.

– Арнайы уақытыңызды бөліп, түйткілді мәселелерді жан-жақты түсіндіргеніңізге көп рахмет!



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх