Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Хабар 24» телеарнасына тікелей эфирде сұхбат берді

27 тамыз, 20:47651
Автор: Elorda Aqparat

Бүгін «Хабар 24» телеарнасына Алтай Көлгінов тікелей эфирде сұхбат берді. Елорда Инфо бас қаланың әкімі Алтай Көлгінов сұхбатының мәтінін жариялайды. 

Алтай КөлгіновНұр-Сұлтан қаласының әкімі

- Біздің студиямызға қош келдіңіз. Алдымен әкім ретінде республикалық арналардың ішінде бізге алғашқы болып осындай кең көлемде сұхбат бергеніңіз үшін сізге рахмет айтамыз. Алғашқы сауалым үлескерлер жайында болмақ. Елордада бүгінде жалпы қанша проблемалы үй бар?
- Үлескерлер мәселесі қазір аса өзекті мәселелердің бірі. Бізде 51 нысан болса, оның 76-сы – көп қабатты үй. Бұлар біраз уақыттан бері шешілмей келе жатыр. Елбасымыз бұл мәселенің шешімін табу үшін 40 млрд теңге қаражат бөлуді тапсырды. Соның 20 млрд теңгесі биыл бөлінді. Үлескерлердің мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бақылауында. Сондықтан біздің алдымызда үлкен міндет тұр – осы мәселелердің оң шешімін табу. Біз екі айдың ішінде барлық 51 нысанды аралап шықтық. Әр үлескермен кездестік. Ол жерде 14 мыңның үстінде үлескер бар. 51 нысанның 29-ы өте күрделі жағдайда. Яғни жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселе ғой. Мысалы осы 29 нысанда 10 535 үлескер бар. Бұл тек бір адаммен санағанда. Егер отбасы мүшелерін қосатын болсаңыз 3 немесе 5 есеге көбейеді. Ішіндегі ең өзекті мәселелер, біріншіден, сот мәселелері бар. Сотталған, құжаттары жоқ, жобалық-сметалық құжаттары жоқ. Немесе үй басталған, сосын жұмыс тоқтап қалған. Немесе котлаван қазған да әрі қарай жұмыс жүрмей тоқтап қалған. Алдындағы инженерлік желілерге жоба қажет. Жердің мәселесі бар, оны рәсімдеу керек. Сонымен бірге үлескерлердің өздерінің келісімшарттары қажет. Осындай бірқатар проблемалық мәселелерді анықтап, жоспарға бекіттік. Ең бастысы, мемлекет оған үлкен қолдау көрсетіп отыр. Бірақ 40 млрд теңге деген бүкіл нысанға жетпейді. Сондықтан біз барлығын бюджеттің есебінен жасауды көздеп отырған жоқпыз. Инвесторларға тартымды жобалар бар. Қазір инвесторларды тартып жатырмыз. Инвесторларға ол қолайлы. Біріншіден, олар қаланың жақсы жерлерінде орналасқан. Әрине бұрынғы құрылысшылардың қолынан келмеді немесе заңды сақтамады. Сондықтан олар қиындықтарға тап болды. Тартымды жобаларды инвесторларға беріп жатырмыз. Ондай жұмыстар жүруде. Біздің үлескерлер соны құптап отыр. Ал инвесторларға мүлдем тартымсыз немесе қаржылық моделі инвесторларға сай келмейтін жағдайда біз мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп отырмыз. «Елорда құрылыс» деген компания құрылды. Солар арқылы біз қаражатты береміз. Бірақ ол қаражат қайтарымды. Үйді салғаннан кейін үлескерлерге үйді береміз де қалған пәтерлерді сатып, қаржыны мемлекетке қайтаруымыз қажет. Ал кейбір үйлер бар, оларда 2004 жылдан бері құрылысы тоқтап қалған. Енді оны бұзып, қайтадан демонтаж жасау керек. Оны бұзып, орнына қайтадан үй салу қажет. Өкінішке қарай ондай жобалар да бар. Біздің мақсатымыз - қазір үлескерлермен бірлесіп, осы мәселені шешу. Ол енді бір жылда шешілмейді. Біз қысқа мерзімді, орта мерзімді, ұзақ мерзімді деп бөлдік. Биыл 10 үйді іске қосуды көздеп отырмыз. Алдағы уақытта 15 үй, одан кейін қалған үйлерді бітіреміз. Сонда 3-5 жылда біз оны түбегейлі шешуіміз қажет. Ол үшін үлкен жұмыс атқаруымыз керек. 
- Қателеспесем, алғашқы болып жұмысты проблемалы үй – «Шығыс» тұрғын үй кешенінен бастадыңыз. Тұрғындармен кездестіңіз. Жылдарға созылған бұл проблема қашан шешіледі?
- «Шығыс» тұрғын үйінің мәселесі былай, бұрынғы құрылысшы өзінің жауапкершілігін орындаған жоқ. Сөйтіп заңмен онда қиындықтар туындады. Сондықтан ол заң бойынша жауапқа тартылуы тиіс. Үлескерлерге қиындық тудырған кейбір азаматтар өкінішке қарай қашып жүр. Көбісі жауапқа тартылды немесе сотталды. Бірақ проблема қалды. Соның оң шешімін табу үшін мемлекттік дәрежеде қазір жұмыс істеп жатырмыз. «Шығыс» нысаны бойынша Котляров деген құрылысшы бар. Онда тек бір нысан емес, бірнеше нысан бар. Соның біреуі - «Шығыс». Біз бүкіл нысанды аралап шыққаннан кейін қазір бекіткен жоспарға сәйкес қайтадан сол нысанның басына барып, халықпен кездесіп, инвесторлармен жүздестік. Инвесторларды тартып, сол жұмысты жүргізіп жатырмыз. «Шығысты» біз аяқтауға тиістіміз. Жұмыс жүріп жатыр. Ал басқа нысандар, қазір құжаты жоқ олардың құжаттамасын рәсімдеп жатырмыз, кейбірінде котлаваны қазылып қойған, жұмыс тоқтап тұр. Соған біз инвесторға тартымды болуы үшін қосымша жер беріп жатырмыз. Онда қаржы моделі инвесторларға қолайлы болады. Сонда инвестор өзінің қаражатына салады да, үлескерлерге пәтерін береді. Осылайша бірнеше қадам бойынша жұмыс жүргіземіз. Үлескерлер мәселесі өзекті, бұл жерде жұмыс өте көп. Бірақ оны біз атқарамыз. 
- Жақында Нұр-Сұлтанның маңайындағы ауыл-аймақтарды дамыту керектігін айттыңыз. Жалпы бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Бір нәтиже бар ма?
- Нұр-Сұлтан қаласының аумағында 16 жеке секторлы елді мекен бар. Оның біразы о бастан, Целиноград кезінен келе жатқан, ал қалғандары жаңадан қосылған елді мекендер. Бұл мәселені шешуге Елбасымыз осы жылдың басында "Nur Otan" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы қаланың шеткі аймақтарын дамыту жөнінде үш ірі қалаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентке жақын арада 90 млрд теңге бөлуге тапсырма берді. Сол тапсырмаға сәйкес биыл 7,5 млрд теңге бөлінді. Біз 16 елді мекеннің барлығын талдап шықтық, 280 мыңнан астам халық тұрады екен ол жерлерде. Ол біздің қала тұрғындарының 25 процентін құрайды, яғни 1/4 сол жерде тұрады деген сөз. Осы аймақтардың, елді мекендердің мәселесін шешуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы тапсырмасы бар. Үкіметпен бірге осы мәселемен айналысып жатырмыз. Бізде елорданы дамытудың кешенді жоспары бар, кешенді жоспар 5 жылдық. Онда ең өзекті мәселелердің бәрі бекітілген. Сол жерге талдау жасағаннан кейін арнайы қосымша ретінде осы елді мекендерді дамыту жоспарын бекітеміз. Президентіміз халықпен қарым-қатынасты күшейтуді тапсырды. Біз барлық елді мекендерді аралап шықтық. Тұрғындармен кездестік. Сол жердегі мәселелерді 3 блокқа бөлуге болады. Біріншісі - инфрақұрылымдық мәселелер, ол инженерлік желілер мен жолдар. Екіншісі - әлеуметтік нысандар. Ол білім беру нысандары, мектеп, балабақша немесе дәрігерлік амбулатория, спорт нысандары. Үшінші блок - абаттандыру. Оған тротуар, саябақ, жарықтандыру, аялдамалар яғни адам өмірінің сапасын арттыруға бағытталған маңызды сұрақтар. Соның бәрін блокқа бөлген кезде бірқатар мәселелерді біз жоспарға бекіттік. Бірінші кездесуден кейін жинаған сұрақтардың жиынтығын қарап, талдап шыққан кезде 270 млрд теңге қажет екен. Ол енді қыруар қаражат. Оның бәрі бір жылда шешілмейді. Сондықтан біз тұрғындарға айттық «бірінші кезекте сіздерді не мазалайды, соны айтыңыздар» деп. Бюджетті халықпен бірге талқылаймыз деп айтып жатырмыз ғой, солай біз тұрғындардың сұранысын зерттедік. 

Үшжылдық бюджет жоспары бүгін Үкіметте бекітілді. Сол жоспарға сәйкес жұмыс істейтін боламыз. Тек жолдарды айтатын болсақ, елді мекендерде 700 көше бар екен. Соның 35 пайызында асфальт жоқ. Елорда тез дамып жатыр. Мұндай қала кез келген мемлекетте жоқ. Шағын ғана Целиноградтан қазір әлем танитын Нұр-Сұлтан қаласына айналды. Көптеген нысандар салынды, жаңа нысандар бой көтерді. Бірақ осы жаңа нысандар, экономика тез дамығаннан кейін урбанизация процесіне сай қалаға азаматтар да тартыла бастады. Осыдан он жыл бұрын 2008 жылы елордада 605 мың халық тұрған. Ал 2018 жылдың нәтижесін қарайтын болсақ 1 млн 78 мыңға, яғни халық екі есеге жуық өсті. Әрине бұл инфрақұрылымға да салмақ, әлеуметтік нысандарға да, сонымен бірге халықтың сұранысы да көбейіп жатыр. 

Жұмыс орындарын да көбірек табуымыз қажет. Осы жоспарға сәйкес елді мекендерді дамытатын боламыз. Бұл да өзекті мәселелердің бірі. Мысалы, Ильинка тұрғындарын кәріз желілері мазалап жатыр. Жарықтандыру мәселесі, сонымен қатар, абаттандыру, балалар ойнайтын спорт алаңы, мектепті кеңейту, жолдарды жөндеу керек. Көктал-1, Көктал-2-ге барсақ ол жерде биылдың өзінде 43 көшеге асфальт төселіп жатыр. Бұл тек бір шағын ауданның өзінде. Ал ол жерге халық сұрап отырған спорт кешені қажет. Оны биыл бастайтын боламыз. Мичуриноға мектеп керек. Жаңадан мектеп салу басталды. Немесе ЛКУ деген жерге таза ауыз суды көлікпен тасымалдау арқылы су жеткізіп отыр. Олар «бірінші кезекте ең өзекті мәселе – ауыз су мәселесін шешіп берсеңіздер» дейді. Сол сияқты әр елді мекеннің өзіндік проблемасы бар. Мысалы, Лесозаводта – ауыз су мәселесі. «Колонкалар бар, сонда кезекте тұрамыз, осында орталықтандырылған су болса» дейді. Апатты жағдайға жеткен үйлер бар «осыны бұзып, бізді қауіпсіз жерге көшірсеңіз» дейді. Соның бәрін жоспарға бекіттік. 
 – Қажымұқан ауылында әлеуметтік желілерде асфальт төселгені, алайда медициналық амбулаториялар жетіспей жатқаны хабарланды. 
– Иә, ондай мәселелер бар. Адамның өмір сүру сапасын арттыру ісіне білім, денсаулық, қауіпсіз жолдар немесе жарықтандыру қажет. Соның бәрін тұтастай алғанда бұл мәселелер бар, оны жасырмаймыз. Бірақ жасалған жұмыс та аз емес. Әр заман өз талабын қояды. Өздеріңіз көргендей, мемлекеттің экономикалық дамуының нәтижесінде қандай әсем қала салынды. Бірақ өмір бір орында тұрмайды. Тез өскеннен кейін жаңа талаптары да бар. Соған сәйкес жоспарды бекіттік, оны енді халықпен бірге жасайтын боламыз. 
– Алтай Сейдірұлы, тағы бір өзекті мәселе, жауын жауса Нұр-Сұлтан қаласының көшелерін су басып жатады. Кәріз жүйесінің мәселелері қашан ретке келтіріледі?
– Бұл мәселе әсіресе, күзде, көктемде жаңбыр жауғанда туындайды. Жаздыгүні нөсер жаңбыр жауғанда да су толып қалатын жерлер бар. Оны қала тұрғындары жақсы біледі. Ең проблемалысы – Бауыржан Момышұлы көшесінде. Ол жер осыдан бір-екі жыл бұрын да талқыланған. Содан бері әкімдікте жобалық құжаттама әзірленді. Осыған ұқсас тағы бір орын – Республика даңғылы мен Иманов көшесінің қиылысында. Ал үшіншісі – Тұран даңғылында. Бұл үшеуі ең ірісі. Ал одан бөлек, жаңбыр жауған сайын iKOMEK арқылы көптеген қоңырау түсіп жатады. Әлеуметтік желілерден де хабар түседі. Қала бойынша су жиналып қалатын 32 орын бар екен. Соның 16-сының қазір жобалау жұмыстарын бастап кеттік. Алдағы уақытта тағы 16-сына жобалау жұмыстарын жүргізуіміз керек. 

Ең өзектісі – Бауыржан Момышұлы көшесіндегі тұсқа қазір конкурс жүргізіліп жатыр. Яғни, жобалау жұмысы бітті. Ал конкурс алдағы уақытта бітеді. Биыл бастасақ, келесі жылы аяқтауымыз керек. Бауыржан Момышұлы көшесі екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – инженерлік желі, су жинайтын кәріз жүйесі. Ал екіншісі суды тазартатын жоба бар. Бұл 3 млрд теңге тұрады. Оны келесі жылы бастайтын боламыз.

Иманов көшесіндегі рәсімдеу құжаттарының бәрі бітті. Конкурс аяқталды, мердігер белгіленді. Олар жұмысын бастады. Алдағы уақытта бұл жұмыстың басталғанын көрсететін боламыз. Ол да үлкен жоба. Иманов көшесінен судың бәрін ағызып әкету керек. Жер қазып 7-9 метрге дейін суды бұратын кәріз желілерін салуымыз қажет. Ары қарай су жинақтайтын орны болады. Соны қалпына келтіруіміз керек. Бұл үлкен жұмыс екі-үш жылда жүзеге асырылады. Ең бастысы, жұмыс басталды. Бұл Мемлекет басшысының қадағалауында тұр. Тиісті қаржы бөлінді. Көрінген таудың алыстығы жоқ. Ол жұмысты аяқтаймыз.
– Өткен аптада өзіңіз Есіл жағалауындағы саябақтарды аралап шықтыңыз. Сынып жатқан ағаштарды көрдік. Ол әлеуметтік желілерге де таралды. Жарық беретін бағаналар қирап жатты. Енді осы саябақ мәселесін қалай реттемекшісіздер?
– Оны біз көрсеттік. Себебі, шағымдар түсті. Қазір халықпен кері байланысты нығайту – басты міндетіміз. Бұл қаланы аралап жүрген кезде туындаған мәселе. Енді абаттандыру мәселесі алдымызда тұр. Қаламыз күннен-күнге көркейіп, кеңейіп келеді. Қаншама саябақ салынып жатыр. Оған қыруар қаржы бөлінді. Ол қаламыздың көркеюі үшін жасалып жатқан дүние. Қаламыз бұрын қандай еді, қазір қандай. Бірақ оны күтіп ұстау деген мәселе бар. Міне осы тұрғыда біраз қиындық бар. Мысалға біз қаланы тексеріп, жаяу аралап жүрген кезде 10-ға жуық саябағымыз баланста жоқ екен. Яғни, былай айтқанда қожайыны жоқ. Соның бәрін біз балансқа алдық. Өзіңіз айтқан Есіл өзенінің жағалауы өкінішке қарай қараусыз қалған. Шөп өсіп, белден келеді. Ішіндегі ағаштары, шамдары қирап жатыр. Оны басқа планетадан келіп, біреу сындырған жоқ қой, бәрін жасаған өзіміздің тұрғындар. Енді былайша айтқанда, вандалдар. Оны тұрғындар үшін жасадық емес пе! Әр саябақтың алдына тәртіп сақшысын қоя алмаймыз ғой. Бұл мәдениет мәселесі. Бұл қала біздің ортақ үйіміз, оны күтіп ұстау, соны халыққа жеткізуіміз керек. Сонда ғана тәртіп болады. Бәрін әкеп әкімдік қашан жасап береді дегенге тіреп қою дұрыс емес. Себебі, мемлекет қаржысы жұмсалды. Әрине оған бақылау қажет. Сондықтан біз енді бейнебақылау қоямыз. Ал кемшіліктерді қайтадан қалпына келтіріп жатырмыз. Отырғыштарды бұзған, шамдардың бірсыпырасын сындырған. Олар өзінен-өзі сынбайды ғой. Сол себепті біз балансқа алдық. Енді ол жерге шағын нысандар қоюымыз керек. Ол орындарға орта шағын бизнес барса. Ол демалатын жер ғой, сол бойынша жұмыстар жасаймыз. Қала тұрғындарынан сұрайтынымыз, бұл сіздер үшін жасалып жатыр. Қала біздің ортақ үйіміз. Оған өз үйіміздей қарайтын болсақ сонда тәртіп болады. Қаншама ағаш егілді. Енді оған уақытылы қарау керек, уақытында суғарып, шөбін шабу керек. Бұл коммуналдық мекемелердің жұмысы. Ал оның бәрін сындыру енді еш қисынға келмейді. Әсіресе жастарды, волонтерлерді соған шақырамыз. Қоғамдағы мәдениет өзгеруі керек. 

Өздеріңіз көріп отырсыздар, эко-челлендж болып жатыр, оны Президенттің өзі қолдап отыр. Әр сенбі сайын өзен-көлдердің жағалауын тазалап жатырмыз. Біз демалғанды ұнатқанымызбен, жинауды жақсы көрмейміз. Ол дұрыс емес. Сондықтан мектептерде де экология, тазалау деген мәселелерді үйретіп жатырмыз. Жақында Тамыз кеңесінде ата-аналар қауымдастығының атынан ғылымға жақын зиялы қауымның бір өкілі сөз сөйледі. Сонда ол кісінің айтуымен импозантный бір кісі келе жатыр дейді, қасында қызы бар екен. Темекісін шегіп болған соң жерге тастай салды дейді. Сонда енді айтпақшы болғанымызда біздің алдымызды қызы орап кетті: «Әке, біздің мектепте қоқыс тастаған ең мәдениетсіздіктің бір түрі», - деді. Ана кісі ұялғанынан темекісін көтеріпті. «Сонда біз ата-ана ретінде қуандық», - дейді әлгі кісі.

Эко-челленджді не үшін жасап жатырмыз. Мәдениетті қалыптастыру, тазалыққа шақыру. Өзіңнен баста дейді ғой. Жастар қолдап жатыр. Соған біз рахмет айтамыз, қуанамыз. Қаламыздың аумағын біршама тазалап тастадық. Мәселен, өткен жұмада Қосшының алдына барып қаншама қоқыс жинадық. Сонда жастарға қарап мәдениетіміздің жоғарылап жатқанын байқадық. Бұл бізді қуантады. Әлі де атқаратын жұмыстар бар.
– Мектеп мәселесіне тоқталсақ, оқу жылы жақындап келе жатыр. Кейбір мектептерде үш ауысыммен оқуға мәжбүр. Бұл мәселе қалай шешілмек?
– Үш ауысымды мектеп мәселесін шешуді Елбасы да айтты. Президентіміз де қозғады. Ол тапсырманы енді орындауымыз керек. Дегенмен статистикаға мән берсек, қаламыз тез өсіп жатыр. Осыдан 10 жыл бұрын, яғни 2008 жылы қалада 73 мектеп, 75 мың оқушы болған екен. Биыл жаңадан салынып жатқан мектептерді қосқанда қыркүйек айында 111 мектеп болады. Оған 183 мың оқушы келеді. Тек бір жылмен салыстырар болсақ, былтыр 1-сыныпқа 18 мың оқушы келген болса, биыл 24 мың оқушы. Ал өткен оқу жылын 6 мың оқушы бітірді. Ал олардың орнына төрт есе көп оқушы келіп отыр. Міне қандай айырмашылық. Қала өскен сайын әлеуметтік нысандарға салмақ түсіп жатыр. Сол себепті бізде қазір үш ауысымды мектептер бар. Оны жасырмаймыз. Оны шешу үшін кешенді жоспар бекіттік. Алдағы 5 жыл ішінде 40 мектеп салынуы керек. Бұл бюджеттің есебінен. Бірақ біз бюджетке қарап отырмауымыз керек. Бұл мектеп те, балабақша да инвесторлар үшін өте қолайлы. Жақында біз инвестициялық кеңесте 10-нан астам мектеп жеке инвесторлар есебінен салынатын жобаны қолдадық. Біз жер береміз, ал инвестор өз қаржысына мектеп салады. Ол да жақсы. Әлеуметтік мәселе шешілгені мемлекетке де жақсы әрі өзінің бизнес жобасын жүзеге асыратын инвесторға да жақсы. 30 млрд теңгеге жуық инвестиция қарастырылады. Ол жерлерге шетелдік үздік тәжірибелерді алып келеміз. Себебі, ел астанасы болған соң әлемнің дамыған мемлекеттеріне қарап бой түзеуіміз керек. Біз бәсекелестікке төтеп беретін ел болсақ, білім саласына көп көңіл бөлуіміз қажет. Білімнің сапасы болмаса бізде даму болмайды. Сондықтан мемлекет жеке жағдай жасап отыр.

Басқа мемлекеттердің астанасы қалай жұмыс істеп жатыр, ол жерде қандай үздік тәжірибе бар? Әсіресе білім, біз бәсекелестікке төтеп беретін мемлекет болсақ, алдағы отыз дамыған мемлекетке қосылар болсақ тек білім керек. Білімнің сапасы болмаса, бізде даму болмайды. Сондықтан мемлекет осыған жағдай жасап отыр. Сол жеке инвесторлар Сингапурдан бар, Біріккен Араб Әмірлігінен бар, өзіміздің қазақстандық инвесторлар бар, еуропалық, мысал үшін Кембридждің немесе басқа да Финляндияның тәжірибесін іске қосам деген инвесторлар бар. Сол мемлекеттің есебінен және инвесторлардың есебінен осы мәселені шешеміз деген жоспар бар. Ол енді нақты орындалатын жоспар. Мысалы, биылдың өзінде сегіз мектеп салынып жатыр. Сегіз мектеп — жаңа мектеп, мемлекеттік бюджеттен ол бес мың орынды ашады, ал бізде қазір мектептерде он жеті мың бала дефицит болып отыр. Яғни он жеті мың бала, оған тиісті мектеп керек. Сондықтан осы қыркүйекте бізде сегіз үш ауысымды мектеп болады. Біз сегіз мектеп салдық дейміз, ол бес мектептің үш ауысымдық мәселесін шешті. Одан бөлек қазір енді жиырма төрт мың бала бірінші сыныпқа келгеннен кейін бізде тағы да қосымша сегіз мектеп үш ауысымды болатын түрі бар. Бірақ бұл — шешілетін мәселе. Үш ауысымды деген сөз ол енді әрине ол білімнің сапасына әсер етеді. Мысалы үшін кейбір мектептерде отыз бес, отыз сегіз немесе қырыққа дейін жеткен орындар болды. Сол мынау жаңадан салып жатқан мектептер осы мәселені шешеді. Ал тағы да біз өзекті мәселе – біз күні кеше тамыз конференциясында талқыладық - мұғалімдердің тапшылығы. Көріп отырсыздар, мұғалімдердің саны көбейіп жатыр, мұғалімдерді дайындап үлгеруіміз керек қой. Сол себепті бүгін біз педагогтың мәртебесі жайлы заңды талқылап жатырмыз. Ол, білесіздер, Елбасының тапсырмасы болды, Президент қадағалап отырды, сондықтан педагогтың мәртебесі жайлы заң мұғалімге деген үлкен мемлекеттік қолдауды көрсетеді. Соның бірі — тұрғын үй мен жеңілдіктер немесе бір өзінің біліммен немесе тәрбиемен айналысу керек, басқа оның міндетіне кірмейтін жұмыстармен біз мазаламауымыз керек, сондықтан біз жақын арада тек жас мұғалімдерге үш жүз елу орындық жатақхана береміз. Соны қазір біз дайындап жатырмыз. Сонымен бірге біз сертификат та беріп жатырмыз. Алғашқы жарна Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне бір миллион теңгеден екі жүз жетпіс бес сертфикатты бердік. Сол мұғалімдерді ынталандыруымыз керек. Себебі білімнің сапасы болуы керек дейтін болсақ, мұғалімнің сапасын арттыруымыз керек. Осындай жүйелі түрде жұмыс атқарылып жатыр.
- Алтай Сейдірұлы, өзіңіз ауданның тұрғындарымен, қаланың тұрғындарымен жиі кездесесіз. Жақында желілердің бірінде үш жүз адамды қабылдағаныңызды жаздыңыз. Халық көбіне қандай шағым айтып жатады?
- Енді әртүрлі шағым. Әрине, бізге енді көбісі қазіргі уақытта науқан ғой, балаларды мектепке апарар кезде «всеобуч» деген бар, жалпыға білім беру, «Мектепке жол» немесе көбісінің мәселесі - тұрғын үй. Тұрғын үй мәселесі — ең өзекті мәселелердің бірі. Әр үлкен қалада ондай бар. Біз шетелдік тәжірибелерді де қарадық. Мысалы, Лондонда да қолжетімді баспанаға кезек бар, Мәскеуде де немесе басқа да қалаларда. Лондонда «affordable houses» дейді, «доступное жилье». Олардың да тәжірибесін қарадық. Бірақ біздікіндей бағдарлама көптеген мемлекетте жоқ. «Нұрлы жер» бағдарламасы, «Бақытты отбасы». Осы мәселелермен келеді. Түсініктеме жұмыстарын алуға немесе қандай көмек бар екенін сұрайды. Көбінесе аз қамтылған отбасылар келеді. Ол мәселе де бар. Осы жерде айта кетерлік жағдай, енді мемлекет көп қолдау көрсетіп жатыр, әсіресе аз қамтылған отбасыларға. Бұрын-соңды болмаған қолдау бар қазір. Қарасаңыз, арнайы әлеуметтік қолдау (АСП) бұрын болған жоқ ол. Биыл беріп жатырмыз, тек Нұр-Сұлтан қаласында 5600-ден астам отбасы — ол 35 мыңға жуық азамат. Соның енді 25 мыңнан астамы — балалар. Оған 1 жарым миллиард теңге тек қана біздің қаламызда беріліп жатыр, ал республикада қарасаңыз, ол қыруар қаражат. Соны түсіндіріп жатырмыз, ол енді жақсы қолдау, халық енді ризашылығын білдіріп жатыр, бірақ «Судың да сұрауы бар» дейді, ол енді ең аз қамтылған. Біреулер енді, өкінішке қарай, өзінің кірістерін жасырып, соны алғысы келеді, мемлекетті алдағысы келеді, ол болмайды. Себебі біз әр тиынға жауап береміз, соны түсіндіріп жатырмыз. Тек ең мұқтаж азаматтарға беруіміз керек. Бірақ оның да шарты бар. Сіз жұмысқа тұруыңыз керексіз, біз оған көмектесуіміз керек. Жаңа сіз айтқан 300 адамда, соның ішінде, біріншіден, тұрғын үй мәселесі. Тұрғын үйді осылай түсіндіріп жатырмыз: бізде 46 мың адам кезекте тұр. Сондықтан «Қолжетімді баспана» деген бағдарлама бар, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бар, 2 процентпен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы үй береді. Оны түсіндіріп жатырмыз. 
«Жоқ, сіз менің мәселемді шешпесеңіз, мен көшеге шығам!» дейді олай айқайлағанның бәріне біз үй бере беретін болсақ, тәртіп қайда, заң қайда? Соны түсіндіреміз. Сондықтан, ең басты мәселе – біз масылдықтан арылуымыз қажет. Еңбекке тартуымыз керек. Абайдың сөзімен айтқанда, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей. Біз жағдай жасаудан қашпаймыз, бірақ біз қандай тәрбие беріп жатырмыз, соны ойлануымыз керек. 

Бізде енді ашылған «Жанұя» отбасын қолдау орталығы бар. Көпбалалы отбасылар, аз қамтылған отбасылар немесе мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп жатқан ана әрине, көмекке мұқтаж. Біз оларға жұмысқа орналастырайық дейміз, сонда өкінішке қарай көбісінің дипломы жоқ, әртүрлі себептермен оқи алмай қалған, содан кейін бала тәрбиесімен отырып қалған, оның бәрін түсінеміз. Енді не істеуіміз керек? Осы орталық арқылы оқытамыз. Солай жұмысқа орналастырамыз. Біреулер өздерінің ісін ашқысы келеді. Мысал үшін бізде индустриалдық паркте «Ютария» деген фабрика бар, өзім барып көрдім, өте қуантарлық жағдай, қазақстандық киім тігеді. Өзіме де арнайы жұмыс киімін сатып алдым. Құрылысқа барған кезде киюге өте сапалы, жақсы екен. Үлкен фабрикада біздің қыздар машинкамен тігіп отыр. Мен: «Сіздер үйрете аласыздар ма, жұмысқа аласыздар ма? Бізге келіп жатқан сұраныс көп», - дедім. «Екі жүз адамды жұмысқа алам» дейді. Сосын мен фабриканың басшысын «бізге келіп тренинг өткізіп беріңізші» деп шақырдым. Кеше орталық ашылған кезде тренинг өткізді. «Екі жүз әйел кісіні жұмысқа алам» дейді. Қандай тамаша! Біз оларды оқытамыз, бұл бір мысал ретінде. Сондықтан біз оларды еңбекке тартуымыз керек. Тек үйде отырып алып, «маған тауып бер» деген болмайды. Мысалы, біздің өзіміз де көпбалалы отбасында тәрбие алдық. Ата-анамыз «тек біліммен, еңбекпен адам боласың» деп үйретті. Сол тәрбиені біз балаларға да үйретуіміз қажет. 
– Алтай Сейдірұлы, өкінішке қарай біздің уақытымыз бітті. Бізге арнайы келіп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

 



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх