Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың артықшылығы неде?

28 қазан, 10:01194

Азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін медициналық қызметтер қолжетімді болуы маңызды. Қазақстанда мемлекеттік кепілді көмек аясында науқастар тегін ем-дом алады. 2020 жылы 1 қаңтардан бастап азаматтардың бәрі міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру қорына ақша аударуға тиісті. Осыған орай газет  тілшісі №5 емхананың бас дәрігері, қалалық мәслихаттың депутаты Алтыншаш Табулдинаны әңгімеге тартқан еді, деп хабарлайды Елорда Инфо «Аstana-akshamy» газетіне сілтеме жасап.

Алтыншаш ТАБУЛДИНА№5 емхананың бас дәрігері

– Алтыншаш Жұмаш­қызы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудегі мақсат қандай? Оның емдеу ісінің сапасын арттыруға қалай әсер етеді?

– 2017 жылдан бері жұмыс берушілер қызметкерлерінің жалақысының 1 пайызын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (МӘМС) аударып жатыр, ал 2020 жылдан бастап барлық азаматтар осы қорға ақша аударуы міндетті. Әлеуметтік жағдайы төмен, мүгедек және көпбалалы отбасы сияқ­ты санаттағы әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін ақшаны қорға мемлекет аударады. Олар 15 санатқа жіктелген, мұндай адамдардың саны 13 миллионнан асады, оған 18 жасқа дейінгі балалар, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, зейнетақы төлемін алушылар, мүгедек балаларға күтім жасаушылар, мүгедектер, «Күміс Алқа», «Алтын алқа», «Батыр Ана» атағын алған, сондай ақ І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен наградталған көпбалалы аналар кіреді. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын шамамен 2,5 миллионнан астам, жұмыс істейтін 6,5 миллион азаматқа жұмыс беруші төлейді, қалғаны – жеке кәсіпкерлер мен жеке жұмыскерлер.

Міндетті сақтандыруды енгізгеннен кейін ауруханалардың материалдық-техникалық базасы нығаяды, емдеу мекемелерінің бірте-бірте жаңа жабдықтар сатып алуға мүмкіндіктері туады.

Бұл жерде мына мәселені де айта кеткен жөн: адамдар сақтандыру қорына ақша аудармаса да емханадан кепілді дәрігерлік тегін көмек ала береді, бірақ ондай адамдар станционарда жатып емделе алмайды (әлеуметтік мәні бар аурулар мен өкілетті орган тарапынан бекітілген тізімдегі айналасына қауіп төндіретін сыр­қаттарға шалдыққандарға көрсетілетін медициналық көмекті қоспағанда). Ке­пілді көлемдегі тегін медициналық көмекке қандай көлем кіретіні нақты көрсетілген: жедел жәрдем қыз­меті,санитарлық авиация, амбулаториялық ем қабылдау, стационарлық көмек, стационарды ауыстыратын медициналық көмек.Сақтандыру қорына 2017 жылдан бері қаржы аударылып жатыр, жұмысберушілерден АЕК (айлық есептеу көрсеткішінен) ­ 1 ­% төленіп, қазір онда 217 миллиард қаржы жиналды. Сол қордан науқастардың квотамен емделуі үшін ақша бөлінеді. Қорға жиналған ақша емханаға тегін кепілді емдеу жасату үшін жыл сайын аударылып тұрады. Мынау менің ақшам, оны басқа науқастар үшін жұмсауға болмайды деп түсінуге болмайды. Егер адам қорға ақша аудармаған болса, оның 3 айлық төлемін аударып, МӘМС-ның төлеушісі саналып, толық тегін ем-домын алуға мүмкіндік бар. Өз-өзін жұмыспен қамтыған азаматтар ай сайын 2525 теңге қала тұрғындарына, 1263 теңге ауыл тұрғындарына аудара алады, сонда бірыңғай жиынтық төлем төленген деп саналады.

Тағы бір артықшылығы, бір адам бірнеше жыл бойы дәрігерге мүлдем қаралмауы мүмкін, ал енді бір адамдарға қымбат ота жасау керек. Мысалы, жүкті әйелді толық дәрігерлік тексерістен өткізіп, 9 айда медициналық көмекке жүгінеді, бірнеше тексеріс­терден өтеді, оған бірталай төлем кетеді.

– Адамдар емхананы тұрғылықты жеріне ғана тіркеле ала ма, әлде басқа ауданнан да келе ала ма?

–Иә, басқа емхананы таңдай алады, бірақ емхана міндетті түрде тұрғылықты ауданында болуы тиіс. Мысалы, біздің №5 емханаға тіркелуі үшін Сарыарқа ауданында тұру керек, ал Есіл ауданының тұрғындары сол ауданның аумағындағы емханада тіркеледі. №10 емхананың адамдарының бізге тіркелуіне болады.

Өйткені дәрігерлердің жүктемесі үлкен. Ауданның аумағы да ауқымды. Ал төсек тартып жатқандардың үйіне барып, емдеу жүргізу үшін науқас жақын жерде, біздің жағдайда Сарыарқа ауданында тұру керек.

– Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жағдайы қалай?

–Қазіргі кезде мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына жақсы көңіл бөлініп отыр. Биыл дәрігерлердің жалақысын 30 пайызға өсірді. Енді МӘМС арқылы амбулаториялық емге, жедел жәрдем қызметін, жоғары технологиялық жабдықтар сатып алуға, тағысын-тағыларға қаржы бөліп отыр. Бұл емханалардың жағдайын жақсартуға игі әсер етеді. Дәрігерлердің жүктемесін азайтты. 2018 жылы бір маманға 2500 адамнан келсе, 2019 жылы учаскелерді көбейтіп, оларды саны 1700 адамға дейін кемітілді. Дегенмен, дәрігердің жұмысы әлі де ауыр, жалақысы аз. Сондықтан мамандарымыз жетіспейді. Біздің емханаға қарайтын 42 учаскенің 8-інде учаскелік дәрігер жоқ. Ол учаскелерге басқа дәрігерлеріміз барып ем көрсетеді.

Сондай-ақ қалалық әкімдік жас дәрігер мамандарды ынталандыру үшін тұрғын үй сертификатын беретін болды. Ол да – жақсы жаңалық.

2020 жылдан бастап МӘМС енгізілуі емдеу мекемелерінің жағдайын одан сайын жақсарта түседі. Әрине, бірден жақсарып кетпейді, оның жемісін 4-5 жылда нақты сезінетін боламыз. Елімізде медицина жылдан жылға жақсара береді деген сенімдемін. Астананың жағдайы қазірдің өзінде жақсы. Елордалықтардың өмір сүру жасы елімізде ең жоғары – 75,4 жас.

– Қазір мемлекеттік емханалардан басқа жекеменшік клиникалар да қаламызда көптеп жұмыс істеп тұр ғой. Олардағы жағдай қалай?

– Жекенің аты – жеке. Олар мемлекеттік емдеу мекемелері сияқты нау­қастардың бәрін қабылдай бермейді және шығыны көп зәулім ғимараттарда отыр­майды. Үнемді, қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мемлекеттік емханаларда ем-дом тегін болғандықтан, кезек үлкен. Олардың тариф­тері бізге қарағанда 3-5 есе қымбат. Бірақ олардың сол бағасы дұрыс. Өйт­кені сапалы ем қабылдау үшін тиісті жағдай, жоғары технологиялық жабдықтар қажет. Ол үшін қаржы жеткілікті болуы керек.

Емхана дәрігерлерінің жалақысы – 140 мың теңге. Ал мен олардың айлығы кем деген 250 мың теңге болуы керек деп санаймын. Өйткені білікті мамандар аз жалақыны місе тұтпайды, олар жалақысы жоғары жеке клиникаларға кетеді. Келесі жылы елордада дәрігерлердің жалақысы тағы көтеріледі деп отырмыз.

– Жалпы, өркениетті елдермен салыстырғанда бізде медицинаға бөлінетін қаржының көлемі қандай?

– Жалпы, халықтың сау­лығын қамтамасыз ету, медициналық қызметтің қолжетімдігін көтеру үшін медициналық салаға бөлінетін ақша көбейюі керек. 2019 жылы мемлекет денсаулық сақтауға арналған барлық көздерден шығыс­тар деңгейін 2023 жылға дейін ЖІӨ-нің 5%-ға жеткізуді жоспарлап отыр.

Мына мәселеге де көңіл аудару маңызды. Қазақ айтады ғой «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп. Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының 60 пайызы алғашқы медициналық көмекке, аурудың алдын алу шараларына берілуі керек. Бұл – әлемдік тәжірибе. Сонда онкология болмайды, инсульт болмайды, өлім азая­ды, адамдардың қан қысымын уақытында тексеріп отырады. Яғни адамдардың саулығы жақсара түседі. Бұл қаржыға да көп үнем. Емделушілер өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарап, уақтылы дәрігерлерге жүгініп, қарым-қатынаста болып тұрса, медицина қыз­меткерлері жәрдем беруге әрдайым дайын.

 

 

 

 



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх