Қоғам латын қарпінде оқып-жазуға дайын

24 қазан, 11:3392
Автор: Elorda Aqparat

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» атты тіл форумы өтеді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыратын форумда заң, бизнес, білім, ғылым және БАҚ саласының өкілдері латынграфикалы жаңа әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртудың өзекті мәселелерін талқылайды. Біз сауалдарымызға тұңғыш рет өткелі отырған тіл форумының алдында филология ғылымының кандидаты, «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым-хатшысы Анар Фазылжанға жауап берді,   деп хабарлайды Елорда Инфо «Аstana-akshamy» газетіне  сілтеме жасап.

Анар Фазылжан«Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым-хатшысы

– Латынграфикалы жаңа әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртудың өзекті мәселелері талқыланатын форум қандай нәтиже береді?
– Форум латын графикасы негізінде қазақ тілін жаңғыртудың өзекті мәселелеріне арналады. Қазіргі жаһаниятта әлемдегі барлық дамыған ұлт өз ерекшелігін сақтап қалу үшін өзінің ұлттық бет-бедерін қорғауды ойластырып жатыр. Бұл үдерісте тілді сақтау мәселесі алдыңғы кезекте тұр. Мұндай күрес Еуропа елінде де қарқынды жүріп жатыр. Жаһандану мен ұлттану тоғысында тіліміздің өміршеңдігін қалай күшейтеміз деген мәселеге форумда жауап ізделеді. Өміршеңдік деген жай сөз емес, әлеуметтік лингвистиканың маңызды категориясы, әлеуметтік-саяси және әлеуметтік-мәдени параметрде «қазақ тілінің өміршеңдігін қалай іске асырамыз?» деген мәселені талқылау үшін бірнеше секция белгіленді. «Ғылым, білім және тіл», «Заң және тіл», «Бизнес және тіл», «Бақ және тіл» деп аталатын секцияларда мемлекеттік тілге қатысты проблемалар көтеріліп, осы саладағы білікті мамандар мен сарапшылар тарапынан нақты ұсыныстар қарар арқылы жауапты органдарға жіберіледі.
– «Қала, аудан және облыс­тық мекеме атауларын латын әліпбиінде таңбалау» атты республикалық онлайн семинар өткізген екенсіздер, онда не айтылды?
– Семинарда Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық жұмыс тобынан құрылған мамандардың осы өнімі талқыланды. Нақты айтсақ, орфографиялық жұмыс тобы құрамындағы тілтанушы мамандар бір аудан, қала және облыстық мекеме аттарын латынмен жаңа емлеге сәйкес жазып, үлгі ретіндегі нұсқаулық әзірледі. Семинар қатысушылары айтқан ескертпелер арқылы өнімнің сапасы жақсара түсті. Бұл өнім мекеме аттарының бірізді жазылуына септігін тигізеді деп сенеміз.
– Латын таңбаларын тілі­міз­дің табиғатына, дыбыс­тық жүйесіне сай сәйкестендіре­міз деп жүрміз, бұған қанша уақыт кетуі мүмкін?
– Диграф әріптер қазақ оқырманы үшін қолайсыз екенін көрсетті, дауысты и мен дауысты і дыбысының бас әрпінің ажыратылмауы себепті бірінің үстіне ноқат қоюды ұсынып отырмыз. Сол сияқты у әрпінің де таңбасы біраз сынға ұшырап отыр, осы мәселелер міндетті түрде шешілуі тиіс.
– Қазір кейбір басылымдар латын қарпін қолдана бастады, ет қызуымен кітап шығарып жатқандар да бар көрінеді…
– Қазіргі кезде латын қарпімен жазуға жұрттың ерекше ынталы екенін көріп отырмыз, латын графикасымен жазудың барлық нормативтері жасалды. Біздің әліпбиіміз Президент Жарлығымен бекітіліп тұр, сондықтан кітап шығарып жатқандар да бар. Әліпбиде өзгеріс болып, қайта шығарғанда қаражат кетеді деп байбалам салуға негіз жоқ. Бұрынғы басылған әдебиетті қайта шығаратын болсақ, ол – өзін ақтайтын шығын, ұлттың руханиятына, тіліне жұмсалған қаржы ешқашан далаға кетпейді, инерциямен жүз жылға дейін жұмыс жасап отырады. Жазу – халықтың құралы. Оның оңтайлылығын халық шешеді. Ғалымдар әзірлеген емле практикада халықтың қолданысында ғана тиімділігін көрсетеді. Сондықтан жетілген жазудың ережесін жасау бір жылда мүмкін емес. Әзербайжан тілінің латын әліпбиіне үш рет, емле ережелеріне төрт рет реформа жасалып енгізілгенін еске салайық. Біз дұрыс жазудың ұлттық жүйесін жасаймыз десек, бұған бір-ақ жылда қол жеткіземіз деп ойлаудан аулақ болайық.
– «Астана ақшамына» журналист Ботагөз Маратқызы көп­теген қала мектептерінде қазақ сыныптарының азайып кеткені, латыншадан қорқып баласын қайта орыс мектебіне апарған ата-аналардың көбейгені туралы жазды, бұл әліпбидің озықтығын насихаттаудың кемшіндігін көрсетпей ме?
– Қазіргі кезде кирилл графикасын қолданатын ұлттар саны азайып келеді. Славян ұлттардың өзі бас тартқалы қашан, ал шығыс еуропадағы славян елдері латынға баяғыда көшіп кеткен. Бұл кирилл графикасының өрісі тарылып келе жатқанын көрсетеді. Жаһаниятқа ілесу үшін славяндардың өзі латынға көшіп жатқанда «осы бір графика үшін баласын қазақ мектебінен алып, ана тілінен ажыратып, орыс мектебіне беретіндей не болды екен бізге?» деп ойлайсың, бұл – үлкен қателік. Графикалық кеңістік – ақпарат алудың мықты құралы. Сонда бүкіл әлем латын графикалы кеңістігінен ақпарат алып жатқанда, қазақтың баласы кирилді қимай, орыс мектебінде отыруы қаншалықты дұрыс?! Осы бағытта насихат жұмысы көбірек жүруі керек. Біздің ата-­аналардың кеңейіп бара жатқан кең дүниеден бас тартып, баласын өрісі тарыла бастаған тар дүниеге сүйрелеуі қынжылтады.
– Сіз филологиялық білім беруге реформа керектігі туралы айтып жүрсіз, мұны қалай іске асырған жөн?
– Филологиялық білім беру жүйе­сіне реформа керектігі туралы айтқанымызға біраз жыл болды, бұған себеп болған қазақ жарнамаларының жағдайы еді. Мәдениеттанушы Земфира ­Ержанмен бірге ерікті түрде жұмыс атқарған едік, көзіміз жеткені қазіргі жарнама сапасыздығын тоқтату үшін тек заңнамалық база ғана жеткіліксіз, мамандар керек. Ломоносов атындағы университеттің филология факультетінде лингвист-логопед, лингвист-копирайтер, спичрайтер, т. б. 42 тар бейінді мамандық бойынша филолог мамандарды даярлап шығарады екен. Біз де филологиялық білім беруді қазіргі заман талабына сай реформалауымыз керек. Біздің мамандар қоғамның тілтанымдық білімді қажет ететін қаншама сұранысын өтей алмай жатыр. Сәтсіз жарнамалардың шығуы тура сол сала бойынша лингвист маманның болмауынан деп ойлаймын. Қазақ балабақшасында қазақша тіл сындыратын логопедтер тапшы. Коммуникация дұрыс болмаса, қоғамның бірегейлігі әлсірейді, көздеген мақсатына сапалы жолмен жетуі мүмкін емес. Ал коммуникацияның сәтті өтуі қоғамның тілтанымдық мәдениетіне тәуелді. Тілтанушы маман жетілмей, қоғамның тілтанымдық мәдениетін көтере алмасымыз анық. Олай болса филологиялық білім беруге реформа керек.
– Сапалы қазақтілді контент қалыптастыру үшін алдымен қандай әрекет керек?
– Қазақтілді контент қалыптас­тыру ешқашан күн тәртібінен түспеуі шарт. Мемлекет болу үшін қоғамда өмір сүретін адамдар ортақ білімге табан тіреуі керек, осыны ұлттық бірегейлік, ұлттық сана деп атайды. Ал ұлттық сана бірнеше маңызды элементтен (тарихи, тілдік, эстетикалық, саяси, экономикалық, т. б.) – түрлі саналардан тұрады. Мәселен, қазіргі қазақ қоғамындағы ғылыми сана өзінің ұлттық тілінде қалыптасып жатыр ма? Қоғамдық-гуманитарлық ғылымда ғана қазақтілді өнімді табасыз. Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту дегенді қолдап отыр, ол қате, бізді қоршаған дүние туралы білімдер мектеп қабырғасында қалыптасады, егер осы кезде сол білімдерді ана тілінде алмайтын болса, баланың санасында «менің тілім физика, химия сияқты саладағы күрделі қатынасты жеткізуге қауқарсыз тіл екен» деген нигилизм қалыптасады. Ол бала ертең өз мәдениетіне қызмет ете алмай қалатын болады. Азаматтарының ішінде өз ұлтына, яғни мемлекетіне қызмет еткісі келмейтіндер көбейген кезде мемлекет әлсірейді, бұл – стратегиялық мәселе. Сондықтан біз ұлттық сананы құрайтын барлық элементтерді, жаңа айтқан эстетикалық сананы, тарихи, құқықтық, т. б. сананы қазақ тілінде қалыптастыруымыз керек. Сонда ғана қазақтілді сапалы контент дамиды.
– Жалпы, сіздің орталық ағарту, руханиятқа үлес қосу саласында тағы қандай жұмыстармен айналысып жатыр?
– «Тіл-Қазына» орталығы бұрынғы Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді үйлестіру орталығының базасында қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру реформасының арқасында құрылды. Осындай орталықтың керек екенін бұрыннан айтып жүргенбіз. Нұр-Сұлтан қаласында қазақ тілінің ғылыми-практикалық мәселесімен айналысатын мықты орталық керек еді, ондай орталықтың үлгісі ретінде Ресейдегі А.Пушкин атындағы орыс тілі институтын айтуға болады, ол институт мемлекеттік тіл ретіндегі орыс тілінің бүкіл федерациядағы қолданысына қажетті практикалық базаны жасап отыр. Президентіміз Қ.Тоқаевтың «қазақ тілі ұлтаралық қатынас тілі болу керек» деген мақсатын жүзеге асыру үшін «Тіл-Қазына» сияқты орталықтың қызметін, оның кадрлық әлеуетін күшейту керек, оған тек қолдау керек деп есептеймін. Екі жыл аралығында орталық жалпы мемлекеттің тіл саясатын жүзеге асыруға септігін тигізген мықты шараларды өткізді, қазақтың руханиятына үлкен үлес қосып отыр.

 

Сұхбаттасқан Жадыра ШАМҰРАТОВА

 



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх