• USD 385
  • EUR 434

Қазір тоқетерін айтатын әдебиет қажет

11 қыркүйек, 08:3365
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Өткен аптада үш күн бойы бас шаһарда Азия қаламгерлерінің бірінші форумы өтті. Оған Азия құрлығынан шыққан ақын –жазушылар жиналды. Сол форум барысында Елорда Инфо тілшісі белгілі прозашы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қуандық Түменбаймен кездесіп, әдебиет туралы әңгіме өрбіткен еді. 

Қуандық Түменбайжазушы, «Үркер» әдеби журналының бас редакторы:

         ЕРКІН ЖАЗУ ДЕГЕНДІ ТҮСІНГЕН ЖОҚПЫЗ

 – Қуандық аға, алғашқы сөзімізді өзіңіз қатысып отырған форумнан бастасақ.  Айтулы жиыннан не ой түйдіңіз, қандай әсер алдыңыз?

 – Шын мәнінде, бұл көптен күткен форум болды. Қазақ әдебиетінің тарихында 1973 жылы Азия және Африка елдері жазушыларының конференциясының өткені бар. Одан бері де қаншама жылдар өтті. Әдебиет те алға дамыды. Бұл жиында бүгінгі көркем сөз өнерінің біраз проблемалары қозғалды. Пәкістаннан, Татарстаннан, Моңғолиядан, Әзербайжаннан келген жазушылар өз пікірілерін ашық айтты. Одан өзімізден қаламгерлер де кенже қалған жоқ. Қазақта «Адамның жүзін бір көрген олжа» деген сөз бар. Форумда қаншама ақын-жазушыларды көріп, олармен қауқылдасып, бір марқайып қалдым. Осының өзі маған үлкен әсер етті. Өзім, жас күнімнен Әзербайжан жазушысы Анар Рзаевтың шығармаларын қызығып оқыған едім. Анар Расул оглы өз баяндамасында аударма саласындағы өзекті мәселелерді сөз етті. Оның «Қазір біз азат елміз. Аудармаға да тәуелсіздік керек. Бұрынғы кеңестік жүйедегі аудармадан ажырайық» дегені ұнады. Көрнекті қаламгер Анатолий Кимді оқырмандар жақсы біледі. Прозасы да, аудармасы да мықты. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын сәтті тәржімалады. Ол да әдебиет туралы ойларын ортаға салды. Жазушылардың көп пікірлері: «Енді біз Кеңес одағының құрсауындағы ел емеспіз. Еркін жазайық, еркін сөйлейік, ешкімнен қорықпайық» дегенге тоқайласты.

         Жиында сөз алған Төлен Әбдік ағамыз «1973 жылы Азия және Африка елдері жазушыларының конференциясы өткенде мен отыз жаста едім, соны ұйымдастырушылардың бірі болдым» деді. Мен онда 22 жастамын. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің 1-курсында оқимын. Сол конференцияны сабақтан қашып барып көрдім. Көп нәрсеге түсіне қоймасам да, үлкен кеңістіктегі жиын болды. Жалпы, әдебиетке кеңдік керек. Бұл көркем сөз шеберлерінің сана-сезімін кеңейтіп, тар қыспақтан шығарады. Форум барысында қаламгерлер оқырмандармен кездескенде қызығырақ болар еді. Былайғы жұрт Анар Рзаев, Анатолий Ким түгілі Дулат Исабеков пен Мұхтар Шахановты бір көргенге қуанады. Болашақта мұны да ескере жүру керек.

– Жаңа сіз тар қыспақтан шығу керек дейсіз. Еліміз егемендік алғанымызға отыз жыл болып қалды. Содан бері қазақ әдебиеті қыспақтан шықты ма?

 – Қазір кітап шығару қиын шаруа емес. Ақшасы бардың бәрі кітап шығарады. Бірақ әдебиеттегі еркін жазу дегенді түсінген жоқпыз. Біз де баяғы соцрелизмнің қалдығы жетеді. Дулат Исабеков сөзінде «постмодернизм деген бір ағым шықты» деді. «Модернизм,  постмодернизм» деген ағым бұрыннан бар. Қазақ жазушылары оны енді түсініп келе жатыр. Жазушы болғаннан кейін ол ағымнан құр қалмауымыз қажет. Бәрін игеруіміз керек. Мысалы, біз жапон әдебиетін жақсы көреміз. Олардың әдебиеті бізден мықты деп айта алмаймын. Олар да еркіндік бар. Өмірге еркін қарайды. Рю Муракамидің «Дети из камеры хранения» деген кітабын оқыдым. Телеграфтық стилмен жазады. Форумда бір шешен: «Қазір үш беттік роман, бір беттік әңгімелер» бар деді. Еуропа да бары – бар. Бірақ біз құлаш-құлаш суреттеуді жақсы көреміз. Содан құтыла алмай келеміз. Қазір тоқетерін айтатын әдебиет қажет. Оған енді аяқ басып жатырмыз.

ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ТАЗА ТІЛІ ЖОҒАЛЫП БАРАДЫ

 – Сонда бізге Еуропа әдебиетінің үрдісі енді келіп жатыр ма?

 – Иә, солай. Біз негізі бата бергіш халықпыз. Көп сөйлейміз.

 – Осы қағиданы өзіңіз ұстанасыз ба?

 – Әдебиетті бір кісідей оқыдым. Адамның табиғаты әр түрлі. Өзім, қысқа жазғанды жақсы көремін. Өмірімде «Бекеттегі бейкүнәлар» деген 200 беттік бір роман жаздым. Хикаяттарымның да көлемі шағын. Чехов «қысқалық – талантты қарындасы» деп бекер айтпаған. Қазіргі оқырмандар ұзақ дүниені оқымайды.

 – Әңгіме жанрыңызда өзгеше қолтаңбаңыз бар. Бүгінгі қазақ әңгімесі туралы не айтасыз?

 – Қазір әңгімені жақсы жазып жүрген жігіттер бар. Әңгіме жазғанмен оның табиғатын, жанрлық ерекшелігін түсінбейтіндер де көбейді. Бірде Жазушылар одағының жиынында осы әңгіменің тақырыбы туралы сөз қозғадым. Мысалы, бүгінде әңгімеге «Лифт», «Бильярд», «Министр» деп тақырып қояды. Кезінде Сайын Мұратбековтың «Қылауы» шыққанда «Жұлдыз» журналынан кезектесіп оқыдық. Қазіргі жастарда халқымыздың шынайы, таза тілі жоғалып барады. Оның себебі: эпикалық шығармаларды емес, газеттік мақалаларды ғана оқиды. Қазақ әдебиетінде Бейімбет Майлин, Тәкен Әлімқұлов, Сайын Мұратбеков, Тынымбай Нұрмағамбетов, Дидахмет Әшімханұлы секілді қаламгерлердің төрт аяғын тең басқан әңгімелері бар. Ертеде Дидахмет екеуміздің әңгімеміз студент күнімізде «Арман қанатында» деген жас жазушылардың жинағына енді. Бердібек Соқпақбаев сол кітапқа алғы сөз жазып, екеумізді атап өткен. Оны айтып отырғаным: жастарды жазуға студент кезінен баулитын Бердібек ағамыз секілді ақылшы қажет. Қазір ондай жанашыр азаматтар жоқ. Әркім өз күнін өзі көріп жүр.

– Бердібек аға секілді жастарға қамқорлық жасадыңыз ба?

 – Мен он жылдан бері жастарға арналған «Үркер»  әдеби журналының редакторымын. «Үркер-үміт» деген байқау ұйымдастырып, талай талантты жастарды әдебиет бәйгесіне үкілеп қостық. Жылт еткен үміт оты бастардан көмегімді аяған емеспін.

КІТАП ЕШҚАШАН ӨЛМЕЙДІ

 – Көркем шығармаларыңызда әйелдің табиғаты мен жанын шебер суреттейсіз. Бұл тақырыпқа қалай келдіңіз?

 – Мұхтар Әуезовтің «Бәйбіше – тоқал» пьесасын оқып таңғалдым. Иван Бунин де әйел жайында көп жазды. Достоевский де бұл тақырыпқа қалам тербеді. Орыстың данышпан жазушысы Лев Толстайдың Анна Каренинасын енді түсініп келе жатырмын. Әйел алдымен анаң мен өмірлік сергіңіз ғой. Әйтеуір, осы тақырып жаныма жақын.

 – Әдебиеттің болашағы не болады деп ойлайсыз?

 – «Мәскеу көз жасына сенбейді» деген фильмде телеоператор «20 жылдан кейін театр да, кітап та болмайды, тек телевизор қалады» деп айтқанда, оған қыз қарсы шығатын еді ғой. Менің ойымша, кітап ешқашан өлмейді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басталғанда ақын Любовь Шашкова екеуміз Солтүстік Қазақстан облысына бардық. Сонда Ресеймен шекаралас орналасқан Мамлют ауданында болдық. Оқырмандармен кездесуде олар бізге «Кітаптарыңызды неге жібермейсіздер?» деп сұрады. Мен оларға баспадан шыққан өз кітабымды дүкеннен сатып алатынымды айттым. Бұрын кітап тарату мекемесі жұмыс істеді. Қазір оның бәрі жоқ. Өзім, сайттан, компьютерден ешнәрсе оқи алмаймын. Кітаптың иісін искеп оқығанға не жетеді!

 – Біраз кітаптарыңыз жарық көрді. Соның ішінде қайсысын ұнатасыз?

 – 1982 жылы шыққан «Қайың сапты кетпен» деген алғашқы жинағымды ыстық көремін.

 – Нұр-Сұлтан қаласына қонақ болып келіп отырсыз. Елорда туралы айтып өтсеңіз?

 – Бұл қалаға 1978 жылы «Лениншіл жас» газетінің тапсырмасымен келіп едім. Күз айы болатын. Күн суық. Қазір бас қаламыз өзгеріп, көркейіп кеткен. Мәдени шаһарға айналған. Ауасы да таза, жанға жайлы. Елорданың болашағы зор деп ойлаймын.

 – Әңгімеңізге рақмет, аға!



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх