Қазақстанның ет экспорттау әлеуеті зор, оны дұрыс пайдалану керек – кәсіпкер

18 қазан, 15:4797
фото inbusiness.kz сайтынан алынды фото inbusiness.kz сайтынан алынды

Бурабай аймағында өткен «Дамудың жаңа аумағы: Макинск» форумында құс еттерін өндіруші «Айтас» компаниясы мен Ақмола облысының әкімдігі, сондай-ақ Түркияның кәсіпкерлері өзара меморандумға қол қойылды. Осы келісім туралы «Айтас» компаниясының бас директоры Серік Толықбаев жан-жақты түсіндіріп берді. Айтуынша енді Макинск қаласына біраз инвестиция тартылады екен. Сондай-ақ ол еліміздің ет экспорттау саласындағы жетістіктері мен оны әлемдік деңгейде салыстырып өтті.

Серік Толықбаев «Айтас» компаниясының бас директоры

- Бұл меморандум аясында қандай жұмыстар жүргізіледі? Келісім туралы жан-жақты түсіндіріп өтсеңіз. Жаңа келісім қандай өзгеріс әкеледі?

- Бүгін біз Ақмола облысының әкімдігімен меморандумға қол қойдық. Бұл келісімнің негізінде алдағы 10 жылға арналған жоспар бекітілді. Бұл біздің «Айтас» холдингі үшін де, Ақмола облысының әкімдігі үшін де өте маңызды жол картасы болады деп есептеймін. Ақмола облысына маңызды болады деуімнің себебі, келісімге бизнес қана емес Макинск қаласына маңызы бар әлеуметтік істер де енгізілді. Алдағы 10 жылда жыл сайын 100 млн теңгеден, яғни бас-аяғы 1 млрд теңге қаланың әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталады. Одан бөлек орта және шағын бизнеске қолдау да қарастырылған. Біз Макинскіні қалалық жағдайы бар елдімекен еткіміз келеді. Біз өз өнімдерімізді дайындауға кірісер алдында Макинскті географиялық жағдайына қарап барып таңдағанбыз. Қазір жағдай мүлдем басқаша. Енді бұл қалаға өзіміз тұрғымыз келетіндей көзқараспен қараймыз.

Бір айтарым, инфрақұрылым мәселесінде бірталай қиындықтар бар. Инфрақұрылымның әлі күнге дейін толық дайын емес екенін бәрімізге белгілі.

­­- Бұл жобаға қанша көлемде инвестиция тартылады? Жаңа жұмыс орындары көптеп ашыла ма?

- Егер нақты сандарға тоқталар болсақ, алдағы үш жыл ішінде 150 млн доллар көлемінде екінші және үшінші құс фабрикасын ашуға бөлуді жоспарлап отырмыз. Жылына құс етінің 120 мың тоннасын өндіруге жетеді деген ойымыз бар. Ал қазір жылына 30 мың тоннаға жуықтайды. Келер жылы 60 мыңға дейін арттырамыз. Ары қарай жыл сайын 30 мыңнан қосып отырамыз. Сол сияқты қазір 900 маманымыз болса, жоба толық іске қосылғанда қосымша 2000 жұмыс орны ашылады. Бұл тек Қазақстанда ғана емес Орталық Азиядағы ең ірі жобаның бірі болары сөзсіз. Ал Макинск қаласына шамамен 250 млн доллар инвестиция салмақпыз. Алғашқы кезең бізге 110 млн долларға, ал екінші және үшінші кезеңде 150 млн долларға түседі.

- Ал Түркия компаниясымен қандай жұмыстар атқарылады?

- Біз Түркияның ірі компанияларының бірімен Макинск аумағына гофрокартон жеткізу бойынша келісімге келіп отырмыз. Алдағы бес жыл ішінде бұл жобаға 40 млн доллар инвестиция салынады. Осы орайда ет өндіруге қызығушылық танытқан кәсіпкерлерді шақырамын. Біз телинвестор болуға дайынбыз. Макинск Қазақстандағы ең әдемі қалалардың біріне айналатынына сенімдімін.

- Осы саланың маманы ретінде еліміздегі ет өндірісінің аяқалысын қалай бағалар едіңіз?

- Біз зерттеу жүргізіп көрдік. Соның негізінде еліміз 2 млн тонна қой етін өндіре алатынына көз жеткіздік. Оның әлеуеті өзгелеріне қарағанда жоғарырақ. Себебі, далалы жеріміз көп. Ол қой жаюға өте ыңғайлы. Шамамен 1-1,5 млн тонна сиыр етін өндіруге, оның 800 мың тоннасын экспорттауға күшіміз жетеді, сондай-ақ 1,1 немесе 1,2 млн тонна құс етін шығарсақ, оның да 800 мың тоннадайын өзге елдерге сатуға мүмкіндік бар. Біздің етіміз табиғилығымен ерекшеленеді.

- Сіз өндірушілердің басым бөлігі тауарларын ел аумағында сатқанға қарағанда экспортқа көбірек қызығады дегенге қалай қарайсыз?

- Мен олай демес едім, өндірушілер сатылымға мән береді. Қазіргі уақытта ет бағасының қымбаттауы көршілес елдерге көбірек байланысты болып отыр. Мәселен, қазір Қытай шошқа обасынан зардап шегіп отыр. Соның салдарынан 60 пайыз шошқасынан айырылды. Ал бұл олардың ет сатудағы ең басты табыс көзі. Сондықтан қазір баға бізде ғана емес өзге елдерде көтеріліп кетті. Сол сияқты мысалға Қытай нарығына біз қол жеткізе алмасақ, Ресейдің мүмкіндігі бар. Ал Ресей тиісінше біздің нарыққа да жүгінеді. Сол себепті бағаның көтерілуі болып жатады. Қазақстанның экспорт көлемі өте аз. Оны әзірге тіпті экспорт деп қарауға да болмайды.

- Мысалға Елбасы экспорт көлемі 60 мың тоннаға жетуі керек дейді. Ал біздегі көрсеткіш қандай?

- Биыл біз 15-18 мың тонна сиыр етін, 3 мың тонна қой етін экспорттаймыз. Бұл өзге елдермен салыстырғанда тым аз екені белгілі. Бағаның көтерілуін былай түсіндірейін, бізге Ресейден құс еті аздап қымбат бағамен келеді.

­- Сонда сиыр етінің бағасы қаншалықты көтеріледі деген ойдасыз?

- Алдағы екі-үш жылда шамамен 3-5 пайыз болады деп ойлаймын. Ал кей жерлерде 10 пайызға дейін баруы мүмкін.  

- Әңгімемізге қайта оралайық, сіз басқаратын компания экспортқа көбірек қызығушылық таныта ма, әлде импортты алмастыруға баса мән бере ме?

- Біз соңғы бір жылда экспорт туралы көп ойлап жүрміз. Ал ең бірінші тапсырмамыз импортты алмастыруды жасау. Бірақ бизнесте алдағы үш немесе бес жылды жоспарлауға дағдыланбаған. Кәсіпте 10-15 жылды алдын ала ойлау қажет. Сондықтан біз болашағымызға үлкен мән береміз.

- Серік мырза, «Айтас» компаниясы былтыр «Халал» стандартын алған. Тауарларыңызға деген сұраныс былтырдан бері қарай артты ма?

­- «Халал» стандартында діни көзқарастан бөлек сапа да бар екенін ескере кеткен жөн. Сондықтан біз қандай да бір стандартқа кіргеніміз жөнінде анализ жасамаймыз. Негізі біздің өнімдеріміздің сапасын сатып алатын жұрт біледі. Ең жоғарғы сапа бізде деп сеніммен айта аламын.

- Әңгімеңізге көп рахмет!





Наверх