• USD 362.5
  • EUR 412.9
  • RUB 5.45

Қанат ЕҢСЕНОВ, тарихшы: Оңдасынов пен Хрущев екеуі үш мәселеде келіспей қалған

13 ақпан, 10:252051
Автор: Elorda Aqparat

Нұртас Оңдасыновтың өмір жолында және қиын сәттерде оның алдынан қазақ зиялылары жолықты, тәрбие берді, бағыт берді. Айтулы қайраткер тұлға Нұртас Оңдасынов жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ зиялыларынан – Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов, Ғани Мұратбаев, Сәдуақас Оспанов, Әмин Жүсіпов, Мұхтар Әуезовтерден тәлім-тәрбие алған және олардың кеңестік кезеңдегі жалғасы екендігі анық, дейді нар тұлғаны зерттеп, оның еңбектерімен айналысып жүрген тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов. Осы орайда Елорда инфо тарихшы Қанат Еңсеновтың Нұртас Дәндібайұлы туралы айтқан пікірін тыңдап, ой бөліскен  astana-akshamy.kz басылымы тілшісінің сұхбатын назарларыңызға ұсынады.

Қанат ЕҢСЕНОВзерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты

 

Нұртас ОңдасыновНұртас Оңдасынов

Жуырда Мемлекет тарихы институтының «Ұлы Дала тұлғалары» сериясымен тағы бір кітаптың тұсауы кесілді. Бұған дейін жарық көрген Нұрсұлтан Назарбаев, Жұмабек Тәшенев, Әлімхан Ермеков, Ілияс Есенберлин, Кәрім Мыңбаев секілді тұлғалардың ізі Нұртас Оңдасыновқа қатысты құнды еңбекпен толықты.

«Бірінші би – халық, екінші би – тарих»

– Нұртас Оңдасынов еліміздің ең қиын күрделі кезеңінде ел Үкіметін 13 жыл бойы басқарыпты. Сонау 1938 жылы талай қыршынды қынадай қырған уақытта небәрі 34 жаста жоғары қызметтің жауапкершілігін сезінген екен. Жалпы, оның өнегелі ісін көзі қарақты зиялы қауым жақсы білгенімен, жеке тұлға ретінде қоғамдық-саяси қызметі ғылыми тұрғыдан өз бағасын алды ма?

– Кез келген елдің жүріп өткен жолы мен тарихы болады. Сондай-ақ, әр мемлекет өзінің ірі тұлғаларымен танылады. Ел тарихындағы әр дәуірдің қадау­-қадау тұлғалары бар екендігі анық. Жиырмасыншы ғасырдың қатал да озбыр сынынан өткен біртуар азаматтың бірі Нұртас Дәндібайұлы еді. Ол – Ғылым академиясының салынуына, қыздар педагогикалық және шет тілдер институттарын ашуға мұрындық болды. Мойынты–Шу теміржолы, Іле, Шу өзендеріне көпір, Сырдарияға бөгет және Бөген су қоймасы, Арыс–Түркістан каналдарының салынуына да ұйытқы болған азамат. Қазақстанда ауыр өнеркәсіптің дамуына қосқан үлесі өз алдына. Кино өнерінің алғашқы даму кезеңінде «Амангелді», «Райхан», «Абай әндері» көркем фильмдерінің түсірілуіне септігін тигізген. Абай Құнанбаевтың 100 жылдық мерейтойын өткізуде ресми қаулы шығарып, басы-қасында жүрген.

Тарихи тұлғаның тағдыры ауыр. Оны көзі тірісінде бірге өмір сүрген халық сынайды, өмірден өткеннен кейін тағы да замана елегінен өтеді. Қайраткердің «Бірінші би – халық, екінші би – тарих» деп айтқан ұлағатты сөзі бар. Расында, уақыт төреші, халық бағалаушы екендігі хақ. Сондықтан «ер есімі, ел есінде жүруі» үшін оның өмірі мен қызметін толық қамтитын ғылыми тұрғыдан зерделенген еңбек жазу керектігін түсіндім. Елге қалтқысыз қызмет еткен тұлғаны жас ұрпаққа дәріптеу өте өзекті деп білемін. Өйткені тұлғаның қоғамдық-саяси қыз­метін зерттеу барысында сол заманның тынысы мен табиғаты, адамдардың қарым-қатынасы ашылады. Жалпы, тарихи тұлғаларымыздың өнегелі өмірін зерттеу мен насихаттау – еліміз үшін өте қажет мәселе. Мысалы, алысқа бармай ақ, көрші Ресейде «Иосиф Сталин», «Никита Хрущев», «Леонид Брежнев» және тағы басқа қайраткерлері мен орыс патшаларын жеке-жеке сериялық еңбектер ретінде шығарып, ұлттық тарихын ұлықтап келе жатыр ғой. Ал бүгінгі жаһандық дәуірде біз де, елдігімізді сақтап, тәуелсіздігімізді баянды етуіміз үшін ұлттық тарихымыз имидж екендігін ұмытпауымыз керек. Өйткені әлем елдерінің әрқайсысы өзіндік келбетін ең бірінші ұлттық тарихы және тұлғаларымен танытып келе жатыр.

– Ұлт қайраткері Нұртас Оңдасыновтың атқарған қоғамдық-саяси қызметіне қысқаша шолу жасай кетсеңіз?

– Нұртас Оңдасынов 1904 жылы Түркістан жерінде қарапайым диқаншылықпен айналысатын отбасында дүниеге келді. Жас күнінде ауыл молдасы Кәрімқұлдан арабша хат танып, қисса, дастан және батырлар жырын оқып, ұлттық дәстүрмен рухтанып өскен. Жастай жетім қалып, 1920-1922 жылдары Ташкент қаласында №14 мектеп-интернатта оқыды. Одан кейін 1923-1927 жылдар аралығында Ташкент Орман шаруашылығы техникумында дәріс алған. 1927-1930 жылдары Қызылорда, Жамбыл және Шымкент қалаларында Су шаруашылығы мекемесінің қызметкері болды. Жас кезінен алғыр, зерек жас жігіт 1930-1934 жылдары Ташкенттегі Орта Азия университетіне қарасты Ирригация институтына оқуға түсті. Ал 1934-1938 жылдары Қазақ Орман шаруашылығы басқармасында орынбасар, кейінірек басшылық қызмет атқарған. Ол қызмет бабымен өрлеп, 1938 жылы Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетіне төраға болып тағайындалады. Облыста алты ай қызмет жасап жүрген уақытында оның іскерлігі мен жаңашылдығын, талантын таныған Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Скворцов 1938 жылдың шілде айында Үкімет төрағалығына (Совнарком) тағайындаған. Кеңестік Қазақстанның ең ауыр жылдарында 1938-1951 жылдары Үкімет төрағасы ретінде қызмет атқарып, ел мүддесін қорғай білген қайраткер, 1951-1953 жылдар аралығында Мәскеудегі Жоғары Партия мектебінің тыңдаушысы болды. Одан қайта оралғанда 1954-1955 жылдары Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметін атқарып, 1955-1962 жылдар аралығында 7 жыл бойы Гурьев (қазіргі Атырау) облысының басшысы қызметтерінде болып, зейнеткерлікке шыққан.

Арманда кеткен бауырлар

– Жалпы, қайраткердің еңбегін саралауда онға жуық мұрағат қорын ақтардыңыз. Түркістан топырағында дүниеге келген тұлғаның балалық шағы мен өскен ортасына қатысты қандай да бір тың деректер табылды ма?

– Қайраткердің өмірі мен қызметіне қатысты ғұмырбаяндық ғылыми-зерттеу еңбегін жазып шығу оңай шаруа емес, өйткені оның қызмет жасаған жерлері бойынша ізін қуып қарау керек. Одан кейін замандастарының естеліктерінен басқа, ғылыми айналымға кірмеген тың мұрағат деректері көп болғандықтан, оларды іздеу керек болды. Тек, сонда ғана қайраткердің қоғамдық-саяси қызметі толық ашылатындығы белгілі. Сондықтан, Алматы, Атырау, Семей, Тараз, Қызылорда, Шымкент қалаларындағы мұрағат қорларында ұзақ ізденістер жасап, қайраткер қабылдаған бұйрықтар, шешімдер, қаулы-қарарлар, баяндамалар, қолы қойылған құжаттар және тағы басқа әртүрлі тың деректер қаралып, олардың барлығы бұлтартпас дәлелдер ретінде еңбек жазуға тың деректер ретінде пайдаланылды. Мәселен, анасы ерте қайтыс болып, ашаршылық жұты қысқан заманды көрген Нұртас Оңдасыновтың жас кезінде бір-бірінен көз жазып қалған Тойындық есімді қарындасы болған. Кезінде Арыс қаласында біреулер асырап алған екен. Сол Тойындықтың қызы кейін өзінің балаларына «нағашым лауазымды қызметкер болған» деп үнемі айтады екен. Бірақ балалары жас­тықпен мән бермеген. Қайтыс боларында «ең болмаса соңғы рет бір іздеңдерші» деп аманаттаған көрінеді. Кезінде Нұртас Дәндібайұлы қарындасының сол қызын Жақсыгүл деп іздеген екен. Алайда асырап алған әжесі Маржан қызды алып кетпесін деп оның атын әдейі «Гүлжан» деп өзгертіп жіберген. Содан болар 1936-38 жылдары Нұртас Оңдасынов жиенін іздеп таба алмай кеткен көрінеді. Аналары қайтыс болғанша нағашысын көруді армандап кеткен. Шүкір, бүгінде олардың ұрпақтары бір-бірімен араласуда.

– Нұртас Дәндібайұлы Ташкенттегі жетім балаларға арналған интернатта Бейсембай Кенжебаев, Өтебай Тұрманжановтармен бірге оқыған деседі...

– Аты аталған азаматтармен қатар Райымбек Ахметов, Жүсіпбек Арыстанов, Бектас Шынарбаев, Бейсембай Қасқыров, Бапаш Кеншімбаев бәрі Ташкенттегі № 14 жетім балаларға арналған интернатта тәрбиеленген. Бейсембай Кенжебаевтың шәкірті, танымал ғалым Құлбек Ергөбек ұстазынан естіген бірқатар құнды мәліметтер келтіреді. Жетімханада сабақ берген ұстаздары – Сәдуақас Оспанов және Мәжһүр Жүсіптің баласы Әмин Жүсіпов. Сәдуақас Оспанов қараусыз, көше кезбелері атанып келген балаларға Абайдың өлеңдерін жаттата берген. Абай рухы әбден таңдайларына сіңген. Нұртас Оңдасынов пен Бейсембай Кенжебаевтардың қилы замандарда арына кір шалдырмай, ұлт алдындағы парызын адал атқаруы осындай рухани алтын қайнардан сусындап өсуінен.

Ұлт қайнарын ұстаздан сіңірген

– «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» демекші, Сәдуақас Оспанов Алашорда құрамында болған емес пе?

– Әрине, алашорда құрамында болған адам. Өзіңіз білесіз, қазақтың тұңғыш ағарту институты Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті деп жүрміз ғой. Шынтуайтына келгенде, қазақтың тұңғыш ағарту институты Ташкент қаласында ашылған. Ашылуынан қашан қалыптасуына дейін аянбай еңбек еткен адам – Сәдуақас Оспанов. Ол – «Ақ жолды» шығарушы редакторлардың бірі. Өзі кейін Семей өңірінде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде тұрып алашорда мүшесі есебінде 1937 жылы «халық жауы» ретінде атылып кеткен.

– Интернаттағы екінші ұстазы Мәшһүр Жүсіптің ұлы Әмин туралы не айтасыз? Оның тағдыры қалай болды?

– Әмин Жүсіпов – бүлдіршіндердің таза жүрегіне ұлттық рух құйып тәрбиелеген, қазақтың алғашқы ағартушыларының бірі. Әттең, қыршын кеткен. Ол Абайшыл, Алашшыл болған деседі. Жетім балалар осы екеуінің арлы жүзіне қарап өскен.

Айта кетейін, бірге оқитын Бабаш Кеншімбаевтың 10 жасар қарындасын аштықтан ығысып Ташкентке барған кезде наубайхана ұстайтын бай армян азаматы сегіз әйелінен үстінен тоқалдыққа алады. Мән-жайды біліп, жылап келген Бабаш балиғатқа толмаған қарындасын ұстазы Әмин бастап, балалар барып, тапа-тал түсте тартып әкетеді. Сөйтіп, өздерінің интернатына орналастырады. Осы оқидан кейін екі-үш күн өтер-өтпестен жетімхана алдын тазалатып жүрген Әмин Жүсіповті қара түнді жамылып келген қарақшылар пышақтап кеткен. Жетім балалар Әминді жабылып көтеріп апарғанмен, емханаға жетпей жолда жан тапсырған. Сол бір қаралы жиында ұстазбен қоштасқан Бейсембай Кенжебаев және Нұртас Оңдасынов егіліп тұрып жылаған деседі. Дәл осы жиындағы қоштасуда Міржақып Дулатов сөз сөйлеген.

Нұртас Дәндібайұлын 13 жасында интернатта қазақтың жетім балаларымен бірге қамқорлыққа алған Ғани Мұратбаев. Сондықтан үнемі «Ғанидан ғибрат ғұмырым» деп айтып жүрген. Ұстазы туралы әдемі естеліктері көп. Жалпы, Нұртас Оңдасыновтың өмір жолында және қиын сәттерде оның алдынан қазақ зиялылары жолықты, тәрбие берді, бағыт берді. Айтулы қайраткер тұлға Нұртас Оңдасынов жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ зиялыларынан – Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов, Ғани Мұратбаев, Сәдуақас Оспанов, Әмин Жүсіпов, Мұхтар Әуезовтерден тәлім-тәрбие алған және олардың кеңестік кезеңдегі жалғасы екендігі анық.

«Қазақстан ғылымы күмістей таза болсын»

– Нұртас Оңдасынов Дінмұхаммед Қонаевты – Ленинградтан, Қаныш Сәтбаевты – Жезқазғаннан, Хакімжан Наурызбаевты Қостанайдан тапқан деседі...

– «Бірін ірі саяси қайраткер, екіншісін ғұлама ғалым, үшіншісін тұңғыш мүсінші жасағаны үшін қазақ халқы оған қарыздар» деп жазған профессор Ғарай Сағымбай. Ол кездері КСРО Ғылым академиясының Қазақстан бөлімшесінде кілең өзге ұлттың өкілдері қызмет етіп, қазақ ғалымдарының жоқтығы тұлғаның жанына батады. Сөйтіп Ғылым академиясын құруды мақсат етеді. Өзі Қаныш Сәтбаевтың талантын байқайды да, көмекшісіне айтқан тапсырмасы бойынша ол Мәскеу қаласына Н.Д.Оңдасыновтың соңынан барып, алғаш екеуі қонақ үйде құпия жағдайда кездескен. Себебі Қ.И. Сәтбаевтың үстінен бұрын Алашорда мүшесі болған деп арыздар жазыла бастаған уақытта, оны аса сақтықпен қиын жағдайдан алып шығып, Қазақстан Ғылым академиясына Президенттікке ұсынған. Оған дейін «Социалистік Қазақстан» және «Казахстанская правдадан» мақаласын оқып, тың ойларын, идеяларын ұнатқан. Тіпті, мақаласын сақтап қойған екен. Орынбасарына «Сәтбаевты табыңдар. Соңымнан Мәскеуге келсін» деп өтінеді. Содан екеуі Мәскеуде кездесіп, қазақ ғылымы туралы әңгімелесіп, болашаққа жоспар құрады. Ол уақытта Сәтбаев Жезқазғанда геологиялық экспедицияны басқарып жүрген. Сөйтіп, оның басына төнген қауіптен аршалап алған да Оңдасынов. Содан көптен күткен Ғылым академиясы құрылып, оны Сәтбаевқа тапсырады. Нұртас Оңдасынов өзі көптен армандаған академияның ашылу кезінде «Қазақ ғылымы күмістей таза болсын» деп ырымдап күміс ақшаны таған қаққанда табанына тастаған екен.

Сол сияқты Шығыс Қазақстан облысына барған сапарында Лениногор кенішінде жүрген Қонаевпен 1938-1939 жылдары танысып, 1942 жылы үлкен саясаткер басшылық қызметке әкеледі. Ал 1943 жылы Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданына іссапарға барған барғанда 16 жасар Хакімжан Наурызбаевтың талантын байқап, оны Алматыға оқуға шақыртып, мүсінші Ольга Кудрявцеваға тапсырып, Украина мен Ресейге оқуға жіберткен. Кейін Хакімжан Наурызбаев қазақ халқының атақты мүсіншісі болды. Ол өзінің естелігінде: «Қайраткер Нұртас Оңдасынов болмаса, мүсінші Хакімжан Наурызбаев болмас еді» деп жазған еді.

Халқының шын жанашыры күн демей, түн демей қызмет еткен. Алғашқы Самарқан аталған түсініксіз атауы бар зауытты – «Теміртау», Гурьев-20 деген атауы бар қаланы – «Ақтау» атандырған да Нұртас Оңдасынов. Мұнайлы Маңғыстау мен Атырауға 7 жыл басшы болған Оңдасыновты әлі күнге дейін аңыз қылып айтатын ақсақалдар бар.

Қызметтен кетірген – Хрущев

– Бір деректерде Нұртас Оңдасыновтың Хрущевтің қырына іліккені туралы айтылады. Не үшін?

– Өкінішке қарай, 1962 жылы Оңдасыновты Гурьев облысы басшылығынан 58 жасында кетіруге Хрущев құпия тапсырма берген. Өйткені екеуі үш мәселеде келіспей қалған. Ұлт қайраткері бірінші, тың игеруге, екінші, Оңтүстік Қазақстан аудандарын Өзбекстанға беруге және үшінші, Маңғыстау мұнайын игереміз деген де, Хрущев Сібір мұнайын игереміз, Маңғыстау мұнайының қажеті жоқ деп айтысып қалған. Кеңестік қызыл империя басшысына пікірін ашық айтып, қарсы шыққаны үшін оның қырына іліккен. Бірақ, одан тайсақтап, кешірім сұрап иілмеген. Ұлттық мүддені қорғай білген азамат. Сол себепті, оны ертерек зейнеткерлікке шығартуға астыртын әрекет жасалған.

Зейнетке шықса да, шығармашылықпен айналысқан. Оның 2 томдық «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі», 1 том «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігі» және «Араб текті қазақ есімдері» мен «Шығыс халықтарының мақал-мәтелдері» атты еңбектері, сонымен қатар түрік сатиригі Мехмет Теауфиктің «Бұ Адам» деген аудармасы жарыққа шыққан.

Жалпы, қайраткер Нұртас Оңдасынов 27 жыл зейнеткерлік жасында Мәскеуде тұрып, шығармашылықпен айналысып, Қазақстандағы зиялы қауыммен тығыз араласып отырған. Мақалалар жазған, хаттар жолдаған. Мәселен, Манаш Қозыбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Рахманқұл Бердібаев және тағы басқалармен араласқан. 1989 жылы Мәскеу қаласында қазан айының соңында өмірден озып, сүйегін туған жері Түркістанға әкеліп жерлеген.

Орындалмаған үш арман

– Қателеспесем, 2004 жылы Түркістанда Нұртас Оңдасынов­тың 100 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті. Жиынға Мәскеуден ұрпақтары келіп, сөз сөйлеген болатын. Сонда өлерінің алдында әкелерінің «Туған жеріме жерлеңдер» деп әбден аманаттағанын естідік. Тұлғаны соңғы сапарға қалай шығарып салды?

– Елге бір келген сапарында «Осы мені қайтыс болғаннан кейін елге әкеліп қоятын адамдар болар ма екен?» деп бір сәт ойланып отырған кездері болған деседі. Қайтыс боларынан алдын әйелі Валентина Астаповаға да аманат ретінде «Мен қайтыс болсам, елден адамдар әкетуге келсе, ұстама» депті.

1989 жылы Мәскеу қаласында қазан айының соңында өмірден озып, сүйегін туған жері Түркістанға әкеліп, 4 қарашада жерлеген. Түркістандағы бұрын Үшқайық аталған ауылға, кейін Амангелді атауы берілген. Қазір ол «Нұртас ауылы» деп аталады.

Негізінде, Оңдасыновтың орындалмаған үш арманы бар еді. Соның бірі зейнеткерлікке шыққан соң Алматыда тұрсам деп армандаған, алайда Мәскеуге өтіп кетті. Екінші арманы – қазақы, талантты жігіттерді қызмет бабында көп өсіре алмадым дейді. Үшіншісі – жас кезінде ғылым қусам, кітап жазсам деп армандаған. Бірақ тағдырдың жазуы ел басқару болды.

Балалары жөнінде айтсам, Нұртас Оңдасыновтың Ескендір және Геннадий атты екі ұлы болды. Олардан үш немере, бір шөбере сүйген. Қазір олар Мәскеуде тұрады. Дүйсен деген ағасынан Әбілдә, Нұрділдә, Зүбайра, Манзура, Гүлжан, Жұмаділдә тараған. Бәрі зейнетте. Осы ретте айта кетейін, Нұртас Оңдасынов Дүйсеннің баласы Әбілданы бауырына алады. Құжаттарын бәрін өткізген екен. Бірақ Әбілда қайтыс болып кетеді. Сонда «Мені Мәскеуде қалдырмай, елге апарады деген Әбілда менен ерте кетті ғой» деп әбден күйзелген.

– Нұртас Оңдасынов атымен аталатын республикада төрт мектеп бар. Алматы, Атырау және Астана қалаларында көше атаулары берілген. Тұлғаның өнегелі істерін дәріптеуде өзіңіздің қандай ұсынысыңыз бар?

– Алдымен тұлғаның тазалығы жөнінде айтсам. Оның «Біріншіден, қанша жыл қолымда билік болса да, біреуден бір тиын да пара алмадым – Қолым таза! Екіншіден, үштіктің бірі болып, біреудің сыртынан қол қойған емеспін, яғни ешкімнің қаны мойнымда жоқ – Арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – Жүзім таза!» дегені дана сөзге айналып кетті. Осындай ұлтының лайықты ұлының өмірі мен қызметін жас ұрпаққа үлгі етіп таныстыру үшін қыруар жұмыс атқарылуы керек деп есептеймін. Оның соңында қалған мұраларын жүйелеп, жарыққа шығару, театрлық қойылым дайындау, толық нұсқада деректі фильм түсіру, Алматы және Астана қалаларында ескерткіш орнатылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Орыстарда «увековечить» деген жақсы сөз бар. Оның қазақша мағынасы «қайраткерлердің есімін халық жадында мәңгілік жаңғырту үшін аттарын алтын әріптермен жазу» дегенге келеді. Нұртас Дәндібайұлы – тарихи тұлғалардың бірі емес, бірегейі және ісімен өнеге болған тұлға. Сондықтан, оның өнегелі өмірі мен халқына жасаған қалтқысыз қызметін халыққа насихаттап, жас ұрпақтың тәрбиесіне жарату – бүгінгі күнде де өзекті мәселе.

Жалпы, ел мен жердің тұтастығының сақталуына, ұлт мүддесін қорғап, оның дамуына саналы ғұмырын арнаған қайраткерлерді ұлықтауда қазақ халқы да аянбауы керек.

Cұхбаттасқан

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар

 


ұқсас жаңалықтар

БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх