• USD 385
  • EUR 434

Елордада ұшқышсыз ұшақ құрастырылатын болады

18 шiлде, 09:55253

Елорда Инфо тілшісі Kaz UAV компаниясының бірлескен құрылтайшысы әрі коммерциялық директоры Руслан Витвицкиймен ұшқышсыз ұшақ туралы сұхбат құрды.

Руслан ВитвицкийKaz UAV компаниясының коммерциялық директоры

– Руслан, ұшқышсыз ұшақ қашан пайда болды? Қазақстанда қашаннан бері қолданып жүрсіздер? 

– Ұшқышсыз ұшақ әлемнің дамыған елдерінде бұрыннан бар. Ресейліктердің де ұшырып жүргеніне біраз жыл болды. Ал біз 2016 жылдан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Былтырға дейін Қазақстанның 4 миллион гектардан аса аумағын бейнежазбаға, аэрофотоға түсіріп үлгердік. 

– Қандай мақсатта қолданасыздар?

– Қазіргі уақытта мұнай-газ саласында жұмыс істеп жүрміз. Мұнай құбырларын және басқа да нысандарды тиісті биіктіктен түсіреміз. Одан басқа әскери секторларда, әуежайларда да жұмыс жүргіземіз. Алдағы уақытта құрылыс нысандарында да, әсіресе су құрылысы бойынша жұмыс істеу жоспарымызда бар. Ал кен орындарында жұмысты енді бастап жатырмыз. 

– Кен орындарында қандай қызмет атқарасыздар?

– Екі ұшқышсыз ұшақ ұшырамыз. Оның бірі әуеден бейнежазба түсіреді. Оны штабтағы мамандар онлайн түрде көріп отырады. Екіншісі биіктіктен аэрофото түсіріп, маркшрейдерге ақпарат жібереді. Бұл техниканың ұшуы қауіпсіз әрі жұмысты жылдам жүргізуге мүмкіндік туғызады. Қанша айтқанмен, жаңа технология ғой. 

– Аэрофотолар мен бейнежазбаның геологтарға қандай көмегі бар?

– Әуеден түсірілген аэрофотолар мен бейнежазба геолог мамандарға беріледі. Сол бойынша олар кен орны төңірегінің географиялық жағдайын, қауіпті аумақтарды анықтап, картасын сызып, нақты жоспар құрып, әрі қарай өз жұмыстарын жүргізеді. Бұл геологтарға барлау жұмыстарын жылдам әрі қауіпсіз жүргізуге мүмкіндік береді. 
– Бұл жұмысты геологтар бұрын жаяу жүріп те жүргізуші еді ғой?

– Әлбетте, олай да істеуге болады. Бірақ ол көп уақытты алады. Мысалы, 4 адамнан тұратын бригада күні бойы жаяу жүріп, 80 шақырымды еңсеруі мүмкін. Яғни бір адам орта есеппен 20 шақырым жүреді деп есептегенде. Оның үстіне, оларға су, тамақ қажет болады дегендей. Ал ұшқышсыз ұшақ 3-4 сағат ұшса, 70 километр/сағат жылдамдықпен 200 шақырымнан аса аумақты қамтиды. 

Қазір шахталарда да, әскери күш құрылымдарында да қауіпсіздікті барынша сақтау үшін осындай ұшқышсыз ұшақтарды қолдануға көшіп жатыр. Шахталарда фото-бейнежазбаларды түсіруге түрлі роботты да пайдаланады. Бірақ ұшқышсыз ұшақ бәрінен де қауіпсіз болып саналады. Өйткені ол ұшып келе жатып істен шыққан жағдайда да жерге бірден құламайды. Арнайы парашютпен қонады. Ол ұшуын тоқтатып, парашютпен қалықтап құлағанда жердегі адамдар қашып үлгереді. 

– Кен орындары бойынша қай компанияға қызмет көрсетесіздер?

– «Kazakhmys Barlau» ЖШС компаниясына субмердігер ретінде қызмет көрсетіп жатырмыз. Қазіргі уақытта Қарағанды облысындағы аумағы 69,57 шаршы шақырым болатын Озерное кен орнының аэро фотосы мен видеосын түсіріп жүрміз. 

– Ал ауа райы ұшақтың ұшуына қаншалықты кедергі келтіреді? Мысалы, жауын-шашын болғанда, жел соққанда ұшырасыздар ма?

– Желдің жылдамдығы 17 метр/секундтан төмен болса ғана ұшырамыз. Ал жауын-шашын кезінде ұша алады, бірақ ондай уақытта өзіміз ұшырмаймыз. Себебі жаңбырдың тамшылары объективтің бетін жауып тастаса, әуеден түсірген аэрофото, видео тұнық болмайды. Сондықтан оның ұшқанының түк пайдасы болмай қалады.

– Ұшақтың бағасы қанша тұрады?

– Біз пайдаланып жүрген ұшақтың бағасы 100 мың АҚШ доллары тұрады. Әрине, арзан емес. Бірақ есесіне қауіпсіз. Қанша қымбат болса да, адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ қой.

– Батареясы қанша уақытқа жетеді? Қанша шақырым биіктікті бағындыра алады?

– Оның батареясы 4,5 сағатқа дейін әуеде ұшуға қауқарлы. 5 шақырым биіктікке дейін көтеріле алады. Жалпы, ұшақты ұшырудың биіктігі тапсырыс берушінің жұмысына байланысты. Егер аз уақыт ішінде ақпарат қажет болса, аса ұзаққа жібермейміз. Орташа есеппен 500-600 метр биіктікте ұшады.

– Қалай басқарасыздар? Өзі автоматты түрде ұша ма?

– Жоқ, пультпен басқарылады. Ұшақ бағытын игеріп отырған маман оның түсірген видеоларын да сол сәтте-ақ монитордан көріп отырады.

– Бұл шағын ұшақты Қазақстанда сіздер ғана қолданасыздар ма?

– Жоқ. Бізден басқа да компаниялар, әуесқойлар бар. Бірақ біз сияқты кәсіби тұрғыда айналысып жүргендер аз. Дегенмен біз үнемі шетелдік әріптестерімізбен тәжірибе алмасып отырамыз. Олардан тек сұрап қана қоймай, білгенімізбен де бөлісеміз. Үнемі соңғы үлгідегі технологияларды қолдануға тырысамыз.

– Сіздердің техникаларыңыз қайда жасалған? Алда Қазақстанда құрастыру жоспарда бар ма?

– Біздің қолданыстағы ұшақ Ресейде жасалған. Жыл соңына қарай Ресейдің технологиясы бойынша осында, елордада құрастыруды жоспарлап отырмыз. Қазір арнайы жабдықтарды алып жатырмыз.

– Қанша адамды жұмыспен қамтисыздар?

– Бір ұшақты құрастыруға 10 шақты адам қажет болады. Оған бағдарламашылар, техниктер, аэроинженерлер және тағы басқа мамандар болса, жеткілікті. Ал егер бұл техникаға тапсырыс көп түсіп жатса, мамандар да көбірек тартылатын болады.

– Әңгімеңізге рақмет.



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх