• USD 385
  • EUR 434

Елорда мектептерінде нейродизайнға көңіл бөліне бастады

23 тамыз, 13:29107

Нейродизайн дегеніміз – бір қарағанда бір-бірімен мүлде байланысы жоқ нейробиология мен интерьер дизайнын біріктіретін жаңа концепция. Ол оқушылардың физикалық хал-ахуалын, оқу үлгерімін және эмоциялық интеллектісін жақсартуға көмектесетін ерекше кеңістіктер құруға мүмкіндік береді. Елорда Инфо тілшісі отандық Kozmo.drom компаниясының өкілі Тимур Боскинмен сұхбаттасып, осындай заманауи жобаның қыр-сырына қанықты.

Тимур БОСКИН Kozmo.drom компаниясының өкілі

– Сіздердің компанияларыңыз немен айналысады?

– Біз мектеп, колледж және балабақша ішін модернизациялаумен айналысамыз. 2017 жылдан бері нарықтамыз. Бізді құрылыс немесе дизайн компанияларымен шатастыруға болмайды, біз білім беру саласына тікелей бағытталған ұйымбыз. Жұмысымыз батыс ғалымдары және өзіміз әзірлеген принциптерге негізделген. Онда оқушылардың білім алуына қолайлы орта қалыптастыратын жағдайлар ескеріледі. Әдетте неліктен дамыған елдерде білім алу ортасына ерекше көңіл бөледі? Өйткені орта – отбасы мен педагогтан кейінгі үшінші үйретуші. Бүгінде балалар да, мұғалімдер де, педагогика да өзгеруде, ал неліктен сыныптар өзгермейді? Қазір кез келген қымбат мектептерге барсаңыз, ондағы оқыту бөлмелері басқаша. Ал біз мемлекеттік мектептерде де сол секілді кеңістік құруды мақсат тұтамыз.

– Дәстүрлі сыныптың кемшіліктері неде? Нейродизайн бойынша жабдықталған сыныптардың ерекшелігі қандай болады?

– Мысалы, біздің көзіміз үйренген қаз-қатар тізілген парталар балалардың топтық жұмыс жасауына мүмкіндік бермейді. Үнемі өзгеріссіз тұратын көрініс бала үшін үйренуге қолайлы орта қалыптастыруы неғайбыл. Ал нейродизайн бойынша олардың орнына  бір қарағанда араның ұяшығын еске түсіретін пішіндегі мобильді үстелдер орнатуға болады. Оларды топтық жұмыс барысында оп-оңай біріктіруге, ал тапсырманы жекелей орындағанда бөлек-бөлек қоюға да болады. Мұнымен қоса, қабырғаларға бос стенділер ілу қажет. Оған шәкірттердің жетістіктерін, сабақ үстінде жасаған үздік жұмыстарын жапсырып қойса, бұл балаға зор мотивация береді.

– Үйренуге қолайлы орта дедіңіз. Ол үшін тағы не керек?

– Жаңа мен айтқан жылжымалы үстелдерден бөлек, бір бұрышқа түрлі түсті пуфиктер мен дивандар орналастыруға болады. Онда балалар демалып, үзіліс жасай алады. Бұлар балаларға психологиялық жайлылық сезімін сыйлап, сабақ үстіндегі стрестен құтылуға жәрдемдеседі. Мұнымен қоса, сынып ішінде әр оқушының шкафы болғаны дұрыс. Негізі психологиядағы персонализация принципі бойынша, сыныпта баланың тек өзіне тиесілі бұрышы болғанда, бала сыныпты үйі, өзіне жақын қауіпсіз орта ретінде қабылдайды. Сәйкесінше, сабаққа да ықыласпен дайындалып, айналасына жанашырлықпен қарауды үйренеді.

– Бүгінде елорда мектептерінің арасында сіздердің қызметке тапсырыс берушілер бар ма?

– Әрине, соңғы уақытта нейродизайнға ерекше көңіл бөлетін мектептер мен балабақшалар санының артқанын байқаймыз. Бүгінде Нұр-Сұлтандағы №49, №73, №37 секілді мектептердегі бөлмелер және, сондай-ақ Оқушылар сарайының ғимараты осындай нейродизайн негізінде жабдықталған.

– Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Қазіргі таңда мен нейродизайн туралы кітап жазып жатырмын. Бұйыртса, келесі айда жарыққа шығады. Онда осы жаңа формат бойынша құралдарды қалай қолдану туралы педагогтарға арналған нұсқаулықтар да кірістіріледі. Бөлмені ауыстырғанмен, егер мұғалім оны қалай пайдалануды білмесе, оның пайдасы аз.

– Әңгімеңізге рахмет!



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх