Elorda Live. «Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасының әлеуеті қандай

04 қараша, 20:51156

«Astana TV» телеарнасы «Elorda Aqparat» медиакомпаниясының бірлескен жобасы «Elorda Live» бағдарламасының бүгінгі шығарылымында «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ басқарушы директоры Халел Әкімжанов инвестиция және бизнес тақырыбында сұхбат берді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Халел Әкімжанов«Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ басқарушы директоры

– Халел Рақымұлы, корпорацияның кәсіпкерлікті қолдауға және дамытуға арналған танымал жобаларының бірі – «Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасы. Бұл қандай бағдарлама және бүгінгі күні жеткен жетістігі қандай?

Бұл – өңірлік шағын кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы. 2017 жылы іске қосылды. Оның басты мақсаты – астанадағы көше саудасының бәрін жаңа заманның нобайына бейімдеу. Бұл республикадағы қанатқақты жоба болатын. Енді екі жыл өткеннен кейін аталған бағдарлама өз жемісін берді деп нақты айта аламыз. Кәсіпкерлердің оған деген сұранысы жоғары. Ең басты жетістік – жер учаскесін ашық, таза және түсінікті әдіспен жалға беру механизмін қалыптастыруға қол жеткізгендігіміз. Бүгінде кәсіпкер өзінің шағын ісін ашып, кейін оны ұлғайтқаны жөнінде мысалдар аз емес. Осы бағдарламаның арқасында әлеуметтік осал топ өкілдері өздерінің бизнестерін жүргізіп, әлеуметтік және материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды. Бағдарлама шеңберінде бүгінде 600-ден аса субъект жұмыс істеп жатыр. Жыл сайын 800-900 өтініш түседі. Үкімет бұл бағдарламаға жоғары баға берді. 

– Көше саудасы дегеніміз не? Ол бойынша нақты не сатуға болады?

Оның белгілі бағыттары, санаттары бар. Мысалы, тұрғындарды азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету, жеміс-жидек, көкөніс, сондай-ақ кез-келген қала инфрақұрылымының ажырамас бөлігі – фасфуд, т.б. Астана жылдам өсіп келе жатқандықтан, тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз етудің қаншалықты маңызды екенін ескерсек, аталған бағдарламаның өзектілігі ерекше.

– «Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасы бойынша үйдің жанынан жеміс-жидек павильонын ашу үшін павильонға коммуникация қалай жүргізіледі және ол қанша тұрады?

Бүгінде бағдарламаға жер учаскесін енгізу тәсілін өзгерттік. Бастапқыда жер учаскелерін әкімдіктің өкілетті органы бөлетін. Бұл жерде мына нәрсені ашып айтқан жөн, мемлекеттік орган әр кезде бизнестің дамуы үшін не керек екенін түсіне бермейді. Ендігі кезде кәсіпкерлердің өздері қандай да бір жер учаскесін бағдарламаға енгізуді ұсынады. Ал мемлекеттік органдар барлық нормативтік-құқықтық базаны саралай келе, бұл ұсыныстың заңды-заңсыздығын айқындайды.

«Астана» ӘКК өз тарапынан кәсіпкердің техникалық шартын алуға барлық жағдайды жасайды. Бірақ павильонды кәсіпкер өз күшімен іске қосады. Өйткені жер учаскесін бағдарламаға енгізуге кәсіпкердің өзі мүдделі. Сондықтан барлық тәуекел, коммуникацияны қосу шығындары кәсіпкердің өзіне жүктеледі.

– Бағдарламаға әлеуметтік осал топ өкілдерінің қатысуы үшін нақты қандай шарттары бар?

Біз бүгінге дейін Нұр-Сұлтан қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер өңірлік палатасымен көп жұмыс атқардық. Олармен әлеуметтік кәсіпкерлікке қанша уақыт көмектесу керек екенін талқылап, әлеуметтік осал топ өкілдерінің бизнеспен айналысуына жыл сайын квота бөліп тұруға шешім шығардық. Қазір 15 жер учаскесіне квота беріледі, енді оны 30-ға жеткізуді қарастырып жатырмыз.

– Бағдарлама механизміндегі электронды аукцион өткізу мүмкіндігі жайлы айтып өтсеңіз.

Бұл жерде біз бірнеше мақсат қойдық. Учаскелерді бөлудің айқын механизмдерін қамтамасыз ету үшін жер учаскелерін аукцион арқылы сатуға шешім шығардық. Бастапқыда аукцион өткізу үшін адамдар үлкен залға жиналатын. Сондай-ақ оған конкурсқа қатысушы кәсіпкерлердің өзі немесе сенімді өкілдерінің болуы міндеттеледі. Қазір аукцион электронды түрде өтеді. Оның артықшылығы – кәсіпкер жер учаскесін үйде отырып та ала береді. Яғни бастапқы өтінішті тапсыру, сосын аукцион өткендігі туралы электронды хаттамаға қол қойылады. Кәсіпкер соның негізінде жұмыс істей береді.

– Аукционда көп ақшасы жоқ, бірақ кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін адамдар үшін қандай да бір көмек бар ма?

Бірінші айтарым, кәсіпкерлер осындай бағдарламаларға ұдайы қатысып тұруы керек. Өткен аптада бізде аукцион өтті. Оның бастапқы бағасы – 126 мың теңге. Павильон 12 шаршы метр, сол бойынша 14 адам 126-140 мың теңге айналасында шарттарға қол жеткізді. Бұл – «Астана» ӘКК-тың жер учаскелерін рәсімдеуге кеткен шығын. Әрине, ерекше қызығушылық тудыратын жер учаскелері де бар. Олар, әдетте, астананың орталығында орналасқан. Сондай-ақ бастапқы бағасынан онша қымбат емес учаскелер де аукционға көптеп қойылады.  

– Өтініштерді онлайн беруге бола ма?

Әлбетте, бізде қазір өтініштердің бәрі тек онлайн түрде қабылданады. Жер учаскесін бағдарламаға енгізу туралы өтініштер іQala порталына жолданады. Ал аукционға қатысуға тіркелу мемлекеттік тіркелім порталында жүргізіледі.

– іQala қандай жоба, оның артықшылығы қандай?

іQala – бұл тұрғындардың өмір сүру қолайлылығын арттыру үшін қалалық қызметтің бәрін «бір терезе» принципінде біріктіретін жоба. Бүгінде 77 қалалық қызмет осы орталықта көрсетіледі. Енді жыл соңына дейін көрсетілетін қызмет түрін 77-ден 140-қа дейін көбейту жоспарланып отыр. Ол тұрғындардың қысқа уақытта қызмет алуына септігін тигізеді.

– Сауықтыру кешендері фитнес орталықтарға қарағанда қолжетімді болуы тиіс. Өйткені ұлттың саулығы – бәрінен қымбат! Бірақ абономент сатып алуға елдің бәрінің жағдайы жете бермейді.

Бүгінгі күні қала бойынша 4 денешынықтыру-сауықтыру кешеннің жобасы әзірленіп жатыр. Оларда спорттық жаттығулар жасайтын залдардан басқа, адамдар өзара қарым-қатынас жүргізетін орталығын және әртүрлі жастағы адамдарға арналған үйірмелер, зейнет жасындағы адамдар үшін демалыс орталықтарын ашу ойластырылған.

– Сіздерде қандай әлеуметтік жобалар бар және келесі жылға қандай жобалар жоспарланған?

«Астана» ӘКК бүгін бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Оның ішінде жылы аялдама павильондарын орнату. Елордада қазіргі күні әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы желісі бойынша инвесторларды қатыстыра отырып, 17 павильон орнатылды. Ол тұрғындардың жүріп-тұруының қолайлылығын қамтамасыз етеді. Әр павильон қалалық бюджетті (10-12 млн теңгені) үнемдейді. Бұл жағдайда инвестор бизнес жүргізуге мүмкіндік алады. Аялдама павильонында коммерциялық алаң қарастырылған. Жылы павильондар тұрғындардың сұранысы бойынша тиісті орындарға орнатылады.

Қазіргі күні «Астана» ӘКК желісі бойынша ерекше қамқорлықты қажет ететін балалар үшін оңалту орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ инклюзивті балабақша салынуда. Жалпы «Астана» ӘКК-тың инвестициялық портфелінде 100-ден аса жоба бар. Біз тек қана әлеуметтік жобаларды ғана емес, қаланы дамытуға арналған барлық жобаларға қолдау көрсетуге әзірміз.

– Мобильді кофеханалар кімге қарайды? Оны қалай ашуға болады? Ондай көліктер кез-келген жерге тоқтап, қызмет көрсете бере ме? Тұрғындардың өз көліктерін соған ыңғайлап жасап алуына бола ма? Жалпы, мобильді кофеханаларға қойылатын талаптар қандай?

Біз қалалық әкімдікке «Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасы аясында жылжымалы сауда бойынша өз ұсынысымызды жолдадық. Бүгінгі Сауда туралы заңда жергілікті атқарушы билік жылжымалы сауданы қай жерде жүргізуге болатынын анықтайды деп қысқа ғана айтылған. Сөйте тұра, көше саудасына, көліктің оған сай жабдықталуына, стандартына, санитарлық талаптарына байланысты кеңестеріміз, ұсыныстарымыз бар. Саудагер өзінен не талап етілетінін нақты білуі тиіс. Кез-келген адам көшеде көлігін тоқтатып, сауда жасай беруге болмайтынын түсінуі керек.

– Тұрғылықты емес бөлмелерді әлеуметтік жобалар үшін жалға алуға болады деп естідік. Әлеуметтік осал топ санатындағы адамдардың құқығын қорғайтын қоғамдық бірлестікке бұл бағдарламаға қалай қатысуға болады.

Қала әкімдігінің ұйғарымымен осындай жобаларды жүзеге асыру үшін тұрғылықты емес бөлмелер «Астана» ӘКК-ке берілген. Біз ай сайын түрлі, қызықты ірі жобалар бойынша өтініштерді қабылдаймыз. Оның ішінде шахмат клубтары, Отбасына қолдау көрсету орталығы, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету орталығы т.б. бар. Аталған жобаларға қатысу үшін «Астана» ӘКК-ке өтініш жазу керек. Біз өтініш берушіге жан-жақты көмек көрсетеміз.



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх