• USD 362.5
  • EUR 412.9
  • RUB 5.45

Дабыл қағатын кез жетті

23 қаңтар, 11:05416
Автор: Elorda Aqparat

Әйелдер бедеулігі мен ерлердің белсіздігі туралы тақырыпты тарату үшін «University Medical Center» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы экстракорпоральды ұрықтандыру бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Гүлнар ӨТЕПОВАМЕН жолығып, әйел мен ерлердің денсаулығына қатысты жайттармен танысып едік.

Гүлнар ӨТЕПОВА,«University Medical Center» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы экстракорпоральды ұрықтандыру бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы

– 2010 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде мемлекет бюджеті есебінен экстракорпоральды ұрықтандыру үшін қаржы бөлініп келеді. Квота алғаш рет 100 адамға, одан кейін 200-ге көбейіп, осы жылдардың айналасында 950 адамға бөлініп отыр. 
  Өткен жылға дейін еліміздегі бес орталық, оның ішінде екі мемлекеттік және үш жеке эко-орталығы осы жеңілдік шеңберінде қызмет көрсетіп келді. Квота бір адамға жылына бір рет, бір бағдарламаға бөлінеді. Бұл ем-шарасы бір айға созылады. Егер салған бойда сәті түспесе, онда қайта кезекке тұрады. Ол үшін алдымен әйелге тұрғылықты жеріндегі емхананың маман-дәрігері «бедеулік» деген диагноз қойып, емдеудің басқа амалдары қалмағанда Экстракорпоральды ұрықтандыру орталығына жіберіледі деген шешімі керек. Сол жолдамамен облыстық денсаулық сақтау басқармасына барады. Олар тиісінше рәсімдеп, кезегі жеткенде  хабарлайтын болады.  
– Клиниканы таңдаудың ерекшеліктері бар ма? 
– Қай клиниканы таңдасаңыз да, емге кіріскен бойда квотаның ақшасы да түседі. Оның алдында арнайы рұқсаты бар бес орталықтың дәрігерлерімен кездесіп, оның оң нәтижелері мен көрсеткіштерімен танысуын  ұсынар едім.
Кейбір клиникалардың атағы елдің құлағында жүр. Дегенмен, үндемей іс бітіріп жүргендер де жоқ емес. Мемлекеттік мекемелер көп жағдайда пациенттерді тарту үшін жарнама жасай бермейді. Ол үшін ешқандай қаражат қарастырылмаған. Меніңше, олардың жарнамасы – қол жеткен жетістіктері. Біздер – сәбилі болған аналарымыз­бен мақтанамыз, дүниеге келген сәбилеріміз біз үшін жетістік. Соңғы үмітпен келген екі әйелдің бірі перзентті болып жатады. Біздер мұны қалыпты жұмысымыз деп қабылдаймыз. Осы істің басында жүргелі байқағанымыз, мемлекеттік мекемелерге басқа орталықтардан тіпті, шетелдік ЭКО-орталықтарынан еш нәтиже болмағандар алдымызға келіп жатады. Негізі, ЭКО арзан процедура емес. Көп уақыт пен қаржыны талап етеді. Соған қарамастан мемлекеттік клиникаларда салыстырмалы түрде алғанда арзанырақ екенін айтқым келеді. 
– Әйелдер бедеулігімен бірге ерлердің белсіздігі де қатар айтылып жүр ғой. Маман ретінде дабыл қағуға тұрады деп айтар ма едіңіз?
– Тек қана Қазақстанда емес, бүкіл әлемде ерлердің белсіздігі жайында  мәселе жиі көтеріліп жүр. Тіпті, жастар арасында аталық ұрығы мүлдем жоқ, немесе ұрықтың басқа да ауыр патологиясы барлары жиі кездеседі.
 Бұдан шығатын нәрсе алдағы уақытта адамзат генетика ғылымына қарап қалатын сияқты. Егер соңғы ширек ғасырда ұстанған өмір сүру салтынан безбесек, ішкен суымыз бен жеген асымыздың сапасына қарамасақ, онда ұлтымыздың болашағына қатер төнгелі тұр. 
Бұл мәселеде жастардың жыныстық қатынасқа қатысты ағартушылық-насихат жұмыстарын жүргізу қажет. Саламатты өмір салты жай айтылған сөз емес. Қазіргі 25 жасар жігіттің спермаларынан алпыстағы азаматтың шәуетінің медициналық көрсеткіштері көш ілгері.   
Бұрындары отыздың ортан белінен асқандар бедеулікке ұшырайды десек, қазір 25-30 жастағылардың арасында бедеу деген диагнозы барлар кездеседі.
– Қолдан ұрықтандыру сөз болғанда аталық ұрықтың қажеттігі көп айтылады. Шынымен де, экоорталықтарында шәует тапшылығы бар ма?
– Біздің сперма қорымызда басқа ұлт өкілдерінің спермалары жеткілікті болғанымен, қазақтардың  аталық ұрығы тапшы. Заңға сәйкес, 18-35 жас аралығындағы баласын дүниеге әкелген жігіттер болса, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының бірінші қабатындағы Эко бөліміне келіп, дәрігерлерге жолығуға болады. Біздің талабымыз психиатр, наркологта есепте тұрмауы тиіс. Қалған зерттеулерді осында жасаймыз. Егер сперма көрсеткіштері мен  параметрлері сай келсе, оны екі мәрте медициналық талдаудан өткізіп, карантинге қойып, алты айдан кейін тағы тексеріледі. Осы кезеңде бөгде  нышандары анықталмаса онда ол қорға алынады. 
Егер азамат тұрақты донор болғысы келсе, әрбір үш ай сайын өткізіп отырады. Бұл үшін оның денсаулығы жақсы болуы керек. Шәуеттің әрбір  порциясы үшін 12 мың теңге төлейміз. Стресс, ішімдік, никотин тағы басқа факторлардың әсерін ескере отырып, бұл істің жауапкершілігін жақсы түсінген жөн. 

Айгүл УАЙСОВА

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар


Наверх