Болат. Генетик, косметолог, кәсіпкер

25 қазан, 12:0999

Бүгінде, генетика саласы – қарқынды дамушы ғылым салаларының бірі. Тыртық пен күйікті емдеуге бағытталған регенеративті косметологияның жетістігі, генетика ғылымы мен кәсіпкерліктің байланысы жайлы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Болат Сұлтанқұлов Елорда инфо тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында ақпарат берді.

Болат СұлтанқұловГенетик

 - Болат, ғылым жолыңыз жайлы сөз қозғасақ...
- Мектеп қабырғасынан-ақ, «биология» пәні бойынша олимпиадаларға, ғылыми жобаларға қатыстым. Қанатжан Әлібековтың өмірбаянын оқып әскери ғылымға да қызыққаным бар, вирустарға қарсы ем іздеуді армандайтынмын. Мектепті тәмамдағаннан соң, «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Ноттингем университетінде «генетика» мамандығы бойынша білім алдым. Қазір Назарбаев университетінде «Биомедициналық инженерия» мамандығы бойынша PhD студентімін.
Кәсіби жолымды 2010 жылы «Микроорганизмдердің республикалық коллекциясы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында ғылыми қызметкер ретінде бастадым. Сонымен қатар, Назарбаев университетінің Ұлттық биотехнология орталығында жұмыс жасадым. 
Араға 4 жыл салып, өз кәсібімді бастау мақсатымен «Клеточная терапия» зертханасын және «Pomme de vie» компаниясын аштық. Осы сәттен бастап коммерциялық, практикалық ғылымға толыққанды кірістім. 
Елімізде алғашқысы болып регенеративті косметологиямен айналыса бастадық. 
Назарбаев университетінің ғалымдарымен бірге «Астана БиоМедГрупп» компаниясын ашып, псориазға қарсы A-psorin препаратын шығардық. Дәрі пилоттық режимде Алматы қаласында «А плюс» дәріханалар желілерімен бірге өндіріледі. 
Ғылым пайда алып келсе, нәтижелі болмақ. Нәтиже мен үшін жазылған мақалаларда емес, шығарылған сапалы өнімде.  
- Өнім жайлы айтып берсеңіз. Оның ерекшелігі неде?
- Бірінші өнім – фибробласт. Пациенттің құлағының артындағы теріні алып, зертханалық жағдайда тері жасушаларын бөлеміз. 1,5-2 ай аралығында жасушаларды өсіріп, кейін пациентке фибробластты инъекция түрінде қайта енгіземіз. Бұл процесс теріні жасартады, тыртықты тері жазылады. 
Аталмыш терапияны ең алғашқы болып 2008 жылы америкалық Fibracell компаниясы жасай бастады. Кейіннен технологияны Швейцария, Корея, Ресей, Украина, ал Қазақстанда – біз іске асыра бастадық. 
Екінші өнім – бағаналық май жасушалары. Пациенттен липосакция арқылы 20 миллилитр май алынып, зертханалық жағдайда бағаналық жасушаларды көбейтіп, 2-2,5 сағаттан соң алынған материал пациентке қайта енгізіледі. Бұл процедура егде жастағы адамдарға арналған. 
- Процедураның бағасы қандай?
- 300 мың теңгеден бастап өсе береді. Жараның орны, түріне, ұзындығына байланысты жасушалар саны есептеліп, бағасы шығарылады. Мәселен, блеферопластикадан кейінгі тыртық кішігірім болғандықтан, бағасы арзан болады. 
- Республика бойынша қанша клиника сіздің өніміңізді пайдаланады? Өнімдеріңізді шетелге экспорттайсыздар ма? 
- Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 8 клиникамен, сонымен қатар Шымкентте де бірқатар клиникалармен келісіміміз бар. Шетелге біз тек сарысуды экспорттадық. Девальвацияға дейін Украинаға тауар шығардық. Осы жылы кішігірім партияны тасымалдап, саяси-экономикалық жағдайға байланысты әзірге экспортты тоқтата тұруды жөн көрдік. 
- Бүгінде көптеген адамдар өзінің генетикалық кодын білуге тырысады. Генетикалық паспорт құрастырумен айналысасыздар ма?
- Айналыспаймыз, себебі екі кеменің басын ұстаған суға кетеді. Сосын, геномикамен коммерциялық бағытта айналыспас бұрын, қорғаныс жүйесінің мықты екеніне көз жеткізу керек. Бізде бұл саланы реттейтін орган болмағандықтан, генетикалық ақпарат жинауға бас сұққым келмейді. 
Бірақ өте қызықты бағыт деп ойлаймын. Болашақта генетикалық паспортты құрастыру қарапайым құбылыс болады, өйткені қазірдің өзінде оның бағасы қолжетімді. Осыдан алты жыл бұрын 10 мың доллар тұрса, қазір 1000 долларға түсті. 
- Мемлекеттік органдармен серіктестігіңіз бар ма? 
- Мемлекеттік органдармен серіктестігім жоқ. Бірақ өндірісті локализациялау бойынша жұмыс жасағым келеді. Қазір күйікті емдеу бойынша жоспарларымыз көп, импорттық тауарларды өз тауарларымызға ауыстыру ойымызда бар. 
- Сіздің пікіріңізше, ғылым саласында бизнесті дамыту үшін не қажет?
- Бірінші ретте нарық, тұтынушылар қажет. Мемлекет жасап жатқан нәрсе дұрыс, білімге ден қоюда, ақша салуда. Одан көп қаражат құю керек деп ойлаймын. Бұл үдеріс тез емес, қайтарымы тек 20 жылдан кейін болады.
Екіншіден, өз шикізатымызды шығарғанымыз жөн. Айталық, шамды елімізде өндіреді, енді шина, LED-дисплейлер, вентиляторлар, тоңазытқыштар жасау керек. Кейде ғарышқа ұшқымыз келеді, бірақ ракета құрастыруды үйренбедік. 

- «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қалай ендіңіз?

- «100 жаңа есім» жобасына қатысты «Болашақ» ассоциациясынан қоңырау соғып мені ұсынуға келісім сұрады. Мен өз келісімімді бердім. Жобаны ұтқанымда да таңғалдым, осындай нәтиже күтпедім. Өйткені, елімізде сегіз қырлы, бір сырлы адамдар өте көп. 
- Ғылым мен кәсіпкерліктен бөлек немен айналысасыз? 
- Менің релаксациям – отбасым. Бұрын музыкамен айналыстым. Домбыра, гитара, саксофонда ойнадым. Достарымның ортасында демаламын. 
- Ғылым адамы қиялшыл. Болашаққа деген жоспарларыңыз, армандарыңыз қандай?
- Жоспарлар өте көп, менің арманым 150-200 жыл өмір сүретін индустрия құрастыру. Өзімнің жасыма қарамастан, нарықты жандандырғаныма қуаныштымын. Бірақ менің мақсатым ауқымды. Мен глобал істерді жүзеге асырғым келеді. 
- Болашақ генетиктерге берер кеңесіңіз... 
- Өзіңізге деген сенімді жоғалтпаңыз. Айналаңызды тек жақсы адамдармен қоршаңыз. Бизнес экономикаға байланысты дамымайды, ешқандай жағдайға қарамастан дамиды. Сол секілді әрбір тұлға да қиындықтарға мойымастан даму қажет. Табысты болғыңыз келсе, көп оқыңыз. Қолға түскен кітаптың барлығын оқыңыз, ол әдет болып қалыптассын. Ғылым саласында жүрген, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жастарға қол ұшын созуға, кеңес беруге әрдайым дайынмын.

Әсел Ибадулла





Наверх