Әл-Фарабидің туған қаласы туристік нысанға айналады

12 қыркүйек, 10:54211
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Қазақстандағы мәдени-рухани туризмді дамытуда Түркістан облысындағы Отырар ауданының әлеуеті өте зор. Мысалы, Арыстан баб кесенесіне жыл сайын жүздеген, мыңдаған туристер ағылып келіп, зиярат етеді. Елорда Инфо тілшісі Түркістан облысы Отырар ауданының әкімі Әбдіғали Жүнісовпен сұхбаттасып қайтты. Әңгіме Арыстан баб кесенесінің кешегі және бүгінгі хал-күйі, Отырар қалашығын қазу, Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз туған Оқсыз қалашығын жаңғырту, Отырар ауданының туристік тартымдылығын арттыру сияқты мәселелер төңірегінде өрбіді.

Әбдіғали ЖүнісовОтырар ауданының әкімі

Шешіліп жатқан мәселелер көп

- Әбдіғали Айтжанұлы, Отырар ауданының аумағындағы туристік тартымдылығы жоғары нысандардың бірі – Арыстан баб кесенесі. Оның қазіргі хал-күйі қандай? Әңгімемізді осыдан бастасақ.

- Кеңес заманында атеизм деген ұстаным болған. Сол кезеңде Арыстан баб кесенесінің қараусыз қалғаны рас. Алайда, еліміз тәуелсіздік алған соң осы нысанмен қатар Отырар ауданындағы тарихи орындардың қайта жаңғыру дәуірі басталды. Ең алдымен, Арыстан баб кесенесін Мәдениет және спорт министрлігі өзінің теңгеріміне алып, арнайы қорық-музей құрылды. 2000-ші жылдардың басында жерасты суларының жоғары болуынан кесененің төменгі тұсы тұзданған. Мәселені шешу үшін, қаржы бөлініп, кесененің айналасына көлденең дренаж жүйесі салынды. Соның нәтижесінде мәселе оң шешілді. Осыдан 2 жыл бұрын, туристік тартымдылықты арттыру мақсатында сол кездегі аудан әкімі Ерлан Айтахановтың бастамасымен, облыс әкімі болған Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен ірі жоба жасалдық. Сол жобада абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарымен қатар заманауи инфрақұрылымдық нысандар, атап айтқанда әжетхана, жолаяқ, полиция қызметкерінің бөлмесі, ГИД-тер отыратын орын, туристер демалатын арнайы орындар салу жоспарланған. Бұл жоба қазір іске асырылуда. Сондай-ақ, кесене аумағына шағын сәулеттік формалар қойылуда. Биыл қыркүйек айының ортасына дейін осы жұмыстар толық аяқталады.

- Бұл жерде шешімін таппай отырған қандай да бір мәселелер бар ма?

- Қазір шешімін тауып жатқан мәселелер көп. Мысалы, Отырар қалашығында да дәл осындай жұмыстар атқарылуда. Облыс бюджетінен қаржы бөлініп, көне қаланың қаңқасы жасалуда. Барлық жұмыстар аяқталған соң, министрліктің құзырына тапсырамыз. Арыстан баб кесенесі мен Отырар қалашығының арасы 1,7 шақырымды құрайды. Осы аралықты абаттандыруға жобалық-сметалық құжаттама жасап жатырмыз. Өйткені, зиярат етуге келген адамдар көне Отырар қалашығы жөнінде мағлұмат алады. Ол жерге үш тілде жазу жазылады. Кесенеден қалашыққа бара жатқан жолдың бойынан шағын этноқалашық салуды ұйғардық. Этноқалашықта жолаяқ, көне қолөнер шеберлерінің бұйымдарын жасайтын цехтар, бұйымдарды сататын орындар болады. Облыс әкімі Өмірзақ Шүкеев ауданымызға арнайы іссапармен келгенде осы жобаларды таныстырдық. Әкім мақұлдап, келер жылдың бюджетінен қаржы бөлетінін жеткізді. Тағы бір мәселе, кесененің айналасында бос жерлер бар. Сол жер зиярат етушілерге, туристерге қолайлы болуы үшін, су ішетін, демалатын орындар салуды жоспарлап, жобаны облыс бюджетіне ұсындық. Маусым айында мен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қабылдауында болдым. Министр қолдап, келісімін берді.

Отырар өркениетіне қызығушылардың саны артады

- Отырар қалашығын Турфан, Помпей сияқты әлемге танымал туризм орталығына айналдыруға мүмкіндіктердің бар екені жиі айтылады. Осы мәселені Парламент мінберінен жиі-жиі көтеріп жүрген Сенат депутаты Әлімжан Құртаев ағамыз қазақ баспасөзіне берген сұхбатында: «Отандық археологтардың ақсақалы Карл Байпақовтың айтуынша, Отырартөбені 2-3 жылда қазып, топырақтан аршып алуға болады. Ал сол аршып алған жердегі, топырақтың астындағы құнды дүниелерді сақтау мәселесін қалай шешеміз? Жазда жаңбырдың суынан, қыста қардан қалай қорғаймыз? Климаттың әсерінен жердің астынан қазып алынған нәрселер тез бұзылады. Қазір археологтарымыз осы мәселені шешудің алуан түрлі жолдарын қарастыруда» деген пікірін білдірген еді. Архелог-мамандар осы мәселені шешудің жолдарын тапты ма?

- Сенатор Әлімжан Құртаев 2005-2009 жылдары аудан әкімі қызметін атқарып, Үкіметтің «Көне Отырарды қалпына келтіру» атты қаулы шығаруына ұйытқы болды. Сол кезеңде Сіз айтқандай, Отырар қалашығын ашық аспан астындағы музей ретінде ашу жобасы жасалды. Жобаның құны 34 млн. теңгені құрады. Бірақ экономикалық және басқа да жағдайлардың салдарынан ол тоқтап қалды. Меніңше, сол жобаларды қайта қолға алатын уақыт жетті. Бұл іске Елбасы жариялаған «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалары оң әсерін тигізері сөзсіз. Көп ұзамай Отырар қалашығын мемлекеттік деңгейде қамқорлыққа алып, тарихын терең ашып, туристердің назарына ұсынатын күн туады. Шындығын айтсақ, біз Отырардың тарихын толық білдік, зерттедік дей алмаймыз. Себебі, архелогтар мен тарихшыларымыз дәлелді заттармен елге паш етпесе, құр сөзге ешкім сенбейді. Рухани құндылықтарды өз деңгейінде қастерлеп, тарихымызға, мәдениетімізге қатысты мәліметтер көбейген сайын, Отырар өркениетіне қызығушылардың да саны артатыны анық. Расында да біздің климатта (жауын-шашын, Күннен және желден қорғау) қазып алған қалашықты сол күйінде сақтау қиынға соғады. Қазір қалашықта қазу жұмыстары жалғасуда. Айта кетейін, Отырарды қазу жұмыстары Кеңес заманында, 1920 жылдары басталған еді. Бұл жердегі мәселелер әуелі саясатқа, қаражатқа келіп тіреледі. Келер жылы Отырар шайқасының 800 жылдығы деген тарихи дата бар. Қазір құзырлы министрлікпен бірлесіп, сол датаны атап өтуді ойластырып жатырмыз.

Оқсыз қалашығы туристік кешенге айналады

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өтуді, Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтуде ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеу керектігін айтты. Отырар – Ұлы даланың ұлы тұлғасы, ұлтымыздың мақтанышы – әбу Насыр әл-Фарабидің туған жері. Осынау айтулы датаға орай Отырарда қандай іс-шаралар жүзеге асырылады?

- Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтеді. Біз бұл мерейтойға қандай тарту жасай аламыз дегенге тоқталайын. Осы арадан (Арыстан баб кесенесі) төтесінен жүргенде 24 шақырым жерде Оқсыз деген қаланың орны бар. Тарихшылар оны Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың кіндік қаны тамған жер деп белгілеп отыр. Облысты Асқар Мырзахметов басқарған кезде Арыстан бабтың басынан сол Оқсыз қалашығына дейін тікелей тас жол салайық деген жоба жасадық. Бірақ оны іске асыруға көп қаражат қажет болғандықтан, жұмыс тоқтап қалды. Ал, Оқсызға тікесінен емес, айналма жолмен баратын болсаңыз, 70 шақырымдық жер. Сол тас жол жөнделген. Біз Оқсыз қалашығының басын абаттандыруға арнайы жоба жасадық. Аудандық бюджеттен қаражат бөліп, жоспарлау жұмыстарын аяқтадық. Құны 300 млн. теңгені құрайды. Қорық-қалашықта не салынады? Әрине, ең алдымен бүгінгі заманғы талаптарға сай қызмет көрсетілуі тиіс. Біріншіден, қалашыққа келген адам тарихи деректерді білгісі келеді. Сол себептен қалашық туралы толыққанды мәлімет бірнеше тілде жазылуы керек. Екіншіден, қысқа метражды тарихи фильмдер көрсетіледі. Тарихи деректерді, фильмді таныстыратын, түсіндіретін ГИД-мамандар жұмыс істейді. Үшіншіден, сол жерге қонғысы келетін туристерге қолайлы жағдай жасалады. Ол үшін арнайы абаттанған бөлік салынады. Ол бөлікте отандық, шетелдік туристерге толыққанды қызмет көрсететін кешен (қонақүй, автокөлік тұрағы, электр қуаты, су жүйесі, демалыс орындары және т.б.) болады. Қазір ол жер жәй ғана дала. Сондықтан әуелі тас жол салуды ойластырып қойдық. Қалған жұмыстары одан әрі жалғаса береді. Осылайша, алдағы жылы тойланатын әл-Фараби бабамыздың мерейтойына тарту жасағымыз келеді. Біздің мақсатымыз – тамыры тереңге кететін Отырар, Оқсыз қалашықтарының тарихын әлемге таныстыру арқылы туристік тартымдылықты арттыру.

Шетелдік туристердің саны ұлғайып келеді

- Әбдіғали Айтжанұлы, Арыстан баб кесенесіне бір жылда қанша зиярат етушілер, туристер келеді? Қандай шетелдерден туристер көп келеді? Туристер ең алдымен қандай мәселелерге назар аударады?

- Өткен жылы Арыстан баб кесенесіне 3400-3500 адам келді. Бір қуанарлығы, биыл 7-8 айдың ішінде 2018 жылдың 12 айындағы көрсеткішке қол жеткіздік. Көңілге медет болатыны, бұл жерге тек Қазақстаннан ғана емес, шетелдерден келетін туристердің саны көбеюде. Соңғы кездері Франция, Малайзия, Канада, Ресей, Грузия сияқты елдерден туристер көп келеді. Олардың дені әуелі Самарқан, Бұхараға барып, көне Отырар қалашығы туралы ақпарат алады. Сөйтіп, көне Отырарды өз көзімен көруге жолға шығады. Әрине, бұл жерде инфрақұрылым мәселесі бірінші орында тұр. Кез-келген турист жол жүреді. Қай жердің жолы жақсы, қай жердікі нашар екенін жазбасында көрсетеді. Айта кетейін, Шымкент-Түркістан бағытындағы республикалық маңызы бар автокөлік жолы орташа жөндеуден өтіп, жақсарды. Қазір облыс әкімінің шешімімен Арыстан баб пен Түркістан қаласының арасындағы тас жолды 1-ші санаттағы жолға ауыстыру туралы жобаға байқау жарияланды. Яғни, алдағы уақытта бұл жерде 4 жолақты, бір бағыттағы жол болады. Шымкенттен шығып, Арыстан баб кесенесіне келе жатқанда Төрткүл ауылының тұсында «Отырар қалашығы. Арыстан баб кесенесі» деген көрсеткіш тұр. Жазу үш тілде жазылған. Бұлардың бәрі туристік тартымдылықты арттыруға бағытталған іс-әрекеттер. Ертеңгі күні жоғарыда айтылған барлық мәселелер шешімін тауып, ойға алған жоспарларымыз, идеяларымыз іске асқан кезде туристік тартымдылықтың арта түсетініне кәміл сенімдімін. Отырар ауданын дамытудың негізгі идеологиясының екі бағыты бар. Бірі – мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайту, екіншісі – туризмді өркендету. Болашақта осы жобалар сәтімен іске асырылып, бізге жүктелген мақсат-міндеттердің үддесінен толық шыға аламыз деп сендіремін!

- Салиқалы сұхбатыңызға көп рақмет!



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх