• USD 385
  • EUR 434

Денсаулықты күту - әр адамның қоғам алдындағы борышы

16 тамыз, 11:34161
Автор: Elorda Aqparat
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Елордадағы емханалар «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында  дәрігерлердің қабылдауына смарт-қосымша немесе бірыңғай call-орталық – 109 арқылы алдын ала жазылу арқылы «кезексіз» жұмыс режиміне көшті. Емдеу мекемелері медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жұмыс жүргізуге жұмылдырылуда. Осы ретте, көп жылдық тәжірибесі бар дәрігер, Астана медицина университетінде болашақ медицина мамандарына дәріс беріп жүрген ұстаз, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ерболат Дәленовті сөзге тарттық.

Ерболат Дәленовмедицина ғылымдарының докторы, профессор

- Ерболат Дербісәліұлы, еліміздің денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосып келе жатқан ардагер-дәрігерлердің бірі ретінде Медициналық сақтандыру жүйесі туралы өзіңіздің пікіріңізді білсек?

- Медициналық сақтандыру жүйесімен еліміздің денсаулық сақтау саласындағы қордаланған мәселелер шешіледі. Біріншіден, жүйенің қаржылық-экономикалық негізі қалыптасқан. Екіншіден, денсаулық сақтау саласын цифрландыру барысында медициналық қызмет көрсету жүктемелері жеңілдеп, уақыт ұтымды пайдаланылады. Үшіншіден, науқас пен дәрігер арасында дифференциалдық қарым-қатынас орнайды. 

Медициналық сақтандыру – халықтың денсаулығын қорғау жүйесі. Дамыған елдердің көпшілігінде денсаулық сақтау саласында осы жүйе қолданылады.

Мемлекет бұл мәселеде қарапайым халыққа қолайлы жағдайлар қарастырып, ұтымды және жақсы мүмкіндіктер жасап отыр.  Әр адамның денсаулығы өзінің қолында. Мысалы, шетелдерді, дамыған елдерді қарайтын болсақ, олардың жергілікті тұрғындарының барлығының дерлік өз денсаулықтарын күту туралы білімі мол. Денсаулықты сақтау мәдениеті жағынан біздер Америка, Жапония елдерінен 25 жылға  қалыс қалдық. Денсаулық мәселесіне соңғы 10-15 жылда ғана көңіл бөлінуде. 

- Ерболат Дербісәліұлы, әр адам денсаулықты күту, ауруды болдырмау үшін не нәрсеге мән берген жөн?

- Ауруды болдырмас үшін ең бірінші денсаулықты қалай сақтау керек, қалай күту керек - сол мәселелерге көңіл бөлу керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымы бойынша денсаулықтың 53 пайызы - адамның өзінің өмір сүру салтына байланысты, 18 пайызы - сыртқы ортаға байланысты, 18-20 пайызы - адамның тегіне байланысты, қалған 5-10 пайызы ғана - денсаулықты сақтау ұжымдарына байланысты. Міне, сондықтан да өмір сүру салтымызды өзгертуіміз керек.

- Жалпы сау ағзаны бұзатын қандай факторлар?

- Сау ағзаны бұзатын факторларды екіге бөлуге болады: сыртқы қатерлі, зиянды факторлар және ішкі факторлар. 

Сыртқы қатерлі факторлар өте көп: климатқа, ауа райына байланысты факторлар, механикалық факторлар, биологиялық факторлар, инфекциялардың, микробтардың әсерлері. Онан кейін химиялық факторлар, әртүрлі өнеркәсіптегі химиялық заттардың әсері, сосын экологиялық мәселелер, жұмыс орындарындағы мәселелер, т.б.

- Ерболат Дербісәліұлы әр адам «Денсаулық әліппесін» неден бастағаны абзал?

Денсаулық әліппесі:

- ең бірінші, жеке бас гигиенасынан басталу керек;

- екіншіден, дұрыс тамақтану керек, дұрыс ұйықтау керек;

- жұмыс орындарындағы гигиеналық тазалықтың дұрыс сақталуын ескеру керек;

- көп жұмысты мойынға алмау керек, нақты бір-екі жұмыспен ғана айналысу керек. Көбінесе барлық жұмысты бірден, қатар атқарамын дейді де, адам өзінің жүйкесін тоздырып алады;

- әр адам өз денсаулығын сақтау үшін салауатты өмір салтын қалыптастырып, денесін шынықтырумен айналысуы керек.

Дені сау болу дегеніміз – ол адамның кез келген сыртқы орта жағдайында ұзақ өмір сүре білуі, бейімделу процестерінің жеткіліктілігі, ішкі орта тұрақтылығының сақталуы, дұрыс тамақтануы, қатерлі факторларға қарсы тұру қабілеттілігі, төзімділігі. Денсаулығын күту - бүгінгі әр азаматтың қоғам алдындағы борышы. Ал, ауыра қалсаңыз, дәрігерге кешікпей жету керек. Ол үшін медициналық сақтандыру жүйесінде барлық жағдай қарастырылған.

- Ерболат Дербісәліұлы медициналық сақтандыру жүйесі туралы пікір білдіргеніңіз үшін, денсаулықты күту жайында ақыл-кеңестер бергеніңіз үшін рахмет! Есен-сау болыңыз!

 



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх