Кәсiпкерлiк менеджмент көкжиегi

Мемлекеттiң бизнес сектордың әлеуетiн дамытуға бағытталған бастамасының бiрi – «Iскер байланыс» жобасы. Бұл – «Бизнестiң жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберiнде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаның бiрi. Аты айтып тұрғандай, ол – ел кәсiпкерлерiнiң әлеуетiн көтерiп, олардың бiр-бiрiмен iскер байланыс орнатып, шетелдiк компаниялармен қарым-қатынас орнатуына мүмкiндiк берудi көздейдi.

Мiне, бүгiнде осы жобаға қатысамын деген кәсiпкерлердiң өтiнiшi қабылданып жатыр.
«Жол картасының» аясында мемлекет кәсiпкерлерге қаржылық қолдаудан бөлек, қаржылық емес қолдау да көрсететiнi туралы бұған дейiн де жазғанбыз. «Iскер байланыс» атты жобасындағы жұмыс екi бағыт бойын-ша жүргiзiлуде. Әуелгiсi – Қазақстанның iшiнде жүзеге асырылады. Атап айтсақ, бизнес-тренингтер өткiзiлiп, заманауи әдiспен бизнес ашудың қыр-сырын үйрету, бизнес жоспар құру, шетелден iскер серiктестер iздеу және әрiптестермен байланысты нығайту үйретiледi.
Сондай-ақ, бiрiншi сатысында кәсiпкерлер отандық жоғарғы оқу орындарында бiлiктiлiктерiн арттырады. 2011 жылы қаланың 70-ке жуық кәсiпкерлерi тегiн оқуға өтiнiш бiлдiрген. Елордалық кәсiпкерлер басқа да аймақтардан келген ШОК өкiлдерi сияқты «Назарбаев Университетiнде» топ менеджмент курсын өтедi. Өткен жылы 6 астаналық кәсiпкердiң аталмыш оқу орынында Американың Дьюк университетiнiң ұстаздарынан дәрiс алғаны бар. Олар өздерi құрған бизнес жоспарын шетелдiк сарап-шылардың алдында қорғап, сертификат алды.
Iскерлiк қарым-қатынастың екiншi бағыты – кәсiпкерлердi отандық оқу орындарында Америка мен Германиядан келген мамандардың оқытуы. Алдымен өзiмiздiң оқу орынында оқып шыққан олар, шетелге белгiленген мерзiмге iссапарға барып, ондағы iрi кәсiпорындарда тәжiрибе алмасып, сынақ мерзiмiнен өтiп қайтатын болады. Жалпы, мұндай тәжiрибе әлем бойынша бiзден басқа елде бар деп айту қиын. Сондықтан, «Жол картасының» тың бағыты деп айтуға негiз бар. Өйткенi, отандық кәсiпкерлердiң өзiмiздегi, одан қалса шетелдегi оқуы бағдарлама шеңберiнде мемлекет қазынасынан төленедi.

Айнұр ШОШАЕВА