Туризмді неге дамыта алмай отырмыз

24 қыркүйек, 09:02186
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Еліміздегі туризмді жоғары деңгейде дамыта алмай отырғанымыз рас. Сол себептен туризм экономикамызды алға сүйрейтін салаға айнала алмай келеді. Бұған не себеп? Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та халыққа Жолдауында Қазақстандағы экологиялық және этнотуризмді дамытуға ерекше назар аудару керектігін Үкіметке тапсырды. Мемлекет басшысы атап айтқандай, туризм дұрыс өркендеуі үшін, ең алдымен инфрақұрылым, одан кейін білікті мамандарды даярлау деген мәселелер рет-ретімен шешілуі тиіс. Бір қынжыларлық жайт, елімізде жыл сайын бұл мәселе биік мінбелерден айтылып, жиындарда талқыланып, түрлі құжаттар мен бағдарламалар жасалса да, туризмді шын мәнісінде жоғары деңгейге көтере алмай қойдық. Осы тақырыпқа салыстырмалы талдау жасап көрелік.

Қорғалжын мен Аланьяны салыстыруға келмейді

Өткен жылдың жазында ұжымдағы әріптестеріммен бірге Қорғалжын қорығында демалған едік. Асан қайғы бабамыз желмаясымен Cарыарқаны аралап келе жатып Қорғалжынды көргенде: «Кедейі кербез, кемпірі мен келіншегі ғұмырында мұқтаждық көрмейтін жер екен. Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған, халқы тыныш, базары мол, қайғысы жоқ, қызығы көп жер екен» деп сипаттапты. «Қорғалжынға барамыз» дегенде көнеден құлағымызға сіңген осы сөз еске түсіп, құт қонған өлкені көруге құмарттық.

Түс ауа қорыққа да жеттік. «Қаражар» кордонының арғы жағында Теңіз көлі жарқырап жатыр. Қорық аумағында балық аулауға, суға шомылуға рұқсат жоқ. Бірақ заманында Кенесары хан көлге түсіпті. «Бұл жерде Кенесары хан Ұлытауға барар жолда дем алған. Сол себепті көл халық арасында Сұлтанкелді деп аталды» деген жазу – соның айғағы. Кордонда Дінмұхамед Қонаев атамыздың саяжайы тұр. Бұл алаптағы көлдердің саны оннан асады. Әр көлдің тарихы бар. Ол тарих ұлы тұлғалармен айшықталған..

Теңіздің жағасы – ғажайып бір әлем. Бірақ адам баласының жанашырлығынан құр қалғандай әсер етті. Бәлкім, аң-құстарды үркітпес үшін дұрыс та шығар. Алайда Теңіз көліне салынған тозығы жеткен көпір көңілімді құлазытты. Өзге ұлттікі болса, мұндай айдын көлдің айналасын жайнатып-ақ қояр еді. Сонда да сынған көпірмен жүрдік. Көл жағасы батпақты, балдырлы екен. Көз ұшында аққу-қаздар жүзіп жүр. Төбемізден тырналар ұшып өтті. Айтпақшы, бұл жердің бұлттары да өзгеше екен. 

Биыл отбасыммен бірге Жерорта теңізінің жағалауында демалудың сәті түсті. Ежелгі және заманауи өркениеттің ордасы – Аланьяны көргенде Қорғалжын қорығымен, Бурабай шипажайымен салыстырдым. Айырмашылық жер мен көктей. 2500 жылдық тарихы бар ғажайып қала жер бетіндегі туристерді магнитше тартатынын көзбен көрдік. Жерорта теңізінің жағалауындағы әлемдегі ең танымал, ең әсем қаланың тарихы да керемет.

Ескі қаладағы экскурсиямызды Фрац атты гидіміз жүргізді. Таң қаларлығы, ежелгі өркениеттің белгісі сол күйінде сақталған. Аспалы жолмен жоғарыға шыққанда Аланья алақандағыдай көрінді. Ескі қаладағы тар көшелермен жүрдік. 19-20 ғасырларда салынған әдемі үйлер, мешіт, мәдениет үйі бүгінге дейін бұзылмай жеткен. Жергілікті тұрғындар ескі қаланың көшелерінде саудасын қыздырып отыр. Фрац атты ГИД-іміз қаланың ғаламат тарихын ерекше ықыласпен әңгімелеп берді.

Ежелгі өркениеттің барлық қалалары биік таулардың басына салынған. Ондағы басты себеп - қауіпсіздік. Ежелгі бекіністі б. з. д. 4 ғасырда гректер тұрғызған. Қаланың негізі құл саудалаудан қаланған. Алайда археологиялық зерттеулерде бұл жерде шамамен 20 мың жыл бұрын адамдар өмір сүрген деген де деректер кездеседі. Ежелгі заманда қала екі облыс - Панфилия мен Кликияның ортасында орналасқан. Кликияда қарақшылар, ал Панфилияда әр ұлттан құралған қарапайым халық өмір сүрген. Рим империясының тұсында қала Каракешуим деп аталады. Грек тілінен аударғанда «ұзақтар мекені» дегенді білдіреді. Алыс елдерден ұшып келген ұзақтар ұя салады. Құстармен ілесіп келген адамдар ұзақ жол жүріп, жеткен жерді «жердегі жұмақ» деп атаған. Осы жерге тұрақтап, қала салады.

Византия империясы тұсында қала атауы Колонорес болып өзгереді. Византия билеушісі Пирфак жан-жағынан таулар қоршаған ғажайып мекенді «Әдемі тау» деп атайды. Ал 13-ші ғасырда бұл жерге түрік-селжүктер басып кіреді. Түрік сұлтаны Әлеутдин Кейқуаттың қаланы византиялықтардан тартып алуының тарихы өте қызықты. Ол заманда қаланың орнында тау, қалың орман ғана болған. Кейқуат сұлтан византиялықтардан айласын асырады. Ол бір оқ шығындамай, ұрыссыз бекініс-қалаға басып кіреді. Түрік сұлтаны таудағы 20 мың жабайы ешкілерді ұстап, мүйізіне екі метрлік факель байлайды. Түнде таудан төмен ешкілерді бекініске қарай жібереді. Оны қалың, жойқын әскер деп ойлап, зәресі қалмаған византиялықтар бекіністі тастай қашады. Сөйтіп, Әлеутдин өз есімінің құрметіне қаланы Ала Ие деп өзгертеді. 1933 жылы Түркияның негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүрік қала атауын Аланьяға ауыстырады. Ұзындығы шамамен 650 шақырымға созылып жатқан ғажайып таулар Аланьяны суық желден қорғайды. Биіктігі шамамен 2 мың метр. 

Аланьяның ғажайыптары көп. Солардың бірі - Дамлаташ үңгірі. Бұл үңгір бекініс-қалашықтың кіре берісінде орналасқан. Табиғи үңгірдің ғажайыбы сол - емдік қасиеті зор. Дамлаташ түрік тілінен аударғанда "тамшы тас" дегенді білдіреді. Сталактит тамшылары жерге тамбастан қатып қалыпты. Әсіресе астмамен ауыратын адамдарға шипасы мол көрінеді. Үңгірдің ауасы тамаша, бірден тынысың кеңеяді. Аланьяның тағы бір тамашасы - Дим үңгірі. Ол қаладан 15 шақырым жерде тұр. Үңгірдің ұзындығы - 450 метр. Ежелгі өркениеттің белгісі бар үңгірдің құпиясы - әр адамның өз жан дүниесінің қатпарларына үңілуге мүмкіндік береді. Шетелдік туристер ол жерде түнгі мезгілде пикник жасайды. Табиғатпен оңаша қалып, сырласады. 

Бурабайдың бағын өзіміз байлап отырмыз

«Арқада Бурабайға жер жетпейді» деп Мағжан ақын жырлағадай, қазақтың Бурабайының табиғатына тең келерлік табиғат жоқ. Алайда, Бурабайды Аланья сияқты әлемдегі әйгілі шипажайға айналдыра алмауымыздың себебі неде? Біріншіден, бізде туристерге көрсетілетін қызметтің сапасы төмен. Екіншіден, инфрақұрылым әлемдік деңгейде туристерді қабылдайтындай деңгейде емес. Бұл орайда күллі әлемді таңқылдырған түріктерден үйренеріміз көп.

Мәселене, Түркиядағы ең әдемі қонақүйлер мен жағажайлар Аланьяда орналасқан. Қазір жұмыс істеп тұрған қонақүйлердің саны 530-дан асады. Теңіз жағалауындағы әрбір қонақүйдің өз жағажай аумағы бар. Жағажайда суға шомылып, күнге қыздырынып қана қоймай, адамға қажетті барлық қызметтерді тұтына аласыз. Ас-дәмін ішесіз, суда қайықпен серуендейсіз, волейбол ойнайсыз.

Жыл сайын Түркияға келетін туристердің саны артып келеді. «ТезТур» туристік компаниясының мамандары берген мәлімет бойынша, 2018 жылы Түркияға демалуға 950 мыңнан астам ресейлік туристер келіпті. Ал 2019 жылдың шілде айында Ресейдің әр жерінен келген туристердің саны 1 млн-нан асып кеткен! Рекордтық көрсеткіш деген осы! Біздің Бурабайымызға бір айда қанша турист келетінін білеміз бе? Жоқ.

Демалыс маусымының басында Түркияға Германиядан туристер ағыла бастайды. Әсіресе, егде жастағы адамдар көп келеді. Олар үшін бұл жер – әрі арзан, тиімді, жанға жайлы демалатын мекен. Тіпті, неміс туристері осы жерде қыстап, көктемде немесе жазда еліне оралады. Өйткені, олардың өз елімен салыстырғанда Түркиядағы коммуналдық төлемдер екі есеге дейін арзан көрінеді.

Аланья сияқты шипажай-қаладағы демалыс маусымы мамыр айындағы мерекелерден кейін қыза түседі. Мамыр мен қазан айына дейін созылатын маусымда туризмнің «қазаны» бұрқ-бұрқ қайнайды.Әсіресе, маусымның шарықтайтын шағы – шілде, тамыз айлары. Қырқүйекте бархат маусымы басталады. Күннің ыстығы қайтып, бірақ судың температурасы жып-жылы күйінде сақталады.

Жағалаудағы қалада қонақүйлердің құрылысы да көз ілеспес жылдамдықпен жүргізіледі екен. Мысалы, демалыс маусымының басында құрылысы басталып, соңында адамдарға қызмет көрсетуге кірістін отельдер көп. Айтпақшы, Аланьяда қазақ туристердің де біразын кездестірдік. Тіпті, соның ішінде Түркияға 20 рет барып, демалғандары да бар. Бұл – туристерге көрсетілетін қызметтің сапасының аса жоғарылығы шығар.

Туризмді түлеткен түріктерден үйренетін нәрсеміз көп. Мысалы, қонақүй салғанда оның жанына бассейн, бар, сауда нысандары, жағажай, мейрамхана салуға болады. Түріктердің «Все включено» деген тәжірибесі күллі әлемдегі туризмді өркендеткісі келетін елдерді қызықтырып отыр. Бір байқағаным, биыл Түркиядағы демалыстың құны қымбаттағанына қарамастан, қонақүйлерде бос орын жоқ.

 



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх