Туризм - ел дамуының болашағы

23 қыркүйек, 10:20198

Әлемдік маңызы бар шараларды үзбей өткізіп келе жатқан Нұр-Сұлтан қаласына тағы бір халықаралық жиналыстың түселі түсті. Атап айтқанда, елордада PATA Travel Mart 2019 Азия-Тынық мұхиты елдерінің халықаралық туристік көрмесі ашылды. Аталған шара соңғы 68 жылда алғаш рет Азия-Тынық мұхиты аймағынан тыс жерде өткізіліп отырғанын айтпаған күннің өзінде, Қазақстан ТМД елдерінде бұл көрмені өткізу мүмкіндігін алған алғашқы мемлекет ретінде тарихта қалды, деп хабарлайды Елорда Инфо «Аstana-akshamy» газетіне  сілтеме жасап.

Бас қалада туризм қарқынды дамуда

Әлемнің 60 елінен турис­тік индустрияның 1000-нан астам өкілі қатысқан көрмені ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ұйымдастырды. Үш күнге (18-20 қыркүйек) жоспарланған айтулы шараның ашылу салтанатында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елорданың туризм саласы өте қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. «Соңғы 10 жылда елордада туристер мен қонақ үйлер саны еселеп артты. Биыл Нұр-Сұлтан Mastercard компаниясының үздік 200 туристік бағыты рейтингіне алғаш рет енді. Сондай-ақ жаңа әуежай терминалының ашылуы жолаушылар ағынын 3,5 есеге көбейтуге мүмкіндік берді. Қазір біздің әуежай жылына 8 миллион туристі қабылдай алады» деді әкім.

Мемлекет Басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытау сапарында туризмге ел экономикасының негізгі саласы ретінде ерекше көңіл бөлуді айрықша атағанына тоқталған Алтай Көлгінов Президенттің тапсырмасымен биыл астанамызда Халықаралық туризм және қонақжайлық университеті ашылатынын жеткізді, әрі елорданың туризмін дамытудың үш негізгі бағытын баяндады.

«Бірінші бағыт – оқиғалық, іс-шаралар туризмін дамыту, әлем чемпионаттарын көптеп ұйымдастыру. Мысалы, қазір Нұр-Сұлтанда күрестен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Маусым айында Орталық Азияның Comic Con фестивалі өтті. Шілде айында дәстүрлі Ironman өткіздік. Екінші бағыт – медициналық туризм. Халықаралық сарапшылар Нұр-Сұлтанда медициналық туризмнің үлкен әлеуетін көріп отыр. JSI аккредиттеген жеті ұйымның алтауы біздің астанамызда орналасқан. Үшіншіден, Нұр-Сұлтан Еуразиядағы үздік көрме орталығы. Біз Халықаралық конгресстер мен конференциялар қауымдас­тығының Еуразиядағы ең ірі мүшесіміз. Халықаралық деңгейдегі шаралар шетелдік қонақтарды көбейтіп қана қоймай, қала экономикасының дамуына ықпал етеді» деді А.Көлгінов.

Көрмеден күтеріміз көп

1951 жылы құрылған Ази­я-Тынық мұхиты елдерінің туристік ассоциациясы (PATA) өңірлік туризмді дамытудың маңызды қозғаушы күші саналады. 800-ден астам мүше ұйымды қамтитын PATA-ның жергілікті және халықаралық туристік нарыққа арналған коммуникациялық, іскерлік және нетворкинг алаң екенін ескерсек, бұл көрме қазақстанның туризм шаруашылығының дамуына тың серпін беріп ғана қомай, отандық туризм өнімдерін насихаттауға бағытталған халықаралық байланысты нығайтудың тамаша орайы болатыны даусыз.

Көрмеге 32 елден 250 туроператор келді. Олар өз елінің үздік өнімдері мен ерекше тағамдарын таныс­тырумен қатар, туристік қызмет көрсететін салаларын да жарнамалауға мүмкіндік тапты. Сондай-ақ көрме аясында Tax Free Қазақстанның туристерге салықсыз жүйесі іске қосылды. Іскерлік кездесулерге арналған нетворкинг-платформа және іскерлік форумдары да өтті. Көрмеге қатысқан Қазақстан турис­тік компаниялары да өте белсенді, еліміздегі танымал саяхат орындарын, ұлттық өнімдерді таныстырып, шетелдік әріптестерімен байланысты нығайту үшін барлық мүмкіндіктерін пайдаланып жатқаны көрініп тұрды.

Қазіргі таңда дүниежүзілік сипат алған туризм саласы тек табиғатпен ғана шектелмей, тарих пен мәдениеттің тартымдылығымен, салт-дәстүрдің даралығымен де ерекшеленіп отыр. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстанның Орта Азияның туристік шаңырағына айналуына еш қиындық жоқ екенін көрмеге келген тәжірибелі мамандар мен қонақтар да айтты. Солардың бірі – PATA Travel Mart 2019 көрмесінің спикері, «Air Astana» әуекомпания­сының бас директоры Питер Фостер еліміз туризмнің бүгіні мен болашағы туралы тоқтала келіп: Бұл шара Қазақстанда алғаш рет өтіп отыр. Демек Қазақстан жаңа көкжиектерді ашуға мүмкіндік алды. Азия қазір туристерге ашық өңір. Бұл құрлыққа жиі саяхаттайтын туристер де көп. Қазақстанның туризм саласы енді ғана ашыла бастады. 14 жылдық тәжірибем бойынша айтқанда, Қазақстан өте керемет ел. Тарихы тәлімді, табиғаты әсем. Адамдары қонақжай. Әлемдік дамудың алдыңғы легінде тұрған бұл ел болашақта туризм дамыған елге айналады,– деді.

Көрме кезінде елордада әлемдік бизнес қауымдастық өкілдерімен көптеген кездесулер өткізіліп, аса табысты болғанына ризашылық білдірген PATA төрағасы Chris Bottrill да бұл жолғы көрменің Қазақстан үшін маңызы зор екен айырықша атады. «Қазақстан жер көлемі жағынан әлемдегі 9-шы орын алатын үлкен ел. Мұнда құс қанаты талатын сайын дала, ерекше табиғат бар. Туризм бизнесін дамытуға барлық жағдай жасалған. Көрме аясында өткен кездесулердің негізгі мақсаты да Қазақстан мен шетелдік туроператорлар арасындағы ынтымықтастықты ілгерілету, туризм саласындағы байланысты нығайту» деді ол.

Ішкі туризм ілгері бассын десек…

Соңғы жылдары елімізде ішкі туризмнің дамуында оң беталыс байқалды. Әсіресе, Президенттің «Ішкі туризмді дамытайық, қазақстандықтар Қазақстанда демалсын» деген бастамасынан бері бұл саланың да бойына қан жүгірді. Мәселен, 2018 жылды 2017 жылмен салыстырғанда ішкі туристер саны 5,4 пайызға өссе, биыл бұл көрсеткіш (өткен жарты жылдағы) өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,5 пайызға артқан. Шетелдік туристердің саны да көбейген. Бұған еліміздің бірқатар елдерге визасыз режим енгізуі және әр ел астанасына тіке ұшатын әуежолдарын ашқаны мұрындық болды. Бұл туралы көрменің ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Бақытжан Темірболат та айтты. «Қазақстанның турис­терге әрқашан есігі ашық. Бүгінгі күнде Қазақстанға 63 елдің азаматтары визасыз кіре алады. Ал Қытай мен Үндістан үшін арнайы транзиттік визасыз режим бар. Елімізді әлемдік астаналармен байланыстыратын әуе рейстерінің саны да жыл сайын молайып келеді. Бұл ел туризмнің дамуына тың серпін береді» деді жауапты хатшы.

Дей тұрғанмен, көрмеге келген шетел туристік компаниясының жауаптылары Қазақстан визасын алудың өте қиын екен айтады.

«Бұл менің Қазақстанға тұңғыш келуім. Астаналарыңызды көріп, әсемдігіне таң қалдым. Өкініштісі осындай әсем қала туралы, көркем Қазақстан туралы Тайвандықтардың білері шамалы. Оның екі түрлі себебі бар: біріншіден, елдеріңіздің туризм туралы үгіт-насихаты аз, әлеуметтік желідегі мәліметтердің де көбі орысша, ағылшын тіліндегі таныстырулар жоқтың қасы. Екіншіден, Қазақстанның визасын алу өте қиын. «Шақырту алдыру керек» деген сияқты шарттары көп» деді Тайван «Достық» туристік серіктестігінің басшысы Питр.

Айтып айтпай Қазақстан туризмді дамытамыз деп қанша талпынғанымен, туризм үгіті әлі де тебінсіз. Еліміздің көркем жерлерін таныстырған бірер фильмнен басқа, туристік орындарды, туристерге жасалатын қолайлылықтарды таныстыратын ақпарат аз. Ғаламтордың өзінде Қазақстанның туристік әлеуеті қызығушылық тудыратындай жазылып, көрсетілмеген соң шетелдік туристердің көбі біздің елден бейхабар. Сондықтан Қазақстанда саяхатты дамытудың алғышарты– туризм саласының үгітін күшейтуде тұр. Әсіресе, ғаламторға саяхатты үгіттейтін видеоларды, фотосуреттерді, жазба материалдарды ағылшын, француз, қытай, араб тілдеріне аударып салу керек.

Ағылшын тілі демекші, көрме қонақтарының көп айтқан мәселесінің бірі осы тіл. «Бұл елде көп ақпарат орысша екен де, Қазақстанның ерекшелігін, қазақ ұлтының салт-дәстүр, тағам мәдениетін ағылшын тілінде таныстыру жағы әлі де жеткіліксіз екен. Әлемдік саяхат аренасына көтерілу үшін тек орыс тілінің аясында қалу аздық етеді» дейді Индонезиялық саяхатшы Ningsih есімді бойжеткен. Мұнан сырт, елімізде қызмет өтеу саласының дамымағандығын, инфрақұрлымдарды әлі де жақсарту қажеттігін айтып, өз ұсыныстарын білдірген шетелдіктер де кездесті.

Қысқасы, бұл жолғы көрменің туризм шаруашылығы енді-енді өркендеп келе жатқан Қазақстан үшін пайдасы көп. Еліміздің PATA қауымдастығына мүше болуы да отандық туризмді насихаттауға үлкен орай. Алайда туризм ісімен айналысатын мекемелер мен туристік компаниялар осы көрмеден қандай ой қорытады? Қандай тәжірибелерді жинақтап, оны қалай пайдаланады? Бізге ендігі керегі осы.

 



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх