Тоқаев АҚШ-қа не үшін барды? Сапардың бірінші күні

25 қыркүйек, 09:19280
Автор: Elorda Aqparat
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Қазақстан уақытпен тиімділігі дәлелденген көпвекторлы сыртқы саясатты жүргізуді жалғастыруда. Сәуір айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге іс-сапармен барды. 11-12 қыркүйекте Мемлекет басшысы келіссөздер жүргізу үшін Қытайда болды. Ал 23 қыркүйекте АҚШ-тың саяси және іскер қауымдастығының өкілдерімен кездесті. Барлық жердегі тақырып бір-ынтымақтастықты нығайту, өзара тиімді сауда-саттық, инвестиция мен технологияларды  тарту. Сонымен бірге, сапардың басты оқиғасы Қазақстан басшысының БҰҰ Бас ассамблеясының 74 сессиясында сөйлеген сөзі болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары - бұл жаңа қызметіндегі Қазақстан Республикасы Президенті ретінде бірінші келуі болып табылады. Алайда, Тоқаев үшін Нью-Йоркте болу, БҰҰ Бас ассамблеясында сөз сөйлеу - таңсық нәрсе емес. Ұзақ жылдардағы дипломатиялық мансабында ол Америка Құрама Штаттарында және ұйымның Манхэттендегі штаб-пәтерінде бірнеше рет болған. Ал 2011-2013 жылдар аралығында Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарғанын да ұмытпау керек.

Елбасының қалыптастырған дәстүріне сәйкес Қазақстан Президентінің алдағы сапарының мақсаттары мен міндеттері бірнеше күн бұрын американдық The Hill газетінде жарияланған болатын.  Президенттің мақаласында алдағы келіссөздердің негізгі тақырыбы АҚШ-тан инвестиция тарту мәселелері болатындығы айқын еді.

2018 жылы бұл елден келетін инвестициялар ағыны шамамен 45 пайызға өсті, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда американдық компаниялар мен инвесторларды одан да көп көреміз деп үміттенетінін жасырмады. Мемлекет басшысы елімізде кәсіпкерлер үшін Орталық Азияда баламасы жоқ ең қолайлы бизнес-климат құрылғанын атап өтті. 

 «Біздің елдеріміздің арасындағы байланыстар, әрине, экономика шеңберінен тысқары. Біз АҚШ-пен тығыз серіктестік орнаттық және көптеген маңызды сыртқы саяси мәселелер бойынша тығыз ынтымақтастықта болдық. Бұл өзгермейді. Менің басшылығыммен Қазақстан біз соңғы үш онжылдықта сәтті жүргізіп отырған сындарлы, теңгерімді және тәуелсіз сыртқы саясатты жалғастырады. Біздің экономикамызға біздің аймағымызда бұрын-соңды болмаған іскерлік ахуал қамтамасыз етілген американдық компаниялар мен инвесторлардың көп болғанын қалаймын»,- дейді Президент өзінің американдық басылымға берген мақаласында.

Келгеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев бірден сөзден іс-әрекетке көшті. Оның Америка Құрама Штаттарына сапары Американдық Atlantic Council аналитикалық орталығының қолдауымен өткен ықпалды американдық саясаткерлермен және сарапшылармен кездесуімен басталды. Онда Президент Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуеті туралы айтты, сондай-ақ айрықша мән беретін одан әрі ынтымақтастықтың перспективаларын атап өтті. Ол жиналғандарды бірқатар бірлескен энергетикалық жобалардың сәтті жүзеге асырылуы туралы хабардар етті, сондай-ақ қазақстандық ауыл шаруашылығына инвестициялар тартуды және елімізде технологиялық өндірісті құруға шақырды.

Сондай-ақ Президент қазақстанға салған инвестицияның көлемі45 миллиард доллардан асқанын атап өтті. «Біз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына 2018 жылғы қаңтарда жасаған ресми сапары кезінде қол жеткізілген келісімдердің орындалуына үлкен мән береміз, бұл екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің негізін қалады», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу қорытындылары бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастық деңгейіне жоғары баға берді және өзара тиімді стратегиялық серіктестікті нығайтудың үлкен әлеуетін атап өтті. Президенттің алғашқы кездесулері сәтті өтті. АҚШ Қазақстанда ет өңдеу бойынша үлкен жобаны қолға алмақшы. Инвестициялар 500 миллионнан 1 миллиард долларға дейін болады. Басқа саланың кәсіпкерлері өздерінің қызығушылықтарын білдіріп жатты.

 «Форум аясында бірқатар келісімдерге қол қойылды, бірақ олар компаниялар арасында болды. Мәселен, KazTech Ventures 500 Стартаппен келісімшартқа отырды. Бұл біз үшін онша танымал емес ірі компания, бірақ ол стартаптарға жылына кем дегенде 100 компанияны инвестициялайды - бірнеше жүзден миллионға дейін. Бұл бізге қажет. Себебі жобаның басында дұрыс қаржыландыруды Apple, Google немесе Amazon жасай алады », - деп атап өтті Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов.

«Біз қазақстанға бірнеше жаңа стартапппен кіргіміз келеді. Сондай-ақ, қазақстандық жаңа жобалардың авторларына АҚШ технологиялық университетерінде 3 және 6 айлық оқуға гранттар беруді жопарлап отырмыз. Бұл олардың жобаларын күшейтеді. Осы мақсаттарға біз 2-3 миллион доллар бөлуге дайынбыз»,-деді   Piug and Piay-дың  бас атқарушы директоры Саид Амади. 

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен кездесті Олар өзара іс-қимыл перспективаларын, атап айтқанда, дінаралық келісім мен өркениеттердің жаһандық диалогын нығайту жайын талқылады. Президент халықаралық ұйымның басшысына Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысын тұрақты қолдап келе жатқанына алғысын білдірді. Өз кезегінде Мигель Анхель Мораторинос, еліміздің мәдениет пен өркениетаралық диалогты дамыту ісіндегі еңбегіне жоғары баға берді.

 «Сіз біздің елдің жақсы досысыз, сіз ЕҚЫҰ төрағасы болған кезіңізде Қазақстанды қолдағаныңыз әлі есімде. Одақтың мақсаттары мен міндеттері Қазақстанның лаңкестікпен және басқа да қазіргі қауіп-қатерлермен күрестегі, сондай-ақ конфессияаралық және өркениетаралық үнқатысуды қолдаудағы Қазақстанның басымдықтарына толығымен сәйкес келеді », - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сапардың бірінші күнінде Қасым-Жомарт Тоқаев Bloomberg ақпарат агенттігінің негізін қалаушы және иесі Майкл Блумбергпен кездесті. Мемлекет басшысы Қазақстанның инвестициялық және сауда перспективалары туралы айтып, оны біздің елге келуге шақырды, сондай-ақ ірі американдық кәсіпкерді, оның ішінде АХҚО аясында ынтымақтастыққа шақырды. Майкл Блумберг кездесу үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдірді және қазақстандық компаниялармен жемісті ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.

Айта кету керек, АҚШ-қа сапардың алғашқы күні өте жемісті болды. Қазақстандық және американдық компаниялар арасында келісімшарттар мен келісімдерге қол қойылды. Еске салайық, сапар 25 қыркүйекке дейін жалғасады. Қасым-Жомарт Тоқаев әлі БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясында сөз сөйлеуі керек, сонымен бірге американдық компаниялардың жетекшілерімен ауқымды кездесу өткізеді.



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх