• USD 328.5
  • EUR 387.2
  • RUB 5.4


Сирия тағы да отқа орана ма?

23 қаңтар, 10:51165
Автор: Elorda Aqparat

Өткен жылдың қазан айында «Ислам мемлекеті» деп аталатын террорлық ұйым Ирак пен Сирия жерлеріндегі өздерінің барлық дерлік позицияларынан айырылып, Ауғанстан жеріне қарай ойысқалы бері Таяу Шығыс аумағында бейбітшілік ахуал орнап, төңірек біршама тыншып қалғандай түр танытып тұр еді. Бірақ бұл мамыражай мерзім тым ұзаққа созылған жоқ, арада бар-жоғы үш айға жетер-жетпес уақытта Сирия табаны мен ауасы қайтадан оқ-дәрінің иісіне көміліп, отқа оранғандай.

Оқиға қаңтардың 20-сы күні кешке Түркия қарулы күштері Сирия шекарасынан өтіп, Африн ауданын атқылауынан қанат жайды. Анкара өзінің «Зәйтүн бұтағы» деп аталған әскери операциясын соның алдында Вашингтон Сирияның солтүстік-шығысына күрд жауынгерлерінен «шекараны жабу күштерін» жасақтамақ ниетін білдіргеннен кейін бастап кетті. Халықаралық коалиция өкілдері мұны 14 қаңтарда жариялады. Түркия бұл бастаманы өте ауыр қабылдап, бірден осы ауданда соғыс жүргізетінін ашып айтты. 
Осылай күтпеген жерден өріс алып кеткен ұрыс қимылдары кеше ғана бір-бірлерімен белгілі бір мәселелер жөнінде одақтас, мүдделес ретінде көрініп жүрген бірнеше елдің арасында қолайсыздық туғызып тастады. АҚШ «шекараны жабу күштері» міндетін 30 мыңға дейін сарбазы бар «Сирия демократиялық күштері» деген құрылымға жүктейтінін білдіріп, түріктердің наразы­лығына ұшырады. Себебі жоғарыда айтылған жауынгерлердің жартысынан астамын Түркияға жаулықпен қарайтын сириялық күрдтер құрайтын еді. Сирия мәселесінде осындай пікірлер алшақтығы бар Құрама Штаттар бұл жолы да Анадолының көңіліне қараған жоқ. Бірақ түріктер бұдан ары кетті. Олар соғыста Сирияның Башар Асадтың заңды үкіметін қоса соғатынын анық аңғартты. Анкара осы арқылы өзі соңғы кездері одақ кейпіне келіп, татуласып жүрген Мәскеуді де аң-таң қылып қойды.
Енді «Сирияның демократия­лық күштері» (SDF) деген қандай ұйым, соған келейік. Елдің солтүстік-шығыс қапталында тіршілік ететін Сирия оппозициясының бұл ірі коалициясы 2015 жылдың күзінде АҚШ-тың қолдауымен құрылды. Осы ұрыс қимылдары басталар алдында да жасақ Құрама Штаттардан өте көп мөлшерде қару-жарақ, соның ішінде зеңбіректер алған екен. Оны Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған операция басталып кеткеннен кейін баяндады. SDF құрылымының негізін күрдтің өзін-өзі қорғау (YPG) жасағының жауынгерлері құрайды. Бұдан бөлек, мұнда Дамаск оппозиционерлерінің басын қосатын, тікелей АҚШ-тың қолдауында жүрген «араб қанаты» тағы бар. Жалпы, топты Сирияда тұратын аз ұлттар өкілдерінің мүдделері үшін күресетіндер жасағы ретінде сипаттауға болар еді. Оның құрамына сондай-ақ Сирияның солтүстік-шығысын, Ирак пен Түркияның шекарасын жайлаған ДАИШ содырларына қарсы соғысқан жергілікті түркомандар (түрікмендердің бір этнография­лық тобы), армяндар, ассирия­лықтар мен черкестер кіреді. Осы құрамға қарап-ақ бұлардың Анадолы жерінде тұратын ұсақ ұлттармен тығыз байланыстары бар екенін байқауға болады.  
Түркия соғыс ашқаннан кейін SDF жағы үн-түнсіз қалмады. Ұйымның баспасөз хатшысы Мустафа Бали «халықаралық коа­лицияның жаңа келісім» жасағанын айта отырып, «Азат етілген аумақтар мен қалаларды қайта қорғауға тура келетінін» жеткізді. Шын мәнінде бұл «Солтүстік Сирияның қорғаныс күштері» құрылып жатқанын мәлімдеу еді. Бали сол әскердің Түркиямен шекарада, сондай-ақ негізінен Ефратқа қарай тартылған Дамаск үкімет әскерлері шебінде ұрыс қимылдарын жасайтынын мағлұм етті. Қазір бұл күштер тап осы айтылған аудандарға егелік етіп тұр. Атап айтқанда, іс жүзінде Солтүстік Сирияны түгел бақылауына алып, Ефрат өзенінің оң жағалауына толық егелік етуде. Ал түріктер үш күнге созылған соғыстың нәтижесінде бар-жоғы 3,5 шақырым ғана ілгері жылжи алды. АҚШ-тың ерекше ықыласына бөленген альянс мұнда бір жағы күрдтің күшті әскери-саяси діңгегін құра отырып, күрд автономиясы мен тәуелсіз мемлекетін құру жөніндегі өз мүддесін де ешқашан есінен шығара қоймайды...
Әлбетте, осының бәрі Анкараның қатты ашу-ызасын туғызып жатыр. Сондықтан кеше түрік президенті Бурсада сөйлеген сөзінде ұрыста алдынан қарсы кездескен ешкімді аямайтынын мәлімдеді. Ол Сирияның Африн кенті төңірегінде жүріп жатқан «Зәйтүн бұтағы» операциясының таяу күндерде жеңіспен аяқталатынын айтты. Түрік лидері «Сирия демократиялық күштері» мәлімдеген Түркияның 81 аймағында наразылық акциясын ұйымдастыру жөніндегі хабарға да шүйліге қарады. «Кімде-кім бұл шақыруға үн қосатын болса, өзінің сол әрекетіне қатты өкінетін болады. Біз жолымызда кім қарсы қарсы кездессе де, сыпырып өтеміз» деді Ердоған. 
Кеше Ирак Күрдістаны Афринде Түркияға қарсы соғысып жатқан сириялық түріктерге көмекке қарулы жасақтар аттандыруға дайын екенін мәлімдеді. «Аймақтағы елдер, соның ішінде Түркия біздің позициямызды жақсы біледі. Егер мүмкін болып жатса, біз Афринге көмектесеміз. Егер олар рұқсат берсе, сонда өз күштерімізді аттандырамыз» деді Күрдістан патриоттар одағының жоғары лауазымды өкілі Мала Бахтияр. Ол сонымен бірге, Сирияға әскер аттандырмай тұрып, алдымен Түркиямен келіссөз жүргізу үшін Анкара делегация жіберетіндерін де айтты. Келіссөз күрд халқының мүдделерін қорғау тұрғысында жүргізілуі тиіс. «Сирия оппозициясы тәртіпті бұзған Африн емес, Дамаск екенін білуі керек» деді сосын Бахтияр.
Осы екі ортада Франция Сирияда өріс алып жатқан оқиғаларға байланысты БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесін шақыру жөнінде ұсыныс білдірді. Артынша елдің сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан 22 қаңтар күні Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтетін болып белгіленгенін хабарлады. Ол Сириядағы оқиғаларға байланысты кеңесу тұрғысында жүргізілуге тиіс.
Бұл жерде Сирияның солтүстігіне қатысты картаны тағы бір қарап өтуге тура келеді. Ол бұл атырапты күрдтің YPG жасағы қатаң бақылауға алып отырғанын көрсетеді. Ол бұл маңнан «Ислам мемлекеті» содырларының өтіп кетулеріне жол берген жоқ. Лаңкестер әскерлері «Сирия азат армиясы» бақылауда ұстаған Алеппоға дейінгі 90 шақырымдық алапты жарып өтті. Тап осы дәлізді 2016 жылы түрік әскерлері де бұзып өтіп, «Ефрат қорғанысы» операциясын жасаған еді. Қазір ол тағы да сол маңнан соққы беріп жатыр. 
Түріктер бұл жолы YPG әскерлерін бөлек-бөлек соғып, бөлшектеп қиратуға әрекет етіп жатқанға ұқсайды. Бұған күрдтер жағы да өздерінің дайын екендерін білдіріп үлгерді. Сөйтіп, екі жақтың да беріспей шайқасатын түрі бар. Енді соғыс қимылдарының қанша уақытқа дейін созылатыны бұған Сирияның заңды үкіметі әскерлерінің қаншалықты тартылатынына да байланысты болмақ.
Осылайша Сирия жері күтпеген жерден тағы да отқа оранып жатыр. Оның қанша уақытқа созылатынын әзірге ешкім де білмейді.

Серік ПІРНАЗАР

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар


БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх