• USD 329.1
  • EUR 385.5
  • RUB 5.4


Отағасыз отбасылар неге көбейіп кетті?

12 ақпан, 01:28425
Автор: Elorda Aqparat

Отбасылық өмір салтының құлдырауы – әлемдік тенденция десек, біз бүгінде сол тенденцияның төрінен бір-ақ шықтық. Енді ше? Қарттар үйлеріне өткізілген қарияларымыздың саны соңғы бес жылда 26 пайызға өскен. Олардың 40 пайызының туған балалары бола тұра, әлеуметтік мекемелердің босағасын аттауға мәжбүр болған. Жетімдер үйлеріндегі балалардың 63 пайызының әке-шешесі тірі. Соңғы бес жылда ажырасулардың саны 4 мыңға артып, 51775-ті құраған. Әлем бойынша ажырасудан алғашқы ондықтың ішінде тұрмыз. Осыдан кейін қазіргі қоғамда отбасы құндылықтары құлдырауға ұшырап жатқан жоқ деп қарсы уәж айта аласыз ба? Қазақ үшін отбасы құндылығының басында үйдің отағасы тұрған. Алайда ажырасудың салдарынан әкесіз тәрбиеленіп жатқан ұрпақ көбейді. Отағасыз отбасының бүгінгі көрінісі – әңгімеміздің арқауы, ендеше…

ҚҰНАНБАЙДЫҢ АРМАНЫ – ӘР ҚАЗАҚТЫҢ АРМАНЫ БОЛСА…

Осындайда Құнанбай мен Абайдың дауласып қалатын кезінде «Сен мықты болсаң, өзіңдей ұл тудырып ал» деген әкенің сөзі еске түседі. Осы бір-ақ ауыз сөзде Құнанбайдың барлық арман-мұраты жатқандай. Біздің қоғамның әкелері баласын Абайдай етіп тәрбиелеуге құлықты ма? Жауапкершілікті сезіне ала ма? Мәселенің өзі осы сауалдан тарқатылайын деп тұр. Британдық «Economist» басылымының статистика мәліметтеріне сүйенсек, ажырасу саны жағынан көрші Қыр­ғыз елі әлем бойынша 48-інші орында, 1 миллиардтан астам халқы бар Қытайда мың адамға шаққанда ажырасу көрсеткіші 1,8 болса, ал 17 миллион ғана халқы бар Қазақстан алғашқы ондыққа кірген (мың адамға шаққанда ажырасу көрсеткіші – 2.8). Сот тәжірибесіне жүгінсек, ажырасудың негізгі себептері ерлі-зайыптылардың тұрмыста бірін-бірін түсінбеуі, олардың біреуінің араққа салынуы немесе опасыздық жасауы, зорлық-зомбылық көрсетуі, сондай-ақ, отбасындағы материалдық қиыншылықтар болып отыр. Алғашқы ондыққа кіріп, отбасы құндылығымыз­дың салмағын азайтып отыр­ған тұста әкесіз тәрбиеленіп жатқан ұрпақтың жайы айтпаса да түсінікті.

«ӘКЕҢ КЕЛЕ ЖАТЫР…»

Ақылды аналар балаларын үнемі әкесін сыйлауға, құрметтеуге баулиды. «Әкең келе жатыр» деген бір ауыз сөзден әр бала өзіне керекті ала білген. Отбасындағы әкенің орнын бір ғана сөзбен айқындап берген қазақы тәрбиеміздің іргесі неге сөгілді? Отбасын сақтай алмай, ажырасып жүрген азаматтардың дені баласын бауырына басуға мұқтаж. Оған бір қателіктің соңынан туған баласының жүзін туғанынан көрмей жүрген әкелерді қосыңыз. Арасында баласының барын біле тұра, бұрылып қарай қоймайтын әкелер де бар. Ажырасу мен некесіз туған балалардың жағдайы әртүрлі оқиғалармен байланысты болғанымен, олардың өмір сүру тағдырлары бір. Әке мейірімі, әке қамқорлығы, әке тәрбиесінің жеткіліксіздігі. Отбасында ер азаматтың мысынсыз береке де орнай қоюы екіталай екенін ескеретін естіліктің де ауылы алыстап кеткендей. Психологтар әкесіз өскен ұрпақ жасық, жасқаншақ, өсекке жақын болып өсуіне бе­йімділігін айтады. Бірақ әр үшінші отбасының біреуі ажырасып жатқан дәл қазіргі біздің қоғамда баланың тәрбиесі аналардың мойнына жүктелуде. Әкенің рөлі туралы әңгіме айтылмайды да. Тіпті қыз-келіншектер арасында «әкесіз де баланы тәрбиелеуге болады» деген қасаң қағида қалыптасып үлгерді.

«ІШІМЕ СЫЙҒАН БАЛА СЫРТЫМА ДА СЫЯДЫ»

Ілкіде «ажырасамын» деп келген қызын ата-анасы өзінің құтты шаңырағына қайтадан апарып тастайтын болса, бүгінде «ішіме сыйған бала сыртыма сыяды» деп сөзін сөйлей жөнелеміз. Қасіреті сол, еліміз бойынша орын алған ажырасулардың дені үйленген отбасылардың алғашқы бес жылында тіркеліпті. Бұл уақыт жаңадан отау құрған жастар үшін сынақ кезеңі емес пе? Екі жақтың ата-аналары кінәліні іздеп, кішіреймей, балаларына тоқтау салмай жүргенде бұл мәселенің соңы ортада пайда болған баланың әкесіз өсуіне алып барады. Ажырасулардың кесірінен республика бойынша толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар саны жылына 40000-нан асып отыр. Бұл – дәл қазіргі біздің халқымыздың санымен салыстырғанда өте күрделі жағдай. «Мен де әкесіз өстім. Ештеме жоқ, ол да әкесіз өседі» деген пәлсапаның жалғасы болғаны жақсылыққа апармайды.

Әли БЕКТАЕВ, Сенат депутаты:

– Алысқа ұзамай-ақ өзіміздің тамырлас туысымыз, көршілес өзбек халқының кішіпейілділігі мен еңбекқорлығы, үнемшілдігі, үлкенге құрметі – баршаға үлгі болатын-ақ нәрсе. Сол көршілес жатқан Өзбекстанда некенің бұзылу деңгейі 10 пайыздан аспайды екен. Бұл елде де қиыншылықтар бастан асады, тұрмысы төмен отбасылар да аз емес. Бірақ тұрмыс қиыншылығынан гөрі өзбек ағайындарда ар-ұят, намыс, ұрпақтың тағдыры биік тұрады. Бұл да отбасындағы тәрбиенің біздің қоғамымыз үшін қаншалықты маңыздылығын көрсетсе керек.

Ерлан БОШАЙ, психолог:

– Әрбір ажырасушы жұптың бәрі бірдей ер адамның кінәсінен ажыраспайтыны белгілі. Бұл жерде әйелі мен күйеуінің екеуіне де құқық бірдей. Баланың тәрбиесі екі адамға да ортақ. Онда неге біз әке құқығынан айыруға құмармыз? Жыл бойы алимент төлеп, баласына қажетті ақшаны беріп отырса да, баласының жүзін көре алмай жүрген әкелер де бар. Қазір балаларын әкелеріне көрсеткісі келмейтін аналар да көбейді. Екі жақ та ана мен әкенің ортасында баланың жаутаңдап қалатынын ескермейді. Әке орнына әке, ана орнына ана болып отырған әйелдер көп. Бұрын кү­йеуі қайтыс болған әйелдер ғана жесір атанушы еді, қазір күйеуінен ажырасқан әрбір үшінші әйел «жесір» атанып жүр.

Тақырыпқа тұздық

Естай ЖҰМАДІЛОВ, заңгер:

АЖЫРАСУДЫҢ АЛДЫН АЛУҒА АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ШАРА ЖОҚТЫҢ ҚАСЫ…

Қазақстанда тіркелген әрбір 100 некенің 34-і отбасы болып қалыптасып кете алмайды екен. Бұл жағдай елімізде жетім балалар мен жалғызбасты аналардың санын күрт көбейтіп жібергені белгілі. Сот актілерін орындау департаменті бүгінде алимент төлеуден қашып жүрген әкелермен күреске назар аударуда.
Ресей Федерациясының депутаттары дәл осы ажырасу үшін төленетін салықтың көлемін 1 мың АҚШ долларына дейін көтеруді ұсынса, Вьетнамда некені бұзғаны үшін 10-20 миллион донг немесе 485-970 АҚШ долларына дейін айыппұл төлеуге тура келеді. Ажырасуды азайтудың басқа жолын таба алмаса, бізге де осындай салықтар салу арқылы тығырықтан шығу керек шығар?!
«Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді» деген. Бала тәрбиесіне әке тәрбиесінің ықпалы ерекше. Ендеше, неге біз қаншама баланы отағасы жоқ отбасында өсіруіміз керек? Неге әр балаға өз әкесінің жауапкершілігі болмауы керек?
Заң тұрғысынан алғанда, неке қию еркек пен әйелдің, ал осы некені тоқтату – ерлі-зайыптылардың өз еріктері. Бірақ кез келген мемлекеттің саясаты ажырасуға қарсы. Бірақ өмір болған соң әртүрлі жағдай болады. Белгілі бір жағдайларда ғана, отбасы мүшелерінің, өміріне, денсаулығына қауіп төніп тұрғанда ғана ажырасуға болады. Өкініштісі сол, біздің қоғамда болмашы сылтаулармен ажырасып жатқандардың саны көп болып отыр.
Тағы бір айта кетер жайт, бұрын отбасы құрудың жауапкершілігі жоғары болатын. Ажырасқандар партиядан шығарылып жататын. Ол кездері партиядан шығу кәдімгідей үлкен жаза болатын. Ал қазіргі қоғамда ештеңенің құндылығы қалмады. Ол кездегі жас отбасыларға жасалған жағдай ерекше еді. Оқуды бітіре салысымен, жолдамамен жұмыс табатын. Барған жерінде баспанасы дайын тұратын. Қазіргі жастар үшін баспана да, жұмыс та – бәрі проблема. Аз ғана жалақысымен не үй ала алмай, не толық отбасын асырай алмай қиналып қалатын кездері көп. Міне, осы жетіспеушіліктің соңы ұрыс-керіс, оның соңы ажырасуға дейін апарып отыр. Жас отбасыларға арналған қолжетімді жатақханалар салу керек. Әрбір мекеменің өз отбасылық жатақханасы болса, тіпті керемет. Бүгінгі күні ажырасушылардың денін шаңырақ көтергендеріне бес жыл толмаған ерлі-зайыптылар құрап отырғандықтан, жастардың осындай жатақханаларда, үйлерде 5-10 жыл тұруларына мүмкіндік беру керек. Жас отбасыларға қамқорлық жасалса,бұл мәселенің іргесі сөгілер еді. Оның алдын алу шаралары біздің қоғамда мүлде жоқ деп айтсақ та болады. «Жас отбасыларды қолдау орталығы», «Отбасы институты» деген сынды қоғамдық ұйымдар, институттар, түрлі ұйымдар құрып, жүйелі түрде жұмыс жасауға кіріспесек, мына түрімізбен біз өзіміздің отбасы құндылықтарымызды қорғай алмай қаламыз.

Гүлжан РАХМАН

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар


Наверх