• USD 385
  • EUR 434

Нұр-Сұлтан – спортқа ыңғайлы қала

19 тамыз, 12:27161
Автор: Elorda Aqparat
фото  авторы Сұлтан Сейітов фото авторы Сұлтан Сейітов

17 тамыз – елімізде спорт күні. Жыл өткен сайын салауатты орта салтына ұмтылып келе жатқан елордамыз бүгінгі таңда тек халықаралық ұйымдардың саммиттері, экономикалық форумдар өтетін басты ордаға ғана емес, әлемдік деңгейдегі спорт жарыстарын өткізетін алаңға да айналып отыр, деп хабарлайды Елорда Инфо "Астана ақшамы" газетіне сілтеме жасап.

Елорда тіршілігін, жастар қаласының өмірін жіті бақылап жүрген зерттеушілердің мәліметіне қарағанда, елордамыздың әрбір төртінші тұрғыны дене шынықтыру және спортпен айналысады екен. Зерттеу нәтижесінде қала тұрғындарының 35 пайызының жүзуге баратыны, әрбір бесінші тұрғын бокс, күрес секілді жекпе-жек түрлерін таңдайтыны, жастардың басым бөлігінің футбол ойнайтыны белгілі болып отыр. Соңғы кездері жастар арасында фитнес, жеңіл атлетика және велоспортқа әуестенушілер саны артқан. 2019 жылдың бірінші жарты жылының мәліметі бойынша 319540 қала тұрғыны немесе 29,2 пайызы жү­йелі түрде дене шынықтыру және сауықтырумен айналысады.

фото авторы Сұлтан Сейітовфото авторы Сұлтан Сейітов

Осы ретте «Халықаралық жарыс­тардың елордада өтуі спортқа деген көзқарасымызды жаңа дәрежеге көтеретіні сөзсіз. Туристер мен инвестицияның қалаға ағылуына ықпалын да тигізеді. Әсіресе, жастардың бұқаралық спортқа деген қызығушылығын арттырады» деген Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов бас қаламыздағы бұқаралық спорттың дамуына ерекше маңыз беріп отыр.

Елорда спорты – ел спорты

Елордада, әсіресе, бұқаралық спорт түрлерін ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінген. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында өткен «JASTAR BIKE» бұқаралық веложүгіріске әуесқой спортшылар ғана емес, қала тұрғындары да белсене қатысты. «Нұр-Сұлтан Дуатлон-2019» жарысына да 16 жастан асқандар қатысып, жүзу, жүгіру және веложарыстан үш қашықтықты бағындырды. Елордалықтардың жекелей спорттағы жетістіктері жеткілікті. Соның бірі – биылғы жылдың 20-23 мау­сымында Оңтүстік Кореядағы Кенджу қаласында барлық Азия континентінің кәсіби триатлеттері мен паратриатлеттері арасында триатлон бойынша Азия чемпио­наты өткен кезде елордалық спортшы, U23 жас санатында жарысқа түскен Дарын Қоныс­баев 14 мемлекет өкілдері арасында бірінші орынды жеңіп алды. Сол жарыста Нұр-Сұлтан қаласының өкілі Арина Шульгина да қола жүлдеге ие болды.

Бұқаралық спортқа бәрі тартылады

Мемлекет басшысының тапсыр­масымен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мүгедек спортшыларға республикалық және халықаралық жарыстарда елорданың және еліміздің намысын қорғауға мүмкіндік беру мақсатында жаттығуға жағдай жасау шараларын қолға алды. Жалпы, басымды бағыт жеке бастамаларды қолдауға, отбасылық ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыруға, сондай-ақ іс-шараларға белгілі спортшыларды тартуға, әуесқой спорттық жарыстарды ұйымдастыруға, ойын спорт түрлерінен мектеп лигаларын ұйымдастыруға бағытталған. Қалада спорттың футбол, гандбол, волейбол, баскетбол, шайбалы хоккей түрлерінен дәстүрлі мектеп лигалары қалыптасты. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер, медицина қызметкерлері, салық саласының қызметкерлері, қыл­мыс­тық жазасын өтеушілер, студенттер арасында универсиада және спартакиадалар өткізіледі.

Елбасы Н.Назарбаевтың қойған басты тапсырмаларының бірі 2020 жылға дейін жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын халық санын 30 пайызға дейін өсіру болатын. Осы тұрғыда елордамызда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта қаламызда 719 спорттық нысан бар. Оның 324-і – ашық және жазықтағы спорттық алаңдар, онда әр тұрғын үй ауласында, саябақтарда орналасқан жаттығу алаңдары және баскетбол, футбол алаңдары қарастырылған.

фото авторы Сұлтан Сейітовфото авторы Сұлтан Сейітов

«Fitness Park Nur-Sultan» қатысушы­лары көбейіп келеді

Жазғы уақытта қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізу үшін «Fitness Park Nur-Sultan» жобасы іске асырылған. Бұл кез келген адамға арналған ашық аспан астындағы тегін жаттығулар, яғни зумба фитнес, кроссфит, бокс, джиу-джитсу, йога, жүгіру бойынша қаланың 4 саябағында, атап айтқанда, «Астаналық», «Жетісу», «Жерұйық» және Ботаникалық сая­бақта әр жексенбі сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін өткізіледі. Аталған спорт түрлері бойынша жаттығуларды кәсіби жаттықтырушылар жүргізеді. Сонымен қатар велосипед маусымының ашылуына орай қалада жазғы уақытта шамамен 5 веложүгіріс ұйымдастырылады. Олардың әрқайсысы 500-ден 2000-ға дейінгі әуесқой спортшыларды жинады. Жыл сайын қыркүйек айында «Астана Марафон» жеңілатлетикалық жүгіріс өткізу де дәстүрге айналған. Оған 5 мыңға жуық әуесқой мен кәсіби желаяқ қатысады. Жүгіру қашықтығы 10, 21, 42 шақырымды құрайды. Ал қысқы уақытта Есіл өзенінің бо­йында дәстүрлі түрде «Бұрқасын» шаңғы фестивалі өтеді. Фестиваль аясында шағын футбол, белбеу күресі, гір тасын көтеру, қол күресі, арқан тартыс, мотокросс сынды сайыс түрлерінен жарыс ұйымдас­тырылады. Бұл іс-шаралар отбасымен, ұжыммен таза ауада қысқы демалыс өткізуге үлкен мүмкіндік береді. Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының асыға күтетін спорттық шаралары көбейіп отыр.

P.S. Елордада 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында ұйымдастырылған 400-ден аса спорттық іс-шара Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары, меймандары, әсіресе балалар мен жастар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, бұқаралық спорттың қалалық дәстүрге айналуына ықпал жасағаны сөзсіз. Ең бастысы, салауатты өмір салтына ұмтылған, бұқаралық және жоғары шеберліктегі спортпен айналысамын деген жұртшылыққа жағдай жасалып отыр. Олай болса елордамыздың спортшы қала болуына баршамыздың ықыласты болғанымыз абзал демекпіз.

Жадыра ШАМҰРАТОВА



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх