• USD 321
  • EUR 397.2
  • RUB 5.72

Жүгенсіз нарық немесе бұғаусыз кеткен бағаларға тоқтам бар ма?

18 қаңтар, 10:0980
Автор: Elorda Aqparat
Көрнекі сурет Көрнекі сурет

Бағаны өз ырқына жіберген күннен бастап, ол үнемі шарықтау үстінде. Біздің қоғамда «арзандапты» деген әңгіме айтылмайды да. Әсіресе, жалақы өсу мен әлеуметтік жәрдемақылардың көтерілуінен кейінгі баға өзгерістеріне өзіміз де үйреніп алғандаймыз. Биыл да монополистер уақыт созып жатпай-ақ баға өсіруге кірісіп кетті. Жаңа жыл келе салысымен азық-түлік бағасы мен коммуналдық қызметтің төлемдері тағы да қымбаттады. Жыл соңында инфляция 7,1 пайызға жетті. Онсыз да жыл бойы көтеріліп келген бағалар әлеуметтің әмиянын тонап, қалтасын аз қаққан жоқ еді. Қымбатшылық құрсауына түскен жұрттың қамын кім ойлайды? Бұған «кінәлі» кім?

 

Көрнекі суретКөрнекі сурет

Нарық заңы қатал

Қымбатшылықты қанша айт­сақ та назар аударған билікті байқамаймыз. Нарық заңын сақтауды бірінші орынға қоя­тын үкіметтегілердің қарапайым халықтың тұрмыстық деңгейімен санасып жатпайды. «Еліміз бойынша алға ілгерілеу бар. Жағдайымыз жақсы» деп жүрген «сырты семіз, іші арық» адамдары көп қоғамда өмір сүріп отырғандаймыз. Әлеуметтік жағынан нашар қорғалған адамдар үшін сол нарықтың теория мен тәжірибесінің арасы жер мен көктей екені жасырын емес. Үкімет инфляциямен күресіп, жалақыны, зейнетақыны көтеріп қойғанмен, оның нәтижесі мардымсыз. Жұрт жалақысы мен зейнетақысын алмай жатып, базардағы баға шарықтап шыға келеді. Баға еркіндігін жеке басының пайдасына пайдаланатын алыпсатарлардың жағдайын жасап отырған бүгінгі нарыққа наразы болмай қайтсін қарапайым тұтынушы.

Отандық өнім неге импорттан қымбат?

Алыпсатарлар демекші, бүгінде еліміздегі тауар өндірушілер санынан ортадағы делдалдардың саны жүздеген есе көп. 2017 жылдың жыл бойына қымбаттауларына зер салсақ, әсіресе, ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы шарықтап отырғанын аңғарамыз. Ұлттық экономика министрлігінің мәлімдеуінше, 2017 жылдың қаңтар-қараша айлары бойынша пияз – 32,8 пайызға, картоп – 30,9 пайыз­ға, сәбіз – 23,9 пайызға, сиыр еті –13,2 пайызға, қой еті – 13,1 пайызға, консервіленген сүт – 10,4 пайызға, сары май – 9,4 пайыз­ға, кондитерлік өнімдер – 8,7 пайызға, мәйекті ірімшік – 8,6 пайызға, мұздатылған балық – 8,4 пайызға, жылқы еті 7,9 пайызға қымбаттаған. Осыған қарап-ақ, өзіміздің өнімдердің, сонау шекара асып келетін импорттан қымбат болып отырғанын аңғару қиын емес. Бұған көбіне облыстардағы өндіретін өнімдерге алып­сатарлар тым көп сауда үстемесін қосатыны себеп екен. Осының әсерінен әр өңірлердегі өнімдер едәуір қымбаттап, импорттық тауармен салыстырғанда, бәсекеге қабілеттілігі төмендейді. Осыдан кейін он қолдан өткен тауар он есе қымбатқа түседі. Мысалы, кез келген ресейлік, қырғызстандық сүт және сүт өнімдері ақмолалық ұқсас өнімнен арзан тұрады. Бұған тосқауыл қою үшін Ұлттық экономика министрлігі сауда субъектілері қосатын үстемеақыны шектейтін арнайы заң жобасын әзірлеуге кірісеміз деген уәж айтқан болатын. Бірақ қалың бұқара үшін бұл жоба әлі күшіне ене қойған жоқ. Осыдан кейін де отандық өніміміз импорттан қымбат күйінде әлі тұр.

Тарифтер тағы құбылды

Көзге көрінбегенімен, біртіндеп болса да қымбатшылықтың «ауылына» апарып отырған өзгерістер қызмет көрсету саласына да қылаң берді. Мәселен, құқықтық қызмет көрсету – 7 пайызға, медициналық қызмет – 6,9 пайызға, көлiк құралдарын сақтандыру – 6,8 пайызға, демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласындағы қызмет – 6,5 пайызға, қоғамдық тамақтандыру 4,1 пайызға ұлғайды. Бұған қоса, соңғы 5 жыл ішінде еліміздегі коммуналдық қызмет ақысы бірте-бірте көтеріліп, барынша қымбаттады. 2017 жылдың соңғы айын 2016 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда тұрғын үй-коммуналдық қыз­меттердің құны, сондай-ақ су, электр энергиясы, газ және жылу тарифтері бірден 8,1 пайызға өскен. Бұл жылдағы кезеңдермен салыстырғанда екі пайызға дейін артық. Ыстық су бағасы 11 айда 14,9 пайызға дейін көтеріліп, бүгінде қазақстандықтар ыстық суға орташа есеппен 1 текше м. үшін 237 теңге төлеп отыр. Осы сияқты еліміз бойынша газ тарифі 10,6 пайызға қымбаттаған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 7,5 пайыз болған еді. Бұл өзгерістерден жылу тариф­тері де қалыс қалған жоқ. 9,6 пайызға өскен бұл қызмет үшін қазақстандықтар 1 Гкал үшін 3,9 мың теңге төлейді.
Алматы қаласында коммуналдық қызметтің ақысы 5,1 пайызға өссе, Астана қаласында 5,9 пайыз­ға жоғарылаған екен.

Жол жүру құны да жоғарылады

«Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының мәліметінше, тасымалдаушы облысаралық әлеуметтік бағыттардың тарифі 7 пайызға көтерілді. Қымбаттаудың тек мемлекет есебінен субсидияланатын ел ішіндегі 11 бағыт пен «Тұлпар Тальго» жүрдек пойыздарына қатысы жоқ. Олардың билет құны халықтың сұранысына қарай құбылмалы. Сондай-ақ, жеке тасымалдаушылар да кейбір бағыттар бойынша билет бағасы 3-4 пайызға қымбаттатқан.

Шетелге шығу екі есеге қымбаттады

Шетелдік төлқұжат алушылар үшін мемлекеттік БАЖ-дың мөлшері екі есеге, нақтырақ айтқанда, 4-тен 8 айлық есептік көрсеткішке артты.
Былтыр төлқұжатқа төлем 9 мың 76 теңге болса, 2018 жылдан бастап азаматтар төлқұжатқа 19 мың 240 теңге төлейді. «Біз осы уақытқа дейін бұл құжатты рәсімдеуге көңіл бөлмей келіппіз. Енді ескі баға бойынша алуға үлгермей қалдық. Жақында кіші ұлымыздың емі бойынша шетелге шығамыз. Отбасымыздан төрт адам баратындықтан, бұл баға біздің қалтамызға едәуір салмақ салғалы тұр» дейді Айман Бақытқызы есімді астаналық тұрғын.

Сөз соңы

Күнделікті қолданатын көкөніс өнімдерінің бағасы бүгін базарда шарықтап тұр. Жұрт көп баратын «Артем» аталатын астаналық базарда картоптың бағасы – 130, сәбіз – 135, пияз 130 теңге болып тұр. Жеміс-жидектерден мандарин – 650, банан – 400, алма – 450 теңге. Жекелеген дүкендердегі бағаларға мән беріп, бақылап жатқан ешкім жоқ. Онда көкөністердің бағасы екі есе болып тұрса да, таңғалмайсыз. Екінің бірі күнде базарға бара алмайтынын ескерсек, осындай шағын маркеттердің өзі әлеуметтің әмиянын теріс айналдырып тұр. Бүгінгі нарықтың бағасы мен ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі 24 284 теңгені салыс­тыру мүмкін емес. Әлеуметтанушылар үкімет бір қаулыны шығарумен ғана шектелмей, дамыған елдердегідей әлеуметтік пакеттер жасаудың түрлі жолдарын қарастыру қажет деп есептейді. Екінші жағынан бұл жерде бұқараның «Алма піс, аузыма түс» деп отыратын масылдық түсініктен арылып, еңбек етуі де маңызды. Қалай болған күнде де нарықтағы бағаның өсуін еріксіз тежейтін қоғам құра алмай келе жатқанымыз өкінішті.

Құнай ЕЛЕМЕС, социолог:

– Үкімет өз тарапынан бағаны көтермеудің, коммуналдық қызмет тарапынан бағаны шектеудің шараларын қанша қарастырса да нарық жағдайында бұл тиімді болмауы мүмкін. Өйткені бағаны ауыздықтау үшін оны үкімет қатаң назарда ұстау керек. Ал дәл қазіргі нарық заманында ондай бақылауды енгізу мүмкін емес. Өйткені оның екінші жағы бар. Дамыған елдерді мысалға келтірсек, оларда халықтың тұрмысы 100 пайыз жақсы деп айта алмаймыз. Олар тұрмысты жақсартудың басқа тетіктерін меңгерген. Нарықтық тетіктерді пайдалана білу керек. Бізде отбасылық шығындар көбіне білім алу мен денсаулыққа қажетті дәрі-дәрмекке, ем алуға кетеді. Біздегі дәрі-дәрмектер барлық зейнеткерлерге тегін немесе белгілі бір кең көлемдегі жеңілдікпен босатылса, онда бұл мәселе де реттелер еді. Екіншіден, отбасылық табыстың бір бөлігі оқуға кетеді. Ақылы оқуға кететін шығын бір бөлек, тегін оқитын студенттердің өзі шәкіртақыны жарытып алмайды. Бұған банктердегі несиелеріміздің өсімақысының көптігін қосыңыз. Екі адамның бірі кредит алып, оған артық ақша төлеп, қалтасындағы қаржысынан қағылып, тапқанын банкке өткізіп жүр. Міне, біздегі мәселе осылай саралай берсек, тізіле береді ғой. Банктердің саясатын реттеп, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың жағдайына қарай жұмыс жасай бастаған кезде ғана бұл мәселе шешімін табады.

Гүлжан РАХМАН

БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх