Жастарды жұмыспен қамтудың маңызы зор

30 қыркүйек, 11:47265

Елордада жастармен жүйелі жұмыс жүргізу мақсатында негізгі 11 бағыт белгіленді. Бұл қатарға қажетті инфрақұрылымды құру мен дамыту, сапалы білім беру, қолжетімді баспанамен қамту, өзге де осы сияқты маңызды істер кірді. Оның бәрі Жастар жылына орай әзірленген «Нұр-Сұлтан жастары-2019» аймақтық жол картасында көрсетілді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезекті сессиясында қалалық Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Талғат Рахманберді мәлімдеді, деп хабарлайды Елорда Инфо «Аstana-akshamy» газетіне  сілтеме жасап. 

ЖАҢА МАМАНДЫҚТАРДЫ ИГЕРІП ЖАТЫР

«Жалпы алғанда мемлекеттік органдар үкіметтік емес ұйымдармен бірігіп аталған жол картасы аясында жастарға қатысты 136 жобаны жүзеге асыруды көздейді. Басымдықтың бірін жастарды сапалы біліммен қамтуға беріп отыр­мыз. Қазір қаладағы 109 мектепте 182 мың оқушы оқиды. Жыл сайын ішкі көші-қонның есебінен елордаға мектеп жасындағы 30 мың бала келіп қосылып жатады. Сол себептен келесі жылы қалада 5 орта мектеп пен мектептерге жапсарлас 3 ғимаратты пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оқушылар санының артуына сәйкес жылда түлектер саны да өсіп, 8-10 мың жасөспірім алтын ұяларымен қоштасады» деген Т.Рахманберді мектептен кейінгі білім берудің жағдайымен таныс­тырды.

Оның айтуынша, осы күндері Нұр-Сұлтан қаласында 16 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Жыл сайын жаңа ЖОО-лар ашылып жатыр. Мәселен, биыл ІТ университет 660 студентке есігін айқара ашты. «Бұл оқу ордасының ашылуымен астананың инновациялық инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамыту жалғасады. Соның ішінде ғылым, инновация және нақты сектордың өзара байланысы күшейеді» деді басқарма басшысы.

Баяндамашының мәліметінше, қазіргі жастардың техникалық мамандықтарды игеруге қызығушылығы артып келе жатыр. Жоғары оқу орындарда жаңа мамандықтар көбейіп, бұл мамандықтарды игеремін деген студенттердің саны артуда. Соған сәйкес жаңа мамандықтарға бөлінетін гранттар көбеюде. Мәселен, биыл әлеу­меттік әлсіз топтар санатына жататын отбасылардың шыққан 165 бала гранттарды иеленсе, олардың 140-ы ақпараттық коммуникациялық технологиялар, инженерия, өңдеу, ауыл шаруашылығы, биоресурстар салаларына оқуға түсті.

«Қазір қалада кәсіби мамандарды мектеп жасынан дайындау инфрақұрылымы қалыптасты деп нық сеніммен айтуға болады. Сол үшін «Шеберлер қаласы», Worldskills Kazakhstan чемпионаты, Astana Innovations Challenge стартап-марафоны сияқты жобалар әзірленді» деген Т.Рахманберді жастарды жұмыспен қамту жайына тоқталып, бұл көрсеткіш бойынша елорда көшбасшы орында екенін айтты.

АРЕНДАЛЫҚ 1050 ПӘТЕР ИЕЛЕРІН ТАБАДЫ

Жұмыс істейтін жастарды қуантатын бір жаңалық – биылғы қараша айынан бастап оларға арендалық 1050 пәтер беріле бастайды. Өтініш «Smart Astana» платформасы арқылы қабылданады.

– Дін саласы бойынша жастар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл іске тәжірибелі 57 дінтанушы тартылды. Жыл басынан бері осындай түсіндіру 4 мыңнан астам жас азамат арасында жүрді. Келесі жыл Волонтерлер жылы болып жарияланды. Біз оған дайындықты бастап кеттік. Жастар жылы жабылған соң, Волонтерлер жылына қатысты іс-шаралар жоспарын жариялаймыз, – деді ­ Т.­Рахманберді.

Сессияның алдында қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында депутат Қарақат Абден шаһардағы коворкинг орталықтар қызметінің қымбаттығын айтып, шет аймақтарда тұратын жастарға арнап тиісті орталықтарды салу, аула клубтарының мәселелерін көтерді. Оған жауап берген Т.Рахманберді жыл аяғына дейін қалада Қоғамдық даму істері басқармасына қарайтын жастарға арналған коворкинг орталық ашылатынын, ондағы қызметтер тегін болатынын мәлімдеді.

Ал аула клубтарына қатыс­ты «Кезінде Алматы қаласының тәжірибесін негізге алып, аула клубтарын дамыту бағдарламасын әзірлегенбіз. Бірақ көп қаржыны қажет ететіндіктен, бұл бағдарлама тиісті қолдау таппай, жабылып қалды. Аула клубтары сол себептен дамымай қалды. Біз қол қусырып отырмай, осы мәселені шешіп жатырмыз. Жыл аяғына дейін тиянақтаймыз деп ойлаймын» деп жауап берді ол.

ЖЕҢІЛДІКТЕР ҚАРАСТЫРУ ҚАЖЕТ

Мәслихат депутаты Ерлан Сыдықовтың мәліметінше, қалада 80 мың студент бар. Оның пікірінше, олардың барлығына қоғамдық көлікте 50 пайыз жеңілдікпен жүретіндей мүмкіндік тудыру керек. «Қаланың жас тұрғынының картасын» да енгізу қажет. «Бұл карта арқылы жастардың қозғалысына мониторинг жүргізе аламыз. Университетіміздің тәжірибесі осы картаға бәрі сыятынын көрсетті. Олар қай ғимаратқа қашан кірді, қашан шықты, қанша кітап оқыды соның бәрін біле аламыз» деген депутат студенттерге спорт нысандары мен мәдени ошақтардың қолжетімділігі мәселесін көтерді. Е.Сыдықов осы нысандарға да жастар жеңілдікпен кіру керек деп есептейді.

Қоғамдық даму істері басқармасының штатында 32 адам қызмет атқаратынын білген ол осыншама адаммен 245 мың жас азаматтың барлық мәселесін шешу мүмкін еместігін, жастармен жұмыс­ты аутсорсингке жіберу керектігін айтты.

Қалалық Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Жан Мырзағали бес нысанды салу үшін жиырма жер телімін мемлекет үшін сатып алу жобасын ұсынды. Соның бірі Қ.Сәтбаев пен Ж.Нәжімеденов көшелерінің қиылысындағы 1200 орындық мектеп құрылысына қатысты болды.

МЕКТЕПТЕР ҚҰРЫЛЫСЫ НЕГЕ БАЯУ?

Бұл жобаны депутаттар бірауыздан қолдады. Бірақ депутат Рамзия Өмірбаева Қалалық ортаны регенерация­лау басқармасына сауалын бағыттап, Ж.Нәжімеденов көшесіндегі мектептің қажеттілігі қаншалықты болып отырғанын сұрады. «Біз бірнеше рет Сарайшық көшесінде мектеп салу туралы мәселе көтердік. «Шұбар» шағын ауданында мектептің салынатыны жайлы қанша мәрте естідік. Күте-күте зарығатын болдық. Себебі сол аумақтарда өте көп бала тұрады. Неге бұл мәселе әлі күнге дейін шешілмеді?» деді депутат. Қалалық ортаны регенерациялау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Мұрат Мұхамбетов бұған мардымды жауап бере алмады. Бұған Р.Өмірбаева қазір мектептердің қажеттілігі ескерілмей, бос тұрған аумақтарға салу жиі орын алып жатқанын, бұл дұрыс еместігін айтты.

Астана-Опера» театрының алдында да мектеп салынатыны айтылды. Бірақ сол әңгімеден арада бір жарым жыл өтті. Жұмыс әлі басталмады. Сол жағалаудың орталығында мектеп құрылысын бастау үшін қанша уақыт керек деп сұрады.

Депутат Зейнолла Шібкенов «Кирпичный» тұрғын алабында №12 балабақша-бастауыш мектеп кешеніне оқушылар сыймай жатқанын, сол себептен 800-ден астам бала басқа мектептерге барып оқуға мәжбүр болып отырғанын, бұл кешенді балабақша ретінде қалдырып, 1200 орынға арналған жаңа мектеп құрылысын бастауды ұсынғандарын айтып, алайда бұл мәселе әлі шешілмегенін жеткізді.

«Меніңше, мектептерге жапсарлас ғимараттар да мәселені шешпейді. Мына мәліметтерді қараңыз: №23 мектепте – сегіз, №49 мектепте – жеті бірінші сынып бар. Бұл сандар оқушылар санының көптігін білдіреді. Үш ауысымды мектептер санын жоямыз деген жоспар қойдық. Алайда олар азаю­дың орнына көбейіп жатыр» деді депутат.

«Мектептер құрылысы бойынша Білім басқармасы нақты жоспар жасады. Бұл басқарма қай жерге қанша мектеп керектігін жақсы біледі. Рас, кейбір орта білім беру орындары айдалаға салынғанын жоққа шығармаймыз. Себебі тиісті жер телімі мемлекет иелігінде, ешқандай кедергілер болған жоқ. «Шұбарда» мектеп құрылысы мәселесі көтерілгеніне бес жыл болды. Ол жерде кейбір нысандарды сүру жұмыстары жүргізіліп, мектеп салынуы керек еді. Шағын аудан тұрғындары мектепті күтіп жүргеніне де 10 жыл болған шығар. Бірақ мәселе шешілмеген күйі тұр. Ж.Нәжімеденов көшесінде мектеп саяжайлар сүрілген соң салынады. Ол аумаққа мектеп сөзсіз керек. Себебі Мыңжылдықтар аллеясында тұрғын үй құрылысы белсенді жүріп жатыр. Келесі жылы бұл аумақта көптеген үй пайдалануға беріледі. Мұны мәслихат депутаты ретінде ғана емес, «Астана бас жоспары» институтының басшысы ретінде айтып отырмын» деді Сәрсенбек Жүнісов.

 



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх