Елордадағы миграция бақылауға алына ма?

31 қазан, 12:332911
Автор: Elorda Aqparat

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында республикалық маңызы бар қалалардағы халық санының көптігі тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету тұрғысынан алаңдаушылыққа негіз болып отырғанын айтып, «Павлодар және Петропавл сынды қалаларда адамдар мен еңбек ресурстарының тапшылығы бар. Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауы тиіс» деген еді. Жуырда өткен елорданы одан әрі дамытуға арналған жиында да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі көші-қонды қатаң бақылауға алу қажеттігін де айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо «Аstana-akshamy» газетіне  сілтеме жасап.

Бұлай жалғаса берсе не болмақ?

«Үлкен қалалар мақтаныш емес, ол – қордаланған проблемалар. Мысалы, біз елордамыз миллионер-қалаға айналды деп мақтанамыз. Бірақ қаланың әрбір жаңа тұрғынын керек-жарақпен қамтамасыз етуіміз керек» деген Мемлекет басшысы елордада халық саны көбейген сайын баспана, білім беру мәселелерінің шешілуі де оңайға түспейтінін, егер дер кезінде шешіп отырмаса мәселелердің қордалана ­беретіндігін түсіндірді.

Ішкі көшіп-қонушылар 22,7 пайызға өскен

Көші-қон мәселесі дамушы елдердің бас ауруы, сыртқы миграциямен салыстырғанда, ішкі миграция 2-3 есеге жоғары. «Миграция мәселесі – әкімдік пен құқық қорғау органдарының жұмысы» деген Президент ішкі көші-қонды реттеу керектігін айтты. Қазіргі таңда ішкі миграция есебі ҚР ІІМ мәліметтеріне сүйенеді, миграция комитетінің мәліметіне сәйкес, жыл сайын ішкі көші-қон процестеріне миллионнан астам адам қатысады екен (2017 жылы тұрғылықты жері бойынша 1 млн 369,6 мың, 2016 жылы – 1 млн 287,9 мың адам тіркелген). Статком сайтында тамыз­дағы есеп бойынша халық саны 18 млн 534,6 адам, оның ішінде қалалықтар саны 58,2 пайызды, ауылдық жердегілер саны 41,8 пайызды көрсетті. Ал ішкі көшіп-қонушылар 22,7 пайыз­ға өскен. Көш басында Нұр-Сұлтан қаласы тұр, жарты жыл ішінде бас қалаға 14 104 адам көшіп келген.

Көшіп келгендердің үй кезегі қашан келеді?

«Еліміздің өзге өңірлерінен көшіп келген тұрмысы төмен отбасылар үйдің кезегіне тұруға құқылы. Демек, олар кезекте тұрған адамдардың санын көбейтеді. Соның салдарынан балабақша, тұрғын үй кезегі баяу жылжиды. Мұны осыған дейін де талай айтқанмын, – деді Президент Қ.Тоқаев.
Бұл өзге өңірден тұрмысы төмен отбасылар көшіп келмесін, үй кезегін көбейтіп, баспана сұрап көшеге шығып, мәселесін айтып жұмысты көбейтпесін деген сөз емес, тиісінше сол өңірлерде баспана беріліп, жұмыс орындары ашылып, тұрғындарға жағдай жасалса, мұндай соңы әлеуметтік қиындықтарға ұшыратуы мүмкін жоспарсыз көштер саны азаяр еді. Дәл қазіргі уақытта елордада балабақша кезегі жылжымайтын болды, мектептерге бала сыймай жатыр, келетін халықтың аса көптігінен емханаларда дәрігер тұрақтамайтын болған, оның үстіне астанада баспана мәселесі қашанғыдай өзекті. Мысалы, өзге өңірде үш бөлмелі пәтерді жалдауға болатын ақшаға елордадан бір бөлмелі пәтер тапсаң шүкір дейсің. Баспана мәселесін шешуге бағытталған қаншама бағдарлама іске қосылғанына қарамастан үйдің кезегі азаятын емес. Елорданың көші-қон ахуалына келсек, миграциялық және демографиялық сальдо оң нәтижені көрсетіп отыр, қазірдің өзінде астанада 1,1 млн адам тұрады. Қала әкімі А.Көлгіновтің айтуынша, осы жылдың жаз айының басында 46 мың астаналық үй кезегінде тұрса, қыркүйекте бұл көрсеткіш 47,5 мыңға жеткен. Осыған орай келесі жылдан бастап қолжетімді баспана бойынша салынатын тұрғын үйлердің көлемін 3 есеге арттыру көзделген. Әсіресе, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету алдыңғы кезекте тұр.

Мектептегі орын мәселесі қалай шешіледі?

Президент айтқан мәселенің бірі мектептегі орынға қатысты. «Мектептердегі орын саны да әлі шешілген жоқ. 14 мектептің бір сыныбында 40 баладан бар. Олардың 8-і үш ауысыммен оқиды. 85 мың бала балабақша кезегінде тұр. Биыл елордада 19 білім нысанының құрылысына республикалық бюджеттен 21,2 млрд теңге бөлінді. Енді осы қаржыны дұрыстап игеру керек» деген болатын Президент жиында.
Бүгінде қаладағы 1200 орындық мектептердің әрқайсысында үш мыңнан асатын бала оқып жатыр. Бұл білімнің сапасына да, санитарлық нормалардың бұзылуына да әсер ететіні анық. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биылғы тамыз конференциясында Нұр-Сұлтан қаласында туу мен көшіп келу көрсеткішінің саны артқандықтан, бала саны бір жылда 20 мыңға өсетінін, бұл тек туу көрсеткішіне қатысты емес, көші-қонға да байланысты мәселе екенін, Нұр-Сұлтан қаласында мектеп салу үшін жер тапшы екенін қозғай кетті.
Осы тамыз конференция­сында «Ауылдағы білім сапасы мен мектептердің жағдайы жақсаратын болса, ішкі миграция азаяды. Бәрі бірдей қазіргідей қалаға ағылмайды. Өйткені қалада бәріне бірдей мүмкіндік жоқ. Ауылдарға жағдай жасалу қажет» деген қала әкімі Алтай Көлгінов 17 мың орын тапшылығы тек қаланың бір аймағында ғана еместігін айтты. Әкімнің айтуынша, Қараөткелде мектеп салынуы керек. Сонымен бірге қаланың 16 шеткі аймақтары да назарда. Бес жылдық кешенді жоспарға сәйкес 37 мектеп салынады деген жоспар бар. «Жұмыс күні басталғанға дейін екі мектептің құрылыс барысымен таныстым. Әрқайсысы 1200 орынға есептелген. Жаңа білім беру нысандары үш ауысымда оқыту мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Құрылыс келесі жылы аяқталады. 2020 жылы барлығы 9,5 мың оқушыны қамтитын 12 мектеп ашуды жоспарлап отырмыз» деп жазды жуырда А.Көлгінов өзінің жеке парақшасына.

«Тiркеусiз тұру» бойынша 1046 адам жауапқа тартылған

Нұр-Сұлтанға ағылып келушілерде толас жоқ, бұл – Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан басқа жерлерде әлеуметтік саясаттың толыққанды жүзеге аспай отырғанының көрінісі. Нұр-Сұлтанға шалғайдан келушілердің дені – жастар, дегенмен, бізде дамыған елдердегідей ірі қалаларға жаңа көшіп келген ішкі мигранттардың әлеуметтік-мәдени, психологиялық бейімделуін қамтамасыз ететін арнайы институттар әлі жоқ. Көбіне көп шалғайдан келген жастардың жұмыс таппай қиналып, кейбіреулерінің қылмысқа ұрынып жататын жағдайлар да кездеседі. Әдетте әлеуметтік зерттеулердің реттеусіз ішкі көші-қон мен қылмыс деңгейін өзара байланыстыратыны содан болса керек. Нұр-Сұлтан қаласы ­Полиция департаменті өздерінің есептік баяндамаларында елордадағы қылмыстық істердің көбеюі бас қалаға келушілер қатарының күн санап артуымен байланысты болып отырғанын алға тартады. Нұр-Сұлтан қаласы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, ­полиция подполковнигі Госман Жакин бізбен сұхбатында жедел-алдын алу іс-шарасы арқылы 3,5 мыңнан астам адамның, оның ішінде: ҚРӘҚБтК-нің 492-бабы «Қазақстан Республикасында тiркеусiз тұру» бойынша – 1046, ҚРӘҚБтК-нің 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша – 256-дан астам, ҚРӘҚБтК-нің 440-бабы «Қоғамдық орындарға масаң күйде келу» – 676-ға жуық адамның әкімшілік жауаптылыққа тартылғанын айтқан еді. Сондықтан шалғайдан келген жастар теріс жолға түспеуі үшін ең алдымен жұмыс табуы керек. Сол үшін елордада сұранысқа ие мамандықтарға дайындау қолға алынған.

Нұр-Сұлтаннан – Екібастұзға

Ішкі көші-қонды реттеу­ші механизмнің бірі «Нұрлы Ертіс» жобасын іске асыру аясында 2019 жылдың мамырынан бастап Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға 203 отбасы немесе 1169 адам көшкен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Жылқыбаев елордадан Екібастұзға көшкен 203 отбасының 122-сі 3 бөлмелі пәтерге, 69 отбасы 2 бөлмелі пәтерге және 12 отбасы 1 бөлмелі пәтерге орналастырылғанын айта келіп, «Отбасының әрбір мүшесіне 88 мың теңге көлемінде біржолғы төлем қарастырылған. Екіншіден, тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу үшін 12 ай ішінде отбасыға ай сайын 30 АЕК немесе 77 мың теңге қарас­тырылған. Сондай-ақ осы бағдарламаға белсене қатысып, бес адамнан кем емес жұмыс беруші үшін субсидия қарас­тырылған, әрқайсысына 450 АЕК немесе миллионнан астам теңге бөлінеді» деп атап өткен болатын.
Негізі, ішкі көші-қонды реттеуде «Нұрлы Ертіс» қанатқақты жобасы сияқ­ты жобалардың тиімділігі жоғары. Бұл, бір жағынан, астана халқының санын межеден асырмауға ықпал етсе, екінші жағынан жыл өткен сайын халқының саны азая түскен солтүстік облыстарын бұрынғы астаналықтар есебінен толтыруға мүмкіндік береді. Әрі-беріден соң мұның геосаяси жағынан да маңызы жоғары. Өйткені сарапшылар 2050 жылы Солтүстік облыстарда миллион адам қалмауы мүмкін деп дабыл қағуда. Мәліметтерге қарағанда, тек 2019 жылдың жарты жылында елдің ішінде жарты миллион­нан астам адам көшкен. Және олардың көпшілігі Нұр-Сұлтан мен ­Алматыға қоныс аударыпты. Ол жерлердегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлауы; қаладан қашықтығы; жұмыс орны мен тиісті инфрақұрылымның болмауы – көші-қонның негізгі себебі болып отыр. Мысалы, Павлодардың кей аудандарында адам саны 12 мыңға әрең жетеді, ал Ресеймен шекаралас ауылдар босап қалған. Осы себепті де «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірген адамдарға арналған ­арнайы әлеуметтік жеңілдіктер қарас­тырылған. Бағдарлама оң нәтиже беруде, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстанға 1,5 мың адам қоныс аударып, 8 717 жаңа жұмыс орны құрылып, 17 951 адам жұмысқа орналас­тырылған.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

 



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх