• USD 343
  • EUR 397
  • RUB 5.45


Дәрі-дәрмек айналымын бақылайтын жаңа жүйе жүгенсіз кеткен бағаны реттей ала ма?

09 қаңтар, 10:34222
Автор: Elorda Aqparat
Көрнекі сурет Көрнекі сурет

Жуырда теледидардан Франс Стоббелаар деген халықаралық сарапшының «Қазақстанның фармацевтика саласындағы өзгерісі – әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу үшін жасалған қадамы» дегенін естідік. Халық­аралық сарапшының қандай қадамға сүйеніп айтқанын қайдам, бірақ елімізде дәрі-дәрмек дауына әлі нүкте қойылған жоқ. Бұл саладағы шикілікті Президенттің өзі бастап сынға алғаны белгілі. Сонымен, биылдан бастап қолға алынған жаңа жүйе фармацевтика нарығындағы жемқорлыққа тұсау бола ала ма және ел тұрғындарын сапалы дәрі-дәрмекпен қаншалықты қамтамасыз етеді?

 

Дәрінің өзі емес, бағасы «удай»

Өткен жылы елімізде дәрі-дәрмек дауы жиі көтерілді. Мемлекет тарапынан қаражат бөлініп, заманауи зауыттар салынса да, дәрі-дәрмектерді жеткізу барысының кешеуілдеуі, тендер кезіндегі жемқорлық айналып келгенде қарапа­йым халыққа зиянын тигізді. ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың өзі Үкімет отырысында «СК-Фармация» компания­сының жұмысын қатаң сынға алса, Мемлекет басшысы заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді тапсырды. Реттеу демекші, бұған де­йін салада шешімін таппаған жайттар көп болды. Дәрілік заттардың бағасы өте қымбат болғаны сонша, көршілес Ресей, Беларусь, Өзбекстан секілді елдерді артта қалдыр­дық. Бір ғана дәрінің бағасы бір қаладағы дәріханаларда түрлі бағамен сатылды. Дегенмен көп ұзамай ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қылмыс­тық жолмен табысқа жету мақсатында дәрі бағасын 2-3 есеге қымбаттатқандардың ұсталғанын хабарлады. Нақты айтқанда, «СК-Фармация» басшысы тұтқындалып, компаниядан 1,8 миллиард теңгенің жымқырылғаны белгілі болды. Бұған дейін де бірнеше басшының ұсталғанын бағамдасақ, шенеуніктер халықтың денсаулығына жауапты ең маңызды саланы әбден майшелпекке айналдырып алғаны білініп қалды.

Баға саясаты бірдей болады

Сонымен, биылдан бастап елімізде дәрі-дәрмек айналымын бақылаудың жаңа жүйесіне сәйкес, дәрі-дәрмектердің бөлшек саудадағы бағасы бойынша шекті мөлшері бекітілетін болды. Аталмыш баға саясаты Қазақстанның барлық өңірлерінде бірдей болады. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибе аясында «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторының тәжірибесі де әбден зерделенген деседі. Енді логистикалық қызметтердің бір бөлігін бірыңғай дистрибьютор өз мойнына алып, препараттарды тікелей дәріханаларға дейін жеткізіп беретін болады. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, дәріханалар бұдан былай тасымалмен емес, тек сатумен немесе тіркеуге алып, таратумен ғана айналысады.
Қазіргі уақытта бірыңғай дистрибьютор бір мезгілде бірнеше сатып алу шараларын қатар өткізуде. Амбулаторлық және стационарлық дәрілер мен медициналық бұйымдарды тікелей сатып алу жүзеге асырылуда. «СК-Фармация» ЖШС басқарушы директоры Гүлнәр Омарованың айтуынша, амбулаторияны дәрімен қамтамасыз ету үшін 74 пайыз дәрі-дәрмек сатып алынған. Әрине, халықаралық ұйымдармен, шетелдік зауыттармен, отандық өндірушілермен де ұзақ мерзімді шарттар жасасқан. Енді қалған дәрілер екі кезеңді тендер арқылы сатып алынатын болады.

Елеулі өзгерістер енгізілді

Осыдан бірнеше күн бұрын тендерлік өтінімдерді ашу рәсімі өткізілгені белгілі. Нәтижесінде 389 дәрі мен медициналық бұйымдар атауы бар әлеуетті өнім берушіден 33 өтінім түскені жарияланды. Тегін дәрілерді есепке алу және өткізуді сатып алу туралы айтар болсақ, бұл қызмет аймақтарда диспансерлік емделушілерге дәрі компанияның конкурста жеңіске жеткен дәріханалар жүйесі арқылы беріледі. Ал сатып алу қызметі өткізілмейтін аймақтарда, Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ, СҚО, ШҚО, Павлодар, Қарағанды, Алматы, Атырау облыстарында тегін дәрілерді емхана жанындағы дәріхана пукттері арқылы беруге шешім қабылданған. Осылайша, сатып алу қызметінен бас тарту арқылы үнемделген ақша қосымша дәрі сатып алуға жұмсалмақ.
Сонымен, биылғы жыл фар­­мацевтика саласына елеулі өзгерістер әкелді. Ең бастысы, саладағы жүзеге асырылатын сатып алулардың барлығы министр Елжан Біртановтың тікелей бақылауында болса, қанекей?!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ


соңғы ақпараттар

БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх