• USD 385
  • EUR 434

Ақылы автотұрақтар саны артады

20 тамыз, 12:06158
сурет ғаламтордан алынды сурет ғаламтордан алынды

Былтыр жыл басынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында Нұржол желекжолы бойында 24 ақылы көлік қою алаңдары ашылып, оларда арнайы сертификатталған құрылғылар – паркоматтармен, жол белгілерімен, ақпараттық қалқаншалармен жабдықталған 487 орын пайдалануға берілді. Ал 2019 жылдың соңына дейін ақылы орындардың саны 10 мыңға жеткізілуі тиіс. Алдағы күндері ақылы көлік тұрақтары Есіл, Сарыарқа және Алматы аудандары аумақтарында пайда болмақ,  деп хабарлайды Елорда Инфо "Астана ақшамы" газетіне сілтеме жасап. 

 Былтыр жыл басынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында Нұржол желекжолы бойында 24 ақылы көлік қою алаңдары ашылып, оларда арнайы сертификатталған құрылғылар – паркоматтармен, жол белгілерімен, ақпараттық қалқаншалармен жабдықталған 487 орын пайдалануға берілді. Ал 2019 жылдың соңына дейін ақылы орындардың саны 10 мыңға жеткізілуі тиіс. Алдағы күндері ақылы көлік тұрақтары Есіл, Сарыарқа және Алматы аудандары аумақтарында пайда болмақ.

Бұл – елорданың көлік кеңістігін басқаруға автоматтандыру жүйесі енгізілген алғашқы жоба. Ол астананың инфрақұрылымын дамытуға арналған маңызды кезеңдердің бірі болып саналады. Жүргізушілердің көпшілігі көлік құралдарын ақылы коммуналдық тұрақтарға қойғанда оған төлем төлегісі келмейді немесе тыйым салынған орындарға тастап кетеді.

Аталған жоба арқылы біз ақылы тұрақ нарығын қалыптас­тырамыз. Бұл шара мемлекеттік-жекеменшік кәсіпорын негізінде құрылғанымен, оған мемлекет қаржысы құйылмады, ол толықтай инвестициялық қаражат арқылы жүзеге асырылады. Яғни бюджетке ешқандай салмақ түспейді. Көлік тұрағының жұмысына жеке инвестор жауапты, – деді «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС директоры Шыңғыс Досыбаев.

Мамандардың айтуынша, жүзеге асырылып жатқан шара көлік магистралін бейберекет автотұрақтардан босатады, көше кептелістерін азайтады, сондай-ақ ақылы тұраққа жүргізушілердің көптеп орналасуына мүмкіндік береді. Мәселен, «Астана» теміржол вокзалы жанынан ақылы тұрақ ашылғалы одан өтетін көлік саны еселеп артты және кептеліс анағұрлым сейіліп қалды.

Әрине, қаржы құйылған кез келген істің қайтарымы, экономикалық нәтижесі болуы тиіс, бірақ аталған жобада ол ең маңыз­ды мәселе емес. Атқарушы билік бірінші кезекте көлік қоятын орындардың айналымын, жеке автоқұралдар тасқынының азаюын, жұрттың қоғамдық көлікті пайдалану қызығушылығын күшейтуге көңіл бөледі.

Төлемақы сертификатталған ұтқыр фотофиксация кешені бойынша есепке алынады. Жүйе автомобильдің нөмірін жазып алады да, ол тоқтаған күнді, уақытты және орынды көрсетіп, бұл ақпаратты сымсыз байланыс желісі арқылы деректерді өңдеу орталығына жолдайды. Төлем жөніндегі деректер де, жеңілдігі бар автомобильдер туралы деректер де осы орталықтың қорында сақталады.

Сөйтіп барлық қажетті ақпараттар біздің деректерді өңдеу орталығында шоғырландырылады. Әр түні 00.00 сағаттан кейін жүйе автоматты түрде фактілерді жеңілдіктер қорымен және төлем деректерімен салыстырады. Жеңілдіктер қорында жоқ және төлем төленбеген көліктер туралы ақпарат шифрланған арна арқылы Нұр-Сұлтан қаласы ІІД процессинг орталығына жіберіледі, – деді «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС басшысы.

Жүргізушілер ақылы тұрақтардың төлемін бірнеше тәсіл арқылы төлей алады: қолма-қол ақшамен, SMS, жеке кабинет, «Касса 24» терминалдары немесе арнайы ұялы қосымшалар арқылы және паркомат арқылы банк карточкасынан төлеуге болады, – дейді «Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту» ММ жол қозғалысы қауіпсіздігі және көлік инфрақұрылымы бөлімінің басшысы Руслан Аб­дуалиев.

«Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ақылы көлік қою орындарының бағасы күз айларында қымбаттайтын түрі бар. Қазіргі кезде оның құны – сағатына 100 теңге. Ал демалыс және мереке күндері тегін. Сондай-ақ шұғыл қызмет көрсету көліктері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, бірінші және екінші топ мүгедектері, «Алтын Қыран» және «Халық қаһарманы» ордендерінің иегерлері, «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналар, Семей ядролық полигонындағы жары­лыс­тардан зардап шеккендер, Ауғанстандағы және басқа да жауынгерлік іс-шаралардың ардагерлері мен мүгедектері ақылы тұрақтарды тегін пайдалана алады. Ал ақылы төлемнен жалтарғандарға бірінші рет 3 АЕК (айлық есептік көрсеткіш – 7215 теңге), заң бұзушылық қайталанғанда 5 АЕК (12025 теңге) айып салынады. Айыппұл толықтай бюджетке аударылады. Сонымен бірге, ақылы автотұрақта дер кезінде төлемі төленбеген автомобиль эвакуациялануы мүмкін.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежа­йының көлік қою орны әзірше тегін. «Астана LRT» компаниясының мәлімдеуінше, әуежай құрылымдарын біріктіру және шығындарды оңтайландыру мақсатында автотұрақ кеңістігі әуежайдың балансына берілген. Әуежай баспасөз қызметінің ақпарында, қазіргі кезде автотұрақта іске қосу-жөндеу, жабдықтарды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан 850 көлік орындарына көлік қою тегін. Аталған жұмыстар аяқталған соң, ол орындар да ақылы болмақ.

Сондай-ақ қатты аязды, боранды күндері елорданы әуежай мен теміржол аумағындағы автотұрақтарға көліктер тегін кіре алады.

 



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх