• USD 374
  • EUR 425.8
  • RUR 5.63

Ақтауды танымал туризм орталығына айналдыруға мүмкіндік мол

09 қазан, 09:56152
Автор: Elorda Aqparat

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірер ай бұрын өткізген жиындардың бірінде Ақтау Қазақстанның Анталиясына айналатыны туралы мәлім еткен еді. Бұған қосымша, күні кешегі өз Жолдауында: «Бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалану үшін сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Үкімет қысқа мерзімде салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдауға тиіс» деп нықтап тапсырды. Біз осы тұста Ақтау мен Анталияның туризм әлеуетін жан-жақты зерттеп, салыстырып көрдік.

Бүгінде әлемді туризммен қызықтырып отырған елдердің бірі – Түркия. Бауырлас елдің дәл осы сала арқылы өткен жылы 24-25 млрд доллар пайда тапқанын «Анадолы» агенттігі хабарлаған болатын. Ал әлемнің түрлі елінен ағылған туристердің негізінен аялдайтын орны – Анталия жері. Бұл қала қай жағынан болсын Ақтаумен ұқсас келеді.

Ұшақ билетін арзандату керек

Шынын айту керек, елімізде ақсап тұрған мәселелердің бірі – ұшақ билетінің шамадан тыс қымбаттығы. Пойызбен бару үшін кемінде екі-үш күн жолға кетеді, ал ұшақ билеттері бір бағыттың өзіне арзаны 50 мың теңгеден басталады. Салыстыр­малы түрде алайық, көршілес Ресейде Мәскеу мен Владивос­ток аралығындағы ұшақ билетінің құны – 15 мың рубль (83 мың теңге). Бұл – дүние жүзіндегі ең қашық рейс (9136,1 км). Мәскеуден пойызбен шыққан адам Владивостокқа бір аптада әрең жетеді. Сол сияқты Түмен-Мәскеу билеттерін 5 мың рубльге (28 мың теңге) табу қиын емес. Екі қаланың қашықтығы Астана мен Ақтаудың арасындай.
Бірер ай бұрын «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының орынбасары Данияр Нұрмағамбетов кезекті жиындардың бірінде билетті арзан алғысы келетін адам 45 күн бұрын жоспарласа, базадағы тарифтен 25 пайызға арзан алатынын ескерткен. Мұндай жүйені тек теміржол ғана емес, еліміздегі әуе, автобус компаниялары да тіпті, дамыған Еуропа мен Америка да пайдаланатын көрінеді. Дегенмен, туризмі кенжелеп тұрған Қазақстан үшін бұл қаншалықты тиімді жүйе? Бір ғана билеттің өзі шарықтап тұрғанда шетелден саяхатшылар ағыла қоя ма? Туристерді қызықтыру үшін ең алдымен барыс-келіс мәселесін біржақты еткен абзал.

Анталияға саяхат – 200 доллар

Анталияның шетелдіктер үшін қолайлы тұсы аз емес. Соның арқасында Жерорта теңізінің жағасында орналасқан қалаға ағылатын туристер саны артып отыр. Ауа райы да жанға жайлы. Бұл қалада жаздыгүні ауа температурасы +35, +40 градусқа дейін барса, қыста +10 градусқа дейін төмендейді. Шетелдіктер үшін таптырмайтын орындардың бірі деуге боларлық. Осы жайды түрік елі тиімді пайдаланып, демалушылар үшін жағдайдың бәрін ойластырған. Теңіз жағасында орналасқан, әдемі бассейні бар үшжұлдызды қонақүйлердің бағасы адам басына тәулігіне 10 мың теңгеден басталады. Еліміздегі туристік компаниялар арқылы 10 күнге 120-130 мың теңгеге саяхаттап баруға болады. Одан қала берді арнайы турлар кезінде 60 мың теңгенің билеттері де саудаланып жатады. Мәселен, мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Рамазан айында 200 долларға барып келгендер де болыпты. Осындай түрлі жеңілдіктер бұл қалада көптеп қарастырылған. Бірнеше ай бұрын Анталия әуежайының басқармасы 2017 жылы 10,5 млн турист қабылдағанын хабарлады.
Осы тұста Түркияға азғантай сомаға турист тартып, одан қандай пайда түсуі мүмкін деген заңды сауал туындауы мүмкін. Оған да көз жүгіртіп көрелік. Шынында, 200 доллардан пайда түспеуі мүмкін. Алайда Түркияға барған адам демалып қана келмейтіні анық. Бір ерекшелігі, халық тұтынатын сапалы тауарлардың көбі Түркияда шығарылады. Неше түрлі киім-кешек, жеміс-жидек, дәнді-дақыл, ас-ауқат, саяхат, кәдесый, қысқасы, туристерге керектінің бәрі өзінде әзірленеді. Осының арқасында қаншама кәсіпкердің саудасы жүріп, ел қазынасына қосымша қаржы түседі. Сондықтан жоғарыда айтылған сомадан дәл сол қонақүйге көп пайда түспегенімен, басқа салалардың ісі алға басатыны анық. Түркияда бір ғана туризм қаншама саланы асырап, жан бітіріп отырғанын байқауға болады.
Ал Ақтаудағы жағдай қандай? Ауа райы мұнда да Анталиямен бірдей. Астанада кәрі қыс борандатып, әлек салғанда, Ақтау­да – +4, +5 градус. Ал шілденің ыстығы Анталиямен бірдей. Қонақүйлердің бағасында да алып бара жатқан айырмашылық жоқ.
Ақтаудағы туризмді білмек мақсатында Астанадағы туристік компаниялардың біріне қоңырау шалған едік, арнайы турлардың қарастырылмағанын, тек ұшаққа билет алып беруге көмек көрсетілетінін айтты. Бұл қалаға барып-келу үшін билеттің өзі 100 мың теңгеден басталса, 10 күндік демалыс кемінде 200 мың теңгені жағалайтыны белгілі. Ал Анталия­ның құны жоғарыдай. Осыдан барып көпшілік қай қалаға таңдау жасайтынын бағамдап көріңіз.

Тарихи орындардан кенде емес

Рас, Ақтаудағы жағдай Анталия­мен салыстыруға келмес. Алайда мұнда жұрт қызығарлық орындар аз емес. Осы тұста мына бір жайтты айта кеткен жөн. Шетелдіктердің бір бөлігі көне орындарға саяхат жасап, сол елдің мәдениетімен, тұрмыс-салтымен етене танысқанды жөн көреді. Мәселен, өзіміз мысалға алып отырған түрік халқы Ахмет Ясауиді пір тұтып, кесенесіне барғанды парыз санайды. Сол себепті түрік халқы Қазақстанды ата-баба жұрты ретінде есептеп, қадір тұтады.
Мұндай тарихи әрі қасиетті орындар тек Түркістан облысында ғана емес, еліміздің кез келген өңірінде бар. Мәселен, Ақтаудан шыға берісте, яғни Маңғыстау облысына қарасты тұста мынадай орындар бар: Орта ғасырларда гүлденген Кетік қалашығының орны, 1834 жылғы алғашқы әскери бекініс, Сисем-ата қорымы, жартастан қашап жасалған Бекет-Ата мешіті, сол сияқты Сұлтан епе, Шақпақ ата жерасты мешіттері, орта ғасырлардағы керуен жолы бойында орналасқан Қызылқала, ерекше орналасқан тау – Шерқала, Тамшылы су көзі. Айта берсек, ары қарай да жалғас­тыра беруге болар.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ақтау қаласы келешекте Қазақстанның Анталиясына айналатын болады» деген тапсырмасынан кейін тиісті шаралардың жүргізіліп жатқаны белгілі. Бұл қаланың бір маусымда 140 мыңға жуық туристі қабылдауға мүмкіндігі бар. Осы үшін Ақтау­дан 25 шақырым қашықтықта 5,7 гектарды құрайтын арнайы демалыс аймағы қарастырылған. Осы тұста айта кетер бір жайт, әлгінде аты аталған орындарға туристердің қызығушылығын арттыру үшін әрбір қонақүй арнайы экскурсия­лар ұйымдастыруды қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл аймақтағы туризмді одан ары дамытуға зор ықпал берер еді.

Қыста да қонақ үзілмейді

Қыстыгүні Анталия турист тарту үшін қандай қадамдарға барады? Мұнда ауа райы жылы болғанмен, теңіз жағасында қыздырынып жату қолайсыз. Сол себепті қонақүйлердің көбі жабық бассейндермен жабдықталған. Оның ішінде түрлі түрік ас үйінің тағамдары, SPA салондар секілді демалыс орындары ұсынылады. Қысқасы кез келген жанды теңіз жағасында демалғандай әсерде қалдырады. Одан қала берді мұсылман елдеріне барынша жағдай қарастырылған. Кей қонақүйлерде демалыс орындары ер адам мен әйел адамға бөлек жабдықталған. Ал бағасы жаз мезгілінен әлдеқайда арзан.
Қорыта айтар болсақ, Қазақстанның қай өңірін алсақ та, ауа райы, табиғаты туризмді дамытуға ыңғайлы. Мәселен, былтыр Астанаға ЭКСПО кезінде 3 млн турист келіпті. Біздегі басты кемшілік демалушылар үшін қажет жағдай барынша қарастырылмаған. Алдағы уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы тиісті деңгейде орындалса, бір ғана Ақтаудың өзі жылына миллионға жуық туристі қабылдап, ел қазынасына едәуір қаржы құюға қауқарлы болары анық.

Аян Әбдуәли
astana-akshamy.kz





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх