Алқоңыр

Хатыңды хош көрдiк, көктеме!

Манаурап атқан арайлы таңнан хат келдi!
Көкжиектен ерiне көтерiлген шапақты күннен хат келдi!
Көктi кезген ала бұлттардан сiркiреген ақ жауын тамшыларында көктемнiң хаты!
Кеше ғана аққа оранып, үнсiз мүлгiп жатқан бақтағы ақ қайыңдардың бүгiн жарған бүрiнде хат бар!
Оу, әне, әлдеқайдан оралған құстардың қанатында көктемнiң хаты қалқып барады!

Өмiрге хат:
Тағы да бiр көктем тәкаппар дүниенiң табалдырығынан имене аттап, салқар сәнi мен сергiтер самалын ала келедi. Жiңiшкерген үмiттер қайта жалғануға бет алды. Самала шапанын iлiп, дүр сiлкiнген табиғаттың құшағында адамзат баласына ұсынған шоқ-шоқ гүлдер бар. Бәйшешек гүлдерi! Көркем көңiл мен пәк пейiлдiң белгiсi! Қабыл алдық!
Жер дүниенiң маңдайынан құшырлана сүйген күн ерiнi күллi тiршiлiктi алты айлық ұйқысынан еркелете оятып, жан демiн үрлегендей ме?! Сiлкiнiстен соң жаңару мен жаңғырудың даңғылы бастала берерi хақ.
Беу, Есiлдiң сылдыры естiледi! Естiмеген әуенiмiз бе, қалай? Арқаның төсiн жара қылтиған әрбiр түптен көктемнiң иiсi аңқиды ғой. Па, шiркiн! Әлгi Есiл сайын даланың күре тамырындай! Әлгi Есiлден сайын дала тыныс алады! Әлгi Есiл әрбiр тiршiлiкке нәр сыйлап тұр. Көктем нәсiп еткен нәрден…
Көктемнiң нәсiбi көп болғай!

Жiгерге хат:
«Көктемде не ексең, соны орасың». Әрбiр жiгерлi iстiң берекесiн көктем демiмен көктен түскен тамшылар енгiзедi. Қызуы мен жылуы шексiз күннен де қайыр мол. Емiренiп жатқан жер-ананың да жұмырбастыға сый-лар жоралғысы жетерлiк. Көктем ауасымен тыныстаған дала шаруагерi шаршамасын! Ол шаршамаса, қаланың да берекесi артып, несiбесi көбейедi.
Апамның сөзi бар-ды: «Жусан исiмен тыныстап, маңдайың терге малынып, арайлап атқан ала таңнан кетпен серпiгенге не жетсiн!» Көктемнiң ауасы күш берсiн!

Жүрекке хат:
Көктем – махаббаттың да хабаршысы! Сезiм мен сезiм үндессе, көктемде үндеседi! Жүрек көктемге ғашық қой әу бастан!
Арудай жасанған кербез шаһардың тұрғындарының да жүздерiнде сұлулық пен iңкәрлiк бар. Көктем сыйлаған сұлулық! Көктем сыйлаған iңкәрлiк! Сұлулық – шалқар шабытты сөйлетедi. Шалқар шабыт – көктем-нiң көркем «мiнезiн» суреттейдi…
Елордаға көктем келсе, Есiл есiледi, жасанады, сыңғырлайды! Есiл есiлсе, жасанса, сыңғырласа, өн бойына елдi ғашық етедi. Есi кеткен екi ғашық Есiлдiң жағасын кезедi. Кеуделерiнде есiл көктем сыйлаған ең биiк, ең ғаламат сезiм бар. Бiр-бiрiне деген. Құшақтарында құштарлық билейдi! Әлгi көктеммен олардың махаббаты мәңгiлiк болмақ. Мәңгiлiк махаббат көктемдей сәндiлiгiн жоғалтпақ емес.
Көктем сыйлаған махаббатта мейiрiм мекендейдi. Мейiрiм – адамгершiлiк пен сыйластықтың егiзi. Сезiмнiң жаршылары! Ал, барлығының төркiнi, әлбетте, жүрек! Жүрек көктемге ғашық қой әу бастан!
Хош көрдiк хатыңды, көктеме! Хош көрдiк!
Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

Показать больше

Related Articles

Check Also

Close
Close

Обнаружен Adblock

Пожалуйста, подумайте о поддержке нас, отключив блокировщик объявлений.