«Аққыз». Аппақ ағамыз…

Осы бiр үйлесiмдiлiк менi алғаш ағамызды көрген кезде қатты таңғалдырған едi. Бала кезде түн қата оқып, басыма жастанған қызықты кiтабымның бiрi – «Аққыз» болды. Кәдiмгi заманымыздың бiртуар перзентi, халқының өнегелi салтын, өрелi қалпын өрнектеген Ақселеу ағамыздың «Аққызы». Кiтап құшақтаған ғұмырымның ең бiр есте қалған ерекше туындысы – осы.
Бiздiң ауылда үлкен кiтап үйi болды. Бiрақ қашан барсаң да, есiгi қара құлыппен тарс жабулы күйiнде тұратын. Сондайда қынжылып, келген iзiмiзбен керi қайтатын едiк.

Сыныптас құрбым Назгүл де – кiтапқұмарлардың бiрi. Бiр күнi ол кiтапханашы апайдың қай үйде тұратынын айтып, қуанып жеттi. Екеулеп апайымызға бардық. Бастапқыда өзi ере жүрiп кiтаптарды жазып-сызып берiп жүрдi. Кейiн қайта-қайта келгенiмiзден қажыды ма, әйтеуiр, кiлттi қолымызға ұстатып, «қанша кiтап алғандарыңды жазып қоюды ұмытпаң-дар» деп өзiмiздi жiберетiн болды.
Екеумiз содан армансыз кiтапхананы аралаймыз. Оқыған кiтаптарымызды санап, арасында мақтанып аламыз. Мiне, сондай күндердiң бiрiнде менiң қолыма түскен тамаша туынды осы «Аққыз» болды.
Жасыратыны жоқ, онда менiң Ақселеу Сейдiмбектiң халқының төл тарихын, салт-дәстүрiн зерттеген, бар қабiлет-қарымын, қайрат-жiгерiн ұлтының игiлiгiне арнаған парасат иесi екенiн толық танып үлгермеген кезiм. Бiрақ, аудара-төңкере оқыған «Аққыз» маған оның мықты жазушы екенiн бiрден мойындатты. Сол кезден бастап көкейiмде ағамызды бiр көрсем, кездессем деген арман бүр жарды…
***
Өз басым қалам ұстаған жанның басты артықшылығы, яғни журналист болудың мақтанышы осындай өрелi тұлғалармен кездескен сәт деп бiлемiн. Шiркiн, ағаммен бiр рет сұхбаттасып қалғанда ғой…
Өзегiмдi өртеп, өкiнетiн жай – осы.
Бiрақ көрнектi тұлғаны көзi тiрiсiнде көргеннiң өзi бақыт шығар.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттiк университеттiң филология факультетi, журналистика кафедрасында бiлiм алып жүрген кезде этнограф-ғалым Ақселеу Сейдiмбектiң Астанадағы Еуразия Ұлттық университетiнде дәрiс оқитынын естiп, iштей «сол жаққа ауыссам» деген ой болды.
Екiншi курстағы кезiм. Оқу аяқталысымен ауысудың жайын қарастырып, Астанаға келiп кеттiм. Бiрақ Астанаға тапсыратын сынақ, яғни айыр-машылық көп шықты. Сосын ата-анам үйреншiктi оқу ордасынан бiлiмiмдi аяқтап шыққанымды қалады.
Мен Ақселеу ағаны қызмет жолымды бастаған «Астана ақшамы» газетiнде кездестiрдiм. Ол кезде газеттiң бас редакторы есiмi елге танымал, қаламы қарымды ағамыз Нұртөре Жүсiп болатын. Аз ғана уақыт бұрын осында корректор болып қызметке орналасқам.
Төменгi қабаттағы журналистердiң бiрiнен Ақселеу Сейдiмбектiң редак-цияда жүргенiн естiп, «сырттай көрiп қалайын» деп жоғары көтерiлiп келе жаттым. Қарсы алдымнан жылы жүздi, қызыл көйлегiне жарастыра аппақ орамалды мойнына орай таққан, ақ шалбарлы, аппақ жүздi кiсi алдымнан шыға келдi.
Ақселеу аға екенiн бiрден таныдым. Тұрған орнымда жол берген күйi аңтарыла қарап қалдым.
Кiтабының аты – «Аққыз». Есiмi – Ақселеу. Жүзi аппақ…
Маған сол сәтте даланың дархан тарихын ақ параққа төгiлткен ағамыздың көңiлi де кiр шалмас ақ болып көрiндi.
Қазақтың ұлан-ғайыр сахарасын сан шолып, тегiс қамтып, тарих пен талантқа толы қазақ болмысын құшырлана зерттеген, терең қаузап, дiлмар тiлiмен толғаған iшкi жан-дүниесi, шығармашылығы, болмысы бiр-бiрiмен үндесiп жатқан ғұламаға қызыға қарап, қатты таңғалған едiм.
***
Ақселеу Сейдiмбектiң өмiр белесi оның қашанда iзденiсте жүргенiн, халқына тоқтаусыз қызмет еткенiн айғақтайды. Ұғына бiлген жан үшiн бұл – үлкен өнеге. Иә, өлмейтұғын өнеге қалдырған Ахаңның iзденiске толы тағдырын, суреткерлiгiн, ғұламалығын тоқтаусыз жалғастырып жазатын ұрпақ, тәуба, бұл күнде бар. Әрi қанша жазса да артық етпес. Сүйсiне отырып, толғайтын, сағына отырып, жырлайтын сол ұрпақтың болашағы үшiн қазақтың Ақселеуi кешелерi елi үшiн екпiнмен еңбек еттi, өшкенiн жаңғыртты, өнегесiн арттырды. Санасында қазақы болмысын қайта жаңғыртып, құнды қазынасымен қауыштырды…
Бiрде Президенттiк Мәдениет орталығында әйгiлi әншi Жәнiбек Кәрменовтi еске алуға арналған кеш өттi. Сонда Ахаң ортаға шығып, әншiнiң саналы ғұмырынан сыр шерттi. Бейнетаспа арқылы Жәнiбек Кәрменовпен бiрге екеулеп жүргiзген хабары көрсетiлдi. Тақырып – сол баяғы Ахаңның жанына жақын қазақтың ән-жыры, дәстүрлi тарихы. Заманының бiртуар перзентiн көзi көрген, сырлас болған Ахаңның заңғар замандасының тарих бейнесiн ашып айтқан ұлағатты әңгiмесiн сол күнi ұйып тыңдаған едiк.
Ал бүгiн ше? Бүгiн Ақаңды көзi көрген жандарды көрсек, құрақ ұшып, бiлмеген, көре алмаған қасиетiн сұрасақ, бiлiп қалсақ, естiсек деп елеңдеп тұрамыз.
Сол кештiң ертесiнде Ақселеу ағаға телефон шалып, Жәнiбек Кәрменовке қатысты бiрнеше сұрақ қойдым. Шiркiн, бiр сұрақ қойсам да, ағама жүгiрiп баруға тиiс едiм. Бiрақ еңбек жолын жаңа бастаған жас журналистiң мұндай тау тұлғаның алдына баруға қорқақтайтыны заңды-лық шығар. «Көптi бiлетiн көне көздiң алдына барғаным қалай болар екен, ойымды дұрыс жеткiзе алмасам қайтем» деген қорқынышпен телефон тұтқасын көтердiм. Бiрақ…
Бiрақ, алғаш көргенiмде-ақ, ақ жүрегi аңқылдап тұрған ағама:
– Ақселеу аға, сәлеметсiз бе? – дегенiм сол екен:
– Ау, ботам… – деп еркелеткенi сол қорқынышты тез сейiлттi. Ағамның жұмсақ даусынан кейiн батылдана түскен мен бiрнеше сұрақ қойып, қағазға бәрiн түртiп алдым. Қазақтың маңдайына бiткен асыл көздердiң бәрi де дәл осындай кең жүректi болса, олармен кездесiп, сұхбаттасып, жүздесiп қалған дұрыс шығар. Бұл – менiң Ақселеу ағамен шағын әңгi-меден кейiнгi түйген ойым.
Осылайша алғашқы жуналистiк қадамымды бекемдеп кеткен ағам сол күнi қазақтың тағы бiр тарланы Жәнiбек Кәрменов туралы ойын ерекше тебiренiспен жеткiздi.
–Қарағым, Серiкгүл, Жәнiбек ұлы әншiлердiң өкшесiн басқан, бiрақ ортамыздан ерте өткен жалын едi. Аз ғана ғұмырында аға буынның өнерiн, қасиетiн, өнегесiн халыққа етене жеткiзген Жәнiбектей әншiнiң ру-хына қашанда тағзым етемiз. Жәнiбек әнi – ел iшiндегi алтын кен…
Иә, қазақтың әр қасиетiн әрлеп, ұлттық аспабын, әншiсiн, өнерiн құйма құлақ қариялардан төкпей-шашпай түгел жинап, байыппен пайымдап, әбден сараптап, этно ғылымының тереңiне бойлаған бiртума азамат Алаштың ардақтысы. «Ақселеудей арда азамат ендi қайта тумас, бiрақ құт-мекен, қасиеттi жер алтын құрсақ аналар аман болса, тағы да талай Ақселеулер дүниеге келер» деп тағы бiр тау тұлға ағамыз Әбiш Кекiлбаев айтқандай, аппақ, арда ағамыз Алаштың жүрегiнде, әр қазақтың көңiлiнде осындай ерекше сәттермен мәңгiге есте қалды.

Серiкгүл СҰЛТАНҚАЖЫ