Жақсының жары

«Ақын ҚосағыНЫҢ АУЫР ТАҒДЫРЫН СЕЗIНБЕДIМ…»

Газетiмiздiң осы санынан бастап «Жақсының жары» деген жаңа айдарымызды ашып отырмыз. Айдар аясында елiмiзге белгiлi азаматтардың, қаламгер ағаларымыздың ғұмырлық жарларын сөйлетпекпiз. Iргелi шаңырақтың шырағы болып отырған апаларымыз бен аналарымыз отағасы жайлы не айтады? Қандай қасиеттерiне сүйсiнедi? Тұлғалардың жұртына беймәлiм тұстарын, отбасындағы көпке үлгi боларлық әрекеттерiн, сөздерiн ағынан ақтарылып айтып бере ала ма? Мiне, осы сауалдарға жауап iздемекпiз…

Мұны айтып отырған халықаралық «Алаш» сыйлығының иегерi, ақын Серiк Тұрғынбектiң жары Жанна жеңгемiз. Әуелi, әңгiме төркiнiн ақынның өмiрiне аз-кем үңiлуден басталық. Елордадағы С.Сейфуллин мұражай үйiн он жылға жуық басқарып, бүгiнге дейiн «Сүйген жүрек», «Асан ата iзiмен», «Қобыз», «Жүрегiмнiң сәулесi», «Кеш келген көктем» атты бiрнеше жыр жинақтарын оқырманына ұсынған Серiк ағамыз жетпiске таяса да ширақ, әлi де бiр жiгiттi алып ұрар қауқары бар. Ендi, бiз айдарымыздың талабына орай, ақын жайлы емес, ақынды ақын еткен, бастары бiр жастықта қартайған үйiндегi ғұ-мырлық жары жайлы әңгiме етпек едiк…

Қыз Жұмагүлден – келiн Жанна…
Айтқандай, Жанна апайымыздың азан шақырып қойған есiмi – Жұмагүл екен. Қазақта қайын атасы мен қайын ағаларын былай қойғанда, қайын енесiнiң де атын атамайтын дәстүр бар. Келiн болып түскен күннен бастап-ақ қыз Жұмагүл келiн Жаннаға айналды. Мiне, содан берi отыз жетi жылдың жүзi болды, Серiк ақынның үйiндегi жеңгейдiң есiмi – Жанна. Негiзгi мамандығы – математика пәнiнiң мұғалiмi. Бiрақ, ұзақ жылдар медицина саласында қызмет еткен. Ендi бұл – тағдыр жазуы.
Өз ата-анасы жайлы кейiпкерiмiз былай дейдi: «Анам – тума талант, ақын, бүгiнде жасы 83-те. Кiтабы шықпаса да, ел, ауыл-аймақ арасында аты мәлiм. Әкем Iзбасар да Сыр өңiрiне белгiлi жырау едi». Иә, осындай ұядан тәрбие алған қыз Жұмагүл институтты тәмамдап, Қостанай облысына қарасты Таран ауданына жолдамамен келiп, мұғалiм болып қызмет етiп жүредi. Секең сонда бiр iссапарымен аудан орталығына жолы түседi, танысады, табысады, бiр-бiрiн ұнатады. Алайда, Қозы мен Баяндай қол ұстасып, бақ қыдырып, көп жүрмеген көрiнедi. Серiк үйiнiң жалғызы болғандықтан болар, бар-жоғы екi айда қосылып тынады ғой. «1975 жылдан берi бiр шаңырақтың астындамыз. Әрбiр қуанышымыз да, мұңымыз да ортақ. Әр мерейтойымда өлеңдерiн ар-найды. Бiз бiрге болған отыз жетi жыл отыз жетi күндей өте шықты. Бәлкiм, түсiнiсiп, мәндi, мағыналы өмiр сүргендiгiмiзден болар. Бiр-бiрiмiздi ренжiтпедiк, әй деспедiк», – деп ағынан жарылады отанасы.

Түздегi аңғалдық үйде де бар екен
Серiк Тұрғынбектiң қаламгер құрдастарының, замандастарының арасында аңғалдығы, аңқаулығы, сенгiштiгi жиi әңгiме тақырыбына айналып жатады. Сөйтсек, ақын үйде де аңғал, аңқау екен. Бұл да шабыт иесiне тән мiнез, қасиет. Ал онысына Жанна жеңгей шамданбайды да. «Секең дүкендегi нанның қанша тұратынын бiлмейдi. Үй iшiлiк жұмыстарға басын қатыр-майды. Бiр жағынан отағасын үй iшiндегi ырың-жырыңға араластырып, басын ауыртқым келмейдi. Отбасы қазынасын өзiм ұстайтындығым да сондықтан болар. Әйтеуiр, тапқан, таянғанын әкелiп бередi». Рахаттана күлiп, осыны айтқан апай тағы бiр сырдың ұшын тарқатты: «Ақынның жары болу қиын» деп жатады бiреулер. Ал мен сондай қиындықты сезбедiм. Өйткенi, Секең маған да, отбасына да жайлы, күй талғамайды, алдына не қойсам, соны iшiп, жеп жүре беретiнi бар. Бiрақ, қазы-қартаны сүйiп жейдi, өте қатты жақсы көредi».

«Өзге арулардан өзiмдi кем санамаймын»
Жанна апайдың мына сөзi тiптi таңғалдырды: «Серiк ағаларың махаббат туралы өлеңдердi жиi жазады. Оларды оқып, бiлетiн тамыр-таныс әйелдер «Жанна, қалай шыдап жүрсiң? Қызғанбайсың ба?» дейдi. Жо-о-оқ! Мен қызғанбаймын… Секең маған өзi де айтады «Ана қызға ғашық болдым, мына қызға ғашық болдым», – деп. Сол ғашық болған қыздардың есiмдерiн де, өздерiн де бiлем. Тiптi, көзiммен көрдiм де! Ғашық болуға тұрарлықтай! Әдемi, әйбат арулар! Бiрақ, мен өзiмдi олардан кем санамағандықтан, қызғанған емеспiн». Ал, керек болса! Ол аз десеңiз, «Жалпы, ақынға ғашық болу керек, шабытын шалқытады, шығармаларын көгертедi. Сондықтан мен Секеңнiң ғашық болғанына қосылам!», – деп ағынан тағы жарылды!
Серiк – елдiң баласы, жұрттың ағасы. Сондықтан үйiндегiсiнен түздегi iзi көп. Ердiң басында түнделетiп келiп, таңды атырмай кетiп жататын кездер де бо-лады. Әсiресе, қалам ұстаған қауым арасында бұл жәйт көп кездеседi. Жеңге-мiздiң жақсы қасиеттерiнiң бiрi, отағасын сондай сәттерде «қайда кеттiң, қай-дан келдiң» деп сұрақтың астына алып, мазаламайды екен.
Сырлы әңгiме үстiнде апай тағы бiр қызықты оқиғаны есiне алды: «Мен Секеңе айтам, бiр күндерi бiреу «мен Серiктiң баласымын» деп келiп тұрса, құшағымды жая қарсы алар едiм, деп. Сөйтсем, «Үйбай-ау, неге ертерек айтпадың?!» дейдi. Күлемiз..
Шақшақ Жәнiбектiң 300 жылдығына арналған үлкен той болды. Бардық. Облыстың бiрiншi басшысы болған марқұм ағай бар едi, «Әй, Жанна, Серiк қайда» дедi оқыстан келiп қалып. Артыма қарап қалсам, көп адамның iшiнде Секеңдi бiр қыз сүйiп тұр екен. «Әне-е, сүйiсiп тұр», – дедiм қолыммен нұсқап сол жақты. Аң-таң болып қарайды әлгi ағай бетiме. «Мәссаған, не деген салмақты едiң, не деген шыдамды едiң?!», – деп басын шайқайды ғой..».

Кiшкене шаңырақ қонақтан арылмаған
Жас жанұя болған соң, таршылық та болады, жоқшылық та болады. Серiктiң отбасы мұндай кезеңдi Алматыда бастан көп өткерiптi ғой. Он тоғыз шаршы метр ғана үйде алты адам тұрған екен. Өздерiнiң балалары бар, туған-туыстар бар. Сосын Секеңнiң анасы бар. Айтқандай, Жанна жеңгей енесiн өз қолымен мәңгiлiк сапарға арулап шығарып салған. Ол кiсi туралы «Керемет әулие кiсi едi, «Ене» дейтiнмiн. Өмiр бойы Серiкпен тұрды. Себебi, жалғызы едi Секең. Басқа бауырынан өрбiген ұл-қыздарының бәрi шетiнеп кеткен екен», – дейдi.
Шағын ғана шаңырақтан қонақ арылмаған көрiнедi. Қайдан арылсын, өзi ақынның үйi болса! Оларды күтуден, шығарып салудан апайымыз жалықпапты. «Тура бiр ақылдасып алғандай, кезек-кезегiмен келiп-кететiн едi. Олар бiздi үй, шаңырақ деп келген соң қуана қарсы алатын едiм. Ондайда, кейде Серiктiң өзi ығыры шығады. «Жазу жаза алмай қалдым, кiтап оқи алмай қалдым, уақытым өтiп барады», – деп маған iшiндегiсiн айтатын кездерi болады. Мен басу айтатын едiм. «Бiздi арқа тұтып, үйiмiз бар деп келiп отыр, шыда» деймiн. Көптеген ақын-жазушылардың отбасыларымен аралас-құралас болдық. Әсiресе, Кеңшiлiктiң үйiмен…», – деп Жанна жеңгей өткенге көз тастады. Өзi – отбасындағы он төрт баланың үлкенi. Көпшiлiкке үйренгенi де сондықтан. «Әжем марқұмнан қалған дәстүр, үйiмiздiң табалды-рығынан қонақ аттаса болды, шәйiмiздi қоя беремiз», – дейдi тағы.

«Тұңғыш немере деген тәттi екен»
«Тұңғыш немеремiз – Әлихан. «Немере өз ұл-қызыңнан тәттi болады» дегенге сене қоймайтын едiм. Расында, немере дегеннiң орны бөлек екен ғой. Әлихан әйгiлi Алаш арысы Әлихан Бөкейхан туылған күнi дүниеге келдi. Сол кезде, Секең екеумiздiң қуанғанымызды тiлiммен айтып жеткiзе алмаймын! Дастарханды айналып, балаша секiрiп қуанып, бiр-бiрiмiздi құшақтап, сондай шаттанып едiк. Мiне, Серiк атадан жалғыз болса, өзiнен ерген жалғыз тұяғынан туған Әлихан желкiлдеп өсiп келедi». Мұны апай ерекше қуанышпен шаттанып айтты. Алдында ойнап отырған Әлиханын құшырлана иiскейдi. Әлихандай елдiң азаматы болсын, лайым!
Ақын, жазушы халқы Алланың сүйген құлдары емес пе? Апай өзiн ғұмырлық жарының сол Тәңiр берген талантын шығаруға, дамытуға, өркендетуге сүйеу, демеушi, қолдаушы болуы керектiгiн бiледi. Серiктiң ең бiрiншi оқырманы да, сыншысы да өзi екен. Өйткенi, оның жазғандарының барлығын компьютерде, бұрынырақта «Зингер» деген машинкада теретiнiн айтады. Шығармаларының артық, кем тұстарын байқай қалса, ескерту айтатын да – өзi. «Мен оқырманның көзiмен қараймын ғой. Бiрақ, менiң ескертулерiме бiрде құлақ асып түзеп жатса, бiрде елемейдi де», – дейдi ол.
Ендi бiлiп жүрiңiз, Серiк Тұрғынбектiң елдi сүйсiнткен шығармаларының тұңғыш оқырманы да, сыншысы да жары Жанна Тұрғынбек!

Асхат РАЙҚҰЛ