Әлеумет

«Қазақ» болуы… қауiптi ме?

«Қазақ болып кеткен». Осы бiр тiркес әдебиетiмiзде аз кездеспейдi. Қазақтың арасында өмiр сүрiп, қазақтың тiлiнде сөйлеп, қазақ дәстүрiн ұстанғандарды былайғы жұрт осылай атайды. Бiр сөзбен айтқанда, қазақ болып кеткендер, олар – қазақша өмiр сүретiндер.
Сонда да қазақтың, әсiресе,
қала қазақтарының көбi қазақ бола алмай жүргенде өзге ұлт өкiл-дерiнiң жеке бас куәлiгiне ұлтын «қазақ» деп көрсетiп, қазақ атын малданбаққа ниет еткенi қалай болғаны?
Өткен айларда Қытайдан кейбiр ұйғырлардың «қазақ» деп жазылып, елiмiзге көшiп келiп жатқаны туралы ақпарат тарады. Оның алдындағы жылдарда Өзбекстан, Қарақалпақстаннан да қарақалпақ ағайындардың «қазақ» болып құжат алып, Қазақстанға қоныс аударып жатқаны белгiлi болды. Бұл қазақ үшiн қауiп пе, жетiстiк пе?
Бiр жағынан алғанда, қазақтың саны көбейедi. Құжат жүзiнде. Екiншi жағынан алғанда, ата-бабамыз жете мән берген қан тазалығы, саф алтындай ұлттың генетикалық болмысы кiлтипан көредi. Бiрақ, бүгiнде жер бетiнде таза қанды ұлт жоқ дейдi генетиктер. Жапония, Исландия секiлдi бiр түкпiрде өмiр сүрiп жатқан елдер болмаса, басқалардан ортақ этникалық түр iздеудiң өзi қисынсыз көрiнедi.
Сол секiлдi, қазақ қалай қазақ болды, ол кiмнен тарады, шежiресi қалай түзiлдi дегенге оралсақ та, халқымыздың дәл бүгiнгiдей бiртұтас «халық» болып аспаннан түсе қалмағаны айдан анық. Иә, қазақ аспаннан жауған жаңбырдай тамшылап отырып бiрiгiп, қауымдасқан жоқ.
Ғалымдардың айтуынша, ұлттардың ұлт болып қалыптасуына әртүрлi фактор ықпал етедi. Америкада ұлттың болмауының өзi сондай тарихи фактордан. Бұл орайда, ұлт қалыптасуының екi жолы бар. Бiрi – ортақ тарих, ортақ тiл, әдебиет пен ортақ мәдениет, ортақ дiн, территория және ортақ мұрат бiрiктiрген ұлттар, екiншiсi – толық дайын болмай жатып қалыптасқан ұлттар. Бұл орайда, сарапшылардың пiкiрiнше, Азия және Африка халықтарының көпшiлiгi ұлт ретiнде толық ұйыспай жатып-ақ белгiлi бiр ұлт атауларын иемденiп, заман көшiне iлесе берген.
Ал қазақтың жайы қалай? Бүгiн бiзге қайтпек керек?
Рас, бiрнеше ғасырдан берi қазақ шежiре жазуға мән берiп келедi. Бодандық қамытынан басымыз арылғаннан кейiн бұл үрдiс жаңғыра бастады. Бiрақ, аталарды тiзiп, бәйтерек түзiп шежiре жасағанның жақсылығымен қатар жамандығы болғаны да ақиқат. Жақсылығы – әр қазақ шыққан тегiн танып, тарихын бiлiп, өзiнiң кiмнен тарағанын тәптiштеп айта бiлсе, жамандығы – төре, қожа, төлеңгiт, сунақ секiлдi рулар шежiреге мүлдем кiрмедi. «Мен қазақпын» десе де, осы рудың өкiлдерi өздерiн «асыранды бала» сезiндi. Шежiре барда бұл келеңсiздiктiң көзi жойылмайтыны анық.
Ал ендi… тағы да қазақ болғысы келген қарақалпақ, ұйғырларға қатысты не iстеуге болады? «Қазақ» болып жазылып, арамызға енiп жатқан өзге ұлт өкiлдерiнен бiздiң бас тартуымыз керек пе?
Өзге ұлт өкiлi бола тұра, өз тегiнен, өз атасының атынан бас тарту – адамдық тұрғыдан алғанда сатқындық. Алайда, тарихи құбылыстар көп нәрсенi өзгертуге мүмкiндiк бередi. Мәжбүрлiкпен қазақ болғысы келiп, қазақтың тiлiн, салт-дәстүрiн ұстанып, балаларын қазақша тәрбиелеп, қазақпен шын мәнiнде мұраттас бола бiлсе, қазақ тегi ұйғыр (немесе қарақалпақ) «жаңа қазақтардан», бiздiңше, бас тартпауға тиiс. Бұл қазақтың әлi де кемелденiп, көбейiп, бүгiнгi тарихын түзiп жатқанын, ұлт ретiнде қанатын кеңге жая түскенiн көрсетсе керек.
Сатқындық демекшi, қазақ отбасына жан қосылып, келiн түсiрерде «адалынан болсын» деп тiлейдi. Ендеше, қазақ болып кеткiсi келген жатұлттық замандастар да бiзге адалынан болып, шын мұраттас жанға айнала алса, құба-құп.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ


Статьи по теме

Close